Жаратқанға жылағанмен – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Жаратқанға жылағанмен» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 989
Көк телегей айдындамын,
Жалғыз өзім зарығатын.
Кім үшін мен қайғырамын,
Кім бар мені сағынатын?
Дж.Байрон

Ей, перизат, сенемісің,
Сенсің жанның әздегі.
Төккен жасын көремісің
Жүрегімнің көздегі?
Қайғы деген – бір қанішер,
Өзі жұтар өз басын.
Сені іздеумен мұңлы Әлішер
Сорғалатты көз жасын.
Ұқсадың да аспандағы
Жарқыраған сен айға,
Оу, бақыттың қасқалдағы,
Ұстатпадың Абайға.
Таптырмайсың ғұмыры енді,
Тұңғиыққа түстің бе?
Байрон байғұс күңіренді
Көк теңіздің үстінде.
Өмір екі келмейді ерге,
Өлім барда қаскүнем.
Сені аңсаумен Сергейлер де
Болып кеткен маскүнем.
Шырмалмаған пенде бар ма
Сиқырлаған торыңа?
Әлде сені берген Алла
Ақындардың сорына?
Қалай тірі жүре алам мен,
Елесіңді көпсінсең?
Жаратқанға жылағанмен,
Жер бетінде жоқсың сен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері