Уақыттың бабын таппай – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Уақыттың бабын таппай» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 695
Заманның сиқын кеше күлкі етіп ем,
Шошиын дедім бүгін сүрпетінен.
Сілкініп жүре берді шыр айналам,
Сәл ғана сынған шидей сырт етіп ем.
Қояндай көлеңкемнен үркетін ем,
Ауылдың ит үрсе де бір шетінен.
Тып­тыныш теңіз тулап қоя берді,
Тамшыдай аунап түскен бүлк етіп ем.
Тажалы оянғандай зіл­заланың,
Ашпайды ашуланған күн қабағын.
Тырсылдап терісіне сыймай тұрған
Уақыттың бабын таппай зыр қағамын.
Әлемді түк түсінбей аңырайған,
Бір дүлей жайпап жатыр бадырайған.
Жарылып кетер ме екен мына өмірдің
Тамыры шекесінің адырайған?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері