Өлең, жыр, ақындар

Кім кінәлі?

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 735
Көгіс-сұрқай аяқтары тырбиып
Өліп жатты тротуарда балапан:
атқан секілді еді жаңа ғана таң,
Әлдекімге өлетін де уақыт болып қалған ба? —
Жаным жидіп қарадым мен әлгіге.
Күн жиектен арқан бойы тұр биік,
Күнде де емес әңгіме;
Көлеңкеге, кері басқан шегініс,
Жердегі жай, күйбің-күйкі болмыс бұл:
балапанның емес пе еді тегі құс,
Өлімтігі жерде жатыр сол құстың —
аспан қайда, жер қайда,
Көңіл шіркін иланбаса қиын, ә:
Мынау ажал симады алғаш миыма,
Қимағандық шығар, бәлкім, өлімге,
балапан да — құс емес пе тегінде,
Қанаттының қасіреті — шын батты...
Ту сыртымнан біреу баяу тіл қатты:
— Жас көңілдің үміті мен дәмесі зор келеді,
сол қаза осы, дәл осы,
Құс болған соң қанатына еркелеп,
Ұясынан ұшамын деп ертерек
Мерт болған да, не шара,
Уа, не шара,
тым ертерек талпынған ғой, бейшара! —
деді әлгі адам қайғылы үнмен өте бір,
(сонысымен бар парызын өтеді).
Титтей сұр құс — мамығын жел қозғасын,
балапанын жарық дүние соңғы рет
Әлдилесін!
Жасыл бұта, көз жасыңды мөлдірет!
Сен де, достым, балапаныңды есіңе ал,
Мұндай жайды ойламаппын өз басым,
тоқтай тұршы, ойланайық: осыған:
Кім кінәлі?
Ана-құс па асыға
Қатер кешіп қорек-тамақ тасыған,
ажал барын ескертпеген жасынан?
Ұясы ма тым биікке салынған?
Әлде оянып өмір атты дабылдан
Қанаты ма мезгіл жетпей қағылған? —
айту қиын. Ойланған жөн мұны әлі,
Кінә болса — бәрі, бәлкім, кінәлі?
...Көшедегі жай халық
Өтіп жатыр балапаннан айналып —
ауру жұғар сықылды ма?
Ойланып
Қарамаса — қайталайды қайғы анық.
Көрмеген боп өтті көбі — таза ары! —
Осынау бір қазаны
Сықылды олар баяғыдан күтулі —
Өздерінде балапан жоқ сықылды...
Ерубаев Саттар жиырма үш жасында
балапан ед расында,
Төлеужан мен Құдаштың да басында
үрпек мамық болатын
Ұқсамайтын Абай, Ілияс, Қасымға,
балапандар еді осылар расында.
Балапанның бәрі бірдей емес пе:
Қарғаның да балапаны — балапан,
Қыранның да балапаны — балапан,
балапанды "сорттамадың" деп бірден,
Қызыл сөзбен байбаламға кептірген
Әлдекіммен адрессіз егеске
Түсетұғын секілдіміз біз кейде:
"балапанды — күзде санау" жоқ есте
бәлкім, әлі жоғалтармыз талайды?
Жоғалта да, білмейміз біз, санай да,
білмейміз біз іздей де!
Өз жарасын өзі жалар қыңсылап
ит сияқты —
ортақ мінез бұл, сірә,
Қаза өткен соң — әйел ғана сыңсыған!
Сөзін ұқтым кеше мен бір баланың:
"Мені жылдам таныңдар,
әйтпесе — өліп қаламын!"
Өлме, қалқам, бол аман,
бірақ Абай, Махамбет
топырағына бұлданбаған моламен!
Аспан жақын секілді еді ол кезде:
балапандар балапанмен тең өсті;
Іліге алмай өткендердің оң көзге
бәрі бірдей қырандар да емес-ті,
бұның бәрі — айқын жай,
Сөз секілді ойда піскен, айтылмай.
Ұшқыр лайнер — даусы кейін естілді,
Сондықтан да жұрттың бәрі кеш білді,
Мен — сенемін ағайынға, жолдасқа;
Сондықтан да кінәсі жоқ ешкімнің
тірі жүрген-нен басқа.
Қай балапан қарға болар — кім білген,
Қай балапан қыран болар — кім білген,
ең қиыны: өлгені үшін әтешті
Шатастыру тірі қалған бұлбұлмен!
Биіктігі ұяның
оятқанда бала-құстың қиялын
тиямын деп кім бере алар кепілдік,
қыран болсын, торғай болсын ол мейлі,
талпынғанның бәрі бірдей өлмейді,
бәрі тірі қалмайтыны секілді.
Отан-ұя балапанға толы әлі,
болмағандар күні ертең-ақ болады,
Балапан-құс құлап өлсе ұядан
Қанатына — обалы,
дер едік те,
біз де өтер ек айналып,
бірақ, бірақ ұмытуға болмайды:
алда тағы болатынын ондай күн,
ұялардың, халықтардың бағына
балапандар талпынарын тағы да
тағы өкініш болмас үшін,
тімтініп
"Кім кінәлі" демес үшін бір күні —
ата-топырақ, алғы қауым зиялы,
табиғаттан алам десең сый әлі,
Халқым менің, тұмар байлап киелі
Күзеткендей тұлпар туар биені,
Қыран күтсең — күзет барлық ұяны,
таңдаймын деп тасырланба,
Қатайма,
өлтіріп ап таңдағаннан не пайда?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Білем: бұл саған айтар сыр емесін

  • 0
  • 0

Білем: бұл саған айтар сыр емесін,
қоймайды айт деп бірақ жүрек осы.
Аң қусам – қуар болдым ақсағанын,
қыз қусам – қуар болдым күлегешін.

Толық

Ымырт

  • 0
  • 0

Қараң-құраң бұталардың арасы,
әлдебіреу жүрген жоқ па, қарашы?
Маңай жұмбақ, бір құпия іс бардай,
қазір біреу етегіңнен ұстардай.

Толық

Жарастық-ау анық біз...

  • 0
  • 0

Жарастық-ау анық біз
Бір буылған гүлге ұсап.
Ұйқас бола қалыппыз
Егіз ұйқас жырға ұсап.

Толық

Қарап көріңіз