Өлең, жыр, ақындар

Мұздыбай қарт

  • 28.09.2021
  • 0
  • 0
  • 517
Қара еменнің басына мұздақ тұрып қалыпты —
күн көзінде сол мұздақ құбылып тұр, жанып тұр.
Табиғат — бай, мұзы да көп қырлы ғой, көп қырлы,
мұзға қарап көп қырлы Мұздыбай қарт жөткірді.
Қара-бурыл емен тұр қар-қабақта қасқайып,
қайсарлығы — қайраты,
таға алмайсың басқа айып.
Мұздыбайға айып жоқ — қартайғаны ғана сол,
қаза көріп жақында ортайғаны ғана сол,
Қырау басқан емендей бурылдығы болмаса,
кемпірінің барында қайратты еді ол да аса.
Қара бурыл мұрты, әне, малмандай мұз,
малмандай,
Қара еменге қарайды ол тұмақ бауы жалбаңдай.
Қара еменге қарап ап мұз қаққанмен мұртынан,
қайрат құрып, бойында
қайсарлығы қалғандай.
Өзгермейтін не бар ед мына бурыл жалғанда:
қыста мінер қара аты — қара бурыл болды ол да.
Қара еменнің түбінен қыстау салған "күшті" ғып,
түтін атса мұржасы — ататұғын ышқынып.
Түтіні де қайрат боп көрінетін бір түрлі,
құрықтың қыл бауындай өрілетін бір түрлі.
Қарайтын қарт еменге — қайрат алар тәрізді,
қартаймасқа содан бір айла табар тәрізді.
Жылқышы еді әйгілі —
бітті бір күн айла, амал:
емен қалды ауылда,
құрық қалды пайдадан.
Жалғыз қалған әкесін қаладағы ұл жалғыз
Әкелгенде көшіріп — қарсылап ап тұрғанбыз.
* * *
Көршіге ауды көп пішен,
сиыр алар кісі көп,
жылқы кірді қалтаға тиын болып кісінеп.
Екі-үш түйе, қой-ешкі,
қыстау, қора шөбі ескі,
ақша болды көгала,
бірақ байлық емес-ті.
Көшті, десті ел, қара емен қартайғанда ел ақтап,
ақ бауыр бұлты ауылдың жел алдында далақтап
шөкті кеп бір жыраға,—
Алатауда жыра көп,
бір құласа бұлты да қайтып шықпас бір әдет,—
тұз тағысы — қарт қыран тауық болды қонақтап.
Тұрмыс жақсы керемет,
келін-әкім күштесе.
Мұздыбайға қала елі
кіл әкім боп тұратын.
Бәрі дайын, ертеңге қалар іс жоқ — істесе,
қиын жұмыс: шай сайын жуылатын үш кесе.
Қала кісілеріне болар ед шай ішпесе
құптаса егер бала-әкім,
келін-әкім күштесе.
Қара бурыл атының жалын тартып мінгендей,
шеңгелдейді кәрі қол — қалтадағы ақшадан,
қайырқол жан қария,
жөтелмесе — жақсы адам.
— Көке, көлік алып ем, көрімдік бер, — деді ұлы,
қалбаң еткен қарт байғұс — машина екен көлігі.
Aт үстінің желігін бір аңсаған, құдірет:
машина да желді екен — мінгені бар бір рет.
"Ерде мін жоқ" деп еді — жазып қалды бала, әне,
"ермегім жоқ" деп еді — келін жерге қарады.
— Көке, ермек көрсеңіз... — күмілжіді бірде ұлы, —
біздің қолды байлап жүр қызмет деген құрғыры,
малы жоқ жер...
дүкен бар...
шаруасы көп түрлі...
— Мен бармын ғой, қарағым, —
— Мұздыбай қарт жөткірді, —
Қолқабысым сол болса,
оған шама бар әлі, —
деп қария тор ұстап томпаң қағып барады.
"Берекені" табады,
келін мәз боп жетілді, —
иттің ақылдылығын мақтан еткен секілді,
көрші әйелді көзге ұрар әңгіменің тапты ебін —
оқығанмен сонша өзі, ақкөңіл-ау, ақкөңіл.
Қарт ас үйге "дәнікті",
газ жағуды және ұқты,
сөйтіп, келін-балаға зеректігін танытты.
Мұздыбай қарт тек, әттең, күпті көңіл бір түрлі,
келін, бала кеш сайын күттіреді бір түрлі:
театр бар, кино бар,
қонақтық бар түр-түрлі —
боз "Жигули" бір боздап салып жүрді бүлкілді.
* * *
Қара еменнің көршісі — Мұздыбай қарт бай, малды,
айырылып бар күтімнен,
күтушіге айналды.
— Қарт — қаланы қалады, —
қой, қой, олай демеңдер,
қайырымды ел — қала елі,
және бәрі кемеңгер
серік болсын деп қартқа, мойны біткен әуке боп,
алып келді ұл бір жақтан шолақ құйрық дәу төбет.
Шәйнек тасса бір жақтан
ермек болды шын бұ да,
қоңырауы есіктің шырылдаса шыңғыра,
ит қыңсылап,
бір жақтан телефоны шылдырап.
Біледі қарт тұрмысты,
күле қарайд күйкіге:
қыдырмалау келеді бұ қаланың иті де,
мал айдау, ат жетектеу —
ескі мода, ескі ұғым,
жаңа мода мұндағы ит жетектеу кешқұрым.
Дүкен ақтап қария нанын алды ең әппақ,
ит қыдыртты,
есікке бір жүгірді далақтап.
Күні бойы әр қайда далақтап кеп, далақтап,
күн батқан соң ғана қарт тауық болды қонақтап.
Ғажап, ғажап тіршілік!
Тұмақ бауы жұлқына
желге жалбақтамайды,
мұз қатпайды мұртына,
батпақ түгіл, шаң түгіл
жел тимейді балаққа.
Қарттың, әттең, көңілі пәс —
бас түгінің бәрі әппақ,
қара бурыл шаш қалды ауылдағы тарақта.
Өз қорасы, өз еркі, болғанымен "өз елі",
ас ішуге қол тимей талған талай өзегі:
шаруа көп қой қыстауда — пішені бар, қиы бар,
тоңқаң қағып кеш сайын алласы бар сиынар.
Башайыңнан ағад су — нөсер құйса төбеңнен,
қала — рахат, бой таза, тамағың тоқ дегенмен
көзі ілінсе болғаны — дала енеді түсіне,
сол далада көп жылқы әлі енеді түсіне,
Отқа қақтап жүреді тоңған қолын үсіген,
қара аты да түсіне енеді ылғи кісінеп.
Ал өңінде аспан бар,
көкжиек жоқ дөңгелек
боран керек, жел керек даласы бар кісіге!
Қара еменнің шілікше иілуі, о-дағы
қайсарлықтың, қайраттың қартайғаны болады.
Жылдар дерсіз сіз, бәлкім?
Обалы не, обалы
Мұздыбайға уақыт салмақ салған жоқ әлі.
Сырласпай-ақ қанықпын: Кемігенін танытты;
Шалдан гөрі, тұлғасы кемпірге ұсап қалыпты.
Бір қайрайын, есіне кездерін сап қымбатты,
Не құлатып кетейін деген оймен тіл қаттым:
— Қалай, аға, ақуал? Тарлан көңіл тағы ұлып
азып қапсыз, жүрсіз бе қара еменді сағынып?!
Ит жетектеп жүргенше әр бұтаға қақтығып,
қайтпайсыз ба бірер ай ауыл барып, ат мініп?!
— Шайқады қарт ақ басын, көзі жанып бірақ та
сол жалынның қызылы шапшыды бет, құлаққа:
— Қой, қой, бала, күштімін, көңіл-күйім төмендеп,
көрген емен арып та,
ауырғам жоқ не меңдеп,
қу еменді қайтейін қатып қалған шемен боп,
не көп біздің қалада, көріп жүрсің, емен көп...
Әкемізді жақсылап бағып жүрміз деп ұлы,
Үйде атам бар ғой деп кинода отыр келіні.
Ал Мұздыбай тірлігі — төрт қабырға, бір есік,
бір есіктен шығады қара итіне ілесіп,
Қыдыртады кімді кім:
ит пе,
қарт па,
тұрмыс па —
айта алмайсың о жағын — ақыл сараң, тіл қысқа.
Тұрмысы асыл қаланың,
келін есті, бала — асыл,
көрінгенге мақтайды таңдап алған қаласын.
Жамандамау — қайрат қой — ештеңені, ешкімді,
бірақ еменді айтқанда күрсінгені естілді.
О, тәкаппар көкірек!
Сен артықсың өзге емнен
емен үшін көктемес топыраққа кез келген.
Қартайыпты Мұздыбай — осыны анық айта алам —
тамыр тартпас, сірә, енді ол
тал-шыбық боп қайтадан.
Сәлем берер кісі көп,
жұрт аз сөзге жарайтын —
жауырынның сарсуы ұйып шықты талай түн.
Мінетұғын аты жоқ —
қартаймасқа қанша амал,
қажымасқа қанша амал —
Емені жоқ қарайтын.
Ей, қария баққандар!
Сенің үйің сол қарттың өз үйі ме?..
Түсінген,
түсінген жөн, түсінген, ең құрығанда ішіңнен:
асырайды итті де күшігінен;
қу қайғы
ерлер түгіл ездің де өз еркінен тумайды,
шыбығынан өссе егер — топырақтың бәрі асыл,
қарт ағашты орнынан қозғап көрші — қурайды.
...Бала, келін ал кейде жетпей жатар деңгейге,
қайта көктетем десе — кемпір алып бермей ме!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұршық жыры

  • 0
  • 0

Сыртта — күзгі жел үні,
бұталар тұр ыңырсып.
Үйде — ене, келіні
екеуінде бір ұршық.

Толық

Ақ қағаз туралы

  • 0
  • 0

Аспан нұры секілді алдымдағы ақ парақ.
Қайырайын қандай ой,
қандай сөзді қақпалап
алып келсем екен мен,

Толық

Бір түйір дән

  • 0
  • 0

Бір түйір дән сыңғырап жерге түсті –
Тау, Дөң, Дала жабылып тербетісті.
Жеңіл әйел секілді ала етекті,
Ұйтқығанда сол дәнді жел әкепті.

Толық

Қарап көріңіз