Жүрек
Жүректен жанға жылы сөз бар ма елде,
Жүрексіз тірлік бар ма суда, жерде?
Қашанда өмір жыры – жүрек сыры
Біреуін сол жүректің айтам мен де.
Аяулы болғандықтан асыл жүрек,
Өз орнын кеудеден кең алып бөлек.
Шаң-қоқыс, тозаң-топырақ кіре алмайтын,
Күмбезде берік, жылы өмір сүред.
Бəрінде мұндай жүрек жан-жануар,
Жұрт білед, тулай соғып тұрары бар.
Жерде де мұндай жүрек бар деп айтсам,
Көрмеген көп адам-ақ күлед шығар.
Түстіктен орай жатқан Жоңғар жоны,
Қоңырау тау терістікте қорған-қобы.
Қапалдың жанға жайлы аясының,
Төрінде жер жүрегі біткен орны.
Не болмақ жер жүрегі жерден бөлек,
Жүректің бəріне ортақ шерден бөлек.
Кəдімгі жүрек қандай – ол да сондай,
Сипаттап айтары жоқ елден бөлек.
Жалғыз тау жазықтағы басы мұнар,
Талай сыр, қойнын ашсаң асылы бар.
Көзіңмен көргің келсе жер жүрегін,
Қапалға келіп қайтуға асығыңдар.
Осындай ерек біткен Жүрек тауын,
Жағалай біткен жасыл алма бауын.
Күн сайын жылы леппен жауып тұрад,
Кербез шың – «Кер» бұлтынан сепкен жауын.
Күз келіп демін алды суық леппен,
Алғашқы ызғарлы шық шымшып беттен.
Жаз бойы жайнай өскен жасыл гүлдер,
Құнысып қорыққан жандай дір-дір еткен.
Қайрылмай кетіп барад жайдары жаз,
Көбі өтті өмірінің, қалғаны аз.
Дегендай бүрін бүркей жасыл шешек,
Жаутаңдап жаныма кеп айтады наз:
Түн іші. Күзетте жоқ, Сара қайда?
Еш жерден көрінбейді бұл маңайда.
Жүректің үстінде ол жүресінен,
Отырған арыз айтып аспанда айға.
Мұңдасып жер мен адам – екі жүрек,
Сыр тыңдап бір-біріне құлақ түред.
Бұлардың қайғысынан қараңғылап,
Аспанда жұлдыз жымып, ай мүдіред.
Белгілі, – дейді Сара, – менің дертім,
Ақ жүрек адамым бар берген сертім.
Душар боп қажы ауылының қақпанында,
Таба алмай босанудың жүрмін ретін.
Бүгін күн мойыныма түспек тұзақ,
Өмірім өспес болды бұдан ұзақ.
Ақтарып жүрегімді саған қосып,
Атанып өлсем деймін «Жынды қыз-ақ!».
Өзіңдей менде де бар біткен жүрек,
Жаралы жалындаған жадап-жүдеп.
«Жаманға басыңды жар етпе!» – дейді,
Асаудай арманымды алға сүйреп.
Сенің де қызғалдағың қурап бүгін,
Жоғалтқан қыстан қорқып қызыл гүлін.
Кəрідей көрге кіруге əзірленген,
Күңкілдеп естілмейді күңгірт үнің.
Айтатын ақылың бар ма, кəрі жүрек?
Дертіме бермейсің бе дəрі, жүрек.
Жер болып қалуыңның жəйі қалай,
Көп ғасыр тұрмақпысың жадап-жүдеп?
«Жүрек пен жүрек сыры бір емес пе,
Сыр ұрлау бір-бірінен мін емес пе?
Жөніңді айт, жөнге сілте, өлген жүрек,
Мендегі тыңдар сені тірі емес пе?
Қозғала бүлк-бүлк етіп жер жүрегі,
Жас қызға жаны аши елжіреді.
«Жүрегі ем мен де өзіңдей бір сұлудың
Жер болдым, тыңда, – дейді, – енді мені!»
Заманда сонау, сонау өтіп кеткен,
Бір қыздың Баян деген жүрегі ем мен.
Арманым өз өмірімде азат жан боп,
Өтпекші ем өзім сүйген жігітіммен.
Қоңтəжі деген ханның қызы Баян,
Ару ед аты шыққан əлемге аян.
Хандығы, əкесінің қыруар малы,
Аруды шаққан ақыр болды шаян.
Болғанмен алтын, күміс, дүние көп,
Жыл сайын аза берді Баян жүдеп,
Көрікті дүниеден пайда қанша,
Жай таппай жана берсе жалғыз жүрек.
Дейтұғын қалмақ жігіт Сайын-Бөлек,
Кедейден кесек туып өсті ерек,
Баянның бар арманы болды сол жан,
Айттырып алмағанмен қалың төлеп.
Арманды бір-біріне болды екі жас,
Бəз-бəзда сəті түсіп қосылса бас, –
Жастардың елжіреген мейірімінен,
Еріткен қорғасындай балқитын тас.
Жастардың бір-біріне құмары артып,
Тұтанды ғашық оты жалын шарпып.
Сайынға қызын бермей, көшемін деп,
Бір күні хан бұзылды жүгін артып.
Ханның бір батыры еді қалмақ Сайын,
Қашанда қажетіне тұрған дайын.
Елінің арқа сүйер ері сол еді,
Өзгелер қалмақ жерін шапқан сайын.
Айыбы жалғыз еді, кедей еді,
Еңіреген ер ішінде егей еді.
Атса оқ, шапса қылыш өтпес күшін
Қоңтəжі қоңыр қойға теңемеді.
«Қызымды жан алмайды ханнан басқа!
Қалыңға берген қазына, малдан басқа.
Ендеше атсыз, затсыз кедейлерге,
Тиісті Баян қызым алданбасқа!».
Қоңтəжі сол кеткеннен «Қораны» асып,
Өрмелеп тау басына кетті қашық.
Жоңғардың мəңгі қарлы жотасына,
Шығарды қашырға артып, жүгін тасып.
Көшірмек болғанында қызын зорлап,
Қозғалмай Баян көрін қаздырды орлап.
Жары үшін – Бөлек үшін жан тапсырып,
Қалды ол ақ жүректің сертін қорғап.
Осыдан түстік жерде Бөлек өлген,
Оны да тау басына бөлек көмген.
Екі тау: Сайынбөлек, Баянжүрек,
Өзгеден сондықтан да еректенген.
Ару қыз ақ жүрегін қорғап өлген,
Өзінің жүрегін де жерге көмген:
«Жан сүйген Сайын-Бөлек жар қабірін,
Көріп тұр мəңгі бақи, – деген, – көзбен!»
Қыз өлді, жүрегі оның жерге айналды,
Арманы таудай тола шерге айналды.
Күйіктен қайнап шыққан ыстық жасы,
Толтырған «Жүрек» астын селге айналды.
«Жер болып сол жүректің сырты қатқан,
Сақталып түскен жалын махаббаттан.
Қазіргі «Арасандағы» ыстық бұлақ,
Жас еді сол жалыннан қайнап аққан.
Баянның сол жүрегі болып бір тау,
Жоңғардың саласынан тұрады оқшау.
Қасында Сайынбөлек шоқысы бар,
Әлікүн қарауылдап тұрғандай жау.
Қорадан мойын созып Қоңтəжі тұр,
Ызғарлы тілсіз, мылқау ақ шоқы құр.
Баянды көктей солған бір көре алмай,
Зарланад, деп: «Балам, бір мойныңды бұр!»
Осылай сырын айтып «Баян-жүрек»,
Кеудесін бір күрсінді кере уһілеп.
Кеше мен, ал бүгін сен, дертіміз тең,
Ғасырлар ашылмайтын неткен түнек.
Бəрі бір: қалмақ па, əлде, ұлты қазақ,
Осылай қыздарының көргені азап.
Қосылмай жүрек сүйген жігітіне,
Өтеді махаббаты болып мазақ.
Сара қыз, еліктеме Баянға сен,
Шыдай тұр бұл өмірден қаяу көрсең.
Өзгеріс ел салтында болмай қалмас,
Өлме əзір, қорға өзіңді, аялда сен!
Саңқ еткен таудың үні осылай деп,
Сабыр боп жүрегіме ұйыды кеп.
Мен сергіп орынымнан тұра келдім,
Жүректен өз өміріме алғандай леп.
Түн жарымы, ел ұйқыда, ауыл жым-жырт,
Маужырап жусаған мал күйсеп бырт-бырт,
Өзгенің бəрі үйінде, өз орнында,
Бұл рахат тыныштықтан тек Сара сырт...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі