Өлең, жыр, ақындар

Шымылдық

  • 05.10.2021
  • 0
  • 0
  • 1734
Көк жайлау, көтеріңкі ел, көңілді жаз,
Мал күйлі, жайылым гүлді, жан-жануар мəз.
Өрмелей тау бөктерін өскен қайың,
Бұралып жел қозғаса айтады наз.
Жалтылдап жасыл жапырақ күн нұрымен,
Ырғала күле қарайд бір қырымен.
Бұтаққа-бұтақ тиісіп, гүл сүйісіп,
Сырласып əрқайсысы өз сыбдырымен.
Жоңғардың жотасын тең екі жара,
Талқандай тау кеудесін аққан Қопа.
Жарасып, жасыл жайлау ортасында,
Арқырайд асау тасқын күшке тола.
Арудың бұрымындай Бұрқан бұлақ
Басынан кербез Кердің төмен құлап.
Сұлудың өкше соққан шолпысындай,
Жайлаудың табынына тіреп тынад.
Болғанмен қанша қатал Қоңтəжі шың,
Ызғарлы ақшалмалы басы мығым.
Жайната жасыл кілем жайған жазға,
Амалсыз бастырғандай екі иығын.
Жайлы жаз, жасартатын əлем жанын,
Талқандап тауға салған қыс қамалын.
Ызғарлы мейрімсіз хан-Қоңтəжінің,
Жылытып қозғағандай жүрек қанын.
Жылыған жаз нұрына қатыгез хан,
Кеудесін қозғағандай боласың таң.
Көк арша, шар қарағай, аю жүндер,
Бұл таудың баса шыққан көкірегін паң.
Айрықша біткен мұнда əулие тас,
Көп адам тілек тілеп, иетін бас.
Жайнаған жаз нұрына қынасымен,
Құбылып көрінеді ол-дағы жас.
Жайнаған жан-жағымның бəрі де өмір,
Кенелген жаз нұрымен бүкіл өңір.
Өбісіп мал да, құс та, шөп те, гүл де,
Жадырасып жас жарлардай жарқын көңіл.
Қажы ауылы сол жайлауда көшіп-қонып,
Әркім мəз аяқ қолын еркін созып.
Қызынған қымыз ішіп бай-манаптар,
Қыдырып қыз іздейді қырсық қозып.
Қызды да алдыменен мал іздейді,
Қалыңмал бере алатын хал іздейді.
Сондықтан бозбалалар былай тұрып,
Малы көп, байып алған шал іздейді.
«Басы бос» дейді халқым ақын Сара,
Азаттық алған жылап кеше ғана.
Көптеген қызқұмарға болдым душар,
«Сара» деп ынтығатын жүрек жара.
Әуре ғып, қалмаған жоқ құрық созып,
Бəсеке, бақ таластық, намыс қозып.
Басымды шатыстырды шал-шақпыт та,
Бірінен аламыз деп, бірі озып.
«Құтылмас көптен қоян» деген мақал,
Қалжың сөз бірі майда, бірі қатал.
Сөзі өтпей өкінішті боп жүргендер,
Дейді екен бай таңдағыш «бедеу байтал».
Қылжақ сөз тұс-тұсымнан мазамды алып,
«Әмеңгер» əлегіне басым қалып.
Азаттық алдым деген сорлы басым,
Күңіренем тағдырыма күнде налып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қош бол, елім!

  • 0
  • 0

Жүргенде бір шапандық олжа сынды,
Ел-жұртым көрген еді көз жасымды.
Қанды көз қарақұстың тырнағынан,
Босатып зорға алып ем өз басымды.

Толық

Торығам

  • 0
  • 0

...Қысылма, қызым! – дейтін Павел ата,
Болды ма айтатұғын сөзі қата?
Жақындап Жиенқұлдың қыл шылбыры,
Барады буындырып жанға бата.

Толық

Арсалаң алдында

  • 0
  • 0

Қызымын Тастанбектің атым Сара,
Арман көп, айта берсем, көңлім нала.
Қорғалар көп ішінен бұта таппай,
Шырылдар бозторғайдай мен бір бала.

Толық

Қарап көріңіз