Арман жел, орман-шалғын иіріп қыр – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Арман жел, орман-шалғын иіріп қыр» атты Қанипа Бұғыбаева жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 621
Арман жел, орман-шалғын иіріп қыр,
Кешкі бұлт қанатына күй іліп тұр.
Аспандай күмбірлеген домбырадан
Жатқандай жер кеудеме құйылып сыр.
Тербеліп, мүмкін емес, тербелмеуім,
Шапақтан күміс толқын өрген көңіл.
Тамшыдай сорғалаған үн арқылы,
Зердеңнен мүсін соғар зергер ме едің?
Кеудеңде шабыт құсы тұншығады,
Ғашық қып көкжиектің күн шуағы.
Шебердей қыз суретін қашап соққан
Қос ішектен түрлі саз, үн шығады.
Билеп ап тұла бойды, еркелік бір,
Алқызыл күн шапағы зер төгіп тұр.
Қия алмай сағынышын кешкі күннің,
Бұлттардың іші алаулап өртеніп тұр.
Саусағың қос ішекке соғылып бір,
Күй теңіз күміс үннен өріліп тұр.
Көзіме көп суретті әкелгендей
Алтын күн шапағына шомылып қыр.
Жігітім, сиқырлы еді күйің қандай,
Қимас күн хош-хош айтып қиылғандай.
Қолыңның тамырынан тамыр тартып,
Нұр жаңбыр жүрегіме құйылғандай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері