Түсіне алмай, ауырады сау жаным – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Түсіне алмай, ауырады сау жаным» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 716
Түсіне алмай, ауырады сау жаным,
Күйіп тұрған тірлігіне сауданың.
Гүрілдеген жол шуының ішінен,
Гүлге ғашық бұлбұл дауысын ауладым...
«Көрем бе» деп үмітімді үзбедім,
Уақыттың құмға түскен іздерін.
Көрінбейтін сұрғылт тұман ішінен,
Күлімдеген күн сәулесін іздедім.
Тағы, тағы тағдыр несін дайындар,
Көзім, бәрін болжап, сезім пайымдар.
Түн-түнектен жарық болып келген ем,
Келген жолмен кері қайтар жайым бар...
Өніп өсер табиғаттың көктемі ем,
(Күзгі желмен жапырағын төкті емен)
«Жоқтан» барға айналған бір ғұмыр ем,
Жоққа қайтып оралмасам деп келем.
Мәңгі жастық! Мен өзіңе бет алдым.
Сәуледей бір тұңғиыққа батармын.
Сені іздеймін, көк аспанды айналып,
Көкжиекке шеккендей бір сапар Күн.
Өлмес өмір, мен өзіңе бет алдым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері