Туранбике ханшайым
(пьеса)
Карло Гоццидан
Театрға арналған бес перделі трагикомикалық қытай ертегісі.
Қатысқандар:
Турандот – Қытай ханшасы, Алтаумның қызы.
Алтаум – Қытай императоры.
Әділма – Татар ханшасы, Турандотты жақсы көретін күңі.
Зелима – о да Турандоттың күңі.
Скирина – Зелиманың шешесі, Барақтың әйелі.
Барақ – Хасан деген атпен жүрген, Калафтың бұрынғы ұстазы.
Калаф – ноғайлықтың ханзадасы, Темірдің баласы
Темір – Астарханның патшасы.
Ысмайыл – Самарқан ханзадасының бұрынғы ұстазы
Панталоне – Алтаумның хатшысы.
Тарталья – бас ұлық.
Бригелла – паж бастығы.
Труффальдино – Турандот сарайындағы азбан құлдардың бастығы. Жендет.
Қытай Диуанындағы жеті ғұлама.
Сарайда қызметкер көп күң.
Азбанқұлдар.
Сарбаздар.
Оқиға Пекин мен Пекин төңірегінде өтеді. Кейіпкерлердің татарша киінген Әділма, Калаф және Барақ пен Темірден басқасы тегіс қытай киімінде.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Әр жерде кекілдері жалбыраған түріктердің басы шаншылған істік: найзалар андаған Пекин қақпасының алды.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Шымылдық сыртынан Калаф шығады, одан сәл кейін қала қақпасынан Барақ шығады.
КАЛАФ
Құшақ жайып қарсы алар жан
Пекиннен де табылғаны-ау!
БАРАҚ
(қаладан шығып келе жатып)
Сенейін бе, сенбейін бе,
Кімді көріп тұрмын мен?
Калаф ханзада ма, япырау.
Ол тірі ме еді?
КАЛАФ
(Аң-таң боп)
Барақ!
БАРАҚ
Асыл текті ханзадам...
КАЛАФ
Сен осында ма ең !
БАРАҚ
Сіз осында келдіңіз бе?
Сіз тірі екенсіз ғой!
КАЛАФ
Жап аузыңды, ұстап берме, өтінем.
Ал, айтшы өзің, мұнда қалай тап болдың?
БАРАҚ
Алдиярым, Астарханның түбіңде
Қарақұрым қалың жауға шыдамай,
Қолыңыз кері қашқанда
Жұртыңызды зар қақсатқан тонаушы
Хорезмнің сұлтаны
Опты келіп ой-қырды.
Жарақат пен қасірет қоса қабат жайлаған
Жазған құлың Астарханға тығылды.
Сонда естідім Темір патша,
Мына сіздің әкеңіз және өзіңіз
Мерт болды деп ұрыста.
Көз жасымды көл қылып,
Хан сарайға жүгірдім.
Құтқармаққа Әлмазаны, асылзада анаңызды,
Жолым бірақ болмады,
Кедергі бермей кеулеген
Хорезмнің асып-тасқан сұлтаны
Астарханға қалың әскер қаптатты.
Енді мынау жау жайлаған шаһардан
Қашпас шара қалмады.
Сүйтіп, төрем, елден ел асып, жерден жер асып
Хасан деген қызылбас болып ақыры
Пекинге де жеттім-ау.
Осында бір сор-азапты әбден татқан
Жесір қатын жолықты.
Ақылды да, ақшаны да аяғам жоқ,
Алмас, асыл бәрін сатып
Түзеп бердім күй-жайын.
Іші жылып кетті білем,
Тұрмыс қостық екеуміз.
Бірақ, әлі жұбайыма да
Жөнімді дұрыс айтқам жоқ.
О бейшара Барақ емес.
Қызылбас Хасан деп жүр мені.
Сүйтіп сонда тұрып жатам,
Баяғы дәулет жоқ баста.
Бірақ, бүгін өшкенім жанып,
Өлгенім тіріліп, жоқ болды деп
Күдер үзіп жүргенде
Туған ұлдай мәпелеген
Асыл тектім, уа Калаф ханзадам,
Сізді көріп жарылды ғой жүрегім.
Енді менен бақытты жан бар ма, сірә!
Айтыңызшы, ханзада,
Қалай жеттіңіз Пекинге?
КАЛАФ
Барақ атама менің атымды.
Анау сол бір қырсық шалып
Қара басқан қазалы күн
Астарханға қайтқанбыз.
Сарай барып, асыл заттың бәрін де алып,
Әлмаза, Темір – ата-анам,
Үшеуміз де қашқанбыз.
Жұрт көзіне көрінбей
Тас жастанып, мұз төсендік.
Шөлді кездік, тау жайладық,
Көрген азап шегі жоқ.
Қап тауында қарақшыға кез болып,
Әке-көке әрең зорға құтылдық.
Аш жаттық та, шөлдедік те
Не бейнеттің көрдік бәрін, не керек.
Бірде анамды болдыртқан,
Бірде арқалап кәрі әкені
Жүре бердік, жүре бердік.
Өзін-өзі өлтірмекке оқталған
Талай шықтым кәрі әкемнің үстінен.
Анам аштан бұралып, өлім қақы жатқанда
Тірілтіп алдым сан рет.
Сүйтіп жүріп жеттік Жайық қалаға.
Мешіттің қыр көзін бағып,
Беттің арын бес төгіп
Көрінгенге қол жайдым.
Көшенің бойына, дүкеннің маңына
Түсіп қалған бейсаубат
Қатқан-құтқан нан болса.
Теңге болса жоғалған,
Теріп алып жалғадым
Ата-анамның өзегін.
О күн де бізге көп болды –
Хорезмнің рақымсыз сұлтаны
Бір пәлекет хабар шашты тағы да.
Мүрдемізді таппаған соң еш қайдан. :
Нанбай қойған, өлді деген.
Басымызға бәс тігіпті.
Кім апарса – қазына алады қарайған
Елші салған патшалардың бәріне,
Түр-түсіміз егжей-тегжей айтылған.
Білесің ғой сен өзің
Тәжі тайған патшаның
Қара сіңір кедейден де
Су жүрек сорлы боларын.
Ол бейбақтан тәж бен таққа
Келер қандай залал бар!
Бізді іздеуге жарлық берген
Жайықтың та патшасы –
Құдай сақтап, шалып қалды құлағым.
Ата-анама жетіп кеп
Жасырын деп жалындым.
Екеуінің де көз жастары көл болды,
Пейіл болды екеуі де өлуге.
Досым, өзің білесің ғой, ондайда
Қанына қарайған адамды
Көріп айтып тәңірінің
Басу оңай емесін.
Ақыры біз қаштық-ау
Жаңа тозақ, жаңа азапты
Тағы да талай көрмекке.
БАРАҚ
(көзіне жас алып)
Жетер осы, асыл тектім,
Тілімдеме мен бейбақтың жүрегін.
Темір патшам жұбайымен, ұлымен
Сонша қорлық көрді де.
Елден асқан кемеңгер,
Елден асқан мейірбан,
Елден асқан ержүрек
Асылзада әулет те
Тап болды де со күнге.
Айтыңызшы, патшамыз бен жұбайы
Бар ма мынау дүниеде.
КАЛАФ
Бар, Барақ, бар. Екеуі де тірі. Тыңда
Атадан асыл туғанның да
Күлді-көмеш күн кешер
Кер тағдырын айтайын.
Талағы тірі талмақшы емес тауқыметтен,
Патша да пақыр құдіреттің алдында,
Жазмыштан озмыш жоқ деген,
Тобаның айтқанына жүрсе,
Салғанын көтерсе бұл пенде
Жетпекші ғой мұратқа.
Сүйтіп Кейқуат патша билеген
Хорасанға тап болдық.
Ата-анамды өлтірем бе,
Хан сарайға бардым да,
Қара жұмыс істедім.
Ұнатты ма, аяды ма
Онысын әлі білмеймін.
Салушы еді көз қырын
Патша қызы Әділма.
Қырағы қыздың жанары
Таныды-ау деймін тегімді.
Бір күні соның әкесі
Әлденеге бұлқан-талқан болды да
Боғдыханы Пекиннің Алтауммен жауласты.
Түтеп тұрды жұрт аузы
Сан тарапқа сабылтып
Сол соғыстың себебін.
Білерім тек жалғыз-ақ –
Талқандалды Кейқуат.
Ойран болды әулеті,
Суға кетті Әділма.
Қорықтық та мынау жаңа ойраннан
Хорасаннан безіп шықтық біз тағы.
Жалаңаяқ, жалаң бас зорға жеттік Барласқа.
Тағы несін айтайын,
Сүйтіп төрт жыл асырадым
Ата-анамды, әйтеуір
Жүк кеткен жоқ арқамнан,
Мұң кеткен жоқ жанымнан.
БАРАҚ
Жарар осы, ханзадам,
Көріп тұрмын үстіңізден сән киім,
Тастаңыз сол тауқыметті,
Айтыңызшы ал енді,
Оңғарылды қалай ғана жолыңыз?
КАЛАФ
Жолды айтасың ба? Тында онда.
Барластың патшасы Әлімгер
Қаршығасын жоғалтты.
Мен ұстап ап, Әлімгерге апардым.
Кім екенімді сұрады.
Бүгіп қалдым сырымды.
Қап көтеріп, жүк тасыған
Қара табан жалшы едім дедім.
Рахымы түсіп патшаның
Ата-анамды алды Жебеуханаға.
Қайыршы мен ғарыпты
Бағатұғын сол үйде
Ата-анама бөлек күтім жасалды.
(жылап жібереді)
Солай, Барақ, патшаңыз бен ханшаңыз.
Жайлап жатыр ғарыптардың мекенін.
Байғұстар да зәре жоқ.
Біліп қойса бір күні
Асады-ау деп дарына.
БАРАҚ (жылап)
Керең болғыр құлағым
Не естіп тұр, о тоба!
КАЛАФ
Сонда маған Әлімгер
Әмиян ұсынды мына бір.
(қойнынан әмиян шығарады)
Ат мінгізді астыма,
Шапан кигізді үстіме.
Ата-анаммен жылап тұрып қоштасып:
«Бағымды сынап көрейін,
Я бетпақ дүниеден бейбақ қалпым өтейін,
Не болмаса, ақыры дегеніме жетейін,
Әйтеуір, мынау өрім-өрім күйіммен
Көздеріне көрінбей»,–
Дедім-дағы жол шектім.
Тізгініме жабысты,
Бірге жүрмек болды олар.
Бірақ, көкте тәңірім
Ілескенін қаламады олардың.
Нәлет айтып Хорезмдегі залымға,
Атағымды жасырып,
Боғдыханның сарбазына кіруге
Келіп тұрған бетім осы
Пекинге жебеп тағы да,
Тисе билік қайтадан
Қайтарамын кегімді.
Барақ, мынау қалаңда
Қара нөпір халық көп –
Жатқан жоқ па той болып?
Қорқып едім мен мұннан
Табылмас деп баспана.
Әне бір үйдің әйелі
Қайырымды жан екен,
Алып қалды атымды.
БАРАҚ
Әйелім ғой ол менің!
КАЛАФ
Солай ма? Ашылыпты онда бағың,
Сүйкімді адам екен бір.
(Кетуге ыңғайланады)
Оралармын соңыра.
Мұнша жұртты жинаған
Пекиндегі бұл не той?
Оны да бір көрейін.
Содан кейін Алтаумға жолығып,
Соғысуға сен үшін
Рұқсат бер деп сұрайын.
(Қала қақпасына бет алады)
БАРАҚ
Тоқта, Калаф Көрмей-ақ қой сол пәлені,
Ол бір сұмдық оқиға.
Қатыгез тағдыр, ханзадам,
Қан майданға кепті айдап.
Естімеген бір пәле.
КАЛАФ
Ол немене өзі?
БАРАҚ
Жалғыз қызы Алтаумның
Туранбикені білмеуші ме ең.
Айдай ару болса да, осыншама зұлымдықты істетіп,
Қан қасап қып қан қақсатып,
Жатқан жауыз сол өзі.
КАЛАФ
Хорасанда сондай бір
Естіп ем бейпіл әңгіме.
Айтушы еді Кейқуаттың баласы
Пекин барып, душар бопты
Адам көрмес ажалға,
Алтауммен соғыс содан шықты деп.
Қара халық қашанда
Мемлекет құпиясын білмек боп
Қайдағыны қаулатады да жүреді.
Ақылы дұрыс адамдар
Онысына күлгенмен,
Құлағына ілмейтін,
Айта бер, Барақ.
БАРАҚ
Алтауымның қызы Туранбике
Ажарын дәл бере алмай
Жазылған талай қыл қалам.
Оның суреті тарамаған
Астана жоқ жер жаһанда.
Сол Ханшайым тас жүрек
Еркектерді ит етінен жек көред.
Құда түсіп сол қызға
Болды босқа арам тер
Талай елдің патшасы.
КАЛАФ
Сандырақ.
Хорасанда естігенмін бұны да,
Сөзің аузыңда айт, Барақ.
БАРАҚ
Жоқ, сандырақ емес, шындық бұл.
Турандот – тақтың мұрагері емес пе,
Әкесі байғұс құдаласып талаймен
Тажды әулеттен күйеу іздеп көріп ед,
Қыңыр қызы қыстырмады құлаққа.
Байғұс әке өліп-өшіп сүйетін
Жалғыз қызын жылатып қалай ұзатсын.
Талай-талай соғысты да сол үшін,
Бәрін де соның жеңгенмен
Жасы болса кеп қалды,
Бір күні барып қызына
Сөз салыпты былай деп:
«Күйеуге шық, немесе
Мынау байтақ еліңді
Соғыстан сақтар жолды тап.
Өзім болсам қартайдым,
Сөз беріп ап сені айтқызған патшаның
Талайының көңілдерін қалдырдым,
Анттан тайып артынан.
Енді менің тілегіме құлақ ас,
Жанымдай жақсы көргенмен
Күйеуге шық, болмаса
Соғыс болмас жолды айт.
Сосын мейлің, осы мынау дүниеден
Қайтып өтсең – өз еркің».
Қыңыр қыз қырық құбылды,
Тулап та көрді бір ауық,
Жылап та көрді бір ауық,
Болмаған соң бәрі де,
Ыза буып ауырды,
Аузынан қалды ажалдың.
Қайтпады патша райдан.
Сонда барып сайқал қыз
Әкесіне дат қылды.
Тыңдаңыз енді тілегін
Сол сұмпайы перінің.
КАЛАФ
Ести-ести құлақты әбден сарсытқан
Сол баяғы ертек те.
Ол болса өзім айтайын.
Ханшайым дат қылады
Жар шаш деп мынау жаһанға
Егер анау алқасында Диуанның
Өңшең дана ортасында мүдірмей
Үш жұмбаққа бұл айтқан
Жауап берген Ханзада егер табылса,
Соған берем қызды деп,
Сол болады мұрагері тақтың деп.
Ал егер де таба алмаса шешуін
Басын шауып алам деп
Ант қыл дейді тобаға.
Осы шығар айтпағың,
Әбден мезі етіп болған ертегі.
БАРАҚ
Иә, осы.
Ертек болса құба-құп қой, құдай-ау,
Ертек болмай тұрған жоқ па сор болып.
Хан кейіді ханшайымның датына,
Бірақ анау сайқы сайқал өлекшін
Біресе жалынып-жалпайып
Біресе орғып, шалқайып,
Біресе ауырып жанталасып,
Көндірді көңілшек әкені.
Берілді ақыр сол бұйрық.
Қыздың ойы белгілі:
«Кім бар дейсің жүрген бүйтіп өле алмай,
Ондай адам табылмас,
Алда-жалда табылса,
Айыптамақ ханды кім,
Айтпадым ба жарлықта
Ант қылғанын тәңірге.
Ант берілді жар шашылды.
Жақсы боп жатса арты оның,
Айтпас па едік ертек деп».
КАЛАФ
Сендім сөзіңе.
Жарлық айтылды,
Ал, бірақ, соған желігіп
Өлімге барар ханзада
Табылар ма екен дүниеде.
БАРАҚ
Көрмейсің бе, аналарды
(Қабырғадағы шаншылған бастарды көрсетеді)
Міне мынау зұлым қыздың
Жұмбағына жауап таппай
Жусап қалған боздақтар!
КАЛАФ (таңырқап)
Сұмдық екен.
Сонда анандай зымиянға
Үйленем деп жан пида еткен
Жаны қастар да бар болған-ау!
БАРАҚ
Калаф, қарғам,
Суретіне көзі түссе ханшаның
Ай дидарын бір көрсем деп
Пейіл болады өлімге де.
КАЛАФ
Сондай да есер болады екен.
БАРАҚ
Есерің де, данышпан да
Естен танар оны көрсе.
Бүгін әне бүкіл халық
Самарханның ханзадасын
Қалай шаппақ, көрмек соны.
Ондай сұлу, ондай есті
Жайсаң жігіт көрген емес,
Бұған дейін бұл Пекин
Зар илейді Алтаумның өзі де,
Ал енді анау зымиян қыз
Күледі дейді миығынан.
(Құлақ тосады. Дабыл естіледі)
Естисің бе? Әне азалы күй тартылды,
Қазір енді шабады,
Тез кетпесем бұл арадан,
Шымырлайды төбе құйқам.
КАЛАФ
Ел естімеген әңгіме екен.
Сонда табиғат анамыз
Бұл секілді не өзі жұртты сүймейтін,
Не рахымды білмейтін
Жаратқан-ау жүрегі мұз әйелді.
БАРАҚ
Әйелімнің қызы бар бір –
Туранбикенің күңі.
Соның кейде айтқандарың тыңдасаң –
Естіген құлақ нанғысыз.
Бұл Туранбике шыныңда да
Ұрғашы барыс сияқты.
Ұшынып туған пәлекет.
Өзі сондай менмен, өзі сондай асқақ
Осыншама өршеленіп жүргені де
Астамдығы көрінеді.
КАЛАФ
Шан мынандай құбыжық
Диюлардан болмаса исі адамнан қалай ғана кезікпек
Әкесі болсам мен егер,
Ондай қызды отқа асып қақтар ем.
БАРАҚ (қала жаққа қарап)
Анау көз жасына етегі толып
Еңіреп келе жатқан
Менің досым Ысмайыл –
Өлген Ханзаданың ұстазы.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Әлгі екеуі мен Ысмайыл
ЫСМАЙЫЛ (қаладан жылап шығып келе жатып)
Жан досым-ау,
Ханзададан айырылдым.
Зұлпұқары зұлматтың
Жалмағанша жайсаңымды,
Қимадың ба мына менің мойнымды. (өксіп жылайды)
БАРАҚ
Сондай тозақ ортасына
Жіберіп жүрсің қалай ғана.
ЫСМАЙЫЛ
Досым-ау, қасіретім әкетіп тұр
Бетке салық айтып тағы
Ауыртпашы жанымды.
Қарызы жоқ ханзаданың мойнымда,
Тар болды уақыт,
Патшаға хабар салуға.
Бастық емес ұстаз деген
Құл емес пе ханзадаға,
Айтқан тілді алды ма? (жылайды).
БАРАҚ
Құдай салды, көнесің де.
Бекем бол тек.
Ғұлама кісі сонша күйрек болар ма.
ЫСМАЙЫЛ
Қалай ғана жұбанайын,
Жанындай жақсы көруші еді,
Қалдырмаушы еді қасынан.
Қоштасар да айтқан сөзі
У тікендей тырнап барад кеудемді:
«Жылама, – дейді ол маған,
Мынау тас бауыр ханшаны
Құшпай тірі жүргеннен
Өлгеннің өзі мың артық.
Әкеме мен айтпай кетіп қалып ем,
Кешіре көрсін онымды.
Айтар едім, жібермей ме деп қорықтым.
Көрсет деді сосын мынау суретті.
(қойнынан сурет шығарады)
Көргеннен соң мынандай асқақ аруды,
Оның өзі-ақ кеткенімді кешіріп,
Жылар дейді өзіңменен қосылып.
Соны айтты да мынау нәлет атқырды
Жүз қайтара сүйді кеп.
Сосын барып тосты басын балтаға
Шыққыр көзім шығып кетпей шыдады-ау,
Қан бұрқ етті, қақшып
Түсті мойнынан,
Ханзаданың ыршып кеткен қаласын
Жалаңдаған қу жендет
Қағып алды қолымен,
Одан әрі тұра алмай
Безіп шықтым қаладан.
(Суретті лақтырып тастап, аяғымен таптайды).
Нәлет атқыр, жат осылай.
Уа, құдай, түсірсең егер қолыма
Туранбикені тап осылай таптар ем.
Патшама не деп барамын.
Қайтып көрмес Самарқан менің қарамды,
Жапан түзде жалғыз зарлап өлемін.
(Ашынған күйі кетіп қалады)
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Барақ пен Калаф
БАРАҚ
Естідің бе, ханзадам.
КАЛАФ
Естідім – бірақ қайранмын
Сиқыры бар соншама
Бұл не қылған сурет?
(Суретке тап береді)
БАРАҚ
(оны тоқтатып)
О, тоба! Не істемексіз ханзада?
КАЛАФ
(жымиып)
Көрейін дем ем көп айтқан
Соншама сиқыр сұлуды.
(суретке жабысады)
БАРАҚ
(Әзер тоқтатып)
Жо-жоқ, асыл ханзада,
Бұл сиқырды көргеннен
Пері соққан көп жақсы.
Көрсете алман мұны мен.
КАЛАФ
Жібер енді.
(оны итеріп тастап, суретті алады)
Дұрыс па есің өзіңнің,
Талай-талай аруларды көргенбіз,
Істен танбақ түгілі
Көз салғам жоқ көбіне.
Ажары асқан арудың
Өзіне бүлк етпегенде
Не істер деп ең бұл сурет?
Қойшы әрі. (Күрсініп).
Махаббат емес – мақсатым.
Менің ойым басқада.
(Суретке қарамақшы болады)
БАРАҚ
(жабысып, суретті қолымен қалқалайды)
Жалынамын.
Қарамаңыз, ханзада!
КАЛАФ (оны итеріп тастап)
Кетші әрі, есуас! Не көрінген өзіңе?
(Суретке әуелі таңырқап қарайды.
Бірте-бірте тесіле түседі)
Барақ, не көріп тұрмын мына мен?
Осындай нәзік жүзбенен
Осындай тұнжыр көзбенен
Мынандай ару ханшайым
Қатыгез деуге қанқұйлы
Қайтып ауыз барады?
БАРАҚ
Қу құлағым, керең болып қалсаңшы,
Естігенше бұл сөзді ханзаданың аузынан.
Асыл тектім, Туранбике бұдан да сұлу,
бұдан да нәзік
Оның айдай ажарын жеткізе алар шебер жоқ,
Ол рас, шындықты қайтып айтпаймын.
Ал, бірақ, осынау залым сайқалдың
Менмендігін, өрлігін, мекерлігін тас жүрек
Қан ішпесе қанбайтынын ындыны
Көрсете алар табылар ма қыл қалам!
Уа, мырзам, жітір әрі
Зәл-зәллаһи пәлекетті.
Жұта берме залым көріп заһарын,
Қап жүрерсіз уланып.
КАЛАФ (суретке сүйсініп)
Қорқытпа босқа. Уа, мынау
Керме қас, уыз жанар, күлкі тұнған қызыл ерін,
Уылжыған жырын лебіз
Бәрін құшып сімірген жан,
Сонда қайтып болады арман?
(үнсіз қалады, сосын әлденеге бел буып)
Ал, Барақ, мен кіммін, ол аузыңнан шықпасын,
Бақ сынайтын шақ осы.
Я мынау он сегіз мың ғаламдағы
Ең сұлу қыз бен ең ұлы тақты
Түсіремін қолыма.
Я мынау итсілікпе тірлікпен
Қоштасамын біржола.
Онсыз да әбден бітіп едім мезі боп.
Екінің бірі.
(Суретке қарайды)
Уа, періште үміт,
Сенің сиқыр жұмбағыңа
Құрбандық боп шалынуға әзірмін.
Өзің жебе! Айтшы, Барақ,
Ең болмаса Диуанда әлгі,
Ажалымның аузында тұрып,
Көре алам ба ай дидарын
Бұл секілді перизаттың?
Қамалдық ар жағындағы берекесіз соғылған зарлы дабыл үні бірте-бірте жақындай түседі. Калаф та тыңдап тұр. Қамалдың ішкі жағынан қолынан қан тамшылаған қытай жендеті көтеріледі; ол найзалардың біріне Самарқан ханзадасының басын шаншады да, қайтадан ғайып болады.
БАРАҚ
Әуелі анаған қараңыз да,
Қайтыңыз мынау райдан.
Әне ыстық қан саулаған
Ханзаданың басы әлгі
Ал, жаңағы ғайып болған
Жендетіңіз сіздің де:
Осыншама сұмдық өлім
Шошытпай ма, япыр-ай.
Зұлым қыздың жұмбағына шешу жоқ,
Асыл тектім, сіздің асыл басыңыз
Ертеңгі күн ілінеді анау найзаға.
(Жылайды)
КАЛАФ (басқа қарап)
Бақталайсыз бейшара!
Кебіңді сенің кимекке
Құлшынтып тұрған не сиқыр?
Барақ, жаназамды осы қазір шығармақ па ең,
Доғар енді жылағанды.
Ал, сынадым бағымды. Айтпа ешкімге
Менің аты-жөнімді.
Бәлкім көкте тәңірім өзі
Бастап тұрған шығар бұған.
Мені мұнша азаптаудан жалығып,
Ата-анамды қуантамын бірауық
Деп тұрмасын кім біліпті тобаның.
Ал, егерде жолым болып,
Жұмбағын түгел шеше алсам,
Қарызың кетпес мойнымда.
Қош тұр, Барақ. (Кете береді)
БАРАҚ (оны тоқтатып)
Жоқ, кідірші. Ұлым менің ... Тәңірім-ай.
Әй, бәйбіше, келші бері, көмектесші.
Мынау менің жас досымның
Турандоттың жұмбағын
Шешемін деп көңілі кетіп тұрғаны.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Әлгі екеуі мен Скирина
СКИРИНА
Не дейді, тоба!
Әлгі менің жас мейманым емессіз бе?
Ажалға сонша құлшынғандай
Не көрінді басыңызға?
КАЛАФ
Қайырымды бәйбіше,
Мені мұнша құлшынтқан
Мынау аппақ ақ дидар.
(суретті көрсетеді)
СКИРИНА
Кім беріп жүр сізге бұны,
Бұл жексұрын суретті?
(жылайды).
БАРАҚ (жылап)
Осылай болды ойда жоқта
КАЛАФ (босанып)
Хасан, қайырымды бәйбіше, менің атым
Жөне мынау әмиян – сізге сыйым,
Қайырын көргізсін тәңірім.
(Қалтасынан әмиян шығарып, Скиринаға береді)
Көрсете алар ықыласым осы ғана.
Ал егерде, жағдай келсе,
Мынау азғантай қаражаттың
Шетінен қайыр, берерсіздер.
Тілегімді тілей жүрсін
Қайыр алған қарып-қасыр.
Қолдаушы бол, көкте тәңірім,
Ал, қош тұрыңдар.
БАРАҚ
Уа мырзам...
СКИРИНА
Тоқта, балам, тоқта, кідір...
Есімің кім?
... Айтшы, Хасан
Өлім іздеп дедек қаққан
Мынау жомарт жас жігіттің
Аты кім?
БАРАҚ
Қайдағыны сұрамашы.
Ол шешеді жұмбақтарын
Үзе алмай тұрмын үмітімді.
Жүр, кеттік, бәйбіше.
Таратайық бұл алтынды
Қарып пенен қасырге
Көкте тәңірім жебесін,
Жаназасын шығаруға жазбасын.
(үйіне кіріп кетеді)
СКИРИНА
Алтын емес, қолда бардың
Баршасын да шашармын
Мынадай боздақ жолына.
Күйеуім байғұс қадірлейтін
Бір әзиз жан білем:
Шалам бәрін садақаға,
Үш жүз шөже, үш жүз балық
Қапелі ием Берджингузге
Ал қалған әмбиеге –
Барлық күріш, бар миуа.
Қабыл қылсын тілегімді
Қамқор ием Конфуций да!
ШЫМЫЛДЫҚ.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Екі жағында екі биік есігі бар Диуан залы. Біреуі Турандот ханшайымның сарайына, екіншісі оның әкесі император сарайына бағышталған.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Труффальдино, Бригелла, азбан құлдар - бәрі қытайша киінген. Труффальдино азбан құлдарына залды жасаулауға әмір беріп жүр. Қытайы талғамда біреуін сахна жаққа, біреуін оған қарама-қарсы екі тақ орнаттырады. Диуанның сегіз ғұламасы үшін сегіз сәкі қойғызады. Өзі көңілді, ән сап жүр. Бригелла кіріп, бұл ненің қамы екенін сұрайды.
Труффальдино император мен ханшайым ағзам қатысатын Диуан мәжілісі шақырғанын айтады. Тәңірі жарылқап, жол оңғарылып тұр. Тағы да басын алдырғалы бір ханзада келіпті.
Бригелла осыдан үш сағат бұрын біреуі өлген жоқ па еді дейді. Осындай тағылыққа мәз боп тайраңдап жүрген Труффальдиноны сөгеді.
ТРУФФАЛЬДИНО
Ханзадаларды басыңды балтаға шаптыр деп зорлап жатқан ешкім жоқ. Өз обалдары өздеріне т. с. с.
Ханшайым ағзам ханзадалардың жаны жаһаннамға жөнелтілген сайын сый береді. Сол үшін де қуанады.
БРИГЕЛЛА
Өз басы бұндай масқараға қуана алмайды. Ханшайымның мұнша қатыгездігіне төбе құйқасы шымырлайды. Онан да тезірек күйеу тауып, мына масқарасын тыймай ма, т. с. с.
ТРУФФАЛЬДИНО
Ханшайымдікі дұрыс, күйеуге шығып жын ұрып па, т. с. с. Некеде не шапағат бар, Іш пыстырар бірдеңе, т. с. с.
БРИГЕЛЛА
Труффальдино бұлай демеген де не дейді, т. с. с.
Азбан құлдың неке несін алыпты.
ТРУФФАЛЬДИНО ашуланып:
Некеден неге қорықпаймын, некелескендер көбейсе, жер бетінде Бригелла сияқтылардан аяқ алып жүре алмасың.
БРИГЕЛЛА ашуланып:
Ал-ақсүйек т. с. с. Труффальдинодан не оңған сөз шығушы еді; анасы күйеуге шықпаса, шұнақ құл өзі қайдан шығыпты, т. с. с.
ТРУФФАЛЬДИНО
Бригелла өтірікті соғып тұр. Оның анасы күйеуге шықпаған, ол өзі нұрдан жаралған.
БРИГЕЛЛА
Оңдашы ойнастан туған шығарсың.
ТРУФФАЛЬДИНО
Ол – азбан құлдар бастығы. Паж бастығы. Бригелла аяғына оратылмай, өз шаруасын білсе екен. Бірақ Пажадрды да қайдағы бір некемекені айтып, жолдан аздырып жүрген шығар.
Бұлар дауласып болғанша, азбан құлар залды жасаулай береді. Шеру үні шығады. Бұл Диуанға келе жатқан Алтаум, оның нөкері, ғұламалар. Бригелла ізет білдіріп шығып кетеді, ал Труффальдино мен азбан құлдар ханшайымның шашпауын көтеруге кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Шеру тартып әуелі нөкер, сосын сегіз ғұлама, сосын Панталоне, Тарталья кіреді. Бәрі де қытайша киінген.
Алтаум – Қытайдың асыл киімін киінген сыйлы трия. Ол келгенде барлығы да құлдық ұрып, тағзым қылады. Алтаум шығады да, жолында тұрған таққа отырады. Панталоне мен Тарталья екеуі екі жағына барып тұрады. Ғұламалар өз орындарына жайғасады. Шерудің үні өшеді.
АЛТАУМ
Уа, игі жақсы құлдарым,
Қап тауындай қасіретті
Қашанғы тартам мына мен.
Жастайынан жардан ұшқан
Жаңағы бір ханзаданың
Жаназасын атқарып ем,
Сол тауқымет аз болғандай
Тағы келді біреуі.
Сорыма біткен сұмырай қыз!
Бұл сертіме тұрамын деп
Конфуцийге ант бергенше
Тілім неге кесілмеді?
Ол антымнан енді қайтып аттармын!
Қызымның анау отырысы
Қасарған жерден қан алып
Отқа түскен көбелектей
Өліп-өшкен өңшең бойдақ
Келіп жатыр, келіп жатыр.
Мынандай сұм кесепатта
Қол ұшыңды бере алатын
Қайсың бар?
ПАНТАЛОНЕ
Алдияр тақсыр, не ақыл айтарымызды білмей аңтарылып тұрмыз. Біздің елімізде бұндай заңға бола тобаға ант қылмайды. Ондай заң да шығарылмайды. Онда мынандай ханзада біткен алақандай суретке ғашық боп, ару қыздың дидарын бір көру үшін басын балтаға тосты, соның бәріне де жібімей, еркек атаулыдан теріс айналған сіздің қызыңыз Турандот ханшайымдай тентек қыз шықты дегенді көрмек түгіл, естіген емеспіз. Мен байғұс кездейсоқ кесепаттан елімді тастауға мәжбүр болғанша баянсыз пәни ойламаған жерден сіздің хатыңыздай мәртебелі орыннан бір-ақ шығарғанша, мен қытайда үш күннің ішінде алып кететін топалаңға мында бір ем ұнтақ бар көрінеді дегеннен басқа, мұнда мұңдай салт, мұндай ант барын, мұндай бозбала мен мұндай қыз бала да болатынын білген емеспін. Осы оқиғаны Венецияға барып айтсам: «Суайт мырза, мұныңды балаларға айт»,– деп желкелерінің шұқырын көрсетер еді.
АЛТАУМ
Тарталья, әлгі бейбақ ханзаданы
Барып көріп шыға алдың ба?
ТАРТАЛЬЯ
Барып шықтым, алдияр. Ол осында, сарайдың шеттен келген меймандар түсетін бөлмесінде жайланып жатыр. Мен оның сымбатты тұлғасына, әдемі өңіне, арғы-бергіні барлаған ақылды сөзіне қайран боп кеп тұрмын. Өмірімде тап мынандай сүйкімді адамды көрген емеспін. Сүйсінгенім сонша, сондай сұлу, сондай жас ханзада мұнда қасаптың малындай қыршынынан қиылғалы келді-ау деп қабырғам қарс айрылып тұр. (Жылайды).
АЛТАУМ
О, қасірет, қасірет!
Берілді ме әлгі
Көктің түсіп рахымы,
Залым қыздың сауалына
Жауап тапсын жас жігіт
Деп шалынған құрбандық?
Одан дауа болмай тұр ғой, әй бірақ.
ПАНТАЛОНЕ
Алдияр құрбандық айтудан қамы жоқ. Көкке жүзі өгіз, күнге жүз жылқы, айға жүз доңыз шалынды. (Жүзін аударып). Бірақ, мынау хан сарайдың үлде-бүлде құшқанасының қызыл қасабынан не қайырым бар дейсің.
ТАРТАЛЬЯ (жүзін аударып).
Сол құрбандыққа осы доңыз ханшайымның өзін шалсақ, мына азаптан құтылар ек.
АЛТАУМ
Ханзаданы кіргізіңдер ендеше
(Нөкердің бірі шығып кетеді).
Райдан қайт деп көрейін.
Қасіреттен ауызыма сөз түспей,
Мүдіріп қалар кезім болса,
Онда Диуан ғұламалары,
Онда жайсаң уәзірлер,
Өздерің демеп жіберіңдер.
ПАНТАЛОНЕ
Оған жетіліп болдық қой, алдияр. Аузымызды қанша ауыртқанмен, пайда жоқ, өңшең бір күрке тауықтай кеңірдегін пышаққа төсеп тұрған біреулер.
ТАРТАЛЬЯ
Білесің бе, Панталоне, ол алғыр жігіт, байқадым. Үмітімді үзе алмаймын.
ПАНТАЛОНЕ
Немене? Мынау иттің жұмбағына жауап табар деп пе едің? Кешірерсің, төреміз.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Әлгілер мен күзет қоршаған Калаф. Калаф тізесін бүгіп, бас иіп тағзым етеді.
АЛТАУМ
Басыңды көтер, батыл жігіт.
Калаф тұрып, тағзым етіп, ақсүйекке тән асқақ қалпы залдың ортасына, екі тақтық арасына барып, көрушілерге бетін беріп тұрады.
(Калафқа зер сала қарап ап – қасындағыларға)
Жігіттің шын жайсаңы емес пе?
Қайтып қана қайыспасын қабырғам!
Әй, бақытсыз, елің қайдан?
Алдияр патша, ата-анаң кім?
КАЛАФ
(Сәл ыңғайсызданып ап, зиялы ізет қылады)
Алдияр, рұқсат болса,
Аты-жөнімді айтпасам деп ем.
АЛТАУМ
Тегің менен сүйгіңді жасырып,
Қалай менің қол созасың қызыма?
КАЛАФ (маңғаз)
Бұл сөзім хақ, сүйегім ақ.
Ақ патшаның ұлымын,
Тәңіріне жазып, тылсым кетер күн болса,
Тегім менен жөнімді
Өзім-ақ айтып берейін.
Тамырымда ханзада қан ақпаса,
Осынша ұлы әулетке
Қол созардай көрініпті маған не?
(тағзым етіп)
Атамасқа аты-жөнімді
Болар ма екен рұқсат?
АЛТАУМ (қасындағыларға)
Сөзі қандай зиялы!
Ажалға қайтып қияйын. (дауыстап)
Ал, ендеше
Бәрін шешіп жұмбақтың,
Қара сүйек біреу болсаң қайтпекпін.
КАЛАФ (сөзін бөліп)
Сіздің жарлық хан тұқымға арналған
Тәңір жебеп, жеңіп шықсам осыдан
Қарасүйек жүзі қара болсам мен,
Ай балтадан аяйтұғын басым жоқ,
Шаптырыңыз да, лақтырыңыз ит құсқа.
Пекинде бір адам бар.
Сол айтар менің жөнімді.
(тағзым етіп)
Ата-тегім айтылмасын,
Өтінемін тағы да, сауғам болсын сұраған.
АЛТАУМ
Қабыл қылдым сауғаңды.
Келбетің мен сөздеріңе сенейін.
Бірақ, сен де рахымды бол, ендеше
Мына тұрған биік тақтан қол жайып
Салатұғын қолқам бар.
Айбалтаға тоспа алтын басыңды,
Қайтшы мынау райдан.
Онсыз да мен жарылқайын өзіңді,
Жартысын берем елімнің,
Жаман айтпай жақсы жоқ,
Көз жұмылып кететұғын күн болса,
Мен де бардың бәрі түгел сенікі.
Өтінбе тек, төк деп маған қаныңды.
Қапияда қателесіп бір рет,
Халқыма мынау болдым әбден қарабет.
Батыр жігіт, ая мені,
Көз жасымды төктірмеші мүрдеңе.
Маңдайыма сор боп біткен анау бір
Зымиян қыз бен сондай сұмды тудырған
Мына мені
Қарғысына қалдыра көрме халықтың (жылайды)
КАЛАФ
Алдияр тақсыр!
Қасіретіңізге қайысады қабырғам,
Сіздей әке, мұндай зұлым қыз өсірді дейтін кім
Жалғыз қызын жақсы көрсе жанындай,
Дүниеге көрген жұрттың есі кеткен айдай
аузы, күндей көзі сұлу қызды сыйласа –
Онда тұрған не кінә.
Мейіріңізге рахмет мың да бір.
Менен басқа қайран жоқ.
Тәңірім мені Туранбикені құштырып
Бақытты етпек болмаса
Туранбикесіз көк тиындық құны жоқ
Ит тірліктен біржолата құтқармақ.
Я ажал, я Туранбике
Сөз осы.
ПАНТАЛОНЕ
Құлақ асшы асыл тектім, аяулым, қалаға кірерде қабырғадағы көп басты көрдіңіз ғой, содан аян болмады ма бәрі де. Теке лақтай текке өліп, мына бізді зар еңіреткен не мұрат? Біліп қой, ханшайымның айтатұғын жұмбағын, сіз түгілі Чингарелло сәуегейдің өзі де шеше алмайды. Шадыр ханшайым айтқан сөздің мәнісі кімнің шешімі дұрыс, кімдікі бұрыс соны анықта деп қойған Диуанның мынау талай кітапты тауысқан ғұлама біздердің өзіміз кейде жетіп, кейде жетпейміз. Жұмбағы да жұмбақ сықылды емес. «Қарны темір, ішегі бөз» – дегеннен не түсінесің: Ұдайы бір соны жұмбақ шетінен. Егер өзі шешуінің не екенін егжей-тегжейлі хат жазып беріп отырмаса, мына ғұламалар да бастарының қайда қалғанын білмес еді. Балам, басың аманда барып тұр. Аяймын. Жақсылық тілеген адамның айтқанына құлақ асар болар. Бүйтіп қасарыса берсеңіз, сіздің басыңыздың қора сыпыратын қайыршыға берер қара бақыр құрлы құны болмай қалады.
ҚАЛАФ
Қария, ақыл айтып, шаршамаңыз босына
Я өлім, я Турандот сөз осы.
ТАРТАЛЬЯ
Туранбике, Туранбике деп қасарыса беретінің не, қарағым-ау. Түсінсеңші жөн сөзге. Мұнда жұмбақ шешкенде бал құйылған тәтті миуаға бәс тігіп отырған ешкім жоқ. Басынды тігіп келдің ғой, ұқсаңшы. Басқа айтып жатар ақылым жоқ. Осы да кетер. Басыңмен ойнап тұрсың, балам. Алдияр тақсыр сен үшін күніге жүз жылқы көкке, жүз өгіз, айға жүз доңыз, жұлдызға күз сиыр құрбандық шалып алдыңа жығылып отырса, қасарыса бересің. Тіпті дүниеде Туранбикеден басқа әйел құрып қалған күнде де, мынауың үлкен ақымақтық. Кешір, әрине, ханзадам. Саған жаным ашыған соң, жарылып айтып отырмын. Бастан айырылудың не екенін ұғасың ба өзің. Болмайтын іс қой мынауың.
КАЛАФ
Көп сөйлеп кеттің сен тіпті.
Я өлім, я Турандот. Екінің бірі.
АЛТАУМ
Жаны қас! Тат, ендеше
Құмар болсаң, қу ажалдың дәмін
(нөкердің біріне)
Келсін деп айт ханзадаға.
Жұтсын жаңа құрбанының қу басын.
Нөкердің бірі шығып кетеді.
КАЛАФ
(жан-жағына)
Тәңірі, тоба! Өзің қолда.
Көркін көріп, естен танып қалмайын.
Ақылымнан алжасып, жанталасып жүрегім,
Демім бітіп, талып түсер түрім бар.
(маңындағыларға)
Киелі диуан, таразысы тағдырымның.
Махаббаттан ғарып болып,
Көзсіз тұрған көбелегіңе
Мейірім қыл, кәріңнен қаш.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Барабан дабысы араласқан шерулі күй естіледі. Иығында қайқы қылыш Ятаганы бар Труффальдино мен әтектер шығады. Оларға ілесе тамбуран қаққан күңдер келеді. Одан соң бетіне перде жапқан екі күң көрінеді: біреуі татардың асыл киімін киген (ол – Әділма), екінші қарапайым қытайы киімде (бұл – Зелима). Оның қолында жабық хаттар салынған кішкене табақ. Труффальдино мен әтектер Алтаумның алдына барып маңдайларын жерге тигізе тағзым етеді де қайта тұрады. Күңдер қолдарын маңдайына апарып, тізелерін бүгеді,– Үстінде асыл қытайы киім, бетінде перде, тәкаппар асқақ Турандот кіреді. Ғұламалар мен уәзірлер маңдайларын жерге тигізе жығылады. Алтаум тағынан тұрады. Туранбике қолын маңдайына апарып, әкесіне тағзым етеді. Сосын тағына барып отырады. Зелима сол жағына, Әділма оң жағына барып тұрады. Туранбике кіргенде тізе бүгіп, тағзым еткен Калаф қазір оның бетінен көз алар емес. Бәрі де орындарына барып жайғасады. Труффальдино өзіне лайық бірнеше күлкілі дәстүрлі қимылдар жасап, Зелиманың қолынан хаттары бар табақты алып, ғұламаларға таратады, бұндайдағы қытай салттарының бәрі тетеліп, тағзым етілген соң шығып кетеді. Осы үнсіз салттардың тұсында музыка шеру тартып тұрады. Труффальдино кетісімен Диуан залы жым-жырт бола қалады.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Алтаум, Калаф, Панталоне, Тарталья, Турандот, Зелима, Әділма, Ғұламалар, нөкерлер.
ТУРАНБИКЕ
Шашылған бас шалқыған қан
Елең қылмай бірінде
Жұмбағымды шешемін деп
Өліміне өзеуреген
Жаны қас жігіт қайсы әлгі.
АЛТАУМ
Қызым, міне алдыңда тұр.
(Диуан залында аң-таң боп тұрған
Калафты көрсетеді)
Тозағынды төндірмей-ақ,
Жараламай жан жүрегін
Шашы ағарған сорлы әкеңнің
Қол ұстасып қосыла салар
Жайсаң боздақ бұл өзі.
ТУРАНБИКЕ
(Калафқа қарап қойып, Зелимаға сыбырлайды)
Зелима жан, шынымды айтсам
Мынау сынға келіп жатқан
Көп жігіттің еш біріне
Көзім түсіп, көңілім бірін
Көрмеп еді.
Аяп отырмын ал мынаны.
ЗЕЛИМА
(сыбырлап)
Жетер осы қырғаның да,
Енді бұған жеңілдеу үш жұмбақ бер.
ТУРАНБИКЕ
(маңғаз)
Мұны айтуға аузың қалай барады?
Жер жаһанды тітіреткен даңқымды
Желге ұшыр дегенің бе бұл сенің.
ӘДІЛМА
(Қалафқа тесіліп қарап отырады да, жүзін аударып әкетеді).
О тәңірім! Не көрінді көзіме
Мынау әлгі Хоросанда
Әкем Кейқуат тірісінде
Құл болған жігіт емес пе?
Ханзада боп шыққаны ма?
Жүрегім еріп жүре бергеннен
Сезіп ем-ау сонда бұнысын.
ТУРАНБИКЕ
Ханзадам, қайт райдан,
Тәңірім куә –
Мен тасбауыр деген лақап өтірік
Исі еркекті сүймейді, рас, суханым,
Сондықтан да қорғанамын олардан.
Жаман еркектің кез келгені
Талтаң басып жүргенде,
Емін-еркін жүрместей
Олардан нем кем болыпты?
Тасбауырлыққа тағы да айдап қайтесің,
Хан басыммен жалынам,
Қайт райдан, ханзада.
Көктің өзі көреген қып жаратқан, –
Сынамай-ақ қойсаң қайтты
Тәңірінің қиған маған сыйын сол.
Диуанның алдында аяққа баспан арымды
Жеңілер болсам осыдан,
Жүрмеймін мен жер басып.
Кештік етпейді әлі де,
Қайт райдан, ханзада,
Жұмбақ бермей-ақ қояйын.
Бұл сөзіме көнбес болсаң, осыдан,
Иманыңды үйіре бер ендеше.
КАЛАФ
Осынша әуез, осынша көрік,
Осынша ақыл, осындай жүрек
Қалай сыйған бір әйелдің басына.
Бұндай жанға, пида етпей,
Қу басынды қайтпексің.
Қу екенсің, Туранбике,
Осынша ақыл-көрікпен,
Шалқаяр болсаң осылай
Жұртта қайтып ес қалсын?
Мынау бейбақ көкіректе
Біреу емес шыбын жаным жүз болса,
Жүзін де қиям сен үшін,
Атасы асыл Турандот
ЗЕЛИМА
(Туранбикеге сыбырлап)
Тәңір жарылқасын,
Жұмбағыңды айт жеңілдеу,
Бұдан артық таба алмайсың теңіңді.
ӘДІЛМА
(жүзін бұрып әкетіп)
Жігіттің неткен жайсаңы,
Арман, сірә, болар ма
Бұны құшқан әйелде.
Ханшайым кезде қалайша мен білмедім,
Бұл жігіттің асылзада екенін
Шіркін-ай, енді түссе қолыма,
Не де болса, тіктім басты осыған.
(Туранбикеге сыбырлайды)
Асылзадам, алтын бастың қадірі
Естен шығып кетпесін.
ТУРАНБИКЕ
(қысылып жүзін бұрып әкетеді)
Сонша жаннан жаңғыз бұған
Ет жүрегім елжіреді.
(бойын жиып)
Жоқ, қайдағыны қайдан ойлап отырмын,
(Калафқа қарап)
Ал, жаны қас әзірлен.
АЛТАУМ
Қасарысып көнбедің бе, ханзадам?
КАЛАФ
Алдияр тақсыр,
Я өлім, я Туранбике –
Екінің бірі
АЛТАУМ
Ендеше,
Оқыңдар анау қорқынышты жарлықты,
Жігіт өзі естісін де, ақ жанынан түңілсін.
Панталоне қойнынан жарлық жазылған кітапты алып сүйеді, Әуелі көкірегіне басып, сосын маңдайына тигізіп, Тартальяға ұсынады; ол әуелі жерді сүйіп, құлдық ұрады, сосын кітапты қолына алып, дауыстап оқиды.
ТАРТАЛЬЯ
«Ханзада біткен Туранбикеге
Сөз салуға қақы бар.
Алқасында Диуанның
Ханшайым айтқан үш жұмбақты
Шешіп берсе үйленеді.
Шеше алмаса жер құшады
Балтасынан жендеттің.
Хан Алтаум бұл сөзінде тұруға
Конфуцийге ант етті».
Тарталья оқып болған соң, кітапты сүйіп, көкірегіне маңдайына тигізіп, Панталонеге қайтарады; ол әуелі жерге жығылып, кітапты алады, сосын орнынан тұрып, Алтаумға ұсынады; Алтаум әуелі қолын көтереді, сосын оны кітаптың үстіне қояды.
АЛТАУМ (күрсініп)
Уа, тақсірет заң!
Сені бұлжытпай орындауға
Конфуцийге ант етемін тағы да.
Панталоне кітапты қойнына тығады. Диуан жым-жырт, Туранбике орнынан тұрады.
ТУРАНБИКЕ (салтанатты үнмен)
Айт ендеше, шаршамайтын, талмайтын
Қаласы жоқ, даласы жоқ бармайтын,
Көрсін қанша жеңіліс пен жеңісті
Бірін де елеп, назарын еш салмайтын,
Дидарына қараған жұрт үмітпен,
Дүниенің барша өзегін жібіткен,
Тең келетін ештеңе жоқ шеніне
Көріп тұрып, ұстамайсың қолыңа
Тапқыш болсаң таба қойшы, оным не?
(Отырады).
КАЛАФ (Аспанға қарап, ұзақ ойланып қалады, сосын қолын маңдайына апарып, Турандотқа тағзым етеді).
Жұмбақтарыңыз болса осындай басқа да
Тентек ханша, болғаныңыз масқара.
Ендеше, шаршамайтын, талмайтын
Қаласы жоқ, даласы жоқ бармайтын,
Көрсін қанша жеңіліс пен жеңісті
Бірін де елеп, назарын еш салмайтын,
Дидарына қараған жұрт үмітпен
Дүниенің барша өзегін жібіткен,
Тең келетін ештеңе жоқ шеніне,
Көре тұрып, ұстатпаса қолыңа
Кешір ханшам, Күннің көзі болды да.
ПАНТОЛОНЕ (қуанып).
Тарталья, тапты жігіт!
ТАРТАЛЬЯ
Иә, иә – дәл тапты.
ҒҰЛАМАЛАР
(Бірінші хатты ашып көріп, бәрі қосылып).
Тапты, тапты – Күннің көзі
АЛТАУМ (қуанып).
Ұлым, көк қолдасын өзіңді
ЗЕЛИМА (Жүзін аударып әкетіп).
Жебей көр, тәңірім.
ӘДІЛМА (Жүзін аударып әкетіп, қобалжып).
О жаратқан,
Жар қыла көрме Турандотқа,
Онда өмірден баз кештім.
ТУРАНБИКЕ (Жүзін аударып әкетіп, ренішпен)
Жеңбекші ме бұл мені,
Асырмақ па ақылын,
Жоқ, жеңдірмеспін ешқашан.
(дауыстап)
Тыңда есуас, тағы да айтам бір жұмбақ.
(орнынан тұрып, байсалды дауыспен)
Жаһанда бір ағаш бар,
Ондай ағаш басқа жоқ,
Одан асқан кәрі жоқ,
Одан асқан жас та жоқ.
Іші қара, сырты аппақ,
Жапырағы солмайды.
Басқа ағаштың басында
Жапырақ оңдай болмайды
Сонда барып таусылады
Адамның да ғұмыры.
Тапқыш болсаң, тапшы кәні,
Не демексің бұнымды? (отырады)
КАЛАФ (сәл ойланған соң, тағы да тағзым етіп)
Асқақ сұлу ашуланба,
Жауап әзір жұмбағыңа.
Өзі кәрі, өзі жас,
Сонда барып құласа
Мойындағы Ғазиз бас
Бітсе оған жапырақ
Іші қара, сырты ақ.
Қарасы – түн, ағы – күн,
Ханшайым, ғафу етерсің,
Жыл болды ғой – бұл ағаш
ПАНТАЛОНЕ (қуанып)
Тарталья, тапты, тапты тағы да!
ТАРТАЛЬЯ
Дәл үстінен шықты ғой.
ҒҰЛАМАЛАР
(Екінші хатты алып, бәрі қосылып)
Дұп-дұрыс: жыл екен
АЛТАУМ
(Қуанып). Уа, тоба, жеткізе көр дегеніне
ЗЕЛИМА
(Жүзін аударып әкетіп). Тағы да жұмбақ бермек пе?
ӘДІЛМА (терісіне сыймай, бетін бұрып әкетіп)
Тағы айырылып қалам ба?
(Турандотқа сыбырлап)
Асылзадам, алтын басың қор болды,
Аттататын түрі жоқ.
(сыбырлап, ызғармен)
Жап аузыңды
Мен жеңілгенше
Бұл адамзат құрып бітер,
Бұл дүние шіріп бітер. (дауыстап)
Тында, есер есуас,
Қасарысқан сайын сен,
Қарайта түстің қанымды.
Жоғал енді. Әйтпесе,
Ақырғы менің жұмбағым
Ажалың боп табады.
КАЛАФ
Қаһарланба, ханшайым,
Қаһарыңнан қайта алман,
Бәрісібір,
Рахымыңнан қалар болсам мақұрым,
Бұл тірліктің құны маған көк тиын.
АЛТАУМ
Уа, ұлым, райыңнан қайттағы.
Сен де, қызым, бітір енді жұмбақты.
Саған, қарғам, бұдан артқан жұбай жоқ.
ТУРАНБИКЕ (ашуланып)
Маған жұбай болмақ па бұл?
Айтам тағы бір жұмбақ,
Болсын заңның дегені.
КАЛАФ
Алдияр тақсыр, қапаланбаңыз,
Я өлім, я Турандот – Екінің бірі
ТУРАНБИКЕ (ыза боп)
Өлім болса керегің, саспа өрем қабарсың.
(орнынан тұрып, байсалды дауыспен)
Айт ендеше, бір сұлу аң, төрт аяқты, қос қанатты
Ашуланса жан шыдатпас, аппақ, әділ махаббатқа
Дүниені тітіреткен. Өзі маңғаз, өзі асқақ
Төрт аяқпен көк мұхитты тепкілеген,
Тырнағымен тауды бұрып,
бауырымен жер тіреген.
Байтақ қырға Феникс құс қанат қаққан
Көлеңкесі ырыс шашқан.
(Жұмбақты айтып болып, Калафты естен тандыру үшін бетіндегі пердесін жұлып алады)
Әуелі қара бетіме,
Жаңағы не аң?
Тапқыш болсаң, соны тап,
Таба алмасаң, өрем қап.
КАЛАФ (Есі кетіп)
Неткен көрік, неткен ажар!
(Көзін басып, қалт тұрып қалады)
АЛТАУМ (абыржып)
Сасқалақтап қалды-ау бұл
Ұлым, саған не болды?
Жина есіңді тезірек!
ЗЕЛИМА (Қиналып).
Шыдай алар емеспін,
Басым айналып барады.
ӘДІЛМА (Жүзін аударып әкетіп):
Бозбала, болдың менікі
Құтқарады өзіңді
Менің адал махаббатым.
ПАНТАЛОНЕ (абыржып):
Жи есіңді, қарағым!
Қылар қайран бар ма бізде.
Осы бала басын құртып ала ма деп зәрем жоқ.
ТАРТАЛЬЯ
Ұлық мансап болмаса,
қашып шығып ас үйге, жүрегімді басар ем.
ТУРАНБИКЕ
Мерт болдың, міне, бейшара,
Өз обалың өзіңе
КАЛАФ (есін жиып)
Туранбике, қапияда көзім түсіп ажарыңа,
Абдырап қалдым азырақ,
Жеңілгем жоқ бірақ та.
Уа, сен төрт аяқты аң, қос қанатты хайуан,
Жер мен суды түгел билеп
Әлемге айбат шегетін,
Он сегіз мың бұл ғаламға
Қанатың ырыс төгетін,
Ол сенсің, уа, жаңа Феникс,
Ашулансаң әділетке құмарсың,
Дәу де болсаң, бұл абзал аң –
Адрия арыстаны шығарсың.
ПАНТАЛОНЕ (таңырқап):
Уа, көсегең көгергір,
бұдан әрі шыдап тұрар дәрмен жоқ.
(құшақтауға ұмтылады).
ТАРТАЛЬЯ (Алтаумға)
Уа, уа Алдияр!
ҒҰЛАМАЛАР (үшінші хатты ашып, бәрі қосылып).
Адрия арыстаны. Дұп-дұрыс.
Халықтың қуанышты айқайы, көңілді музыка сазы естіледі. Турандот тағына талып түседі. Зелима мен Әділма оның есін жимақ боп әуре.
ЗЕЛИМА
Ол жеңді. Ханшайым, есіңді жи.
ӘДІЛМА (Жүзін бұрып әкетіп).
Махаббатым, шынымен,
Тағы да опат болды ма?
АЛТАУМ
Озбырлығың бітті осымен, ал қызым,
Келші менің құшағыма, ханзада!
(Калафты құшақтайды).
Туранбике сол арада көзін ашып, тақтан атып тұрады.
ТУРАНБИКЕ (терісіне сыймай).
Тоқтатыңдар.
Жар бола алман бұл адамға,
Тығыз болып уақыт,
Қапым кетті бұл жолы.
Басқа уақыт белгілеп,
Тағы берем үш сұрақ.
АЛТАУМ (сөзін бөліп).
Жетер енді, есуас қыз,
Ендігі сөзің мақұрым,
Қатал заңның орындадық дегенін,
Айт шешімін, уәзірлер!
ПАНТАЛОНЕ
Ғафу етерсіздер. Енді жұмбақ та, асқабақтай қырқылған бас та тыйылсын. Мына бала шешті бәрін. Заңның дегені болды. Енді дұрыстап тойды өткізелік. (Тартальяға). Солай емес пе, бас ұлық?
ТАРТАЛЬЯ
Заң бұлжытпай орындалды.
Енді даулы ештеңе жоқ.
Ғұлама мырзалар, не айтар екен?
ҒҰЛАМАЛАР
Жұмбақ шешілді, дау бітті.
АЛТАУМ
Кәне кеттік храмға,
Бейтаныс жігіт сонда барып
Жөнін айтсын біздерге.
Ал, әулиелер...
ТУРАНБИКЕ (жалынып):
Әкежан, тоқтаңызшы азырақ...
АЛТАУМ (ашулы):
Тоқтайтұғын ештеңе жоқ. Іс бітті.
ТУРАНБИКЕ (тізерлеп, етегіне жабысады).
Әке, мені сүйетінің шын болса,
Өлтірмесең бауырыңа біткен жалғызды,
Өзгерт мынау әміріңді.
Масқара болар жайым жоқ.
Өлейін мен өл десең,
Бірақ, мынау асқақтаған неменің
Бас ие алман алдында,
Жар болмаймын мен бұған,
Бас ұрғанша етегіне еркектің,
Көрпесіне кіргенімше күң болып,
Кебін киіп қара жерге кірейін.
(жылайды).
АЛТАУМ (ашуланып):
Қасарған жерден қан алатын тағы қыз,
Тыңдамаймын сөзіңді.
Уәзірлер, жүр кеттік.
КАЛАФ
Басынды көтер, байбатша қыз,
Тәңірісі жүрегімнің!
О, алдияр тақсыр, жалынамын,
Өзгертіңіз әміріңізді,
Қан жылатып біреуді
Тапқан бақтан не опа?
Мен емініп, ол тебініп тұрғанда
Махаббаттан қайыр не?
Ау, тас пен мұздан жаралған,
Тақсіретке біткен әлекшің,
Сенің-ақ болсын дегенің
Жұбайлықтан бас тартам.
Біліп қой, бірақ
Ит жыртқандай жырым-жырым,
Жүрегімді көрсең сен,
Аяр едің өзің-ақ.
Қанымды ішпей қанбас бұныңды,
Уа, алдияр, тағайында тағы сын.
Бәрісі бір, бұл тірлікте енді қандай опа бар?
АЛТАУМ
Әрі ырғасып, бері ырғасып
Бас қатырар дәнеңе жоқ.
Сөз бітті. Кеттік храмға
Енді ешқандай сынақ жоқ.
ТУРАНБИКЕ (ашынып)
Кетсек кеттік храмға
Тәңірі алдында ант етем,
Қара жерді енді қайтып баспаймын.
КАЛАФ
Өлем дейді!
Алдияр тақсыр, ханшайым,
Екеуіңізге бір тілек –
Ендеше ертең осында,
Диуанның алдында
Асау қызға мен де берем бір сауал.
Қайыр сұрап қол жайып,
Тамақ үшін бір асам
Арса болған арқа еті,
Борша болған борбайы,
Өліп-талып дегеніне жеткенде
Талағына тағы да кеп тай тепкен
Атасы Ханзада бар... кім, аты кім?
Айт ертең осы сарайда
Таба алмасаң осыны,
Обалына қала бермей бейбақтың:
Көкірегіне теппесің.
Тауып кетсең егерде
Қанын іш те, басын жұт
Қайтар ма екен араның?
ТУРАНБИКЕ
Қабыл алдым тілегіңді, қаңғыбас!
ЗЕЛИМА (жүзін бұрып әкетіп)
Басталды тағы тауқымет.
ӘДІЛМА
Жарқ етті ме жаңа үміт!
АЛТАУМ
Келісе алман мен бұған,
Мен тараптан пұрсат жоқ,
Бұзылмайды әмірім.
КАЛАФ (тізерлеп)
Алдияр тақсыр, аясаң мендей пақырды,
Жұбат анау зар илеген қызыңды,
Жұбат мынау қан жылаған бейбақты.
Тарқатпайын таққа мінген
Тарпаң қыздың басындағы базарын.
Елден асқан көреген қыз көрінед,
Айтып берсін жұмбағымның жауабын.
ТУРАНБИКЕ (жүзін бұрып әкетіп)
Мынаған қайтып шыдармын
Табалап тұр ол мені.
АЛТАУМ
Алжасқанбысың?
Не айтып тұрсың?
Оған біткен неткен ақыл...
Жарайды, сынасақ тағы сынайық,
Егер қызым жұмбағыңды шеше алса,
Берем басыңа бостандық.
Сен де жөнел жайшылықпен
Қашанғы мен зарлай берем.
(Калафқа сыбырлап).
Ер соңымнан...
Не істегенің бұл, есуас?
Тағы да шеру тартылады. Нөкерін, Ғұламаларды, Панталоне мен Тартальяны ерткен Алтаум мана өзі кірген есіктен шығып кетеді.
Турандот, Әділма, Зелима, Труффальдино, азбан құлдар мен күңдер тамбурын тартып есіктен шығады.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Ханшайымның сарайындағы бір бөлме.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Әділма мен оның сенімді күңі, татар қызы.
ӘДІЛМА
Жетер енді! Айтқандарың көкейіме қонбайды.
Өз көңілім меңзеп отыр өзгені.
Бейсаубат жүрген падиша
Меңдеп алды дерт болып
Менменсіген мекер қызға мына бір
Шыдай берем қашанғы?!
Міне, бес жыл кеудемді
У запыран жайлайды.
Байбатша қыз бастан асып сөйлесе,
Зығырданым қайнайды.
Төре нәсіл жаратылса Туранбике
Темен нәсіл жаратылған мен бе екем,
Қашанғы мен күн кешемін күң болып?
Жетер енді,
Жеп болды әбден жегідей,
Осындай ма еді Әділманың ажары,
Сілтіден шыққан сүйектей
Қурап барам күн санап.
Қалған қайран сарп болады осы жол!
Махаббатқа бас тіктім,
Құтқарсын мынау күндіктен,
Не мынау ит тірліктен.
КҮҢ
Сабыр, сабыр падишам,
Өйтуге әлі ертерек.
ӘДІЛМА (бұрқ етіп):
Жоғал әрі! Тыңдамаймын сөзіңді.
Осы қорлық көргенім де жетеді
Шықпасын бұл тісіңнен.
Күң қолын маңдайына апарып, тағзым етіп шығып кетеді.
Әне, менің қас дұшпаным,
Ұят пен ыза қоса буып,
Есалаң боп қалыпты,
Қимылдайтын сәт осы,
Сәл кешіксең, құрыдық,
Тыңдайыншы не дер екен?
(Жасырынып)
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Туранбике, Зелима, біраздан соң Әділма қосылады.
ТУРАНБИКЕ
Зелима, шыдай алар емеспін,
Бағанағы масқараны ойласам,
Өзегімді өртеп барады өрт жалын.
ЗЕЛИМА
Падишам,
Бұнша сұлу, бұнша абзал
Бұнша ғашық жігітке
Бүлк етпей ме бүйіріңіз?
ТУРАНБИКЕ
Қайдағыны айтпа, әрі...
Айтуға да ұят-ау,
Осы жігіт көкірегіме
Бұрын-соңды мен білмеген
Бүлік салды тосын бір,
Қалтыратқан қаңтар ма әлде,
Жалындатқан жаз ба, жоқ па,
Біле алмадым, бойым дал-дал.
Жоқ, жоқ, не айтып кеттім мына мен.
Атарға әттең оғым жоқ,
Масқара қылды ғұламалар алдында.
Жер-жаһанға түгел жетіп ол хабар,
Есуас деп күледі-ау ел!
Не ақылың бар, Зелима!
Әкем ертең ғұламалар алдында
Шеше алмасам манағы айтқан жұмбағын,
Табан асты той жасатпақ түрі бар.
«Қайыр сұрап қол жайып,
Тамақ үшін бір жұтым
Арса болған арқа еті,
Борша болған борбайы,
Өліп-талып дегеніне жеткенде,
Талағына тағы да кеп тай тепкен
Ханзада бар... Атасы кім? Аты кім?
Айтып тұрғаны әрине өзі?
Бірақ, оның атасы кім, аты кім?
Білетұғын бір жан жоқ,
Патша мана дау біткенше
Айтпа деді оған аты-жөніңді.
Ал, мен болсам, қабыл алдым талабын,
Еңдігі күнім не болмақ?
Не істемекпін, айтсаңшы!
ЗЕЛИМА
Бұл Пекинде бал салып,
Барлық сырды ашатын,
Балгерден көп нәрсе жоқ,
Соның бірін табайық.
ТУРАНБИКЕ
Хас наданды алдап жүрген
Қара жүрек көзбояушыдан
Қандай қайран болады,
Басқа ақылың жоқ па еді?
ЗЕЛИМА
Манағы жас ханзаданың
Өзіңіз екен есіл-дерті.
Басыңызға іс түскенде
Алдиярға бір сіз үшін дат қылды.
ТУРАНБИКЕ
Жоқты соқпа, Зелима!
Бұл жүрек деген... Жоқ, жоқ...
Айтпашы оны. Еркек итте пәтуа бар ма,
Аяр, арам шетінен.
Шыңдап сүйер бірі жоқ.
Көлгірсіп жүріп шөп салады көзіңе,
Алтын ноқта некені
Аяққа басып күні ертең,
Күңірсіген күңнің де
Етегіне ереді.
Жоқ Зелима, аузыңа алма енді оны
Жегіден бетер жек көрем.
Байға тиіп, бағынышты болам ба,
Оны ойласам,
Естен тана жаздаймын.
ЗЕЛИМА
Падишам,
Жас болған соң асқақсыз ғой бұншама,
Әйтпесе, ертең ақша беттен нұр тайып,
Жылт қашса жанардан,
Топырлаған көп жігіт көзіңізден
Бұл-бұл ұшар күн келер.
Неге керек тап осы бір ерегес?
ӘДІЛМА (тыңдап тұрған жерінен шыдай алмай сөзге араласып)
Кем нәсіл боп туғаннан
Кемел ақыл шығар ма?
Кешір, әрине, Зелима,
Талайларды тапап жеңген ханшайым
Қайдағы бір қаңғыбасқа
Қайтып қана жібереді қапысын.
Кеше көрдім мынау екі көзіммен,
Еркек біткен бір-біріне қас қағып,
Қарқ болып қалғанын.
Ханшайым айтқан жұмбақты
Қара күң айтқан нәрседей
Әжуалап әр сөзін
Қағытып жатты немелер.
Асылзадам, бұларына сіз түгіл
Мына мен зорға шыдадым.
Хан басыңызбен қаңғыбастың
Қанжығасына өңгеріліп
Қалай кете барасыз?
ТУРАНБИКЕ (бұрқ етіп)
Намысыма тие берме,
Онсыз да қайғым жетерлік.
ЗЕЛИМА
Ерге шыққан көрге кірген емес қой,
Жер болатын несі бар?
ӘДІЛМА
Жап аузыңды,
Саған не қалып жатыр еді.
Асылзадам асқақ жаны
Азап шексе батушы ма еді шымбайына сендейдің,
Көрмейсің бе, ертең ерте ханшайым,
Шешеді ғой әлгі жігіт жұмбағын.
Жұрт алдына жетіп барып,
Айта салса қайдағыны,
Білесің бе не боларын?
Қарқылдаған қара тобыр күлкісі
Құлағымды жарып барад қазір-ақ!
ТУРАНБИКЕ (ызалы)
Әділма, сен біліп қой,
Таба алмасам аты-жөнін,
Қарналып өлем қанжарға.
ӘДІЛМА
Жоқ, ханшайым, айтпа ондайды,
Қайткенде де бір амалын табалық,
Бұл жұмбақты шешіп бармай болмайды.
ЗЕЛИМА
Ендеше, есті күңіңіз Әділма
Көбірек жаны ашитынын көрсетсін,
Жолды тапсын құтылар.
ТУРАНБИКЕ
Ақылыңды айт, Әділма,
Қайдан келген, аты-жөні кім?
Соның бәрін білмей тұрып
Жұмбаққа не жауап табам?
ӘДІЛМА
Бар демеп пе еді Пекинде сол
Аты-жөнімді білетін адам.
Асты-үстіне шығарсақ та қаланы,
Қақсақтағы қазынаның қамбасын
Сол адамды табалық.
ТУРАНБИКЕ
Бар қазына садаға,
Табылса екен сол адам!
ЗЕЛИМА
Содан қандай пайда бар,
Таба қалған күнде де,
Ханшайымның өзі емес
Біреу айтып бергені
Әшкере боп жүрмей ме?
ӘДІЛМА
Бәлкім бұны жеткізіп жүрер Зелима?
ЗЕЛИМА (ашулы):
Жетер осы жерлегенің!
Ханшайым, босына ақша шашпаңыз,
Ханзадамен бітісіп, бас қосысар деп едім,
Олай болар түрі жоқ.
Күң болған соң күңдігімді ұмытпайын,
Жаңа осында менің анам Скирина
Шешілді деп бар жұмбақ
Құттықтағалы келген-ді.
Сол айтады – ханзада
Ат басын сонда тірепті.
Өгей әкем Хасан да танитын боп шығыпты,
Аты-жөнін айтпапты бірақ анама,
Оған айттым жай-жапсарын сұра деп,
Қолдан келсе, аянбасқа серт қылды,
Менің адалдығыма күмән қашса көңіліңізде
Күдіктене беріңіз.
(Ренжіп кетіп қалады).
ТУРАНБИКЕ
Зелима, кел сүйейін бетіңнен!
Тоқта! Қайда барасың?
ӘДІЛМА
Бір амалды тапты-ау осы Зелима,
Бірақ, оның әлгі өгей әкесі
Ертең ерте не боларын естісе,
Өз еркімен айтар ма екен бұ жайды.
Бұндайда енді бір айла,
Ойламаса болмайды.
Мына жерден кетейікші тезірек,
Біреу естіп қап жүрер
Айтатын бір ақылым бар өзіңізге.
ТУРАНБИКЕ
Жүр, жүр досым. Әйтеуір әлгі қаңғыбас
Жеңбес үшін бәріне де әзірмін.
(Кетеді).
ӘДІЛМА
Ал, Махаббат, құтқар мына күңдіктен,
Жер тарпыған жексұрын қыз Турандот
Еркіндікке енді өзі жеткізсін.
(Кетеді).
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Сарай маңы. Калаф. Барақ.
КАЛАФ
Пекиннің күллі халқынан
Мені білер бір өзің.
Және біздің еліміз
Жер түбінде емес пе?
Құлағалы біз тақтан
Сегіз жылдан асыпты.
Өлді деп жүр бұл аймақ.
Бағың кетсе басыңнан
Даңқың да ұзаққа бармайтын.
БАРАҚ
Кешіріңіз, алдияр!
Бірақ, бүгін қате істепсіз,
Ел құлағы елу деген.
Оның үстіне қара ниет қаһар төксе,
Қолынан келмес пәле бар ма ханзадам?
Тап болса пәле басыңа,
Құлақ бітер мынау қара тасқа да.
Ажалға тігіп басыңызды
Алтын тақ пен ару қызға
Қолыңыз енді жеткенде,
Абайсыз айтқан бір ауыз сөзден
Қапы кетіп жүрмеңіз.
КАЛАФ
Көрмедің ғой Диуанды сен
Өзегімді өртеген
Шын ғашығым Турандоттың
Қалай-қалай тулағанын!
БАРАҚ
Жеңбеген қыздың қамын жеп
Қабырғаңыз қайысқанша
Жер түбінде кемтар боп
Жатқан байғұс ата-ананы
Ойламадыңыз ба, ханзадам?
КАЛАФ
Жер-жебіріме жете бермей
Түсінсеңші сен де бір.
Жұмсарсын дедім жолбарыс қыз.
Бәлкім менің кісілігім тас жүректі жібітер,
Тәубаға келер тентек сұлу.
БАРАҚ
Өйтетұғын Турандот па?
Дәметпестен дәметіпсіз.
КАЛАФ
Не де болса мендік енді Ал,
Кәнекей, аты-жөнім
Ауызыңнан шықпады ма,
Білмейді ме әйелің?
БАРАҚ
Алдиярым, аузым берік
Айтқаныңызды екі еттім бе?
Бірақ, осы не екенін білмеймін.
Әлденеден секем ала беремін.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Сол екеуі, Панталоне, Тарталья, Бригелла, сарбаздар,
ПАНТАЛОНЕ
Шарқ ұрып жер көкті іздеп жүрсек мұнда тұр ғой!
ТАРТАЛЬЯ
(Колафқа)
Асылзадам, мынауың кім?
ПАНТАЛОНЕ
Зымқайым жоғалып ап, кіммен сөйлесіп тұрсыз?
БАРАҚ
(жалтарып кетіп).
Болар ма екен бір пәле?
КАЛАФ
Танымаймын. Ойда жоқта кез болдық.
Бұл қаланың тәрі қалай
Соны сұрап едім.
ТАРТАЛЬЯ
Кешірерсіз, жас жігіт, тым көңілшек екенсіз.
Оныңызды Диуанда да байқап ем.
Опық жеп қап жүрмеңіз.
ПАНТАЛОНЕ
Жарайды! Өткен іс өтті. Алдияр тақсыр, тұңшыққа тіреліп тұрғаныңызды білесіз бе? Абайлаңыз, құрдымға құлап кетерсіз. (Бараққа). Ал, мұртты мырза, бұл ара сізге қол емес. Жөніңізді табыңыз! Алдияр, арнаулы сарай әзірленді, соған марқаба етіңіз. Бригелла, екі мың сарбазға ойда жоқта оқыс іс шыға қалса, сақадай сай тұруға жарлық етілді. Ал сіз пажыңызбен ханзаданың қақпасын күзетесіз. Ешкім кіріп кетпесін. Көз жазып қалып жүрмеңіз. Бұл патша ағзамның әскері. Ханзада, Патша ағзамның сізге қаны қатып қалыпты, арандап қала ма деп зәресі жоқ. Егер ертең күйеу бала бола алмай қалсаңыз, байғұс шалдың мүрдем кетер түрі бар. Бүгінгі істегеніңіз шынында да балалық. (Калафқа сыбырлап) Құдай үшін, аты-жөніңіз тісіңізден шықпасын. Ал егерде алдияр тақсырдың құлағына сыбырлай салсаңыз, төбесі көкке жетіп қалар еді.
КАЛАФ
Патша ағзамға осылай да қызмет ете ме екен?
ПАНТАЛОНЕ
Табылған сөз! Ал, Бригелла мырза, ендігі шаруа сізде.
БРИГЕЛЛА
Осы көкмылжыңдығыңызды қоймайсыз ба?
Мен өз ісімді өзім білем
ТАРТАЛЬЯ
Бригелла мырза, абай болыңыз, әйтпесе бұндайда бастан айырылу онша қиын емес.
БРИГЕЛЛА
Жерге тастайын деп жүрген басым жоқ, оны сіз айтпасаңыз да білемін.
ТАРТАЛЬЯ
Атыңызды білгенше жарылып кетер түрім бар. Айта қойсаңыз да, аузымнан шықпас еді.
КАЛАФ
Бекер ынтығасыз. Ертең естірсіз.
ТАРТАЛЬЯ
Жақсы айттыңыз, алдияр.
ПАНТАЛОНЕ
Алдияр тақсыр, қызметіңізге құлдық. (Бараққа) Ал, сіз мұртты мырза, сарайда бостан-бос сандалғанша, көшеге шығып сейілдесеңіз еді. Шаруаңыздан қалмаңыз.
(Кетеді).
ТАРТАЛЬЯ
Әрине. Жылпос неме білем, пішімі ұнамайды. (кетеді)
БРИГЕЛЛА
Ал, енді борышты қызметіме кірісуге марқаба етіңіз.
Сізді өзіңіз үшін әзірленген сарайға бастап барайын.
КАЛАФ
Бастаңыз, мен әзірмін.
(Бараққа).
Ал досым, сау тұрыңыз,
Көріскенше күн жақсы болсын.
БАРАҚ
Қызметіңізге құлдық.
БРИГЕЛЛА
Ызылып-сызылып жатар жер емес. Жүрелік енді.
(Нөкерге Калафты алып жүруге әмір етіп кетіп қалды).
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Барақ пен Темір. Темір-әбден тауқымет тартқан қайыршы ұсқынында
БАРАҚ
(Нөкермен кетіп бара жатқан Калафқа):
Жасаған ием жар болсын, ханзада
Тісімнен шықса, көмейіме құм құйылсын.
ТЕМІР
(нөкер арасында кетіп бара жатқанын ұят көріп):
Мынау кім? Менің балам ба?
Соңындағы күзет пе?
А, Хорезмнің сұмпайы сұлтаны
Сенің құрығың жеткен екен мұнда да,
Одан қалып көрген тірлік құрысын,
Бірге өлемін жалғызыммен!
(соңынан айқай салып жүгірмек болады)
Калаф! Калаф!
БАРАҚ
(семсерін суырып, Темірді ұстай алады):
Үніңді өшір, кәрі албасты,
Әйтпесе, шыбын жаныңды
Шырқыратып, жөнелтемін жаһанамға.
Кімсің өзің? Ана кеткен жас жігіттің
Біліп жүрсің атын қайдан?
ТЕМІР (оны танып):
Тәңірім-ау, Барақсың ба?
Пекинде сен де бар ма едің?
Семсеріңді жалаңдатып
Жағасынан ұстадың ба,
Бағы қайтқан ханыңның?
БАРАҚ (таңданып):
Сіз, сіз Темір емессіз бе?
ТЕМІР
Иә, мен Темірмін! Қу сатқын құл
Шап ендеше. Жалғыз балаң
Хорезмнің құрығынан құтыла алмай,
Қыл шылбырға басын ілсе,
Күні кеше есіктегі
Құлың саған қол көтерсе,
Өйтіп сүрген өмір құрсын.
Шап, кәне!
(Жылайды).
БАРАҚ
Көзіме не көрініп тұр?
Әміршім бе, япырау!
Сол, сол ғой.
(тізерлейді)
О, Алдияр, кешіріңіз,
Қапияда қару көрсетсем
О да сізді сүйгендіктен.
Ұлыңыз тірі қалсын десеңіз,
Темір, Калаф – екі сөз
Аузыңыздан шықпасын.
Мен де мұнда Барақ емен,
Қайдағы бір Хасанмын.
(орнынан тұрып айналасына абыржи көз салады)
Ешкім естіп қалмады ма?
О Алдияр... Әлмаза ханым
Қайда қазір?
О кісі де Пекинде ме?
ТЕМІР
(жылаған қалпы):
О сорлыны айтпа, Барақ
Бархистағы қайыршылар үйінде
Бейнет әбден титықтатып,
Тағдырына жатып ұсынған қалпында,
Жалғыздың атын оншақты рет айтты да,
Алтын басын асылзадам
Қалтыраған мынау қолға сүйеді.
Мені уатпақ болып еді,
Тілдесерге демі жетпей,
Көзін жұмды мәңгіге
БАРАҚ (егіліп):
Бақытсыз падишам!
ТЕМІР
Сол қасіретке тап болған соң,
Я ұлым, я ажалым жолығар деп,
Осы жаққа жол тарттым,
Кірмей жатып Пекинге
Жалғызымды өңшең бір
Көк сүңгінің ортасынан көрдім ғой.
БАРАҚ
Тезірек кетелік бұл арадан,
Ханзада үшін қам жемеңіз.
Бәлкім мынау атар таң,
Бағы шығар ашылар.
Әйтеуір, әлгі екі сөз
Аузыңыздан шықпасын,
Барақ демей мені де,
Айтарсыңыз Хасан деп.
ТЕМІР
Бұл не қылған құпия?
БАРАҚ
Осы арадан кетелік тез,
Сосын бәрін айтайын.
Тездетіңіз, алдияр.
(айналасына қарайды)
Мынау Скирина ма?
Турандоттың сарайынан шықты-ау, шамасы,
Пәле болды тағы да!
Әй, сен қайдан жүрсің бұл уақта?
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Темір, Барақ және Скирина.
СКИРИНА
Әлгі біздің жолаушымыз
Бар жұмбағын шешкеннен соң
Не күйде екен жолбарыс қыз
Соны да бір білейін деп,
Сарайына барып ем,
Зелимамен сөйлесіп
Желпінісіп қалғанымыз.
БАРАҚ (ашуланып)
Шықылықтаған сауысқан қатын
Хан сарайға бармас бұрын шошаңдап,
Істің жайын білмедің бе алдымен.
Осыныңды біліп ем –
Еркек иттің ақылы
Ауызынан шыққанша,
Сумаңдаған қатын ит
Суға алдырар дүниені.
Онда барып не дедің?
«Зелимажан, бұл ханзада
Бізге түсті, таниды екен күйеуім»,–
Деп соқтың ғой, рас па?
СКИРИНА (ренжіп):
Ал айтқанда келер не пәле бар?
БАРАҚ
Жоқ, мойныңа ал, айттың ба, айтпадың ба?
СКИРИНА
Айттым. Ол атын біл деді.
Мен уәде бердім.
Онда не тұр.
БАРАҚ (кіжініп):
О есуас! Шын пәлеге енді жолықтық,
Құрыдық. Қашалық тез.
ТЕМІР
Бұ қалай, түк түсінсем бұйырмасын.
БАРАҚ (абыржып)
Қашайық мынау қамалдан,
Қаладан тез кетелік.
(Қалтарыс жаққа қарайды)
Маған қашу енді кеш...
Туранбике, әне, азбан құлдары
Осылай салып келеді.
(Скиринаға).
О, күнәкар қу қатын,
Құрттың ғой ақыры.
Мен қаша алмаймын
Бол, сен жоғал,
Жасыр мынау бейбақты.
ТЕМІР
Жөндеп айтшы...
БАРАҚ (Темірге сыбырлап)
Жақ ашушы болмаңыз. (Скиринаға, асығып-үсігіп)
Ал, бәйбіше, Әлгі істеген пәленің
Қайтсын десең қарымы,
Тығыл, түспе көздеріне,
Бірақ, үйге барып жүрме,
Басқа жаққа жөнел тез,
Мынау бейшара шалды да Жасырарсың жаныңа.
СКИРИНА
Күйеуім-ау...
ТЕМІР
Бәріміз де бірге қашсақ қайтеді
БАРАҚ
Болмайды оған
Мені бұлар біліп қойды.
Мен қаламын. Кетіңдер тез!
(Қалтарыстық артына қарайды).
Кетіңдер тез тұрып алмай!
ТЕМІР
Неге бұлай апыр-ау...
БАРАҚ (абыржып):
Құдай-ау, бұл не тауқымет!
(Қалтарыс бұрыла қарайды)
СКИРИНА
Сонда менің кінәм не?
БАРАҚ
О, бейбақ басым-ай!
(Оларды итереді).
Кетіңдер тез! Атыңызды айтып жүрмеңіз!
(Қалтарыс бұрышқа үңіліп)
Есіл уақыт, есіл сөз
Босқа кетті бәрі де
Миғұла қатын, бейбақ шал,
Ұғынатын түрің жоқ,
Бірге қаштық ендеше!
(Қашуға оңтайланады).
Енді бәрі еш болды.
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Әлгілердің үстіне Труффальдино мен қару асынған азбан құлдар келеді. Труффальдино көкірегіне қару тіреп Барақты тоқтатады. Қамауға алуға әмір етеді.
БАРАҚ
Хасанды іздеп жүр ме едіңдер?
Ендеше, Хасан мен болам.
Труффальдино әңгірлемеңіз деп өтінеді. Үлкен сый көрсеткелі келдім дейді.
БАРАҚ
Ханшайымның сарайына
Апарсаңдар, кеттік онда.
Труффальдино Барақтың басына қандай бақ орнағалы тұрғанын айта жөнеледі. Ханшайымның сарайына адам түгіл ұшқан шыбын кіріп кетсе, ұрғашы ма, еркек пе, алдымен сол тексеріледі, еркек болса инеге шаншып өлтіреді т.с.с. Мынау шал кім деп сұрайды.
БАРАҚ
Қаңғырып жүрген қайыршы шығар,
Кетпейміз бе, неғып тұрмыз?
Труффальдино ендеше бұл шалдың да бағы ашылсын дейді т.с.с. Мынау әйел кім деп сұрайды.
БАРАҚ
Ханшайым әкел десе мені әкел деді,
Байғұс шалдың зәресін ап қайтесіз,
Ал, мынау әйелді көріп тұрғаным осы.
Труффалъдино ашуланып: Барақты: суайтсың – деп сөгеді. "Бұл сенің әйелің, Зелиманың шешесі екенін білем, – дейді. Ханшайымның сарайында көріпті. Азбан құлдарға мына үшеуін қамауға алып, ымырт қараңғыны пайдаланып, сарайға жеткізуге әмір етеді.
ТЕМІР
Айтшы, маған не істемек
СКИРИНА
Не боп қалды, айтсаңшы?
БАРАҚ
Маған нені істесе, саған да соны істейді, бейбақ,
Мен шыдаймын, сен де шыда.
Бағанағы айтқанымды ұмытпа,
Маубас қатын, жетістірдің енді сен?
СКИРИНА
Естен танар түрім бар,
Түк түсінсем бұйырмасын.
Труффальдино қаһарлы, қамауға алуға әмір етті. Бәрі кетеді.
ШЫМЫЛДЫҚ.
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Түн. Бағаналар самсаған атриум. Үстінде аңша толы табағы бар стол.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Туранбике, Барақ, Темір, Скирина, Зелима, азбан құлдар. Азбан құлдар Барақпен Темірді белуарына дейін жалаңаштап, көйлекшең күйлері екеуін екі бағанға таңып тастаған. Бір жақта жылап отырған Зелима мен Скирина, екінші жақта терісіне симай тепсініп тұрған Туранбике.
ТУРАНБИКЕ
Тағы айтамын. Ақша анау тау боп жатқан
Алыңдар да айтыңдар. –
Бейтаныс жүрген ханзаданың
Атасы кім, аты кім?
Айтпасаңдар, менің мынау әпербақан
құлдарым Жондарыңнан таспа тіліп алады.
Әй, құлдарым, әзірсіңдер ме?
Азбан құлдар ханшайымға тағзым етеді де, қолдарына таяқ алады.
БАРАҚ
Скирина, не бүлдіргеніңді
Енді міне көрдің бе?
(Зорға).
Аранын ашқан Туранбике,
Мені де жұт ендеше,
Қорқатын мен жоқ дарыңнан!
Шұнақ құлдар, қапы қалмаң сендер де!
Ханзаданың атасы кім, аты кім –
Бес саусақтай білемін.
Тозағыңа лақтырсаң да,
Шығар ма екен тісімнен.
Қолдың кірі сияқты
Бүгін бар да, ертең жоқ,
Баянсыз харам байлығыңа азбаймын.
Жылама бекер, бәйбіше,
Жарылқай алса көз жасың,
Жарылқа анау бейшара шалды,
Бар жазығы жазғанның
Менің досым болғаны
СКИРИНА
(Жалынып-жалпайып):
Жалынамын...
ТЕМІР
Азаптан тек ажал ғана құтқаратын бейбаққа
Керегі не көмектің.
Сен аман қал...
Әй, зәл-зәлаһи батшағар!
БАРАҚ (Ышқынып):
Тәңірі жарылқасын!
Жақ ашпаңыз,
Сіз айтсаңыз, сорлы ханзада құрыды.
ТУРАНБИКЕ
Сөйтіп, сен шал, білесің бе оларды?
ТЕМІР
Мен бе, зұлым қыз, білмейтұғын?
(Баракқа).
Айтып қойсам, досым-ау,
Не болады – айтсаңшы.
БАРАҚ
Мерт болады ханзада,
Қыл шылбырда қылғынамыз бәріміз.
ТУРАНБИКЕ
Айта беріңіз, ақсақал,
Қорқытып тұр бұл сені.
Әй, құлдарым,
Сөзіне мәрт батырды
Ал астына таяқтың.
Азбан құлдар Барақты ұруға оңтайлана бастайды.
СКИРИНА
Не жазып еді, жасаған,
Байғұс менің күйеуім,
Тоқтатыңдар!
ТЕМІР
Қара басқыр қақпас басым,
Қайда ғана хан болдым.
Не боп кетті дүние?
Әй, ханшайым,
Тірі қалса мынау адам,
Тірі қалса ханзада
Білмегіңді айтайын,
Ант бер бірақ,
Тұрамын деп сөзінде!
Не көрмеген бейбақ басым,
Қорқарым жоқ өлімнен,
Жалғыз маған төк кәріңді, кәнеки!
ТУРАНБИКЕ
Ханзада да, екеуіңіз де
Аман-есен қаласыздар.
Бұл сөзім сөз.
Алтын тәжді басыммен
Ант етемін Конфуцийдің алдында.
(Екі қолын маңдайына апарады)
БАРАҚ
(жан ұшыра айқайлап)
О, суайт қыз! Тоқта, ақсақал!
Көлгірсіген бұл кәззаптың Көмейінде у тұр ғой.
Антқа жомарт, Туранбике
Аты-жөнін естісем
Ханзадаға бейтаныс
Ханым болам деп ант бер.
Әділі де осы ғой.
Талақ етсең осыдан
Асылзада боздағым
Іш құса боп өледі.
Антыңды қыл тағы да
Айтқаннан соң екеуінің есімін, Қояды деп ел біліп
Қылмысымды бүгінгі,
Біздей екі бейбақты
Тықпаймын деп зынданға
Жүрегің тұрса осыған,
Мен айтайын өзім-ақ.
ТЕМІР
(Түсіне алмай)
Бұл не жұмбақ шытырман,
Тап мынандай тірліктен
Өлімінің өзі артық қой, жасаған!
ТУРАНБИКЕ (ызбарлы)
Сілем қатты, сөйлетем деп бұларды,
Құрт көздерін, құлдарым,
СКИРИНА
Сауға, ханшайым, сауға!
БАРАҚ
Ал, ақсақал, көрдің ғой,
Бұ бейбақтың қандай жауыз екенін!
ТЕМІР
Бағы ашылмаған байғұс балам,
Жолыңа басым садаға,
Шешең байғұс көз жұмып ед,
Ердім соның соңына.
(жылайды)
ТУРАНБИКЕ
Балам дейді Тоқта-тоқта?
Сонда, сен шал, патшасың ба?
Әлгі бейтаныс ханзаданың
Сен емес пе әкесі!?
ТЕМІР
Иә, тас жүрек, ханшайым,
Мен де патша болғанмын,
Мен бір бейбақ әкемін...
СКИРИНА
Не естіп тұрсың құлағым!
Дәл мұнандай қайыршы
Қайтып патша болады
ТУРАНБИКЕ
(абыржып, жүзін аударып әкетіп)
Мұнша қорлық көріпті-ау бұл!
Бейтаныс жігіт әкесі, бейшара, падиша!
О, тәңірім! Нанайын ба, нанбайын ба?
Жек көрем деп, жек көре алмай,
Сенделтіп қойған ханзада
Осы шалдан туған ба?
Нені айтып кеттім тағы да...
Абыройымды айрандай төгіп
Масқара еткен дүйім жұрттың алдында
Хас жауымның әкесі мына шал?
Асығу керек, таң да атып қап жүрер...
(даусын көтеріп)
Ал, ақсақал, айт бәрін
Айтпасаң күтіп тұрмаймын.
ТЕМІР
Енді не істедім, жасаған
БАРАҚ
Сәл шыдаңыз, Туранбике!
Алдыңызда азбан құл емес патша тұр,
Тақ мінген әулет төлісің,
Дөкір кетіп сүйегіңе дақ салма!
Азаптар болсаң мені азапта,
Падишаның қадірлеңіз ақ шашын.
Ештеңені біле алмайсыз бәрібір.
ТУРАНБИКЕ (ызалы)
Ақсақалды сыйлайын,
сенімен болсын ендігі іс,
Айтқалы тұрған адамның
Қақпақ болдың аузына.
Туранбикенің әмірімен азбан құлдар Бараққа ұмтылады.
СКИРИНА
Бағым ашылмаған мен бейбақ,
Менің сорлы күйеуім!..
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Әділма кіреді.
ӘДІЛМА
Тоқтаңыз сәл, ханшайым,
Естідім бәрін манадан,
Қасарысқан немелерді
Қаматыңыз хан сарайдың астына.
Алтаум патша осылай қарай келеді,
Ана ақша мен мына тұрған Скирина
Маған керек боп қалды.
Ханзада жатқан сарайдың
Күзетінің аузын алдым.
Кірейік те, сөйлесейік өзімен.
Айтқаныма құлақ асса ханзада,
Туранбикенің атақ-даңқы
Қала берер бәз-баяғы қалпыңда.
Скирина, күйеуіңді аясаң,
Ал, Зелима шешеңе жаның ашыса,
Екеуің де айтқанымды тыңдаңдар.
Ханзаданың аты-жөнін білсеңдер,
Қазынаға батасыңдар белшеден.
Асығалық кәнеки. Ал, ханшайым,
Көп ұзамай қуанып та қаларсыз.
ТУРАНБИКЕ
Сендім саған, жан досым,
Қанша алсаң да – қазынамды аяман.
Скирина мен Зелиманы ерте кет.
ӘДІЛМА
Кеттік кәне,
Атыңды анау алып жүрсін азбан құл.
(Жүзін бұрып әкетіп)
Аты-жөнін біліп алсам осыдан,
Жеңілген соң ханзаданы,
Өзім құшып, өзім көрем қызығын.
Сосын, бәлкім, қашуға да көндіріп,
Кетер едік басқа бір елдің шегіне.
Әділма, Зелима, Скирина және алтын салған табақ көтерген азбан құл шығып кетеді.
БАРАҚ
Ал, қызым, ал бәйбіше,
Сатпаңдар мені.
Қарғыс атқан немелерге
Сендер де еріп, жүрмеңдер.
Уа, падишам,
Күніңіз не болар екен ендігі?
ТУРАНБИКЕ
Ал, құлдарым, мына екеуін
Зынданға апарып, салыңдар?
ТЕМІР
Турандот қыз,
Істеріңді істе маған,
Баламды бірақ аяй көр.
БАРАҚ
Таптыңыз-ау, падишам,
Аяу күтер адамды.
Ханзаданы алдап соғып бұл залым,
Жасыру үшін қылмысын,
Шірітпек бізді зынданда.
Тобадан қорық қанішер,
Көп асқанға бір тосқан,
Саған да туар зобалаң!
Азбан құлдар Темір мен Барақты алып кетеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Туранбике жападан жалғыз.
ТУРАНБИКЕ
Не істемек соңда Әділма?
Дегеніме жеткізсе екен, әйтеуір,
Оңда осынау он сегіз мың ғаламда,
Туранбикеден даңқы асатын жан бар ма?
Ақылымды асырам дейтін ақымақ
Шыға қоймас бұдан соң.
Ертең ерте Диуанның алдыңда
Ханзаданы қуып шығып бір жола,
Ит терісін қаптаймын да басына.
(ойланып)
Бірақ, бұ да оңай емес мен үшін,
Абдырап бейбақ ханзада
Моншақ-моншақ жас төксе,
Қайтып шыдап тұрамын...
Әй, есуас, Туранбике,
Сен ойлайтын ой ма бұл?
Шиедей қып бетіңді
Шешкенде барлық жұмбақты
Абдырап па ед ол мана?
О, жасаған әлгілерге
Жар бола көр бір өзің!
Ертең анау асқақтаған немені
Қара бет қып қуғыза көр Диуаннан,
Құтқара көр неке деген пәледен,
Күң қып бізді көгендеуді көксейтін
Еркек деген есірімпаз жынысқа
Күлгізетін күнді туғыз миықтан!
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Туранбике, Алтаум, Панталоне, Тарталья, нөкер.
АЛТАУМ (жүзін бұрып әкетіп, өзімен-өзі)
Хорезмнің қанқұйлы сұлтаны
Өлтірген ғой өзін-өзі.
Темірдің ұлы Калаф деген ханзада
Келді дейді Пекинге
Бақ талайын сынауға.
О, құдіреті күшті құдай,
Амал бар ма ісіңе?
ПАНТАЛОНЕ (Тартальяға сыбырлап).
Алдияр тақсыр өзімен-өзі боп, қайдағы бір періні айтып, күбірлей береді осы, о несі?
ТАРТАЛЬЯ
Оған бір құпия жаушы келді ғой.
Сиқыр пері болса болар.
АЛТАУМ
Ал, қызым, таң сарғайып келеді,
Сарайды кезіп сандалып жүрсің сен болсаң,
Қанша басың қатқанменен
Шешілер ме екен сол жұмбақ
О жұмбақты ойланбай-ақ
Шешіп қойдым мына мен,
(хат көрсетеді)
Сен іздеген екі есім осы хаттың ішінде
Түр-түстері баяндалған бажайлап.
Алыстағы бір елден
Суыт жүрген жолаушы кеп жолықты;
Тілдестім де, көк сүңгілі нөкермен
Темір үйге қаматтым.
Ертең ымырт түскенше
Шықпайды ол сол үйден.
Не керемет жақсы хабар әкелді,
Жас ханзада төре тұқым боп шықты,
Бәрібір есіңе түспейді есімі.
Аты қашан шықпағалы олардың!
Қарашығым, ертең тағы
Боп жүрерсің масқара!
Қарқылдаған қара тобыр
Қақшаңдаған ханшайымды
Келеке қылмақ түгілі
Қанын ішсе көңілдері көншір ме?
Қайт райдан деп келді әкең.
Панталоне, Тарталья және нөкерлерге шығып кетуге әмір етеді. Бәрі де жерге етпеттеп жығылып, тағзым етіп шығып кетеді.
АЛТАУМ
Намысыңды жыртар едім...
ТУРАНБИКЕ
Намыс! Рахмет, әке!
Ештеңе айтпа о жайлы,
Көмек күтпен ешкімнен,
Күллі Диуан алдында
Өз намысымды өзім жыртам.
АЛТАУМ
Ерегесе берме, еркетайым.
Басыңды босқа қатырма,
Біле алмайсың бәрібір.
Күйзелгенің көрініп тұр көзіңнен.
Жаңғыз әкеңнен жасырма,
Айтшы, біле алдың ба аттарын?
ТУРАНБИКЕ
Біле алдым ба, біле алмадым ба –
Диуанда ертең естірсіз.
АЛТАУМ
Қасарыспа, Турандот,
Қайдан білейін деп едің,
Білсең, кәне, айта қой,
Мен әлгі байғұс балаға
Білінді барлық құпияң
Бұл елден енді кет дейін.
Ал халыққа ақырған
Ханшайым жеңді жігітті,
Масқаралап құртуға
Аяды деп жар шашам.
Сонда өзіңді тасбауыр деп
Зар илеген жұртыңның
Көңілі саған жібиді.
Әкең байғұс қалар еді бір жасап,
Тап осы жол қайтарма
Кәрі әкеңнің меселін.
ТУРАНБИКЕ
Білем атын...
Жоқ, біле алғам жоқ әлі мен,
Неге аяймын мен оны,
Аяп па еді ол мені.
Тауқыметті мен тартқан
О да тартсын Диуанда.
Аты-жөнін естісем,
Масқара етем ғұламалар алдында.
АЛТАУМ (Дегбірсіздене бастайды. Бірақ өзін өзі тежеп, сабырлы сөйлеуге тырысады)
Қызым-ау, сені қызартса
Өмір керек оған да,
Бостан-босқа дарға асылу оңай ма!?
Өліп-өшіп сүйеді екен өзіңді,
Туранбикем ашуыңды басып бір
Алды-артыңды ойланып көр оданда.
Бауырымнан жаралған соң
Қия алмаймын сені де.
Әуре болма білемін деп аты-жөнін,
Ол екі есім мынау хатта жазылған.
Мен айтайын, ертең ерте Диуанда
Айтып бер де, ханзаданы масқара ет
Жаңғыз басын пида етіп бір жолыңа
Жүргенінде ол байғұс,
Қайғырсын қара қан жұтып.
Бірақ саған бір тілек –
Сол азабын көрген соң
Жар болам деп қолың соз.
Осы арада бізден басқа бір жан жоқ.
Ант қыла алсаң осыған,
Осы қазір айтайын.
Екеумізден басқа ешкім
Естімейд те, білмейд те.
Дегеніңе жетесің,
Құдайдай көред ел сені.
Теңдесі жоқ тектіні жар етесің тағы да,
Бейнет асқан бейбақ кәрі әкесін
Қартайғанда қарқ қылып тастайсың.
ТУРАНБИКЕ
(Жүзін бұрып әкетіп, толқып)
Әке сөзі көкейіме қонады-ақ...
Басым қатты, не істеймін?
Немен тынар Әділманың айтқаны?
Ақылына еріп әкенің
Қор некеге көнем бе?
Одан асқан өлім бар ма?
Әкеге құлақ асқанда не қорлық тұр?
Бірақ, жаңа Әділма,
Белін бекем буды ғой...
Жолы болып біліп қайтса қайтемін?
Масқара боп қалмаймын ба сонда мен?
АЛТАУМ
Неге осынша дағдардың,
Тоқсан толқып толғанатын несі бар?
Ол жұмбақты шеше алмайсың бәрібір,
Онан-дағы әкеңді де тыңда бір.
Жоқ, не болса да Әділманы тосайын,
Әкемнің де сезіп қалдым көмейін.
Ханзаданы таниды, біліп алған атын да,
Соған мені қосақтамақ азғырып.
АЛТАУМ
Қабырғаңмен кеңес, қызым!
Өзің шеш. Ашуыңды бас.
Ақылды тыңда.
Жөнге көш.
ТУРАНБИКЕ (толқығанын басып)
Не де болса, нар тәуекел,
Ертең ерте Диуанда
Ғұламалар алдын көрем.
АЛТАУМ
Әке ырқына көнбеген де,
Масқараға бел будым де,
Өз бетіме өзім күлді шашам де.
ТУРАНБИКЕ
Болсын Диуан...
Көріп алам бәрін де.
АЛТАУМ (ашуланып)
Естіп ал, онда есер қыз,
Шеше алмай ол жұмбақты,
Боласың күлкі ел жұртқа
Диуаннан соң шіркеуде
Қара бет боп қара тобыр алдында
Қанжығаға өңгеріліп кетесің.
Саған бола титықтаған әкенің
Бірер сағат көншітпекке көңілін
Қолқа салдым, көнбедің.
Саған деген жүректе мұз жібімес,
Ал мен кеттім, есуас қыз!
(ашулы, кетіп қалады).
ТУРАНБИКЕ
Әділмажан әкем кетті өкпелеп,
Енді мынау қияметтен
Құтқаратын жалғыз өзің
Сенде қалды бар үміт.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Сахна бірнеше есігі бар кең сарайға айналады. Ортада Калаф тынықсын деп қойған шығыс сәкісі. Қараңғы Қолдарына шырақ ұстаған Калаф пен Бригелла.
БРИГЕЛЛА
Алдияр тақсыр, таң болса ағарып қалды. Сіз сарайды дәл үш жүз он алты рет кезіп шықтыңыз. Шынымды айтсам, сілемді қатырдыңыз. Енді сәл тыныққыңыз келсе, төсек міне.
КАЛАФ (шаршаған)
Оның рас, уәзір,
Ойым он сан бөлініп,
Ұйықтай алар түрім жоқ,
Қалдырыңыз оңаша.
БРИГЕЛЛА
Мархабатты алдияр, істеген жақсылығыңыз болсын, ешқандай түс, елес көріне қалса, аузыңызға абай боларсыз.
КАЛАФ
Қайдағы түс, қайдағы елес?
Бұл немене тағы да?
БРИГЕЛЛА
О, жаратқан! Бізге сіз жатқан бөлмеге өліп бара жатсаңдар да ешкімді жібермеңдер деген әмір бар. Бірақ... біз басымызда билігіміз жоқ адамбыз. Патшаның аты патша. Патша қызы ханшайымның мінезінен өзіңіз де хабардарсыз... біз бір баста билігі жоқ жазғандар. Жауын-жауының арасынан болмай өту оңай ма? Төс пен балға ортасында төмпеш көрген тірлік қой... Сіңірі шыққан жарлымыз өңшең, қандай күйге тап боламыз деп қалтаға еріп кетер кездеріміз де болады.. Әй, біздің де күніміз күн емес.
КАЛАФ (таңырқап)
Айтшы пақыр... Соңда менің
Басымда әлі қатер бар ма?
БРИГЕЛЛА
Олай дей алмаймын. Бірақ сіздің кім екеніңізді білгісі келетін әртүрлі әуесқой адамдар тым көп. Есіктің кілт салатын саңылауынан сып беретін перілер мен періштелер де табылар. Қысқасы, сақ болғайсыз, сақтанғайсыз. Түсінікті ғой? Біздің де басымызда ерік жоқ.
КАЛАФ
Уайім жеме жүре бер,
Сақ болармын аузыма.
БРИГЕЛЛА
Жақсы, ендеше. Құдай үшін мен осылай деді деп ешкімге айта көрмеңіз. Мына қылша мойнымның бар тағдыры бір өзіңізге аманат. Кім біледі алтын толы әмияннан бас тартатын адамдар да бар шығар. Бұ да бір қытықтаған сияқты нәрсе ғой. Біреу қытықшыл, біреу қылп етпейді. (Кетеді).
КАЛАФ
Көңілімді кетті-ау әлгі күпті ғып,
Кім бар мұнда кіре алатын.
Бір пері емес, барлық сайтан
Жабылса да, жақ ашатын мен бар ма:
Туранбике түссе ойыма,
Сыймай кетем жер-көкке.
Не де болса, атып қалды мына таң?
Көз шырымын алмай болмас аз ғана.
(Сәкіге барып жатады).
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Калаф және қытай әскерінше киінген Скирина.
СКИРИНА
Ұлым...
(жан-жағына қарап)
Мырзам... (сәл тоқтап).
Дүрсілдеп барады жүрегім...
КАЛАФ
Бұл қайсың, Неге келдің?
СКИРИНА
Мен Хасан байғұстың әйелі Скирина едім
Қытай сарбазы боп зорға кірдім бұл үйге.
Әңгімем көп айтатын.
Зәрем кетіп барады,
Жылап жібермесем не қылсын.
КАЛАФ
Не айтпақ ең?
СКИРИНА
Біледі екен сізді деп,
Туранбикеге жеткізсе керек әлдекім
Күйеуім байғұс қашып кетті бір жаққа.
Қаһар қылды ханшайым
Хан сарайға келмекке,
Атыңызды айтып бермекке.
Тауып алмақ түгілі
Шыжғырса да тозаққа
Өлсем өлем өзіммен
Бірақ сізді айтпа деп
Ант қылды Хасан кетерде.
КАЛАФ
Жазған құлым-ай!
О, зұлым Туранбике!
СКИРИНА
Тағы бір айтар әңгіме:
Әкеңіз келді осында.
Анаңыздан айырылып,
Тұл қалыпты бүгінде.
КАЛАФ
Не дейді мынау? О, тоба!
СКИРИНА
Хасанға түсіп зобалаң,
Сіздің мұнда қарақұрым күзетпен
Жатқаныңызды естіп апты ол кісі,
Тап болды деп не күнге,
Еңіреумен естен танар түрі бар.
Хан сарайға мен де барам,
Қарашы кіммен бірге өлем деп Арпалысты қаншама?
Балаңыз жазып, қол қойған
Хат әкеліп берем деп
Әрең бастым әкеңізді.
Алаң болма, аманмын деп,
Қағаз жазып бермесеңіз,
Тыншығатын түрі жоқ.
Осы үйге өту үшін де
Қорлығым жоқ көрмеген.
КАЛАФ
Әкем келді, Пекинге,
Анам байғұс көз жұмды бұл дүниеден,
Дедің бе осы, Скирина?
Шының ба бұл?
СКИРИНА
Өтірік айтсам,
Өрем қабайын осы жерде.
КАЛАФ
Бейбақ анам, Бейшара әкем. (жылайды).
СКИРИНА
Асығыңыз, ханзада,
Сіз бір ауыз сөз жазғанша
Қайдағы пәле қайдан тап болады деп,
Құтым қашып барады.
Табылмас деп қағаз, қалам,
Алып, келгем мінеки.
(Калафқа ұсынады)
О байғұс шал баласынан
Хат алып, көңілін баспаса,
Хан сарайға жар салып,
Масқара қылар түрі бар.
КАЛАФ
Әкел тезірек қағазыңды,
(Жаза түсіп ойланып қалады).
Не істемекпін, дұрыс па есім?
(Сәл ойланып, қағазды лақтырып жібереді).
Скирина, жүгір, бар,
Әкем қазір Алтаумға жолығып,
Бәрін айтып, тарқатсын де мүдәсін.
СКИРИНА (абыржып).
Не дейді?
Бір ауыз сөз жазбайсыз ба одан да?
КАЛАФ
Ағарып қалды атар таң,
Диуанның алдын көргенше,
Аты жөнім шыға қоймас аузымнан
Хасанға жар бола тұра,
Мені бүйтіп мерт қылуға
Қайтып дәтің шыдайды?
СКИРИНА (онан сайын абыржып).
Қайдағыны айтасыз-ау, ханзада,
Тағы не пәле бұныңыз?
(жалтарып кетіп).
Әділманың желге ұша ма бар ойы?
(Дауысын көтеріп)
Жарайды. Әкеңізге айтайын
Бірақ, осынша қорлық көріп сіз үшін
Қияметтің қыл көпірін қырық өтіп,
Алдыңызға келгенде
Бұлай деп ойламап ем?
(Жүзін бұрып әкетіп).
Әділманың айласы
Алпыс түйеге жүк еді,
Асты-ау мынау одан да.
(Кетеді).
КАЛАФ
Әлгі қызметшінің айтып қойғаны
Мұндай абырой болар ма.
Жаңа осында Скирина
Әкең Пекинде, анаң өлді деп,
Ант-су ішті-ау, рас па екен.
Қайда барсаң қорқыттың көрі
Қазулы тұр алдыңда.
(Екінші есікке қарайды)
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Калаф, Зелима.
ЗЕЛИМА
Ханзада, –
Туранбике мені жіберген,
Ханшайымның өзі жүрер жолменен
Зорға жеттім осында,
Өзіңізге, бір жақсылық айтқалы.
ҚАЛАФ
Қалай сенем бұныңа?
Ханшайымның қара тастай жүрегі
Қайтып бұлай жібіп жүр.
ЗЕЛИМА
Оныңыз рас, алдияр.
Тасбауыр ханша жүрегін
Балқытқан бір өзіңіз.
Сенбейсіз бұған, әрине.
Рас, рахымсыз ханшайым,
Жек көрем деп жер тепкілеп бағуда.
Бірақ, сізге ғашық болып қалғаны
Көзі бардың көрініп тұр бәріне,
Бұл сөзімде болса өтірік зәредей,
Осы тұрған жерімде
Жерге сіңіп кетейін.
КАЛАФ
Болса болар,
Мынауыңыз жақсы хабар.
Аржағын да айт, кідірме.
ЗЕЛИМА
Ханшайым асқақ емес пе,
Апшыны қуырған асаулығы да сондықтан.
Манағы серттен шыға алмасын біліп жүр.
Ертең тағы Диуанда
Жер болса егер осыдан
Өліп кетер түрі бар.
Тынығайын азырақ.
(Сәкіге отырады)
Басым да әбден дал болды,
Ұйқы да енді құтыла алмас қашқанмен.
(Ұйықтап кетеді)
СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Калаф ұйқыда. Труффальдино.
Труффальдино аяғының ұшымен басып кіріп, мына бейбақ ұйықтап қапты, бұ да құдайдың бергені де, енді, әмиян алтын қалтаға өзі түсіп тұр дейді. Бір динарға белгісіз бір сиқыршыдан бір тылсым тамыр алыпты; ұйықтап жатқан кісінің жастығының астына тастаса сол бойда сөйлеп қоя береді екен, не сұрасаң да айтатын көрінеді т.с.с. Ұрлана басып Калафтың қасына барып жастығының астына қолындағы тамырды тығады, сосын кері шегініп, анадай жерге барып, әртүрлі күлкілі қылық көрсетіп тұрады.
Калаф сөйлеудің орнына, қол-аяғын қимылдатады. Труфалъдино оны әлгі шөпшің әсері деп біледі. Әр қимылы, мағынасы бар шығар дап ойлап, Калафтың әр қимылын әріпке жорып, сол әріптерден қызық бір сөз құрастыр енді дегеніме жеттім-ау деп мәз-мәйрам шығып кетеді.
ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС
Калаф әлі ұйқыда. Бетіне перде жапқан, қолына ши ұстаған Әділма кіреді.
ӘДІЛМА (өзімен-өзі)
Құртып болды-ау амалымды,
Біле алмасам да аты-жөнін,
Бұл сарайдан қашырудың
Қамын істеп көрейін.
Өзім құшам қалайда
О, махаббат, падишасы ақылдың,
О, құштарлық оянатын бейуақ,
Не кедергі кездессе де,
Жар боп жүрген жазмышым
Ең ақырғы басым тіккен
Осы сыннан сүріндірме!
Уа, жайсаң махаббат,
Шарапатыңды маған да қи,
Құтқара көр құлдықтан мынау!
(Калафтың бетіне жарық түсіріп, қарап тұрады)
Жан асылым жатыр ұйықтап,
Жүрек шіркін сен де тынық, дүрлікпей
Айналдым-ау кірпігіңнен.
Қайтып ашам көзіңді!
Уақыт зырлап барады,
Асықпасқа шара жоқ.
(Шырағын қойып, даусын шығара тіл қашады)
Бейтаныс жігіт, басыңды көтер!
КАЛАФ
Бұл кім тағы?
Не іздеп келдің?
О, сабазым, маза берші аз ғана!
ӘДІЛМА
Ашуланба, асылзадам?
Сескенердей немене бар сонша бір?
Мен бір жүрген бейбақ әйел,
Есіміңді сұрап мазаламан ел құсап,
Шаруам жоқ кім екеніңде.
Өзім кіммін, білесің-бе?
Құлағың сал, ханзада.
КАЛАФ
Неге жүрсің бейуақта,
Мені алдау оңай емес,
Асыл бикеш, ұмытпа оны.
ӘДІЛМА (елжіреп)
Ханзада мұнша қатыгез болар ма,
Мен бе сені алдайтұғын?
Скирина мұнда келген шығар,
Сұрады ма хат бер деп?
КАЛАФ
Иә.
ӘДІЛМА
Сен, әрине, берген жоқсың.
КАЛАФ
Иә. Ондай есуас мен емес.
ӘДІЛМА
Жарылқаған екен жасаған
Сұмырай күң келді ме анау,
Атыңды айт деп сұрады ма?
КАЛАФ
О да келді.
О да кетті
Құр қол қайтты екеуі де.
Сен де солай қайтасың.
ӘДІЛМА
Секемшіл-ақ екенсің,
Тағар айыбыңды артынан тақ,
Сөзді тыңда әуелі.
(Сәкіге отырады)
КАЛАФ
(қасына отырып)
Жарайды, тілегіңді айт
ӘДІЛМА
Киіміме қара да,
Кім екенімді айтып бер.
КАЛАФ (оған қарап)
Сөзің, жөнің тегің тектен емессің,
Ал киіміңе келгенде
Төмен етек күңсің бір.
Шама шығар шамам сірә
Мана Диуанда көргенмін,
Мүсіркегем сыртыңнан.
ӘДІЛМА
Бұдан бес жыл бұрынырақ
Есігімде жүргеніңде
Мен мүсіркеуші ем мына сені.
Бүгін мана Диуанда көргенде
Опық жедім, сол кез түсіп ойыма.
Сол уақта-ақ менің бейбақ жүрегім
Сезіп еді-ау сенің асыл сүйегіңді.
Қолымда қайрат бар кезде
Тигізіп ем шапағат.
Патша тұқым жас қызға
Не керегін сол кезде
Сездіріп ем көзіммен.
(Пердесін сыпырып тастайды)
Ал, қара, кәне? Мен кіммін?
Таныдың ба, жоқ па?
КАЛАФ (таңырқап)
О тәңірім! Әділма ма?
Жұрттың бәрі өлді деп жүрген
Хорасанның ханшайымы Әділма?
ӘДІЛМА
Иә. Сол алтын тажды, алтын басты Әділма,
Бұғау киіп, күң болып
Отыр міне алдыңда
(жылайды)
КАЛАФ
Бүкіл ел боп жылау айтып,
Жоқтап жүрген Кейқуаттың сол қызы
Кісендеулі күң боп маған жолықты.
ӘДІЛМА
Тап солай!
Тында ендеше,
Бастан қалай бақ тайғанын айтайын,
Менің сорлы ағайым
Тасбауыр ханша Туранбикеге
Есі кетіп ғашық болып
Түсті Диуан алқасына.
(жылайды)
Қалаға кірер қақпада
Оның да басы шаншулы,
Солай мерт болды сорлы ағам!
Бұ қасіретке қайтып қана шыдайын.
(еңкілдеп жылайды)
КАЛАФ
Естігенмен сенбеп едім,
Бүгін енді көзім жетті, шын екен.
ӘДІЛМА
Хас батыр, әкем Кейқуат
Шыдамай мұндай қорлыққа
Шар болаттай шарт сынып,
Пекин патша жеріне
Тұтқиылдан бас салды.
Сайқал тағдыр жер соқтырды қапыда,
Талқан болды әскері.
Алтаумның бір әулекі ұлығы
Әулетімізді түгел құртпақ болыпты.
Найзаға ұшты үш ағам,
Анам мен бізді, қыздарды
Өкіріп аққан өзенге
Өлтірмекке лақтырды.
Алды жұмсақ Алтаум
Көріп қалып бұларын
Құтқармаққа қылды әмір,
Опат болды бәрі де,
Тірі қалған жалғыз мен.
Хан Алтаум қара күң қып сайлады.
Қан сапырған ханшайымның қолына
Ақ сүйегім бор кемікке айналып,
Алтын басым босағаға байланып
Содан бергі жүріс осы.
Аспандаған ақ шаңырақ
Аяққа түссе ақ шаңдақ
Соның бәрін істеткен
Осы жауыз Туранбике қар..
(Жылайды).
КАЛАФ (көңілі бұзылып):
Қасіретің қабырғама батады-ақ,
Хас асыл ханшайым.
Бірақ, басындағы алтын дәуренді
Қилы күнге тап қылған
Әуелі ағаң, сосын аңғал әкең де
Ұшықтыра түсіпті,
Алаңғасар іс қылып,
Аяғанмен, не келеді қолымнан?
Тәж бенен тақ тағы түссе қолыма,
Азаттық алып берейін.
Ал, қазір мынау әңгімең
Қозғап отыр көкейдегі көп шерді.
ӘДІЛМА
Аты-жөнім, ата-тегім аян болды өзіңе,
Қалтарыста бүгіп қалған сырым жоқ.
Көкейдегі ынтықты
Хан басыммен аузым барып айта алман.
Айта келдім, асылзадам.
Ғашық болам деп ғарып болған падишам,
Сұмырай қыздың көңілге алған сұмдығын.
КАЛАФ
Айт, Әділма,
Көңіліңе алған сөзіңді.
Көмейіңе ірікпе.
ӘДІЛМА
Айтармын-ау, бірақ сен
Жаңағы келген күндердей мені де бір арбаушы
Әзәзіл санап жүрмесең.
КАЛАФ
Айтарыңды, Әділма тез айтсаңшы,
Не демексің мен сүйетін қыз жайлы?
ӘДІЛМА
(Жүзін бұрып әкетіп)
О, жасаған, жар бол өзің!
(Калафқа)
Тыңда ендеше –
Жеңілген соң шамырқанып
Шатырлап тұрған Туранбике
Ататын таң саз бере
Жолықтырмақ ажалға.
Көрсетері осы, Ханзада,
Көңілің кеткен ханшаның.
КАЛАФ
(Зығырданы қайнап атып тұрады)
Өлтірмек пе? Мені ме?
ӘДІЛМА
Иә, сізді, асылзадам,
(орнынан бұ да ұшып тұрып)
Осы үйден шыға бергенде
Жиырма қанжар жиырма тұстан шап беріп,
Жайратып салмақ ойлары.
КАЛАФ
(тықыршып)
Онда айтайын күзетке...
ӘДІЛМА
(оны тоқтатып)
Не бітірем деп ең онымен,
Ханшайымның қан шеңгелі торлаған
Қанды қақпан аяғыңның астында.
Ол жауызға қарсы шығар қол қайсы,
Бекер әуре болмаңыз.
КАЛАФ
(өзін-өзі ұмытып)
Бейбақ Калаф! Қайда барсаң
Құрдым қабір аран ашқан.
Жазған әкем Темір байғұс,
Жақсылыққа жеткізе алмай
Жер жабыспақ сорлы балаң.
(Бетін басып, есірік халде тұрып қалады)
ӘДІЛМА
(қуанып, жүзін бұрып әкетіп)
Калаф, Темірдің ұлы Калаф,
Жолым, мұндай болар ма!
Осы жолы дегеніме көнбесе,
Турандотқа бұйырмайды бәрібір,
Қимылдап қалар кез осы.
КАЛАФ
(Сол баяғы есірік халде)
Нәлет тағдыр...
Бастан бағың бір қайтса,
Қалмайды екен көрсетпейтін қорлығың.
Өліп, өшіп сүйгендегі
Көретіні бұл болса,
Қырық нарға жүк болды ғой
Қырсығы бұл сорлының.
япырай, дәл мұнандай перизат
Болар ма екен осыншама қанішер?
(Жиренішпен)
Әй, ханшайым, сен де алдап тұрсың-ау!
ӘДІЛМА
Сенбесіңді біліп едім әуелден,
Тыңда ендеше, бейсауат жүрген падиша,
Туранбике қыз шешпек болып жұмбақты,
Сарайында әрі-бері сандалды.
(қызынып)
Шеше алмасын білгеннен соң долы қыз
Құтырған иттей арсылдап жүр әркімге.
Ақша беті көк талақ,
Ауып кеткен көздеген,
Бағанағы Диуандағы сиық жоқ,
Енді көрсең естен танып қалар ең,
Басып мына ашуын
Жар болуға көніп қалар ма екен деп
Асылзадам, жатып келіп мақтайын,
Кетті бәрі заяға.
Жауыз ханша аярлыққа басты енді,
Онысынан іс шықпаса,
Анау азбан құлдарына өлтіртпек
Дүниеде бұрын-соңды
Бұндай зұлым тумаған
я қыздан, я ұлдан.
Өліп-өшіп сүйем деп,
Өлексе боп қалмақсың.
Саған да түсті ажалдың
Абжыландай құрығы.
Жаным ашып ескерткелі келіп ем,
Жаудай көріп, сыртқа тепсең қайтейін.
(жылайды)
КАЛАФ
Сүйтіп мынау патша қойған
Қалың нөкер ортасында
Қанға батып қала берем.
Бас пайда, олжа тұрғанда
Міндет еске түсе ме
Қызметші манағы
Солай демеп пе еді осы.
Құры бүйткен қу өмір,
Бақ іздеген бос далбаса.
Уа, тас жүрек Туранбике,
Өліп-өшіп сүйіп ем,
Не шарт салсаң – көніп ем,
Көргенім сонда осы ма?
(ызалы)
Құры, итшілік қу өмір,
Бағы құрсын бүйтіп босқа сабылтқан.
ӘДІЛМА
Асылзадам, бұл зұлматтан арашалар адам бар,
Алдында тұрған Әділма ол,
Жаным ашып жаңа осында келерде
Алтын беріп, аузын алдым күзеттің.
Сені ажалдан өзімді бұғаудан
Құтқармаққа бел будым.
Анау қалған елімде
Қазына бар тығылған:
Сорлы әкемнің адал досы Әлімгер
Құтқармаққа қол жіберген осында.
Ат дайын, ал, кәнеки, қашайық,
Әлімгердің әскерін ап,
Қайта орнатам тағымды,
Сосын саған кигіземін тажымды,
Міне басым, міне қолым – серт осы.
Егер мені қаламаса жүрегің,
Татарда не көп, сұлу көп,
Ең сұлуын құс қып қондыр қолыңа.
Сені ажалдан құтқара алсам,
Өзім бұғаудан азат болсам –
Басқа тілек жоқ менде.
Қайтарсаң қайтар ықласымды,
Басыңдағы қатерді бірақ ұмытпа.
Ал, ханзада шешімге кел,
Таң бозарып барады.
КАЛАФ
Аяулы, Әділма.
Басыма күн туғаны рас,
Бірақ сенімен бірге
Барласқа қашар жайым жоқ.
Хан Алтаум бұдан соң
Су аяқ сұм деп қалар.
Сені алып қашып қасыма,
Ыққасын қайтып аттайын.
ӘДІЛМА
Ықыласын сен емес,
Турандот аттап отырған.
КАЛАФ
Аттай берсін ол мейлі,
Аттай алман мен бірақ.
Жүрегіме жүрер емес әмірім,
Сүйген жарым өл десе егер,
Өлімге де пейілмін.
Қаша бер өзің,
Мен осында өлемін.
Бұдан арғы өмірдің не мәзі бар.
Туранбикесіз бұл тірлікте жүргенше,
Соның, мейлі, ассын тағы мерейі.
ӘДІЛМА
Шының ба айтып тұрғаның?
Ендеше сен қыз сүйем деп
Көр соқыр боп қалыпсың!
КАЛАФ
Я ажал, я махаббат,
Басқа алаңым жоқ менің.
ӘДІЛМА
Білем, білем зұлым қыздың
Менен сұлу екенін.
Бірақ, аппақ пейілімді
Таптамас деп келіп ем.
Маңайыңа жуытпадың қайтейін,
Бір өзіңнің тірлігің
Жатсам-тұрсам көкірегімнен кетпейді,
қашайықшы, ханзада,
Ең болмаса, құтқарсайшы басыңды.
КАЛАФ
Әділма, енді сөз бітті.
Өлсем өлем осында.
ӘДІЛМА
Жақсылықты білмейтұғын
Бұнша неткен жазған ең.
Бір сен үшін онда мен де қаламын.
Барісібір мен азатпын,
Ол күн енді алыс емес.
Жасаған ием жар болса,
Бұл өмірдің дәмін талай татармын
(жүзін бұрып)
Тас түйін ыждаһатым,
Тайсалмас махаббатым
Жеңер түбі бәрібір.
Солай Темірдің баласы,
Калаф деген ханзада! (даусын көтеріп)
Бейтаныс ханзада, хош бол! (кетеді)
КАЛАФ
Бұл неткен түн қым-қуыт,
Жан-жағымнан қаумалаған әзәзіл!
Шапағатынан дәме қылған асылым,
Кесепатын аямапты басыма,
Бейшара анам, бұ дүниеден
Бағы ашылмай өтіпті.
Сорлы әкем мен жазған құлым басына
Төнген тағы заманақыр.
Өшкенім жанар, дегенім болар
Деп күткен мынау атар таң
Ахиретке аттанатын таңым де.
О, тас жүрек Туранбике
Бағанағы атыңды егер айтпасаң,
Басыңа зауал төнді деп,
Сұқақтаған сұмпайы күң
Білген екен бірдеңе...
Әне күн де шықты ұясынан
(жарық түседі)
Қайғы еміп, қажығанмен не қайран,
Абжылан қыз, араныңды аш.
Сімір менің бейкүнә аққан қанымды.
ОНЫНШЫ КӨРІНІС
Калаф. Бригелла, нөкер.
БРИГЕЛЛА
Алдияр тақсыр, сын сағат та кеп жетті.
КАЛАФ
(шамырқанып):
Солай ма? Ендеше әлгі
Істе зұлым ханшайымның әмірін,
Қу жендет, міне басым, шапшы кәні,
Бүйткен өмір құрысын.
БРИГЕЛЛА (таңырқап):
Ол қайдағы әмір?
Не айтып тұрсың?
Диуанға ертіп әкел дегеніне
басқа ешқандай әмір естіген емен.
Алдияр патша, сақалын тарап боп,
Диуанға беттеді.
КАЛАФ (буырқанып):
Кәне, барсақ барайық.
Бірақ, оның көре алмаспын қарасын
Тура келген ажалдан
Тайсалатын жай бар ма,
Кеттік ендеше.
(қылышын лақтырып тастайды).
Қажеті не қарудың.
Қаруы жоқ бейшараны бейкүнә
Мерт қылғанын, білсін енді зұлым қыз.
(ашулы шығып кетеді).
БРИГЕЛЛА (аң-таң):
Бұны не дүлей соғып жүр?
Ой, осы қатын оңбағандарды ма?
Түні бойы ұйқы бермей,
ақылынан алжастырған ғой.(Қарауылға).
Әй, көзіңе қара!
Баста кәне, Диуанға! (Кетеді).
Барабан дабылы шығады
ШЫМЫЛДЫҚ.
Сахнада екінші көріністегідей Диуан. Сахна түбінде қытай тәңірісі мүсінделген михрап пен екі әулие; михрап залдан үлкен шымылдықпен бөлінген. Перде ашылғанда Алтаум төрде тақта, ғұламалар өз орындарына жайғасқан. Алтаумның бір жағында Панталоне, бір жағында Тарталъя. Нөкер де екінші пердедегідей орналасқан.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Алтаум, Тартелья, Панталоне, Ғұламалар, нөкер, соңынан Калаф қосылады. Калаф жан-жағына алақтай қарап, абыржып кіреді Алтаумға тағзым етеді.
КАЛАФ (өзіне-өзі).
Қайранмын? Андаған ажал арасынан
Аман-есен қалай өттім?
Қалай жеттім?
Қанжар салмақ түгілі
Қолы тиген бір жан жоқ.
Әлде Әділма алдаған ба?
Әлде тентек ханшайым
Аты-жөнімді естіп ап,
Өзгертті ме бұйрығын.
Ендеше құрыдым.
Мейлі мынау қырық аунақшып,
Ит жығыс түсіп, ит сілікпемді шығарған.
Көп күдік пен көп үміттен
Өлімінің өзі артық.
АЛТАУЫМ
(Алтаум дағдарып тұрып қалады).
Балам, абыржыдың сонша неге,
Жеңімпаз деген желпініп кірмес пе?
Шеккен азабың,
Тартқан тауқыметің
Таусылады бүгін бәрі.
Бағың жанып, маңдайың ашылатын
Арманды таңың атты, міне.
Туранбикедей жар таптың.
Өткен түнде үш дүркін ол
Диуанға келмеймін деп,
Күйеуге шығуға көнбеймін деп
Кісі салып тілек қылды.
Қабыл алмадым бірін де,
Енді абыржыр ештеңе жоқ,
Абыржыса қызым абыржыды,
Ал сен енді
Қасқайып тұрып қарсы ал оны.
ПАНТАЛОНЕ
Рас осы, алдияр. Менің өзім сарайының алдына барып ханшайым не айтар екен деп екі рет күттім. Асығып-үсігіп киініп, әлдеқайда жүгіріп кетті. Күте-күте оңғаным сонша, жағымның жағыма тимей қалшылдап тұрғаны мынау. Абыржитын ештеңе жоқ. Кісі дегеніне жетіп бағы жанайын деп тұрғанда осынша салбырар ма?
ТАРТЕЛЬЯ
Таң алдыңда мен де барғам. Жарты сағат бойы жібермей жалынып-жалпайды. Қырсығып, қайдағыны айтып көнбей қойдым.
(Жүзін аударып әкетіп).
АЛТАУМ
Мұнша кешіккеніне жол болсын.
Диуанға тез жетсін деп
Кісі де жаңа жібергем.
Келмесе, күштеп әкеледі.
Еркелігін ендігі
Көтеретін жайым жоқ.
Әне, өзі де келеді екен.
Тым тұнжырап кетіпті-ау өзі.
Қысылғаннан қып-қызыл.
Көтер, балам еңсеңді.
КАЛАФ
Мың да бір алғыс, алдияр!
Алайда, бейшара аруды
Еңіретіп құшам-ау деп
Еңсем түсіп тұрған жай бар.
Қинамас та ем қыз байғұсты
Онсыз, бірақ, бұл пәниден
Не опа табам, не қызық көрем.
Бәлкім, ханшайым, ертеңгі күн
Өліп-өшіп сүйетінімді көрген соң,
Көңілі бітер де көндігер.
Менен рахым күткен адам
Сарай маңын паналаған
Алдамшы еркектер мен
Жас әйелді жағаламас
Ақылы өтер, арашасы жүрер
Бір өзі болар ханшайымның.
Дақ түсірмен махаббатқа,
Соңыма да сөз ерткізбен,
Соны көріп есті ханшам,
Кекті ұмытып, кетер сүйіп.
АЛТАУМ
Әй, құлдарым,
Тез бітіріңдер жабдықты
Енді бұл үй ғимаратта
Қиылады жаңа неке
Тыйылады баяғыдан бергі
Зар жылатқан тауқымет.
Жиылады халқым тегіс,
Есіктің бәрін ашыңдар.
Ұлан-асыр той жасаңдар,
Құрбандықты шалыңдар.
Сахна төріндегі шымылдық түріледі, михраб пен қытай әулиелері көрінеді.
ПАНТАЛОНЕ
Уа, бас ұлық, әне қараңыз, ханшайым келе жатыр. Жылап келе жатқаны көш жерден белгілі боп қалды.
ТАРТАЛЬЯ
Нөкері де түгел қара жамылыпты.
Жаназаға ұқсап кетті-ау мына той.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Әлгілер, Турандот, Әділма, Зелима, Труффальдино, азбан құлдар мен күңдер. Қайғылы шеру тартылып, нөкерін ерткен Туранбике кіреді. Екінші пердедегі жөн-жосықтың бәрі істеледі. Туранбике тағына отырып жатып, әулиелер мен алтарьдың неге тұрғанына таңырқаған кейіп байқатады. Калаф сахна ортасында тұр.
ТУРАНБИКЕ
Бейтаныс жігіт, менің қара жамылғаным
Жағып барады-ау жаныңа.
Құрбандық та шалыныпты,
Иә, басыма менің күн туып тұр.
Кешегі істеген масқараңның
Қайтарам деп есесін
Амалым жоқ жасамаған.
Зая кетті бәрі де.
Енді міне тағдырдың
Дегеніне көнбес шарам қалмады.
КАЛАФ
О, Туранбике
Қасірет қамап, қабырғаңыз қайысып,
Көңіліңіз пәс болғанда
Көкірегі желденетін
Көркіме мақтан мен емес.
Бірақ, асыл тектім,
Ақ пейілін, адал көңілін
Жолыңызға салған асық жанның
Бақ орнатсаңыз басына,
Жан ауырып, жарадар болар несі бар.
Онан да сол бақытты
Бірге көрсек қайтеді.
Ғашықтарға жүрер болса кешірім,
Бұндай сөзіме сізден ғафу өтінем.
АЛТАУМ
Уа, балам, ханшайымның
Жөнге көшпес жайы жоқ.
Бүйтетін жөні баяғыда-ақ болған-ды.
Ақ некені қиялық,
Ал, шаттанып, қалайық!
ТУРАНБИКЕ
Сәл сабыр етіңіз,
Неке қашпас ешқайда.
Масайратып барып
Масқара еткенге не жетсін?
(орнынан тұрады)
құлағың сал, халайық!
Кәне, Темірдің ұлы Калаф,
Шық көзіме көрінбе!
Сұрағаның осы ғой.
Бар, ізде өзіңе басқа әйел!
Туранбике жеңсе, міне, осылай жеңеді.
КАЛАФ (есінен тана жаздап):
Байғұс басым!
АЛТАУМ
(аңырып): Тәңірім-ау, не дейді мынау
ПАНТАЛОНЕ
Қалай-қалай қырқып түсті қырсық қыз!
Солай емес пе, бас ұлық.
ТАРТАЛЬЯ
Берджингаузен?
Төбеден түскендей дөп жауап болды мынауы!
КАЛАФ
Құрыды, бітті бәрі де,
Өз басымды өзім жұттым мінекей
Сүйемін деп, махаббатты күйреттім.
Бүйтіп масқара болғанша
Кеше қателессем.
Онда мұндай тауқыметті тартар ма ем.
Сен, Алтаум, шартты бекер өзгерттің,
Аты-жөнім болғаннан соң әшкере,
Қу басымды қырыққанда жендет сұм,
Қызыңыздың қанар еді қан аңсаған ындыны.
(Жылайды).
АЛТАУМ
Калафжан, қан жылап тұр
Менің де кәрі жүрегім.
Кенет келген кесепат болды мұнысы?
ТУРАНБИКЕ
(Зелимаға сыбырлап):
Ет-жүрегім елжіреп,
Жидіп барад көкірегім.
Бұдан арғы қасіретке
Төзе алатын түрім жоқ.
ЗЕЛИМА
Онда бас и,
Халықтың да кете бастады тынышы!
ӘДІЛМА (өзімен-өзі):
Өмір мен өлім өрелескен сағат бұл!
КАЛАФ
Өң бе, түс пе?
Ақыл-есім орныңда ма осы менің?
Уа, безеріп біткен без бүйрек қыз,
Өліп-өшіп сүйген адам өзіңді,
Өлік болып, баудай түсіп жатпаған соң алдында.
Ашығып тұр ма араның,
Міне, ендеше бұл пәниден
Баз кешкен Калаф ханзада
Көз алыңда үйіреді иманын.
Қанжарын суырып, қарпалып өлмек болады.
ТУРАНБИКЕ
(шап беріп ұстай ап):
Жоқ, Калаф! Таста бұны!
АЛТАУМ
Шыны ма екен мынасы?
Калаф (таңырқап)
Көксегенің өлімім емес пе, еді
Көрмейсің бе соны енді?
Әлде меңдей бақталайсыз бейбақты
Қу тірлікке қор қылмақ па ең?
Жақсылығың болсын, жарықтығым,
Жабыса көрме қолыма!
Шарапатыңызды маған емес
Әкем Темір Пекинде жүрген көрінеді
Соған істе, ханшайым.
Таж бен тақтан айырылып
Тақсірет тартқан тас маңдай бір сорлы еді,
Соған тисін шарапатың.
Ал, мен мынау сүм дүниені
Талақ еттім бір жола.
(Өзін-өзі өлтірмекке ұмтылады).
ТУРАНБИКЕ
Жоқ, Калаф, өлтірткізбен,
Өлмейсің сен.
Сертіңнен без мен үшін!
Жеңілген мен.
Басымды ием.
Ал, Зелима, бар да байғұс шал менен
Сөзіне мәрт құлынан
Сүйінші сұра, көңілін бас
Сонда отыр анаң да.
ЗЕЛИМА
О, жасаған!
Қазір, қазір, барам, барам!
Шығып кетеді.
ӘДІЛМА
Құрыды бәрі, құрыдым мен.
Өлгеннен басқа шарам қалмады,
Барлық үміт, барлық арман
Адыра қалды мінекей
ТУРАНБИКЕ
Калаф, естіп ал енді,
Жеңе алғам жоқ мен сені,
Бүгін түнде ашынып тұрып
Әділмаға аты-жөніңді
Өзің айтып қойыпсың.
Маған мұны сол айтты.
Айдай әлем естісін,
Әділдікті аттап өтер жайым жоқ.
Сенің абзал жүрегің,
Айбының мен келбетің
Жеңді мені, жеңілдім.
Асқақ басың иілмей,
Асқақ өтер ер сенсің.
Жұбыңа алсаң, жұбайына мен әзір.
ӘДІЛМА (өзімен өзі таусыла):
Бейбақ басым, сорладым.
КАЛАФ
Сен мендіксің бе?
О, дүние, не естіп тұрмын мен!
АЛТАУМ (тағынан түсіп):
Қызым ... Құлыншағым
Сенен тартқан азабымды пәлен жыл
Кештім осы сөзіңе.
ПАНТАЛОНЕ
Той болады екен!
Ғұлама мырзалар, жол беріңдер.
ТАРТАЛЬЯ
Кәне, кәне, ығысыңыздар.
Ғұламалар бәрі ығысады.
ӘДІЛМА (жұлынып ілгері шығады):
Тас жүрек қыз, тайтанда енді,
Масайра сен де, жексұрын жігіт.
Ал, ханшайым, біліп ал –
Хас дұшпаның мына мен.
Сен үшін емес бәрін де
Ханзаданы қолыма
Қондырмақ үшін істегем.
Бұдан бес жыл бұрын сүйгем оны мен.
Саған жақсылық қылған боп барып,
Бүгін түнде қашайық деп азғырдым,
Жерден алып, жерге салып
Жамандадым өзіңді.
Көнбеді ол бәрібір.
Абайсызда айтып қойды аты-жөнін,
Біліп алған соң мұны сен,
Қуып шығар деп айтып ем.
Өйткен күнде, мендік болар еді ол.
Оңғармады жолымды
Енді маған бір өлім.
Ханшайым боп туған басым
Қара күң боп қашанғы жүрем есікте.
Әкемді сенсің жалмаған,
Апамды сенсің жалмаған,
Бауырымның бәрін жұтқан өзіңсің,
Енді сүйген боздағымды
Басып алдың бауырыңа.
Әділманың осы азабы жетеді.
Бір патшадан қалған тұяқ
Осы жерде құрысын!
Калафтың қанжарып көтеріп ап, өзіне оқтайды.
Күйеуіңнің көкірегінен
Мен өлсін деп жұлып алған
Қанды қанжар, қадал маған.
Күң мен күнді еш қылғанша
Мынау ел жұрт алдыңда
Қата қалам қарналып. (өзін-өзі өлтірмекке оқталады).
КАЛАФ (оны тоқтатып):
Жоқ, Әділма!
Қой мұныңды!
ӘДІЛМА
Тұрма жолыма! (жыламсырап).
Жібер қолымды, өлемін! (қанжарға жабысады)
КАЛАФ (қанжарын жұлып ап)
Жоқ, өлмейсің сен.
Мына мені ажалдан
Арашалап қалған өзіңсің.
Сен болмасаң ханшайымның
Рахымы түспес те еді.
Бостан босқа жазғыра берме,
Туранбикеден басқа жанды
Сүйген болсам, сүйер едім бір өзіңді.
ӘДІЛМА (өксіп):
Жоқ, жоқ, тең емеспін саған мен.
ТУРАНБИКЕ
Әділма, саған не болған?
ӘДІЛМА
Көлгірсіме, аяр қыз!
Көңілімдегі соңғы үміттің
Көзіне өзің су құйдың.
Ең болмаса, енді маған
Еркіндік бер кетейін.
Төзем тағы жүзіне.
Қажып жүріп, налып жүріп,
Күйінгеннен тілім тисе,
Кеш онымды, кешіре көр.
Ит тірлік кейде ұмыттырса
Тәңіріні көктегі,
Кеше көр ол күнәмді!
Тұрғандардың бәрі жылайды.
ТУРАНБИКЕ
Тойымызға кіреуке түсер кірбің жоқ.
Калаф мені сүйгендіктен
Пида қылды жанын да.
Уәзірі құтқармаққа патшасын
Қыл тұзақтан қашқан жоқ.
Еліндегі уәзірі
Өзі таққа міне салмай
Патшасына тәж сақтаған.
Байғұс қария баласы үшін
Тайсалмады әлімнен де.
Күң қылмай, құрбы қып сыйлаған
Сыр бүкпеген әйелім
Опасыздық істеді.
Көк тәңірісі кеш енді
Еркектерді осынша
Жек көріп, жер құштырған
Күнәкар мынау пендеңді.
Қиянатым болса, кеш оны да (ілгері шығып)
Ал, абзал еркектер
Бәріңнен де айналдым.
Иланыңдар мен бейбақтың
Имандай шын сөзім бұл!
ШЫМЫЛДЫҚ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі