Ағыны арна бұзған – Ұларбек Нұрғалымұлы

Бұл бетте «Ағыны арна бұзған» атты Ұларбек Нұрғалымұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 16.01.2022
  • 0
  • 0
  • 1001
(Ілияс Жансүргіровке)

Білмеймін, не керемет теңдеседі,
Білмеймін, не ғажайып шендеседі.
Сол ақын «домбыра» деп жыр бастаса,
Бойынан екі ішектің ел көшеді.

Қосылып ұшқан құстың тізбегіне,
Білмейсің жан құмарың іздеді не?
Балқытар жігіт бойын жырдағы күй,
Қағыстан қашып шыққан қыз деміне.

Бар сірә не құдірет, жырында күш,
Сөйлейді үні бар аң, тілі бар құс.
Бойыңды боз биедей идіреді,
Қағаздан қалқып шыққан құлын дауыс.

Қусырып, қуа соғып аршындайды.
Қанжардай қаламы онда жарқылдайды.
Қамаған жартасқа әкеп мың жылқыдай,
Қалың сөз қара тер боп қалшылдайды.

Сағым ба, жел ме тиген өртке жанай,
Ұшынан қаламының көшкен арай.
Жүз ұйқас, ақ қағазға тоқсан теңеу,
Қозыдай жамырайды кешке қарай.

Желкеуір, көкемарал, жалбыз, құлмақ,
Құстаңдай, құлынембес, раң, шырғанақ.
Мыңтамыр, айылқияқ, қызсаумалдық,
Жер түгін Жетісудың түгел жырлап...

Құладын, балтажұтар, лашын, бүркіт,
Шапшақай, маубасбұқа, шөже, шымшық.
Аң мен құс, туған жердің сай-саласын,
Қалдырмай қаламымен қағып-сілкіп...

Құласа құла тасқын жыры селдей,
Ағыны арна бұзған бөгеу бермей.
Қазақта қара сөзді қан сидірген,
Қайтадан туар ма ақын енді сендей.

Қымыз – жыр өн-бойыңды тегіс алар,
Сені де ақындықтың демі шалар.
Өзені Жетісудың бақсыға емес,
Жырына Ілиястың теріс ағар.

Бірде ән, бірде күй боп төкпелеген,
Осы ма жан дертіңе жетпеген ем.
Құйғытып, құлагердей кісінеді,
Арқаға Жетісудан жеткен өлең.

Ханы да қан жылардай қарасы да,
Жетті өлең саяздың да санасына.
Қамысы Қусақкөлдің күбірлейді,
Дұға оқып қылқұйрықтың моласына.

Сол дұға күбірлеген құбабел-дүр,
Құлагер – ақын жазған құлагер – жыр.
Мерт кетті екеуі де, дала қалды,
Сөз қалды көз жасындай тұма мөлдір.

Мерт кеткен құлагер ме орта жолда?
Ақынды азаптаған шер де сонда.
Астына қабырғаның қан иленіп,
Қазақ та құлады ғой қазған орға.

Айтты ақын құшса да ажал, арман құшпай,
Шыдар ма қыран жаны заңғарға ұшпай...
Жасынша көкті тілген ғайып болды,
Қанатын өртке шарпып алған құстай.

Жүргізген өктемдігін жойт пен кәуір,
Қазақтың даласының қайғысы ауыр.
Сіркіреп сол далаға соғып өткен,
Ілияс – сен бір нөсер, сен бір дауыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ағыны арна бұзған өлеңінің авторы кім?

Ұларбек Нұрғалымұлы — осы өлеңнің авторы.

Ағыны арна бұзған өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ағыны арна бұзған өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Ұларбек Нұрғалымұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ағыны арна бұзған өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері