Өлім туралы
(аударма)
Мен қалада қаңғырып көп жүремін,
Өлімді де көп көрдім бұл өмірде,
қайғырмайды сонда да ер жүрегім,
елімді ойлап жасымас жігерім де.
Бәйге алаңын мен бірде араладым,
Аспан ашық. Алтын күн нұр төгеді.
Қорған іші көктемнің салады әнін,
Дала жасыл майсаны бүркенеді.
Жұрт мінбеде дуылдап алаңдағы
қызықтайды жүйріктер бұлқынғанда.
Сәйгүлікпен бірге ойнап жанарлары
әлем-жәлем киінген сылқымдар да,
мырзалар да, өзге де — қарар бәрі.
Ал жүйріктер қиқумен ұмтылды алға.
Келе жатып естідім ат дүбірін,
От тұяқтар — қан ойнап, тулады үміт.
Шықты кенет артымнан қатты бір үн:
«Құлады, құлады!»— деп шулады жұрт,
қарғып шығып қорғанға,
қарадым да
көрдім: жарыс, қиқу-ды жаңа мұнда,
ат келеді ентігіп шабармансыз,
жатыр жолда құлаған адам жансыз.
Жатыр алыс аспанға жүзін беріп,
Жоқ жаңағы елірген қызу, желік,
Ғұмыр бойы жатқандай қара жерде
үнсіз, жансыз көздерін қадап елге,
еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай.
Жұрт жүгіріп барады оған қарай,
арба сүйреп келеді біреулері,
Халық тынды өзгеріп түр-өңдері.
Салды арбаға көтеріп еппен ғана,
Кейін қалған аттылар жеткен жаңа.
Құлаған жан ұмытып думан жайлы,
қол-аяғы икемсіз былғаңдайды.
Арба айдаушы жылжыды маңғазданып,
Аяңдады аттар да қаздаң қағып.
Қандай жақсы осылай бірден өлген,
Азап тартпай, күндегі жүрген өңмен
жерді құшқан, қиналмай, аласұрмай,
тұра алмасын сезінген шарасыздай.
Дара келсем, озсам деп алыспенен
ғұмыры өткен бәйгемен, жарыспенен.
Енді, міне, бір сәтте ат сүрінді,
Арман еткен еркіндік, сәтті күнді
ұшты жігіт жүйріктің екпінімен.
Тізгін-өмір үзіліп кетті бірден.
Қандай әсем туған жер көктемдегі,
Жасыл майса, жұпар жел өпкен демі.
Қасиетін сезгендей мәңгі жердің
Тосып жатыр көгалға балғын ернін.
Өмір бойғы ойлар мен арман қайда,
Шырт үзілген үміті жалғанбай ма,
тірліктегі қиқулы жарыс қайда,
думан өмір біржола алыстай ма?
Арман-жүлде, өмірден күткені де,
енді осымен барлығы біткені ме?
Бітті демі, бітті ойлар санадағы,
Жансыз жанар аспанға қадалады.
Қуаныш жоқ, жоқ енді ақыл, қайғы,
Тыныш, еркін, азапсыз жатыр жайлы.
Тағы бірде өзеннің жағалауын
жалғыз өзім жай жүріп араладым.
Өзен беті ақ толқын көбік атып,
Тұңғиықтың тынымсыз салады әнін.
Маңдай терім сыпырған жұмысшылар,
Жүк тасып жүр,
тартқандай жан азабын.
Отын, кірпіш, көмірді арқалайды,
арқалайды тіршілік, бала қамын.
Күн көзінен тотыкқан күрең жүзден
көрсең ашық көздердің қарағанын!
Найзадайын қадалып,
жел мен күнге
ашып қойып тер сіңген жағаларын.
Сен көресің жалаңаш балалардың
отын ұрлап, кірпішті талағанын.
Ұрлағанын алуға келіп тұрған
анадайдан олардың аналарын.
Отын, кірпіш арқалап, бүгежектеп
үйді-үйіне сонан соң тарағанын.
Ал балалар қайтадан ұрлап-қарлап,
Көрсетеді бір іске жарағанын.
Кенет сұмдық айқайдан тоңды денем:
«Құлады, ойбай! Жығылды! Өлді!» деген.
Бір жұмысшы арбасын тастай беріп
Судың бетін нұсқады,
желбіреген
ала-құла көйлектер жапырласып,
соған қарай жүгірді батыл басып.
Жарға соққан толқындар арасында
өлік жатыр теңіздің жағасында.
Жалба-жұлба киімі үстіндегі,
Жатыр сұлық, өлі жан ұқсын нені...
Су ішінде серейген денесінен
сезілмейді бұрынғы күштің лебі.
Біреу құшып, кимелеп басқалары,
жақындауға кейбірі жасқанады.
Жиылған жұрт жабылып су денені
Көтеріп ап жатқызды тасқа бәрі.
Қылыш сүйреп қаланың сақшысы да
жақын келді тәртіпке бастағалы.
Құлақ тосты өліктің кеудесіне
еш дыбыссыз сүлдері жатса да әлі.
Халық келді үзгенге таң-ғұмырын,
демалыс та, жұмыс та қалды бүгін.
Суда қанша жатыпты, ішкен бе өзі –
осы ғана сұрағы барлығының.
Мен бақылап бәрін де қарап келем,
Мынау жүрттың жүзінен азап көрем,
Сосын тарай бастады үнсіз-түнсіз
Иық түсіп, қатыңқы қабақпенен.
Ішіп алған біреуі шешенсиді
Қанша адамды құртты деп арақ деген.
Көрдім бәрін, әрі қарай кете бердім,
Кезем әлі талайын мекен, елдің,
Аспанымда күн барда нұр төгетін,
Алғы үмітке арманды жетелермін.
Жүрегім, сен бәрін де жырлап бірге
бастаушым бол алдағы жұмбақ күнге!
Өлімдерге қара сен күлім қағып,
қайғырма да күрсінбе бүгін налып!
Мендік қамсыз өмірге нұр-арайлы
Төзе алмассың өзің де, бұ да - қайғы.
Менше сүйіп, дәл менше жек көруге
ешбір адам дүниеде шыдамайды.
Мен сондаймын, қайтесің амал бар ма,
тік қарағым келеді жанарларға.
Шарап ішкім келеді, әйел сүйгім,
жылу берсем сезіммен тамам жанға.
Қалжыраған күн сайын мұнар-жүктен
Кештерімді толтырам құмарлықпен
Дауыл екпін өмірге кеудемді ашып –
әнге бассам, жылыстар тұман біткен.
АЛЕКСАНДР БЛОК
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі