Омар һайяммен әңгіме – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Омар һайяммен әңгіме» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1391
- Жақсылардың кім берер шын бағасын?
Достым, дозақ бар-ау деп мұңданасың.
Қадір білмес ортада азаппенен
өмір сүрсең - сол нағыз дозақ деген!
Омар Һайям. "Рубаяттар"

Ортасы өзге, арманы бір, жан аға!
Қанша ғасыр жатыр сұлап арада,
қаншама сыр жырың құйды санама!
Жырларыңды оқысам да тамсана,
мен өзіңе дау айтамын қарсы, аға!
Мейлің мені дозақтағы жан сана!
Жырларымды, ойларымды сарала,
мына жұрттың көп сөзіне қарама,
тек өзіңдік өлшеміңмен бағала!
Жұмағым мен жаңбыр жасым — өлеңім,
сен болмасаң билік айтар төре кім?!
Мен өзіңді тағдырласым керемін:
адамдардың тілі бөлек, ғұрпы бір,
замандардың түрі бөлек, құлқы бір,
адамзаттың шыққан тегі — бір түбір,
«Мен жақсымын — баға бер!»— деп тепсініп,
баға алмаса — жүрегіне кек сіңіп,
өмір кешу -
Сізше осы ма естілік?
Даналық па, даралық па бұл әлде?
Ойсыздықты ойға бөлер құрал не —
дарының ба, жалының ба, жыр-ән бе?
Жоқ әлемде бір-біріне жат халық:
жүргендер бар тапталып,
жүргендер бар шаттанып;
қоғам да жоқ адамының бәрі ақын,
бәрі ақылды ойдан шырақ жағатын,
ақиқаттан бар мұратын табатын.
Екі аяқты адам жүрген жерлерде,
біреулері шырын нәрін емгенде,
біреулері күн кешумен сенделме
ұрынады сеңдерге.
Қадіріңді білместерден баға алып,
толып-тасып, жылдарменен жаңарып,
қайғы көрмей, көрмей бір сәт жаны арып,
ғұмыр кешу— тағдыр емес қыранға,
әрқашанда ойлылардың мұңы арна,
шын дарынның күні алда!
Ұлылығын бұлдамайды ұлылар,
жүрегі — мұң, өзгелерге нұры — нәр,
жақсылықтың сатылмайтын сыры бар.
Сұрап алған атағы да, даңқы да
шапағатын тигізбейді жалпыға.
«Тірлігімнің құнын бер!»—деу — құнсыздық
өзін туған халқына!
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Омар һайяммен әңгіме өлеңінің авторы кім?

Фариза Оңғарсынова — осы өлеңнің авторы.

Омар һайяммен әңгіме өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Омар һайяммен әңгіме өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Фариза Оңғарсынова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Омар һайяммен әңгіме өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері