Мұнарлы шыңдай сағым-мұң – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Мұнарлы шыңдай сағым-мұң» атты Фариза Оңғарсынова жазған мұң туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1410
Мұнарлы шыңдай сағым-мұң,
бермейді маған бір тыным,
жүрсем де мынау жанымның
бүтіндей алмай жыртығын.
Қандай күш өтер жердегі
достардың маған ең ізгі
сезімін сүйген, мендегі
ескермей жыныс не жүзді.
Ұйқымнан түнде тоналдым,
азапқа түстім бір керім:
өтермін қалай солардың
сезімін, кешірімдерін?
Табылмас мұндай еш халық,
жүрегі жомарт, жаны үлгі,
өзімнен бұрын еске алып
ойлайтын менің қамымды.
Жүремін қолдан түк келмей,
байлық жоқ, мал жоқ қорамда.
Осынша парыз жүктердей
өткіздім немді соларға?
Құлағым түріп жел-үнге
бос өткен күнім, айым көп.
Ендігі жерде менің де
жақсы болмасқа жайым жоқ!
1983


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері