Өлең, жыр, ақындар

Сырласу

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1650
немесе ана рухымен әңгіме

** *
Ана,
жалғыз арқалап тағдыр жүгін,
кең әлемде өзіңсіз қалдым бүгін.
Сен ұйқыдан оянып қарсы алушы ең
алғашқы таңның нұрын.
Таң келеді бүгін де, жаным анам,
жалғыздықты жолдас қып тағы маған.
Елжіреймін сені ойлап, тек өзіңді
осылай сағына алам.
Жүрегіме түскендей жара-таңба,
жетіспейді мейірім-алақан да...
Қайда жүрсем,
күн сайын шырт ұйқыдан
оянам таң атарда.
Таң атарда еске алам күнде сені,
көмейіме тығылып мұң кесегі.
Көз алдымнан кетпейтін нұр бейнеңмен
жүрегім тілдеседі.
Көк орманды бұлбұлмен үндес едім,
жесірдеймін тарқатар түнге шерін...
Өмір көшіп,
қалғандай жұртта жалғыз
жырыммен тілдесемін.
* * *
Ана, онда жас едім уілдеген,
тағдырдың жүгін денең
көтере алмай,
жас талдай солқылдады,
орағанда әкені жер құндағы,
талықсыдың,
сонда да сүрінбеп ең.
Арасы еді отыз бен қырықтардың,
шынардай тұрып қалдың
тағдырыңның тоқсан жол торабында.
Мені өсірдің еркіндеу,
балап ұлға -
кешіп өстім өмірдің тұнықтарын.
Жүрдің оймен қайғыңның жасын басып,
бас иді жақын, қашық.
Күйгелектеп азбадың сында жүдеп,
«Шаруа боп бізде бір тұрғаны», - деп,
ақсақалдар келетін ақылдасып.
Жұртты ұйытып,
ақыл да, жылы жүз де,
құрметтің нұры бізге
шуақ шашты,
бір үміт септі жанға.
Қол ұстасып екеуміз кеттік алға -
сүйеу болып біріміз-бірімізге.
* * *
Сен кейде күрсінесің, жаным анам,
мен бармын, айналаңның бәрі де аман.
Айтушы ең он үлға да бермесім деп
әлде ырза емессің бе әлі маған?
* * *
Жалғыздың малы құралмай,
шырқауға шалқып шыға алмай,
жалғыздықпенен күн кешер
шыңдағы жалқы шынардай.
Жалқының жайы - қараң жай,
жапанда жортқан тағы аңдай,
талықсып кеткен сәтінде
тіл қатар тұлға таба алмай...
Артықтау туған алаштан
данышпан болсын бағы асқан –
жалғыздық бірақ, жарығым,
Құдай мен Күнге жарасқан.
Жабығып жүрек жылардай,
жанымды жаның ұғар ма-ай.
Тұман ойлардың іргесін
түндерде жатам түре алмай...
жұмыла кетсе жанарым,
сөнгенде солып Ана-күн,
Қалады-ау жалғыз жерде деп
сені ойлап жүрмін, қарағым!
* * *
Білесің ғой,
онысыз
дүмпуіне шыдамай сағыныш-зардың,
жанымдағы жанартау-жарылыстардың,
көз аштырмас бір сезім дауылынан
жай таппай алып-ұшқанмын.
Ол жоқ жерде
таңдайдағы дәмімен бал үміттердің,
толқынына тұншығып, малынып шердің,
ештеңені, ешкімді көзіме де ілмей
тек соған табынып, сендім.
Үзіліп қыршын,
сонан соң...
өтетін болды жабырқау, жеке кештерім...
Қайғым бар (білем — басқалар бекер дескенін)
ол — өзгені сүйе алмай
жалғыздықпенен
мәңгілік некелескенім.
Таппадым басқа
жаралы жанның бір емін.
Махаббат аңсар менің де балғын жүрегім...
«Кімді де болса, әйтеуір сүйші,— деп,— жүрек»
жалындым, талдым, жүдедім...
* * *
Жаның жүдеп, қалқам-ай, жүр-ау сенің,
біраз жерге сен бұрын шыдаушы едің:
мүмкін өмір-толқын жеп жұқардың ба,
мүмкін сені алдаған шығар сенім?
* * *
Мен... өзіме өкпеледім:
өзім - досым,
сол еді тек сенерім.
Ондай адал, асыл жан жоқ деп едім...
Бортынан от кеменің
итерді
күтпеп едім:
ыза ма, кек пе
менің
кеудемді ұрып,
жалғанға өкпеледім.
Ондай досым, білесің, көп пе менің?
Ес жия алмай,
сене алмай,
«ол емес қой,
басқа болар -
ол емес! Жоқ!»— деп едім.
Көзім шалды: сол -
бұрын дос дегенім.
Сонда өкініп ойладым
осындайда
жалғандықты бір тартар оқ керегін.
Мен
өзімді,
басқаны...
барлығын да
жиіркеніп жек көремін!
* * *
Бұл -
алдымен, өзіңнің қателігің:
арқалайтын ана мен әке жүгін
және сүйген өзіңді бір адамның
орынын басар жан сирек.
Сынар әркім
саған ғана тосқан боп жат ерінін.
Бұл да - сабақ
азаптан талса денең.
Сеніп, сүйіп, алданып
шарша дер ем.
Шүкір, жаным,
жылар ем жер астында,
алданбайтын біреулер қалса менен!
* * *
Жолықты бірде, анашым,
әкемді білген оңды адам,
көргендей туған баласын
сыр шертті сонда ол маған:
«Ауырады дейсің жүрегім,
жастығың - алау, жаның - гүл.
От кешкен жоқсың -
білемін,
жарқылдап жүрер шағың бұл.
Біздерге бүгін сот бар ма –
жастығын жылдар ұрлаған.
Ол кезде жауған оқтарға
жүрегін тосып жүрді адам.
Ақ қарды құшып, түн қатып,
алыстық талай жолда сын.
Жүректі жүрді сыздатып
соғыстан қалған қорғасын.
Көр, міне, сақтап жүремін,
айтамын жұртқа бұл жайлы:
тазарғанменен жүрегім,
орыны кейде сыздайды».
Жолығу да ыстық жандармен
әкем де білген, сен білген...
Ойланып біраз қалғанмен,
былайша жауап бердім мен:
«Бас ием, майдан ерлері,
өрт кешіп өткен отты арман.
Жазылмас жара мендегі
мылтықсыз атқан оқтардан...»
* * *
Сазың мұңды, нәзіктеу, үнің майда,
асқақ әуен, отты леп жырың қайда?
Тымырсықты талқандар арынды өлең
белең алған асаудай бұрылмай ма?
Өнер жолы —
алысып уақыт-селмен
тылсым теңіз түбінен жақұт терген.
Қай заманда ойлылар қайғы-мұңсыз
жүрді деп ең бақытқа батып белден?!
Түңілгенде тіреліп тас қамалға,
адастырмай арманың бастар алға.
Пасық ниет біреуден қалған көңіл
күдіктенгіш
сондай деп басқалар да.
Ұғынбастай жаныңды ешкім сенің
жалғыздықтың, тістеніп, кештің селін.
қанша сенің достарың, тілеулесің,
соңыңа ерген жан ашыр жеткіншегің!
Ардағындай аялар сенген елім,
Қанша сенің жайдары жеңгелерің?!
Мақтан етер өзіңді ағалар ше –
сені қорғап тосатын желге демін?!
Солқылдамай, ендеше сынға, мұңға,
жырла шалқып - бел буып жырладың ба !
Күй күмбірлеп төгілсін асқақ әуен
махаббатты еліңнің құндағында!
* * *
Жүрмін, ана,
көп жаннан сағым сынып,
қиналамын кетердей жаным шығып.
Мен ешкімге зұлымдық жасамадым,
қайта,
қолымды ұсындым барымша ұғып.
Болмысымды зерттеп ап ол ақырын
тасаланып бастайды оқ атуын...
Біледі олар мені тек
жалғандықпен
жаралауға,
жасқауға болатынын.
Адамдарға сендім мен.
Таңдамадым.
Өкінемін кейіннен,
алданамын.
Көре алмайды қатарға қосқандарым,
нысанасы болдым мен сан жаланың.
Алданбауға адамға
күлімдеген,
сенбеуге де серт еткем, дірілдегем.
Тырыссам да,
өзімді өзгерте алмай –
содан, ана, қажыдым бүгінде мен...
* * *
Заңдылық көп тірлікте, сабақ алғын,
адал жүріп алдансаң, қамалар мұң.
Бірақ өмір бола ма, қарағым-ау,
адалдықтан жаралса бәрі адамның?
Сенім барда артқандай бағаң, құның,
бар дүние төгеді саған нұрын.
Адам жұрттың сенімін сезінбесе,
жоғалтады өзі де адалдығын.
Кейде сабыр, ой керек, тоқта, күнім!
Сыйлатқанмен аз ғана топқа бүгін,
сене алмасаң ешкімге, еш пендеге,
өзіңнің де басқаға жоқ қадірің.
Сенім — адам жанының нұр шуағы,
ертеңіне шақырған шың шынары.
Онысыз қадір, қабілет, дарының да
күн көрмеген тамырдай тұншығады.
Атағың да, жырың да жалған дер ем,
ел сенімі болмаса саған деген.
Сенім күші ерлікке бастамаса,
ұрпақтарға мақтан боп қалар ма өрен.
Үзілгендей өмірлік жол табанда,
үміт қалмай, қарауға қорқады алға.
Адалдық та, ерлік те, елдік те жоқ
адамдарға сенім жоқ орталарда.
Кінәламай барлығын, бір жайды ұғын:
жер үстінде басқаша тумайды күн,
адалдығың, сенімің жоқ па жұртқа –
онда олардан сенің де жұрдайлығың!
* * *
Үйде жалғыз жатырмын,
сырқат жаным.
Төсегімнен тұрмадым, дым татпадым.
Дәрі ішуге жайым жоқ.
Алғаш рет
тілеп жаттым біреу кеп үн қатқанын.
Сонда мүлде жазылып кетер едім...
Жаутаңдатып осылай өте ме күн...
Мен асылы ауырған жүрегімнің
дәрілерден іздеймін бекер емін.
Шулы өмірге мен де еріп кетер едім,
тағдыр, мені өнермен некеледің.
Дауыл, шуақ алмасқан Жер бетінде
өлеңімді сәбидей жетеледім.
Құндақтадым,
соларды қорғаладым,
Аттандырдым,
сайладым жол-жарағын.
Жалғыз жатып жаныма медеу етем –
басқаларға бақыт боп орнады әнім.
Кештім жалғыз тірліктің сынақтарын,
жабырқасам, жыласам, жұбатты әнім.
Жаным анам, жаныма сен келгендей,
сосын... менің келгендей ұнатқаным.
Үйден ғана бір бақыт табар жандай,
думан, дарқан жерлерге қалам бармай,
Жалғыз қалып зар кешем.
Тағдырына
екі ғұмыр жазылған адамдардай...
* * *
Балам, Адам айырылса асылынан
ағаштай жасын ұрған, жараланғыш,
алданғыш мұңды жаны,
жүрегі ашық жарадай шыңғырады.
Жалғыздықтан, алдану,
өкініштен адамдар жынданады.
Тұншығады кірбің мен мұңға жаны,
жанарлардың бәрінен қауіп сезіп,
шалқар дейді су қайтқан сұр жағаны.
Жүрген кезде.
Құлазып, жылап-талып,
жан таба алмай баратын сыр ақтарып,
жазықтан да тайғанап жазатайым,
қаз басасың қайтадан құлап барып.
Өрлігіңді өртейді
кек пен егес,
шыңғырады шыға алмай естен елес...
Қыл үстіндей осы бір сәттен өтсе,
арғы жағы адамға
ештеңе емес!
* * *
Жыр қуған жас балаға
жұмақ түгілі, жетпей жүр баспана да
(сондай жандар алдыма көп келеді –
менде ешқандай бөгеттер жоқ дегені)
түспесін деп жаны гүл-жасқа жара,
бардым
жайды айтуға жақсы ағаға:
жас баланың ойынша мен - данамын,
мейірімім өзіндей кең даланың,
сөзім өтпес жер жоқтай бұл әлемде,
жырым барда -
бәрі бар мына менде:
қадірлейді, тосады ел де барын,
абыройым - аспанда, жерде - жаным.
Алдынан басшы ағаның
аласарып қалғандай асқақ әнім,
үміті өшкен жетімдей
шықтым жасып,
ешкім еместігімді ұқтырды ашық.
Соғылғандай біржола тасқа жаным,
бұл - мен үшін болды бір масқара күн.
Бәрін емес, айттым бір сырды ғана,
тауым талай шағылып, сындым, ана...
* * *
Қиын-қыстау жолдарда сен өрлеген
әділ болсаң, тамырың терең дер ем.
Жер бетінде қашаннан Адам шіркін
әділетке, шындыққа кенелмеген.
Халқың таныр тұлғасың бұл күнде сен,
шындығын айт өмірдің,
іркілме сен.
Сені өрлеткен елің де сырт айналар,
тура айтудан тайсалып, күңкілдесең.
Заманың да шуақты,
күнгей көшең,
жүрсің, мүмкін, көп жайды білмей де сен.
Сен үлгі еткен ұрпақтар
аластайды
қаңылтыр мен алтынды бірдей десең.
Шындық жоқта армандай жыр ұшады,
абырой да басыңнан жылысады.
Үлкен-кіші істер жоқ әділдікке,
зұлымдықтың болмайды ірі-ұсағы.
Өлшенбейді қадірің күш-шеніңмен –
баяндайды байлықтай түске кірген.
Сүртіледі ұлылық, атағың да
әділетсіз, шындықсыз істеріңмен.
***
Маған бір дос адамды
көзінше сынап едім –
шыдамайтын әдетім мына менің
менменшілге, күңкілге, өтірікке
(жүрмін соған кейде мен өкініп те),
жақты маған әлгі «дос» кінә-желім.
Кінәм -
шындықты айтқаным, сынағаным.
Мен мұныма кешірім сұрамадым.
Ал ол маған әлі күн өкпелейді,
үшкір тілмен көсейді от көмейді.
Арадағы татулық сыналарын
быт-шыт қылдық осылай.
Бекер шығар
қайта ұмтылып, оны енді құрағаным?
Осы жайға қайғырдым. Түсінбедім.
«Кешір» десем — алдында кішіргенім.
Жоқ!
Айтпаймын! Ешқашан!
Кінәлі емен -
сырттай мінеп, өсектеу - кінә деген:
өтірік емес, шындықты өзіне айтқам
және ол құсап менменсіп ісінбедім.
Түк ұқпады...
Тек содан ішімде мұң.
* * *
Арманшылдау көңілің үмітке еріп,
кезің қайда жүретін күліп, сеніп?
Ақ көңілмен жаныңа келгендерге
қарайсың күдіктеніп.
Бұрынғыдай
жарқылдап тұра қалмай,
отырасың - сыр бермей,
сынағандай.
Қандай оймен келді деп
алдыңдағы
біреу саған жіберген сұм адамдай.
Іздегендей кемшілік, міндерін де
сөзін аңдып,
жақтырмай күлгенін де,
міз бақпайсың, балам-ау, елтімейсің –
ұқсамайсың өзіңе,
мүлде, мүлде!
Күдіктену - соты емес
ақ, қараның,
сеніп келген көңілді таптамағын.
Жалғыз қалар міні жоқ дос іздеген –
достарды сақта, жаным!
* * *
Біреулердің ойынша,
байлығы - арна
мен жатамын тірлігі жайлы жанға.
Таңданады:
«Жырымен, атағымен
мұның-дағы басында қайғы бар ма?..»
Кейде бойды билеп ап жалын желік,
қамсыз өмір кешесің сағымға еріп.
Қайғырасың, жанасың
қара Жерде
Адам әлі жүргенде жәбірленіп.
Өрлегенмен Айды аттап, қиыр барып,
өзің аман,
болғанмен үйің жарық,
ақиқаттың алдында бас ию де
бара жатқан секілді қиындалып.
Саналымыз, созамыз Күнге білек,
шуақтар мол, тұрмайды гүл де жүдеп.
Сөйткен сайын күрделі адамдар да,
өмір сүру одан да күрделірек.
Оқтар да бар жететін күші мыңға,
адам емсіз кеселден қысылуда.
Соның бәрі жонады жүйкелерді,
көтереді қаныңның қысымын да.
Көйлегімнің көлбеңдеп гүл етегі
көрінгенмен,
ой кешіп, күн өтеді.
Жер-үйімнің қалыпсыз демалысы
қағылездеу жанымды жүдетеді.
** *
Өмір заңы: тіршілік үзілмейді,
жалғасым — сен, болмайын бүгін мейлі.
Сендік өмір өзіңмен біте ме ертең,
қалай содан жүрегің түңілмейді?
* * *
Қызықтаймын жат жердің модаларын,
гүл шыққандай тасы да сол араның.
Мұхиттарды жағалап ассам да әрі,
туған жерге бәрібір ораламын.
Көрінгенмен мықтылау жат емені,
ана құшақ, ақ бесік — әке жері.
Жарып шыққан жүректен өлеңдерім
Отаныма жетелеп әкеледі.
Жырым менің - тамырым, тілім менің,
жұмыр жерде қаз басып, жүгіргенім.
Мен өзімді адамша сезбегенім –
тыңдамаса тұшынып үнімді елім.
Жырым менің — Отанға оралғаным,
туған жерсіз — тамырсыз солар бағым.
Оралғаным -
қаныма жусан иісі
жетпей,
дертті болғаны содан жаным.
Ұғын мені, анашым, сырымды аңда:
өлшенбеген мәңгілік ғұмыр жанға.
Мен жоғалып кетуім мүмкін емес
туған жерде көктеген үнім барда!
* * *
Үстімдегі киімім, мүлкім - бәрі
шетелдікі.
Ұмыттық қыр тұлғаны.
Супер шалбар - мұхиттың әрі жағынан,
ақ жемденіп, тұрғандай жыртылғалы.
Көйлегім де Балканнан әкелінген.
«Біздікі екен тоны» деу - қате мүлдем.
Қымтаймын да поляктың бояуымен
жүрем ылғи әдемі, жат ерінмен.
Кірпігімде — Римнің түнгі реңі,
туфлиден париждік түр кіреді.
Жапондардың жасанды шашы барда
астындағы селеуді кім біледі?!
Кербездер де керіліп қас-қабағы
таңданады. Қалмайды басқа амалы.
Кеудемдегі Бағдаттың хош иісінен
ық жағымнан өткендер мас болады.
Айыптама ерсі деп мұнымды, ана:
заман жаңа бұл күнде, ұғым жаңа,
киім жаңа, түр жаңа,
тексіздіктен
сақтап жүрген
мені тек тілім ғана!
* * *
Балам-ау, сөкпе мені
(баяғы кез
мұнымды шет дер еді):
перзентінің гүл дәурен күн кешкенін
қай ана жек көреді?
Қыс барын жазда ескермей,
ғұмыр кешкен көрмедім жанды еш сендей.
Жас өмірде жүресің неге бұлай
бәрінен баз кешкендей?
* * *
Туғанмын шөл далада
(шөл - тұздалған терідей
сордақ ана),
біледі адам тамсанса таңдай кеуіп,
тамшы судың қадірін сонда ғана.
Тірліктің жан сыңары -
су - өмірдің тарқамас бал құмары.
Біздің ғасыр — шөл ғасыр,
теңіздер де
адамдардан тіксініп, тартылады.
Су мұқтаж шақта нағыз
жасыл орман, желекті бақтар - аңыз.
Қара жерде адамзат сая таппай,
ыстық күнге шыжимыз, қақталамыз.
Таңдайға талғам алмай,
тірлік бітіп, қалғандай шам да жанбай.
Бұлақ нәрін аңсайды адам сонда
тамшы сумен ғұмыры жалғанардай.
Арман боп қаз басу да,
ұмтыла алмай алдағы таңға, шыңға,
ынтығады адамзат мөлдір суға
мөлдірлігі дүниенің аз ғасырда.
Әлемде өзгермелі
күнге күйіп, кезерген сор, белдері,
жүректерге нәр болған жырым менің
шыңыраудың суындай шөлдердегі.
* * *
Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,
(көрмегендей сырт берер - сүріндің бе),
ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен –
өлдің бе, тірілдің бе.
Біледі олар салмақтап шамаңды анық
(ұғу қиын, көрмесең сан алданып),
бір пайдаңның тиерін білген сәтте
жетеді танау қағып.
Сенің үшін әзірдей сең кешуге,
болады олар жақының, елдесің де.
Қолың шығып тұрғанда, дайын олар
«шын досы — мен!» десуге.
Бұлт айналып, басыңның тайды бағы
(бақ дегенің қашан да айнымалы),
әлгі достар сырт қарап,
сонда сенен
жанарын тайдырады.
Кейде бұлтты, кейде ашық таң атқанда.
Адамдардың жүзіне қарап, барла.
Уақыт саған таңдайды дара досты –
сен оған азаптанба!
Достықтарды қайтесің бұлдамалы,
жақса саған сыртыңнан кір-жаланы.
Тек... бұлт торлап, найзағай тілгенменен
шуақты шың қалады.
* * *
Түн жарымы.
Қоңырау шылдырады.
Тақдандым:
«Бұл кім әлі?
Бауырларым...
сау ма екен ел жақтағы...»
Жүрек тулап,
аяғым жылжымады.
Таңдану бар.
Үрей бар жанарымда.
Кім? Дарақы!
Ұйқысыз қаламын ба!
Жүрек, ми да тәртіпке үйретілген,
есептеулі
мезгілің, тамағың да.
Кім болғаны?
Келді ме жат сынауға
түнгі аяз, ақ қырауда?
Ешкім дауаламайтын жайшылықта
бұл есікті мезгілсіз қаққылауға...
Жұмыстастар...
жоқ...
менде тағат қашып,
ойларым қабаттасып
топырлайды, есіктің тұтқасына
тұрдым,
ұры адамдай,
қарап сасып.
«Біздің үйде қуаныш!
(дәті қалмай
достар кірді,
менде бір заты бардай)
Бөлісуге өзіңмен
саған келдік –
қуанғаннан тым-тырыс отыра алмай!»
Елжіредім. Жылжыды жыбысқы мұң.
Достарым, дұрыс мұның!
Тілеп тұрдым
тек қана
қуаныштан
бұзылғай деп ұйқым мен тыныштығым.
* * *
Тіл табудың жүрмін-ау таппай да ебін,
Маған біреу шашады оттай демін:
«Қайғыма ортақ болмадың, сүйтпедің, - деп,
өз тірлігім, өз қайғым жоқтай менің.
Көңіл деген сұлуды жықпай жүрек,
кейде соны ойланбай ықтайды кеп.
Өкпелейді адамдар бір-біріне
мені неге түсініп ұқпайды деп.
Оралмайды өлгендер - жыла, мұңай,
өмір солай қашан да сынағы бай.
Қасіретімді бөліс деп міндетсиміз
қайғымызға басқалар кінәлідай.
Жұрт жүргендей ісі жоқ, жаңғақ шағып,
қайғыға ортақ етеміз зарлап, талып.
Менің ішімдегіні біліп ал деп,
дәметеміз өзгеге салмақ салып.
Жырақтаса, көреміз жауыз жандай,
міндетсімей жүрмейміз, арызданбай.
Өз тірлігін қоя сап жұрттың бәрі
көңілімізді табуға қарыздардай.
Шыным, ана, жазғырма, ессіз деме,
басқалардан бөлек боп өстім неге?
Міндетсиді жұрт неге? Мен жүремін
арқалатпай қайғымды ешкімге де.
* * *
Балам,
пікір-ойларың заңды екен бек,
бірақ мұның жараспас жанға сергек.
Қалай,
жұрттың бәріне шаң шашқаның
бір пасықтан көңілім қалды екен деп?!
Ақылдылар,
ойлашы,
өстер ме еді,
жеткен жерің осы ма өскендегі?
Бірақ саған мұң шағып, өкпелесе -
жақын тұтып, ол сені дос көргені.
Жүйрік ойлы болсаң да шексіз санаң –
өзгелерсіз өлшенбес екпін, шамаң.
Адаммын деп жүргенің бекер сенің
өкпе айтпайтын болса егер ешкім саған.
Жалғыздықтың күні де қараң, жаным,
досы жоқтың қайғы-мұң қамар жанын.
Әркім өзін құдайдай сезінгенмен,
бір-бірінсіз түк емес адамдарың.
Ортақ
Жерде тағдырдың күш, заңы да,
қарамайды даңқыңа, түс, қаныңа.
Қайғылыға қылышын кеземейді
ат құйрығын үзіскен дұшпаны да.
Ұлылық деп ұғынба
өзіңді елден
бөлек ұстау. Жолың жоқ безінгенмен.
Артық қайғы болмайды адам өзін
ешкімге де қажетсіз сезінгеннен.
* * *
Ана,
Бугін қуандым!
Қуандым мен!
Табысқандай өзіңмен,
сылаң жырмен!
Қуанышым ұмытты-ау мені осы деп,
жаным жүдеп жабырқап, жылап жүргем.
«Қалқам!
қалай, саулығың жақсы ма?» - деп,
(бұл дүрмекте кімді-кім жатсын елеп)
мейіріммен бір апай амандасты,
толқып, әрең тұрдым мен жасты бөгеп.
Бәсекесіз,
тартыссыз өнер қайда,
біреулерге өмір де, өлең де айла.
«Оның жолы — ерекше. Қойыңдар!»—деп,
бір ағайым жеткізді төбемді айға.
Ана,
осыған қуандым, дірілдедім,
жаңғырықтай жылысты
түңілген үн.
Қуанышым сыймай тұр, өзің жоқсын -
жаны калмай қуанар кімім менің?..
* * *
Жүрсем деймін көңіл шат, гүлді алаңдай,
жанарыма, жаныма мұң қамалмай.
Жақтырмайды біреулер, менің үнім
желкесін тырнағандай.
Қарасады
бағзы бір шыңдары да
(шың дейміз-ау төбедей тұлғаны да!)
мен айыпты секілді
табиғаттың
туғызған жырларына.
Сүйсінгенде әніме тәнті халық,
дақ түскендей басқаның даңқына анық
қуанбайды,
жүргендей мен солардың
талантын тартып алып.
Біледі олар:
өмірім, әнім, гүлім,
қуанышым, жастығым, сәнім де – үнім.
Мақтамасын. Неге олар дірілдейді
айтуға әділдігін?
Мінезіме ойнайды ессіз кейде,
бұдан бірақ жүрекке кек сіңбей ме?!
Әлде жырдың көгінен жұлдыздардай
тез ағып өтсін дей ме?
Асығамын мен содан, аласұрам,
(біле тұра қажетін сана, шыдам)
жарылсам да,
кетем деп атқылатып
жыр селін шарасынан.
* * *
Көрінгенмен, жат, ерсі саған бәрі,
қарсылықтар ежелден - заман заңы.
Тартыстар мен күрестен тұрады өмір
Жер үстінде тіршілік жаралғалы.
Өзі өрлеуге тырысқан шағында адам,
адалдықтың арына бағынбаған,
таланты жоқ іскерден күт бәрін де!
Сенің жауың - жырларың, жаным балам!
Ондайлармен өлшеме жанның бәрін,
ұғатындар бар сені, бар құндағың.
Қанша тағам жесе де біледі адам,
қоламтада қызарған нанның дәмін.
Жеңілістер болады,
жеңістер де,
гүл өнбейді көктемде тегіс
Жерге.
Қалың қарлы, бұрқаған қыстан кейін
өнімдірек келеді жемістер де!
* * *
Тірліктің бар азабы,
тауқыметі,
үй қамы,
бала, жары,
тобырлардың мылжыңы,
бағалары,
салқын, жылы көздердің қарағаны
адамзатты
сағаттап жұқартады,
минуттап жаза алады -
содан жанның қуаты жаңарады.
Бұл азаптар түк емес.
Азаптырақ
ақынды ой қамағаны:
асау ой бұлқынғанда,
сөз - маржандар
жиылмай гүл-қырманға,
мың құбылып жанар ма,
түр-тұлғаң ба –
ұқсап
дауылды айдында ақ желкенің
дал-дұл боп жыртылғанға,
кенет... әлем, сосын сен - қос құдірет,
қайталап күлкіңді арна...
буындырып ой-толғақ азаптайды
ақындар жыр туғанда.
Тыныстап зорға жаңа,
отырғандай әл кетіп жолда дара,
сағым - тірлік бұлаңдап,
жете алмастай
алдағы сол қараға...
Азапты ойдың жемісі - елік-жырым
оқырманын ұйытып, торға ала ма,
жүректер толғана ма –
менің құйттай бойыма күш құйылып,
өзімді Адам сезуім сонда ғана!
* * *
Тайдырса да басынан бақ шынарын,
жалғыздықтан сақта деп жас бұладым,
жабыққанда жанында бола көр деп
құлынымды халқыма тапсырамын.
Жүрегімнің жосылған жасты зарын
жанарыңның отымен басшы, жаным!
Тайғанақты жолдардың тылсымында
жалғызымды тағдырға тапсырамын.
Өмір деген - өрелі тасқын, ағын,
білем оның жалқыны жатсынарын.
Ағыстардың ағыны алқындырса,
айдын кезген желкенге тапсырамын.
Жаным елтіп аялар жас құрағым,
жалғыздықтың жадаулау жақ шырағын...
Мәңгілікке хош айтып, мен өзіңді
ең алдымен өзіңе тапсырамын.
Арман қуып талпынған басты бағың –
жүректерге от-сәуле жақсын әнің!
Түнек басқан түнге емес,
мен өзіңді
шуақ шашқан таңдарға тапсырамын.
1978



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үш қара

  • 0
  • 0

Мен туған үш ауыл бар бұл далада,
тұрады бір-біреуі мың қалаға:
Қарауыл, Қарауылкелді, Қарасазым, -
мен үшін үшеуі де құндақ-ана.

Толық

Кешір мені...

  • 0
  • 0

Өзіңсіз жүре алмайды екенмін-ау,
көңілден кез болар ма кетер қырау…
Алдыңда кінәлымын, кінәлымын,
не керек өкінішпен бекер жылау.

Толық

Көгершін

  • 0
  • 0

Көшедегі халық тәмәм
аспан жаққа қарасады:
көгершіндер қалықтаған
көк жүзінде жарасады.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар