Тереңдік – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Тереңдік» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1531
Дала шарлап шілдеде,
шөлдеп келе жатқан ем.
Айдын кезген Күн – кеме
қоналқы жай тапты әрең.
Аңқам кеуіп мен келем,
ұрттам суға зар болып.
Серік қылған желменен
қашан бітер шаң қорық.
Жатса сусыз жылап маң,
ән түгілі, жан қайғы.
Тұзды сорлар жырақтан
айдынға ұсап арбайды.
Дала зәмзәм кәусарын
қойған терең жасырып.
Оны алуға қанша күн
жер қазасың бас ұрып.
Түсіп мұнша сарсаңға,
жанды неге қуырам –
болмай ма нәр алсам да
сордың ащы суынан?
О, тереңдік, жанды үгіп,
жатпас елеп сені ешкім.
Қуат берер мәңгілік
кәусарыңа не жетсін!
1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері