Өлең, жыр, ақындар

Маңғыстауым

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1132
Көз суарар ну да жоқ есің кетіп,
Мәуе де жоқ талмайтын несіп етіп.
Ғажап... қалай таңдаған әулиелер —
Маңғыстауды мәңгілік бесік етіп?
Болды ма екен нәрлілеу дәмі бөлек?
Әлде аққудай арманды әнін елеп?
Риза ма қу шөлді қорғады деп,
Батыр елді жатыр ма желеп-жебеп?
Тапшы жусан күймеген кәні бір түп,
Жаның жара, Маңғыстау, тәнің тыртық.
Сан ғасырлар ет жыртып, тер төккенмен,
Аруыңның иіні әлі жыртық.
Күй көкірек, жан жалын, ән көмейлі,
Тоңы тозық — кемшілік сәнге, мейлі.
Ән шырқайды Маңғыстау, күйін тартып,
Қайқылар мен сәйкілер жан демейді.
Еркін өмір талай ер аңсады көп,
Бауыр атқан, қаншасын жалмады оқ.
Ессіз ұлдан арқаңа салмақ түсіп,
Аға ма тер маңдайдан "Тамшалы" боп?
Дау-жанжалға тұра ма ғұмырларың,
(Ой төркінін, ақынның, ұғын жанын) —
Жымыңындай жұлдыздың қас қағым сәт,
Баянсыздық белгісі — "Жығылғаның".
Бақ шапаны жарасар тұлғалыға,
Сол себеп пе иықта тұрғанына.
Таңдандырар Маңғыстау топырағы,
Қалыс қалмас адуын ұлдары да.
Демеңдерші мақтаба құқылыға —
"Адай жылқы", асыл мал тұқымы онда.
Жұмыр жердің бар кені бір өзіңде,
Үлкен көлі, ең терең шұқыры да.
Әр тозаңнан етіңе қан тиеді,
Ой мен қырда сан зират, сан киелі.
Сүйінқара жерленген, Шотан, Қонай —
Сисем-Ата — адайлар пантионы!
Әр молаға басынды иіп осындағы,
Сонда ұлыға ұлылар қосылмағы.
Қырда — Бекет, Ойдағы — Саназармен,
Үш жүз алпыс және екеу, сосын, бәрі.
О дүние есігін тірі аттаған,
Өмір сүрді өзіңде "Пір" атты адам.
Ер Бекеттің басында екі бұлақ,
Ащы, Тұщы арасы бір-ақ қадам.
Бар ырысты топырақ көрем сенен,
Атақ алыс кетпейді өнерлі елден.
"Қайқылар" мен "сөйкілер" әлі тірі,
Жарлы емес Маңғыстау кемеңгерден.
Бәрін ашпай азғана ымдамақпын,
Кейде аңызын байқамай шынға жаптым.
Маңғыстауым — ғажаптар көрмесіндей,
Қайсібірін айтайын, мың ғажаптың!

10.01.1994 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ауыл жыршысы

  • 0
  • 0

Әлi есiмде, әңгiмешiл кiсi едi,
Тыңдататын, түртiп қалып “е деш” деп.
Өткiр көзi өңменiндi теседi,
Қарағанда саған да ендi кезек кеп.

Толық

Наурыз-Ата

  • 0
  • 0

Қош келіпсіз, Наурыз-Ата,
Киелімсің бас иетін!
Адам қолдан жасамаған
Алла берген қасиетін.

Толық

Жайық бойында

  • 0
  • 0

Бір сарынды сезем жеткен жырақтан,
Елестейді бір көмекей жыр атқан.
өз үйімдей, жайлы мекен, ғажап-ай,
Бір-ақ түнеп, атырсам да бір-ақ таң.

Толық