Өлең, жыр, ақындар

Сексен дүре

  • 05.06.2022
  • 0
  • 0
  • 417
1. Төзім мен ыза
Елге, не ер — қажет пе жауыр төзім?
Сыйлай ма ол кісіге тәуір сезім.
Жауы түгіл шешендер бауырының
Көтермейді бір ауыз ауыр сөзін.
Сескендірмес жастарын алыс-жұлыс,
Қаныңа-қан, жанға-жан — таныс бұл іс.
Ұсталардың лыпыған қанжарындай
Жүрегінде шешеннің намыс — қылыш.
Сәтсіздікке көрмеген налып тегі,
Қан құсқанға қайғырмас, алып па, елі?
Қақпандағы бөрідей азуымен
Қиып кетер сирағын халық па еді?
Бір қарпыған, олжасын, шайнап жұтпай,
Мәймәңкесіз турашыл, жалғанды ұқпай.
Сар құмырсқа кеулеген, енді отыр,
Алда төмпек басында қалған жұрттай.
Арман қанша, алданыш, наным қанша,
Шерің қанша, сыздайтын жарым жанша.
Тұла бойың қайнаған кек пен ыза,
Күресерсің бір қасық қаның қалса.

2. Бала Шәміл
Бостандықтың бойына нәрін жиған,
Жалықпаған айтудан әнің иман —
Ту көтерді батыр ел ер жігіті,
Ауызда Алла, жанда кек — Шәміл имам.
Ұл туыпты сол күні көрші қатын,
Сол әйелдің тыңдапты ерлер "дат"-ын —
"Ер болар ма елінің туын ұстар
Қояйыншы ұлымның, Шәміл, атын!"
Бала біткен соғыста тез есейіп,
Он жасында болыпты әке шейіт.
Жирма жасқа жеткенде жалғыз қапты
Төмпешікке толыпты "ата бейіт".
Қару алған қолына он бесінен,
Аянамын дейді екен мен несіне.
Шаңырағы шайқалды талайлардың
Ұрпақ оты кім білген сөнбесіне.
Жігер жасып қалмасын деді қақсап,
Қалу міндет азат қып елді сақтап.
Ошақ оты әр жерде өшіп жатты,
Отан отын сөндірмеу еді мақсат.
Орыс, шешен — талайы қасапталды,
Кісі өлтіру ерлік боп — лақап қалды.
Бар ғүмырын өзгені жоюға арнап
Отызға да сол Шәміл тақап қалды.
Атақты етер жігітті айла мықты,
Бақытты етер бір-ақ ұл жай халықты.
Сәтті туған ер жігіт өжет елдің
Оң қолына көсемнің айналыпты.

3. Шәміл имам анасы
Сұңқар сынды ерді де ана табар,
Жер құртындай езді де ана табар.
Міне ғажап, шүйкедей бір кемпірден
Қанішер де, патша да пана табар.
Сырын ашқан, ақтарған жан асылын,
Шағынарлық өмірдің жаласы мың.
Шәміл имам қасиет тұтады екен
Өзі түгіл әр сөзін анасының.
Бір ғұмырлық соғыстан қажып біткен,
Ел азайды, таусылып азық біткен.
Қайрат кеміп, қажалып намыс-қылыш,
Жас жетілмей, қарт тозып, азып тіптен
Елі бір күн Шәмілдің анасына
Жалынады, амал жоқ, шарасыздар... —
Бір тапсырма тапсырсақ ел атынан
Ұлыңызға айтуға барасыз ба?
Жетіп жатыр хабарлар алыстан да,
Қан жұтыпты орыспен алысқандар.
Дағыстаны, армяны, французы,
Грузині — сынасып жарысқандар.
Бағыныпты қазағы, қырғызы да,
Алыныпты даласы, қыр, құзы да.
Қара теңіз, Балтығы — бодан бопты,
Бар Әлемің орысқа жүр қызыға.
Жарты әлемді алыпты, күшті дейді,
Ұят таңба намысқа түссе мейлі.
Күрестерге алдағы ұрпақ керек,
Жас жетісіп, толысып піссе дейді.
Ел айбынын асырдық аспандатып,
Зеңбіректен от шашқан жасқанбадық.
Жағаластық көппенен, күштіменен,
Барады ауып бұ күнде бастан бақыт.
Ана сөзін санама надандыққа,
Ақылға кел, қатыгез заманды ұқ та —
Депті анасы, ел ойын баян етіп, —
Басқалардай көнелік бодандыққа.

4. Сексен дүре
Сабырлы еді, ер ме ол асығатын,
Хабар қатты соқты да басына тым —
Тұрып кетті көзінен жарқылдатып,
Шәміл имам ағызып "жасын" отын.
Анасына сөз айтпай кетті тұрып,
Көкірегін от кернеп, кек тығылып.
Үш күн бойы шықпады мешітінен,
Тек тектіден шығады текті қылық.
Бізді осылай намысты етті Құдай,
Соны ұрпақтың жанына ектік ұдай.
Қолбасылық, мұсылман парызыма
Дұрыс көрдім, тыңдаңыз, депті былай:
Өзің Алла қайрат бер, парасат бер,
Ар аттамас ешқашан парасатты ер.
Ел қамы емес өз басын ойлайтындар
Анасына салыпты жарақат дер.
Мынау әйел, қараңдар, менің анам,
Бір оқыс іс ойға алдым, демең надан.
Тірлік деген тәуелсіз өмір сүру,
Түсінбейсің, болса оны, төмен санаң!
Ар қорғамақ — ер ісі, қорықпаңыз,
Ер жеткізер жас ұлды жорық, нағыз.
Өз жұмағын табады шейіт кеткен,
Жан қорғамақ — Алла ісі, торықпаңыз.
Ұлт мерейі құс емес қапқа салған,
Қайта ұшпайды қорласаң, жақтаса алман.
Тірлік мәні намыста, дақ түспеген,
Қасиетін халқымның таптата алман.
Ақыл айтып, халықты бек сендіре,
Пайда салып жауыңа, өшпендіге –
Жүрген жанға, ағайын, кешірім жоқ,
Жазықтыға соғылсын — сексен дүре!
Дүре соғу Шәмілге тапсырылды,
Тау қыраны, бір соғар қасқырынды.
Шәміл имам бұйрығын екі ету жоқ,
Ұят оты өртеді ақ-сұр ұлды.
Бүкіл ел боп сезінді анық сынды,
Түсінгендей боп қалды халық шынды.
Анасының тәніне жара салып,
Шәміл имам теңселіп, талықсыды.
Санап алғаш ұрылған он дүрені,
Тоқтап қала жаздады ұл жүрегі.
Жармасыпты Шәмілдің қамшысына,
Жетер енді, тоқташы, болды, деді.
Қалған жетпіс дүресі менің еншім,
Көңіліне елімнің сенім енсін.
Аямай соқ қалғанын аттас бала,
Намыс үшін қол жұмсау сенің еншің!
Сексен дүре солайша соғылыпты,
Намыстының қашанда қоңы мықты.
Міне бүгін азаттық алған күні —
Дүре соққан Шәмілдің жөнін ұқтым.
Азаттықты сұрарсың қайда барып,
Оны ешкім бермесі айдан анық.
Шешен елі Әлемді дір еткізді,
Тағы да бір намысын қайрап алып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Секілдімін бақытты

  • 0
  • 0

Секілдімін бақытты — бәрі де бар,
(Қол қысқа боп біреулер бәріне зар).
Байлық та бар, бақ та бар, атақ, даңқ,
"Арман жоқ дер" ілінген біріне азар.

Толық

Жақындайсың бір аттап

  • 0
  • 0

Қалмайды адам бұ пәниді тұрақтап,
Мәңгі өмірге жақындайды бір аттап.
Мына сөзді, тыңдап көрші, ағайын,
Бір ойымды болдым елге сынатпақ.

Толық

Сырласу

  • 0
  • 0

Тұрпайылау болғанмен түрім менің
Түсінсейші, жан досым, жаным нәзік.
Сенің маған наз айтар бар ма жөнің,
Айтқызбай-ақ жүрекпен тұрам сезіп.

Толық

Қарап көріңіз