Өлең, жыр, ақындар

Анасы мен баласы

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1062
(Айсәуле анам мен досым Әбішке)

Ауырсынбас емшектің жарасын да
Ұрпақ үшін жан қияр шарасызда.
Әйел бағы неде екен, ол бір жұмбақ,
Ана баға ержеткен баласында.
Әулиедей көремін, таза, шыным,
Ажарына көз тоймас анасының.
Ешбір елден, еш жерден көрген емен,
Ақжаулықтың соншама жарасымын.
Өзі ұшырды қыран кез — қарашығын,
Өзі қолмен қалады дала шыңын.
Жалғызына сыйлапты — өз басының,
Екі жұрттың жинақтап бар асылын.
Зәбір берсе аяқтан шалып үстем,
Қорланды ма, жесір боп, налып іштен?
Жар сүюден тек қана ауыз тиіп
Ұл сүюдің шарасын қанып ішкен.
Айсәуле атты — Күнсәуле , о анашым,
Мен де өзіңдей ананың баласымын!
Бір туар ұл сенікі, мойындаймыз,
Сенің ұлың — ерекше, дара, шыным!
Төлді таныр қазақтың дана шалы,
(Ұл әлпештеу халқына жарасады).
Тым ертелеу ержетіп, көзге түсіп,
Өтіп кетті ойынсыз бала шағы.
Жөнге салған мектептің көп тентегін,
(Сен осындай ғажапқа кез кеп пе едің?).
Бар болғаны оқушы, қара бала,
Директордай билеген өз мектебін.
Жарасатын күлгенде ақсиғаны,
Кім жек көрер көркем көз, тас бұйраны.
Талай сұлу өз жанын қинағанмен,
Бұл қыздарға махаббат аз сыйлады.
Жауап іздер — өмірден, сұрағы көп,
Өмір — таным, ол үшін, құралы тек.
Ойын-сауық, думанды тежей білді,
Ғашық болды тек қана бір-ақ рет.
Тынар сәтін күтеді бір іс неше,
Алсаң жақсы және оны дұрыс шеше.
Әлі бойдақ Әбекең жүрер ме еді,
Бір қыз өзі қозғау сап кіріспесе.
Кей келін бар бақытқа шіренеді,
Баптай алмай жүрсе де бір енені.
Ене көрген келіндер ел тірегі,
Бәйбішелік, тым жастай, түр енеді.
Кенде емес ашудан құр алақан,
Әбекеңді қызықтап сұраған жан —
Местің аузын шешеді жиып келіп,
Барлық өшін алады бір адамнан.
Сол адамы алыптың тірегіндей,
Мәңгі "тікен" қадалған жүрегіне.
Ержігітті үйінде сынатпауға,
Қарамады сонша жыл, күле кімге.
Адам деп тек сыйлады туысты да,
Жауап қатпай құтылар "шуу ыссыға".
Қара бастың қамына атсалыспай,
Ағайынмен азғана суысты да.
Барлық іске етеді Әбіш пайым,
Ау, ағайын, ойлашы Әбіш жайын!
Тай жарысқа қор қылма тұлпарыңды,
Ол тістесер, ойға алшы шабыс жайын!
Айлалы өмір астарын аңғартпады,
Жата алмады тағдырды таңдап тағы.
Мол билікті "достардың" арқасында,
Белгілі оған — керзі етік, солдат бабы.
Отыра алмас патшалар күш тасқанда,
Атақ керек — жерде де, тігіті аспанда.
Оқ өтінде қалғанды, сол бір жылдар,
Ұлы Қытай, Ұлы Орыс ұстасқанда.
Көзім көрді сол жылдар қиналғанын —
Аяқты — етік, өкініш — қинап жанын.
Шинель шешіп, қарусыз қайтқан күні
Көзім көрді қанша дос жиналғанын.
Шыдай білген енді-енді, көзіріңе,
Қанағатшыл қолда бар мәзіріне.
Аттан салмас қара бас қамы үшін,
Көне берер замандас зәбіріне.
Зорлық көрсін жауынан, тасыр ұлдан,
Құқай көріп жатса да ғасырыңнан —
Аш-тоқтығын сездірмес, бөрі жүнді,
Әбіш жаны тереңге жасырынған.
Сезім содан атады буырқанып,
Асыл зерге жиек қып суыр тағып.
Мұхит ойдан маржан сөз толқып шыққан,
Танытады ерекше — суыйды анық.
Қатты ызаға буылса, буырқанып,
(Аулақ жүрер сондайда қуың танып) —
Енді-енді тұтанып кететіндей,
Күрең қошқыл тартады суып, жанып.
Кейде жуас "шабаның" қойға мінер,
Шат кезінде оны тек тойға жібер.
Бірақ сергек, бұрқ етер от тигізсең,
Намыс-ашу бар кезде бойда жүрер.
Ыңғайыңда, кей-кейде, бала дерсің,
Қатепті нар — артық жүк сала берсін.
Сан сұрақтың жауабы бір өзіде,
Отың сөніп асыңды шала жерсің.
Бар салмағы басында, теңселеді,
Таң атырар кеңесіп келсе теңі.
Олпы-солпы денесі мол пішілген,
Еске салар шалқақтау еңсе нені?
Қарқылдаған шынайы күлкісі бар,
(Ондай кезде әзілмен сілкісіп ал).
Сол сиректеу күлкіні шақыратын,
Аққошақан дейтұғын бір кісі бар.
"Адам" деген иесі ғажап аттың,
Ар-ұжданды әуелден таза бақтың.
Парасаты танылды жақсыларға,
Тағын берер, хан түсіп, азаматсың.
Табиғатқа, шындыққа — жастан кішік
Десем айтпас, жатыр деп мақтан пішіп.
Басың сыйлы, таныды ел, жансың қазір,
Жаяу қалар жолаушы аттан түсіп.
Сен бақыттың жолықтың таудайына,
Қалыс қалды бәсеке, дау жайына.
Нарын міндің мақсаттың, елемейсің,
Кейбір пасық жабысса шаужайыңа.
Қиын екен дос болу ірі адаммен,
Отырғаның кішік боп, кіл алаңмен.
Іс-қимылы кей-кейде деп тұрғандай,
Тірі жүрген ортаңда — "Пір адам" — мен.
Аузын ашса көмейден маржан төккен,
Ой толғаса тілдескен, арман, Көкпен.
Жұрт басынан Әбекең алады екен,
Өз басына уыстан зардан, дерттен.
Ауырсынбас емшектің жарасын да
Ұрпақ үшін жан берер шарасызда.
Әйел бағы неде екен, ол бір жұмбақ,
Ана бағы ержеткен баласында!
Құмда туып айналған — Ала шыңға,
Өз бағы емес ел қамы — санасында.
Ердің бағы неде екен, ол бір жұмбақ,
Елдің бағы сөз ұстар баласында.

13.01 - 15.01.1994 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Уайым ба?

  • 0
  • 0

Уайым ба тәйірі,
Қара бастың қайғысы
Бағым аз деп мұңаяр,
Қара басып қай кісі.

Толық

Балдырған

  • 0
  • 0

Біз балдырған, балдырған,
Ойынды әбден қандырған.
Енді тентек болман деп
Апайды да нандырған.

Толық

Қарттық

  • 0
  • 0

Шақырса жұмбақ ғалам мұнарлана,
Аңсапты көкжиекті құмар бала.
"Арман тау" айналды енді төбешікке,
Қажеті азғантай-ақ шыдам ғана.

Толық

Қарап көріңіз