Өлең, жыр, ақындар

Махамбет туралы аңыз

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1026
Нарынның тау, тау қызыл-жасыл құмы,
Үстінен басып бұлттай ғасыр мұңы
Тұрған кез... Бабам құл боп, әжем күң боп,
Жұртқа жұт ханның Жәңгір ашынды үні.
Отырды тағында хан — түсі суық,
Еріксе, ит жүгіртіп, құс ұшырып,
Еңсесін көтере алмай ел өксіді,
Өмірдің жазы орнынан қысы шығып.
Жабырқап Жасқұс құмы хан орнаған,
Халыққа шашып зәрін хан ордадан
Қайғының қайығына жүзгенде елі,
Аттандап туды бір ер табандаған.
Қиялдай қиссадағы ерте күннің
Батыры емес бұл ер ертегінің,
Елінің кекке туған ер перзенті
Махамбет еді ол шыққан шерте мұңын...
Тас тескен оғы да оқ, сөзі де оқ,
Жауына болды атылған өзі де оқ!
Бетпе-бет ханмен қарсы қағысқанда
Оқтай бір атылмаған сөзі де жоқ.
— Мен — мен едім, мен едім,
Мен — кімдерден кем едім?
Мен Нарында жүргенде —
Еңіреген ердің бірі едім!
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім!
Атаңа нәлет, хан ұлы-ай,
Қайрасар жерге кездессең,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір шауып ас етсем
Тамағыма қылқаның кетер дер ме едім?!
Деп, сабаз сөйлеп ханға өктем тағы,
Халқының құйған құрыш көк қалқаны!
Найзасы найзағайдай жарқ-жұрқ ойнап
Болды оның көксеуі — ел атқан таңы.
Қабағын қара бұлттай ашу керіп,
Қайыспас Исатайдың қасына еріп,
Қасқайып қасқа азбанға мінді Мақаң,
Халықтық алу үшін басына ерік.
Бекетай, бес қасқадан, Барша құмнан
Қол жинап, жасақ құрып ар шағылдан
Қарыса ханға қарсы шықты батыр
Сарыала саржасына күн шағылған!
Құм түгіл қол дүбірі тас қозғады,
Сол топта кәрісі елдің, жас боздағы!
Шабуға хан ордасын шықты батыр,
Астында томаға көз қасқа азбаны!
Сүйсінген сымбатына көрген елі,
Күшіне ашуы да тең келеді!
Астында азбан көктің табанының
Кең Нарын алақандай дөңгеледі!
Түтігіп құмнан күшті дауыл тұрды,
— Я, сәт! — деп қаумалаған ауыл тұрды.
От алды шиті мылтық — қорғасын оқ,
Тескендей қырық қабат қаңылтырды.
Хан Жәңгір қыр басынан дүрбі салып,
Жауына, бұғып көзін тұрды салып,
Бір кезде қашуға тез, үш пар атқа
Ханымын, ханшасымен жүрді салып.
Түбінен бұғып төбе, сай-саланың,
Ордаға боратты ерлер сары садағын,
Сусыды, жалбарынып сауға сұрап,
Жай кезде мықтысынған сонша ханың...
Аңғал ер ханға нанып, дамыл беріп,
— «Бас идім!» дегенін, шын қабыл көріп.
Шіркін-ай, неге сенді? Хан, патшаның
Жасағы толастан соң жабылды өріп!..
Қарулы жаудың қолы құртша қоздап,
От ауыз көк қарудан оқтар боздап,
Исатай, Махамбеттің тобы ыдырап,
Құм құшып қала барды талай боздақ.
Егіз ер аз нөкермен Жайық өтті,
Aт жалын ақ Жайыққа жайып өтті!
Жай таппай жалындаған жаны кекті,
Жартасқа нар кескенін жанып өтті...
Артында құлазыған қалды Нарын,
Қабағын түйіп, күйіп жанды Нарын,
Ел үшін құрбан болған ерлерінің
Қойнына ақ денесін алды Нарын...
Кетсе де елін тастап Жайық етіп,
Тағы да қауіп алдан тұрды күтіп,
Қамады Баймағамбет хан кәрленіп
Атқызып нөкеріне оқ күмпілдетіп!..
Исатай ашуланып қақты қанат,
Үстінен жатты қардай оқ та борап!
Қапыда қайран сабаз қолға түсті,
Оққа ұшып, әттеген-ай, ақ табан ат!
Махамбет, сонда оттай күйіп-жанып,
Үш кіріп қан майданға бұзып, жарып,
Алуға келіп-ақ ед Иса ағасын,—
Бұйырды ол:
Өзің құтыл! —деп қол жайып!..
Тоқтамас Махамбетті қамалдарға,
Тоқтатты аға әмірі, амал бар ма?
Бір айтты, Исатайда екі айту жоқ,
Амал да қалмады енді табандарға.
Дариға-ай! — осы жері аянышты,
Арманы Махамбеттің жалап ішті,—
Жаздырмай бойын ардың жалыны да,
Қайрады қара тасқа қара күшті!
Ол кезде Махамбетті қудалаған,
Билеуші құмда да хан, қырда да хан,—
Қояр ма, хан-патшаның қалың қолы
Түсірді ерді қолға қу даладан...
Махамбет өлді. Күндей батып кетті
Ішінде кегі тастай қатып кетті!
Ер өлді. Бірақ, оқтан өткір сөзі —
Өлтіріп хан, патшаны атып кетті!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шаттық жылы

  • 0
  • 0

Орнатып ойды, қырды күміс қарға,
Кеудеден кең алдырып тынысты алға,
Жаңа жыл туды қала, даламызға,
Соқтыра заводтарда құрыш балға.

Толық

Кенжебекке

  • 0
  • 0

Кенжежан десе Кенжежан,
Тең емес оған өзге жан,
Чапаевтай кеудесі
Керілсе жанды қозғаған,

Толық

Грузин қызы

  • 0
  • 0

Екі өзен — сұлу Кура, Арагва —
Тоғысқан ағысының торабында
Көз тігіп тұрды келіп толқындарға,
Жас қызы Грузиннің қарады да...

Толық

Қарап көріңіз