Өлең, жыр, ақындар

Ләйлі Мәжнүн

  • 21.07.2022
  • 0
  • 0
  • 647
(Дастаннан үзінділер)

ХИКАЯНЫҢ БАСТАЛУЫ

Тізілтті әңгімеші сөзді бастан.
Өзінің хикаясын етіп дастан: –
Араптан туған екен бір ғазиз жан
Артықша болыпты, – деп, – жұрттан асқан.
Езгілік, адамдығы боп сайма-сай,
Әлемге патша бола дәл туғандай,
Әмірлі бейне араптың сұлтанындай,
Баяғы Қарымбайдай мыңғырған бай.
Мүскінге қайырымшыл; өзінде бақ –
Қауыздың ішіндегі дәніндей-ақ;
Шықса да Халифадай шалқып даңқы,
Қойды оған бала сүю бұйырмай-ақ.
Жарықсыз май шамдайын жанған текке
Інжуден артық құмар бір перзентке,
Бидайдың уыз құйған сабағындай
Ұрығын құштар болды гүлдентпекке.
Ойлайды ол: «Бақыт құсым қолға қонса,
Ағаштай жапырақ жарып тым болмаса,
Гүл атып жүрегімнің үмітінен,
Жайқалып үрім-бұтақ тамырланса.
Тірлікте көз жұмғанша өмір жасап,
Артыма қалдырсам бір нәсіл-нәсап».
Дегенді кеп ойлайды, мың толғанды,
Өзінен көрсем-ау деп, перзентті аңсап.
Құлпырған жазғытұрым көк орманға,
Қиқулап қанат қағып құс қонғанда,
Көрсем мен жапырақ атып жайқалғанын
Қураған ескі ағаштың орынында.
Сондай-ақ тамырланып, өсіп-өнсем,
Болғанын перзентімнің көзбен көрсем, –
Деді ол, – тәңіріме ризамын, –
Ағаштай жапырақ жарған мен гүлденсем.
Аңсады, бір сәбиді таба алмады,
Тіледі, мың ділдәға ала алмады,
Секілді інжу-маржан бір перзентті
Іздеді, таппай жаны тына алмады.
Жоқ затың іздегенде табылмайды,
Себебі көзге де оның шалынбайды,
Жамандық я жақсылық десе дағы
Қайыры болмай ақыр бір қалмайды.
Болмай ма тапқанның да оңбағаны
Жаманның болғанынан болмағаны:
Тапқанын зая кетсе өкінерсің,
Үміттің бола бермес таңдағаны.
Бір жұмбақ мақсатқа үміттеніп,
Қол созып кейде асығад үмітке еріп:
Өзіне не керегін сезбейді адам,
Қажетің тұрғандай-ақ кілттеніп.
Құшты ақыр бір баланы құмар болған,
Сымбаты секілденген лағыл маржан.
Тәңірім шарапатын тигізді де –
Берді оған бір сұлу ұл шамдай жанған.
Жас гүлдей, туды бала, шешек атып,
Бейне бір мәрмар тастай көзді тартып,
Гүлінде, мәрмәрің да тең келер ме;
Олардан мың мәртебе сымбаты артық.
Інжудей – жарқ-жұрқ еткен өңі қандай,
Көркінен күндізге түн айналғандай;
Әкесі көргеннен-ақ көрікті ұлын
Ашты бар қазынасын, жаны жайнай.
Перзентке баға жетпес қуанғаннан,
Нұрланып шешек атып гүлдей таңнан,
Аямай ризалықпен қазынасын
Ортаға салды келіп өзі қолдан.
Жас сәби ана сүтін емген сайын,
Жүрегі езгі сөзге болды дайын,
Тағамнан тамған оған әрбір түйір –
Бойына жарқындықтың жақты шамын.
Жас сәби жаңа ғана өмір көрген,
Сұп-сұлу, ашылғандай, аузы гүлден,
Аймалап анасының ақ төсінен
Шырындай махаббаттың сүтін емген.
Бетіне бояу жақты көз тимеске,
Сездірді жүрегінен бір сырды еске
Өскендей гүлден тәтті шырын сорып,
Өскенін жан төзер ме көзге ілмеске.
Сүтке езген дерсің оны – шырын балдай,
Бесіктен дерсің әлде, ай туғандай.
Болғанда туғанына екі жұма,
Толқыды он бесінде туған айдай.
Буыны өскен сайын бекіп қатты,
Кейіс деп оған езгі қойды атты.
Бір жасқа шығып бала талпынғанда,
Сымбаты көрген жанды таңырқатты.
Бесігі махаббаттың оны әлдилеп,
Сәбиді махаббаттың оты билеп,
Нұрындай гауһар тастың сәуле шашқан,
Ләззәттің отты ұшқыны аспанға өрлеп.
Шыққанда үш жасына ойын ойнап,
Ішінде бау-бақшаның жүрді сайрап;
Келгенде жеті жасқа жайраң қағып,
Албырап қызғалдақтай беті жайнап...
Тоғыздан асып бала онға жетті,
Еліне сұлулығы паш боп кетті;
Қиырдан жүзіне оның көзі түссе,
Жұрт біткен жалбарынып, тәжім етті.
Қуанып әкесі де жүзін көріп,
Мектепке оқысын деп қойды беріп,
Ғылымға машықталған оқытушы
Үйретті күні-түні зейін бөліп.
Көркіне қызыққаннан талай ұлан,
Онымен бірге оқуға құмарланған,
Кейбірі жүрексініп, кейі үмітті,
Оқудың ордасында думан құрған.
Сабаққа Кейіс зерек болды өктем,
Аузынан маржан тастай сөз тізілткен:
Қасында басқа рудан болды бір қыз,
Алқадай меруерт тізген жарқ-жұрқ еткен.
Кіршіксіз қыздық сұлу асыл заты;
Сай келген ақылына парасаты,
Сұп-сұлу қуыршақтай, келбеті айдай,
Бұралып тал шыбықтай бой сымбаты.
Тулатып, – қасын қақса, – бойда қанды.
Бір емес балқытқандай алуан жанды.
Жүректі жандырғандай көз қарасы
Нұрына шомылтқандай жер-жиһанды.
Көркі – арап аспанынан туған айдай,
Өртейді жүрегіңді от жалындай;
Тұлымы қара түндей, беті күндей,
Ақ қарда кезге бүркіт шалынғандай.
Оймақтай кішкене аузы көрік берген,
Секілді бар сұлулық сонан өрген;
Қылығы балдан тәтті көзді тартып,
Келбеті бой балқытқан көрген жерден.
Ашылған сұқбаттаса ой құмары,
Сұлудың төсіндегі бой тұмары
Секілді, ұялшақтау нәзік мінез,
Ғажайып сұлу жырдай жан шырағы.
Артылған сұлулығы анасынан,
Көзінің нұр ойнаған қарасынан,
Әр талы толқын ұрған тұлымының
Нысана – сұлулыққа бағы ашылған.
Бұрымы қара түндей, бойы сәнді,
Атасы тілге жеңіл, аты Ләйлі,
Сол қызды Кейіс көріп ғашық болып,
Жүрегін қосуға оған берді орайды.
Кейіске қыздың дағы көзі түсті,
Жүрегі сүйгендіктен алып ұшты,
Өмірдің кесесінен қыз-бозбала
Шарабын ғашықтықтың мас бола ішті.
Мас бола шарап қиын бірінші ішкен,
Құлау да ғажап емес танып естен,
Татқан соң махаббаттың гүл шырынын
Бір жүрмей төзбеді олар үйреніскен.
Білімнің, жолдастары, дәмін татты.
Бұларды ғашықтықтың лебі тартты.
Сабаққа жолдастары мойын бұрса,
Қос ғашық бірі мен тек бірін тапты.

ЛӘЙЛІ МЕН МӘЖНҮННІҢ БІР-БІРІНЕ ҒАШЫҚ БОЛУЫ
Әр қашан таңнан ерте төгіп нұрын,
Жүсіптің келбетіндей көрікті күн
Шығады көктің сұлу жиегінен
Аспанда алтын арай тігіп туын.
Көрсе ұлан атқан таңның ақ таңдағын,
Көргендей болад Ләйлі ақ бұғағын;
Көркіне жас сұлудың жұрт таңырқап,
Бір көрсе, – қалды тістеп тек бармағын.
Құлпырып қызғалдақтай гүлін атты,
Жүрегі ғашықтардың дабыл қақты;
Көзіне бір шалынса-ақ Ләйлі сұлу, –
Құса боп Кейіс жүзі сарғыш тартты.
Оты өртеп махаббаттың бойда қанды,
Жалынды жан қанжары шын қайралды;
Жүректе махаббаттың шам-шырағын
Жас сезім көбелектей шыр айналды.
Тыныштық, бойларында төзім кетті,
Жанына бір-бірінің ләззат екті,
Қызғаныш жан пернесін әркім шертіп,
Бұл хабар жұртқа желдей тарап жетті.
Таралып бір ауыздан бір ауызға,
Айналды бұл әңгіме бір аңызға,
Томаға-тұйық екі ғашық жүрді
Тұрсын деп, шашырамай, сыр қауызда.
Олардың жан жұмбағын сексен сырлы
Сезген тек қош иісті дала гүлі,
Пердесін сұлулықтың желпіп ашқан
Ұқты тек сахараның жібек желі.
Гулеген басқанынша жұрттың сөзін
Ғашықтар сыр сақтауға етті тезім,
Сөндірмес шыдамдылық сүю отын,
Гүлменен кім жабалар күннің көзін,
Бір рет қас қаққаннан мың сыр тауып,
Сезімің өршімей ме жанға шауып,
Көрсең тек сүйгеніңнің бір тал шашын
Кетпей ме ғашықтықтан есің ауып.
Ғажайып сезім билеп екі жасты,
Қадала бір-біріне көп қарасты,
Торына ғашықтықтың шырматылып
Кейістің ақырында есі ауысты.
Сұлудың жүрегіне болған ғашық
Жігіт нәр ала алмады мауқын басып,
Сәулетті сұлулықтың дүниесінен
Тыныштық көре алмады мауқын басып.
Үзіліп нәзік перне таппай дерек
Суынып сұлық түсті ыстық жүрек, –
Дариға-ай, сонан бері есі ауысқан, –
Кейісті атады жұрт – бір Мәжнүн деп.
Бұл сұмдық сөзді өзі де мақұлдады,
Қоймады жұрт сықақ қып қақылдады,
Аспанда ай да батып, кейбіреулер
Қасқырдай қозы көрген сақылдады.
Айрылып Мәжнүнінен Ләйлі қалды,
Көзінен меруерт моншақ жастар тамды;
Ләйлінің нұр дидарын бір көре алмай Кірпігі
Мәжнүннің де жасқа толды.
Үйге тек келе берді шыр айналып,
Көзде жас, жүректе отты қайғы жанып,
Сезімі сексен серпіп, тоқсан толқып,
Қайғылы күңіренді әнге салып;
Жүруге жүрегінің сырын сақтап
Ойланды, ғашық отқа кім ем таппақ
Жалындап қан қайнаса, жаныңды өртеп,
Жүректен бойға тарап, басқа шаппақ.
Ертеңмен ешбір жанға жоламай-ақ,
Жалаң бас, жүгірумен, жалаң аяқ –
Далаға жөнеледі досын іздеп
Қапаста екеніне қарамай-ақ.
Қайтқанда ғашығынан бір сыр тартып,
Кездесіп, айрыларда өлең айтып,
Жол ұзақ көрінуші ед келатқанда
Оралып таң алдында үйге қайтып.
Барарда ғашығына самғағандай,
Қайтарда жол құшағын жаймағандай,
Мың қанат оған барса байлағандай,
Қайтар жол таудан қамал қалағандай.
Артынан дауыл тұрып сайға қарай,
Еріксіз ғашығына айдағандай,
Ғашықтың өз еркіне қоя берсең
Айналып туған жерге бармағандай.

МӘЖНҮННІҢ ҒАШЫҚТЫҒЫ
Жас Мәжнүн жиһан кезіп жүрген ғашық.
Жүрегі көк теңіздей тулап тасып,
Өзіндей қасында екі-үш достары бар –
Жүреді ол қайғы зілі жанын жаншып.
Ертіп ап жігіттерін таң мен күнде
Барады бұрын Ләйлі жүрген жерге,
Бір рет Ләйлі аты аталмаса,
Қосылмайд ешбір сөзге, ешбір үнге.
Ертіп ап дос-сырласын құрып сауық
Басына сонау таудың Ләйлі барып
Жүріпті, – десеңіз – тек ғашық жанның
Шыдамай шығады есі күйіп-жанып.
Сол тауға бармай қоймад алас ұрып,
Бір тұрып, мас адамдай, бір жығылып,
Жаңғыртып ен даланы ащы әнімен
Көрінген жаққа кетед ол жүгіріп.
Толтырып сол уақытта жасқа көзін.
Былай деп самал желге айтар сезін:
«Соқсаңшы, таң самалы, елестетіп
Ләйлінің бұрымы мен нұрлы жүзін.
Дегейсің – ұшырғаның желге қолдан
Жер құшып, сені ғана күтіп жолдан
Жұтуға таң желімен бір лебіңді.
Сені ойлап, ынтызар боп құса болған.
Жібер де тым болмаса, бір лебіңді,
Өмірде білсін десең тірлігіңді,
Желше есіп сен дегенде кім желікпес,
Не болад аңсамаса бір көруді.
Бермесе саған жанын сый ғып тартып.
Қайғыдан құса болып өлген артық,
От болып ғашықтығың өртемесе
Тасқындай әкетер ед қайғы шалқып.
Көз жасым кел болмаса мөлт-мөлт тамған,
Жүрегім өртенер ед саған ауған,
Жайнатып жер-жиһанды жарығымен
Демімнен менің отты күн де жанған.
Сен үшін жүрек күйіп, қажып жігер,
Жүзіңді бір керуге болдым ділгер,
Ерніңнің шырын дәмін балдан тәтті
Сүйейін, ескен желмен беріп жібер.
Нашарлап жатқан шақта менің хәлім,
Ем болар ерніңдегі шекер-балың,
Кенеттен сенің маған көзің тиген,
Құлағам жанарыңнан, сұлу айым...»

МӘЖНҮННІҢ ЛӘЙЛІНІ БІР КӨРІП ҚАЙТУ ҮШІН САПАР ШЕГУІ
Малынып қызыл жібек күн бір нұрға,
Көрінген көктен бейне алтын сырға,
Аспанға жалын ұра шыққан кезде –
Лебінен кетті балқып жұлдыздар да,
Жүрегі Мәжнүннің де дір-дір етіп,
Сүйікті достарымен жарын күтіп,
Жөнелді жаны сүйген елге қарай,
Әндетіп жұрт алдында бәйіт оқып.
Тыпыршып жүрегі аңсап досын сонша,
Көргенше шыдамады жан таласа,
Басы ауған жаққа қаңғып тәлтіректеп,
Ұрады кейде басын мас адамша.
Жоғалтқан жан жұмбағын сорлы дертті,
Есі ауып, қыз шатырын медет етті;
Араптың әдетінше айдай сұлу
Отыр ед түріп қойып шымылдықты.
Қыз көріп, кете жазды талып құлап,
Жігіт те қоя берді қызға жылап, –
Мелшиіп аспан көктей Мәжнүн қатып, –
Жұлдыздай Ләйлі сұлу тұр жарқырап.
Ләйлі қыз басындағы сәукелесін
Шешіп ап қойды былай, жүз көргесін,
Шерткен Мәжнүн зары қозғап кетті
Ләйлінің кеудесінің қыл пернесін.
Ләйлі емес, – бұл жиһанға таң ғой атқан.
Мәжнүн бір шам-шырақ қой таңырқатқан.
Ләйлі деген құлпырған гүл-бақша ғой,
Мәжнүн деген бір нұр ғой, жаннан артқан.
Ләйлі айқын айдың түскен сәулесінен,
Мәжнүн бір тал шыбықтай сайда өсірген
Ләйлі қыз раушанды гүл еккенде
Мәжнүні суаратын кез жасымен.
Ләйлі қыз – бір перизат нұр жайнаған,
Мәжнүні ноян еді отша ойнаған.
Ләйлі – гүлдің шырыны көз шалмаған
Мәжнүн орман көркі еді күз солмаған.
Ләйлі – ертеңгі арайлы жаз таңындай,
Мәжнүні – сөніңкі оның май шамындай,
Ләйлінің қос бұрымы жапса иығын, –
Мәжнүні құлшылық қып жан салғандай.
Ләйлінің қош иісті шарабынан
Теңселіп секілденіп мас болған жан, –
Мәжнүні ғашығынан нәр алғандай,
Сүюмен бір-біріне құмарланған.
Бойларын бір қорқыныш билеп мықты,
Алыстан бір-біріне көзін тікті;
Ойнаған түн жамылып кездері де
Ұмыт боп, ғайып болып жоқ боп кетті.

МӘЖНҮННІҢ ӘКЕСІ ЛӘЙЛІНІ АЙТТЫРМАҚ БОЛАДЫ
Баратын досына жол жабылғанда,
Бұзылып өтер көпір жарылғанда,
Мәжнүн жас түні бойы күңіренді,
Күрсініп, сүйген жардан айрылғанда.
Асығып жол тартқанда-ақ өз елінен,
Әндетіп көтеріңкі ед әлденеден, –
Жалаң бас, жалаң аяқ жалаңдаған
Өзіндей екі-үш досы жанына ерген.
Ғашықтық тағдыры оның тауын шақты,
Жазғандай маңдайына жаманатты,
Жабырқап туғандары түйсік тартып, –
Суық сөз әкесіне қатты батты.
Әкесі несін аяр баласынан,
Көзінің ағы менен қарасынан;
Істеуге нендей айла шарасы жоқ,
Құса боп лаж таппай жаны ашыған.
«Ләйлінің әкесімен құда болам,
Айттырып Мәжнүніме Ләйліні алам»; –
Деп әке, мақұл көріп дос-жараны: –
Теңімен қоса ағарсын, – деді, – балаң.
Мәжнүнге көнді әке енді айбарлы,
Жайраңдап, жылауды да қойып алды.
Құлпырып үстіне асыл киім киіп,
Жүруге жолға таза дайындалды.
Ол жүрді жолдас-жора салтанатпен,
Оларды үлкен-кіші құрмет еткен.
Жұрт біткен жолын тосып, шығып алдан
Қарсы алған құшақ жайып қошаметпен.
Көрсетіп барған жері сый құрметін,
Сүйікті ишаратпен ашып ниетін,
Билеген бір тайпы елді Мәжнүннің
Сұрады, әкесінің қызметін.
«Бар болса қалап келген бұйымтайың,
Беруге құшақ жайып біздер дайын»,
Дегенде әдейі арнап келген мейман
Былайша баян етті сездің жайын:
«Жұмысым – қызыңызға құда түсу,
Құп болса осы жерде сөзді пішу,
Қаласаң, қызыңызға балам лайық
Қиын ба сөзге келсек, бізге үйлесу:
Қызыңды қисаң көзің шырағындай,
Балам сай болад сенің ұланыңдай,
Ұлымның жүрегі ауған сіз тарапқа, –
Құлаған таудың гүлге бұлағындай.
Көзінен бар бұлақтың су ұласқан,
Су жұтса, шөлдеген жан шелін басқан,
Сондай-ақ, алдыңызда жоғымды айтсам
Айтамын құштарлықтан, ұялмастан.
Паш болған атақтымын бұл заманда,
Бұл тұста менен озған адам бар ма,
Бәрі бар бақ-дәулеттің, қазынам сай,
Қасқа қас, дос бола алам дос болғанға.
Інжуді сен сатасың, мен аламын,
Ұлыма бұлыңды сай деп аламын;
Сатушы сай келгенде, алушы әзір, –
Жеріңе тұрысатын келе аламын.
Болса да қандай товар, бағасына
Келсе – егер, сатқан мақұл аласыға»,
Дегенде, – кезегімен жауап беріп, –
Былайша бастады ол сөзді асыға:
«Айтқаның тоқтам сездің түйіні емес,
Тағдырға сөзді өзгертуге қиын емес;
Сұлу сөзді аузыңыздан естісем де
Қалуым от ішінде сыйымды емес.
Егер де жасасақ біз сізбен достық,
Күшейед достықтан да жүз мың қастық,
Сымбатты болса да ұлың ол үйленіп
Бақ таппайд, еліртіпті жастық, мастық.
Көз көре балан жынды болып жүріп,
Қалайша бола алады жақын-жуық;
Әуелі ауруынан жазып алып,
Сөйлесу жөн емес пе мойын бұрып.
Балаңды ауруынан жазбай тұрып,
Не қажет құдалыққа мойын бұрып;
Созбаңыз әңгімені – інжу-маржан
Жібексіз тізілмейтін бар ғой ғұрып.
Ұрыншақ, білесіз ғой арап жайын,
Мені ертең, тіліңді алсам, не қыларын, –
Деп, оған – мұндай сөзді ұмытыңыз...»
Бітірді Ләйлі әкесі сөз аяғын.
Бұл сөзді есіткенде меймандары,
Қайтудан өзге амал таба алмады,
Маңдайын мұзға ұрғандай сағы сынып,
Тарасып үйді-үйіне аяңдады.
Жандай-ақ әрқайсысы жиһан кезген,
Жаралы жүректері айтқан сөзден,
Іздеді қалай етіп жазамыз деп
Жынданған бұл Мәжнүнді елден безген.
Сонда оны ортаға алып сөз тыңдатты,
Өзгеше ғашықтықтың отын жақты. –
Көңілің ауған жардан мың есе артық
Осында бір сұлу бар – тым сымбатты,
Секілді лағыл, маржан аузы қандай,
Қара шаш жапқан тәнін аппақ қардай.
Көктемнің көркінен де артығырақ
Өзінен бар сұлулық табылғандай,
Осындай тұрғанда жар бізде жүздеп,
Басқаға бас ұрасың несін іздеп;
Ішінен көп сұлудың таңдап алып,
Біреуін айттырарлық, – деді, – көздеп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кабираға

  • 0
  • 0

Қыз болса да жігіт қыз,
Соған мойын бұрыппыз,
Қыздай жігіт болмасақ
Жігіт боп неге туыппыз.

Толық

Кейбір інілер

  • 0
  • 0

Бізде әсем інілер бар
Шынығып өсіп, піскен,
Кейінің міні де бар
Сырттан құр кесіп,

Толық

Мен Октябрь ұлымын

  • 0
  • 0

Қараңғы ащы тұрмыстан,
Қиындық көріп ығысқан,
Құл боп, күң боп жалынып,
Бай табына туыстан.

Толық

Қарап көріңіз