Жиырма алты
(поэма)
Қасірет тартқан Бакудің мұң жүзінде,
Алыс қарап, күткен үміт көзінде.
Үй жарларын жарақаттап жыртқан оқ,
Мұнда аямай адам басын жұтқан оқ...
Темір таға сан таптаған мүйісте –
Жүк тасушы отыр адам, мұңы іште.
Терең ойға батқан бойы құрыстап,
Дем алғысы келеді сәл тыныстап.
Шахтар елдің тарылтқан соң тынысын,
Кетті ол тастап Иранды да, үй ішін.
Бір үзім нан тапсам-ау деп ойланған,
Жыртқан жердей әжім түсіп маңдайдан...
Өмірінің жазы қысқа айналған.
Бел бүгіліп, иіле алмай құнысқан,
Алақаны күс-күс болды жұмыстан.
Терең ойға батқан бойы құрыстап,
Дем алғысы келеді сәл тыныстап.
Бұршақтаған сүртіп терін маңдайдан,
Тағдырының көрсеткенін ойға алған.
Өткен қызық ойына сол түсіп күн...
Қолын созып тұтқасына есіктің
Тәй-тәй басқан балғын сәби баласын
Ойына алып, оның жүдеу анасын...
Түсірді еске бақыт күткен ананы,
Амал нешік, одан да ауыр болады!..
Сәбиге ана омырауына жабысқан,
Жолын меңзеп көрсетеді алыстан.
«Сәулетайым, жылама сен, жырақтан
Келер әкең, – аяр бізді жаратқан.
Қазіргіден нанды да мол алармыз,
Бау-бақша егіп, үйді де біз салармыз.
Көйлек тігіп берермін мен, киерсің.
Дастарханнан тәтті тағам сен жерсің».
Жүк тасушы осылайша ойлады,
Балдан тәтті ойына өзі тоймады.
Ауызынан алды сорған мүштегін,
Жүрегін жеп жатыр ауыр іште мұң.
Жүрек тулап шыдатпады, жалма-жан,
Ұшып тұрды, үн шықпады аузынан.
Сол сағатта оқ тиіп қап басына,
Құлады ұшып көшенің көк тасына.
Шу етті жұрт! Не үшін оны өлтірген?!
Жаңа өтіп еді бір сұм банды тінтінген.
Банды атып байқау үшін наганын,
Басын жұтты сорлы жүкші адамның...
Сәбиге ана омырауына жабысқан
Жолын меңзеп көрсетуде алыстан...
Баку мұңды, қасірет бар жүзінде,
Алыс қарап, күткен үміт кезінде.
Жұрт үндемей бұрыштан тек бұрышқа
Жүріп жатты, күн астында жұмыста.
Желмен мұнай мұнарасы қалтырап,
Жүмысшы жүр қанын ішке тартып ап.
Аштық қуып оларды үйден шығарған,
Еш жәрдем жоқ заңнан, яки құдайдан.
Екі жақтан әскер сабы қозғалған.
Бір жағы – жау, бір жағында – партизан.
Қалада үзім нан жоқ, елді жұт қысып,
Тұрды бұл кез, кеткендей нан көкке ұшып.
«Жасы үлкендер» берді – «тез» деп кеңес те,
Бәрін жасар өз қолымыз емес пе?!
Әйел біткен фәрәнжі сап басына,
Имамның кеп қабырының қасына, –
Қалмады аруақ сыйынбаған, тілемей,
Күн артынан күн етті оны елемей.
Мүгедектер ұйықтады жол басында.
Аңдай бұқты, бала қазан астында.
Оның айғыз басы, көзін шаң басқан,
Балық тиеп келеді арба алыстан.
Келеді ол жол шаңдата асығып,
Өткіншіні тұрды тек түн жасырып.
Аштық зарын жатты тартып есіл жер...
Шаңды жолмен өтіп жатты эсерлер,
Эсер досын құттықтады:
«Жараным, –
Сіздер үшін бар жақсы айтар хабарым:
Ағылшындар келеді өтіп Каспийден,
Жау құриды, мұны жақсы ескерген,
Меніңше, бақытымыз осы шақ!»
Деді эсер, қоштады оны дашнак:
«Ағылшындар тез келсе екен, керейін,
Мен әзірмін, келсе барды берейін!
Революция әскері де құрыса екен,
Жұмысшылар жермен-жексен болса екен,
Бізге бақыт мынау мұнай кендері,
Олардың тек шықпаса екен күндері!»
Енді айтайын даңқсыз бір «кесемін»
Расул – Заде деген жаудың есерін:
Ол, жинап ап мұсылмандар тобына,
Сүйеніш қып, айтты уағыз тағы да:
«Шақыралық берсін түрік қол ұшын,
Қынабынан суырсын ақ қылышын!
Көмек берсін бізді сүйеп қостауға,
Ұлт даңқын көтерелік аспанға!»
Дегенде ол, ортасынан осы елдің
Шу етті үн: «Сөзін қара есердің?!»
«Жоғал!», «Бұзық!» Түбі мәлім кеселдің,
Бізді сатпақ, түрін қара «көсемнің!»
– «Тоқта!», «Не айттың?» Түсінікті айтқаның
«Ұлт» деп жалған айтып бізді сатқаның!
«Ұлт» деп айтқан сөзі оның кез бояу» –
Деп мешіттен көтерді жұрт сөзге дау!
Өндірістің жұмысшысы тайынбай,
Дауыстады жауға қарсы жалындай!
«Ей, сен «көсем!» Тоқтат енді алжуды,
Қызынба кен, жап тезірек аузыңды!
Үй ішінде делдимесін мұрының,
Езуіңнен көпірмесін көбігің!
Көзің қысып, керме өтірік қасыңды,
Бізді сатпақ арам ойың ашылды!
Ел атымен сөйлеп тұрсың қастықтан,
Ел ұлдары өліп жатыр аштықтан!
Бірақ сүрер қалды әмірің санаулы!
Күшейттің сен бізді шауып, талауды,
Деген кезде бандылар кегі мүйістен
Өжет ердің кесті басын қылышпен...
Көп қайғылы іздері бар тарихтың,
Қаншама ұлы өлді біздің халықтың!
Қаптап қайта көшеге жұрт толды әні!
Жүрек тулап, қаны бойда қайнады!
Қолға ұсталған қызыл тулар желкілдеп,
Жүрек серпіп, басты аяқты ел еркіндеп!
Мұнай кені ұсап қазір молаға,
Аштықтан жұрт шықты ашынып далаға.
Үндеу қағаз қолында бар олардың,
Қалдырмастан оқиды оның жолдарын:
«Сіздер – Кавказ ер ұлдары жанарлы!
Талқандаңдар жолда бөгет – қамалды!
Бізге ағылшын дұшпандық қып елірген,
Атуды үйрен жұмысшы орыс легінен!
Қанға бекер жуылған жоқ даламыз,
Сыннан өтіп, біз жеңімпаз боламыз!
Жұмысшы мен егінші бір ұғысқан,
Қанды күндер қол ұстасқан туысқан!
Мен айтатын туысқандық өсиет, –
Мықты ұстаңдар, – Коммунада қасиет!
Қос қанатын сындырды қарт самұрық,
Сақ бол, қайта ұшпасын тек қағынып!»
Осы үндеуді оқып халық ашына,
Ұран қылып көтерді енді басына,
Қуаттанып, Кубаны ерте білгендер,
Осы үндеуді оқып жиі жүрді ерлер.
Десті: «Құл боп басқыншыға жүрмейміз,
Ағылшынға басымызды имейміз!
Революция бесігі – бұл еліміз,
Күннен туған – армиямыз, еріміз.
Қызыл туды көтерелік аспанға,
Бізге жеңіс, өлім келсін дұшпанға!
Қару алып, сапқа біздің ер тұрсын,
Дұшпанымыз лаулап отқа өртенсін!»
Қалың әскер алға аттап, дем берді елге,
Винтовкасын ұстап, мына салды әнге:
«Жеңеміз аштық, соғысын,
Туады алда таңымыз;
Революция – ел үшін,
Ашылмас онсыз бағымыз!
Шығыңдар, жаран, жер үйден,
Түнеріп түнек тұрмасын.
Таң нұры алда көрінген
Сен үшін барлық жолдасым!
Ағылшындар сүйегі
Каспийге батсын құмдағы,
Достыққа бақыт тиегі,
Жақсы өмірдің айғағы».
Жарды сүзіп кек толқындар ұрыншақ,
Күңгірт тартты асау теңіз айдыны,
Кен, Каспийге жайып қара түн құшақ,
Тағы қандай әкелді ащы қайғыны?
Қарауытып толқын қара түнге ұсап,
Батқан көкке жұлдыздық да барлығы.
Қалың бұлттан жарып шыққан ай жусап,
Бір сұмдықты күткендей түн, бар мұңы,
Бұлт шарбысын ай жүзіне жая сап, –
Бұлтты жарып туды жарқын ай нұры.
Осы түннің түсі мұңды өзгеше,
Нұры солғын, үміт жібі үзілген...
Құм қойнында ысқырынып жел есе,
Мұнайлы аймақ ауру жандай сезінген.
Күллі үміті күйрегендей, немесе,
Жабырқаулық көрінеді жүзінен.
Тұтқын жандар абақтыдан қарайды,
Қоштасады мәңгі-бақи өмірмен...
Шаумян ойлы көзін көкке қадайды,
Жанарымен бұлтты тесіп көрінген.
Ойы аспанда найзағайдай ойнайды,
Қоштасады өмірмен ол түңілген...
Көрші, қанын тартқан ішке реңін!
Жанында оның соқты дауыл өрлейтін!
Көзінде от ойнады бір сөнбейтін,
Көрші, құрыш соққан тулап жүрегін.
Көрші, оның қуарыңқы келбетін,
Көрші, бетін, – солғын тартқан реңін!
Оның отты көзі алысқа қадалған,
Ленин берген телеграмма ойында.
Ондағы әр сөз сап алтынға баланған,
Ол сөз оты сөнбес тұла бойында!
«Сенгем сізге бұдан көп жыл бұрын да.
Қорықпайтын ерсіз – құйған құрыштай.
Түсініңіз, – бүгін өмір қиын да, –
Ерлікпенен жүр сақтықты бір ұстай.
Сіз – сыналған отты айқаста ерсіңіз,
Туады тез біздің жеңіс еншіміз».
Тыңда, дала! Жел ысқырды суылдап,
Жәрдем күтіп, соқты жүрек жаралы!
Осы түнде үн шығады шуылдап, –
Ақшақұмнан поезд өтіп барады.
Терезеден тұтқындар тек қарайды,
Жан жоқ көрер шолса дағы маңайды
Жап-жайдары жарық осы түн қандай!
Төсіне тек поезд таңба салғандай.
Тыңда, дала! Жел ысқырды суылдап,
Жәрдем күтіп, соқты жүрек жаралы!
Поезд тоқтап, бір топ солдат шуылдап
Түсе қалды, көзбен сүзіп даланы.
Барлығы да түрікпенше киінген,
Танытпауға түсін бояп бүлінген.
Мынау жатқан қиыры жоқ тау құмдар,
Мынау аққан теңізден сүр толқындар
Қаһар төгіп зұлымдыққа, оқ атқан,
Түннің баяу тыныштығын оятқан.
Түн тынышсыз – бір сұмдықты күтіп тұр,
Тағы қандай сырды бойға қытып тұр?!
Қара, мұңды, мылқау есіз далаға,
Оқ сыңсыды, құмды жуды қан аға...
Көңілінен дауыл соғып, қас қақпай, –
Соңғы сөзін айтты Шаумян бастартпай:
«Европаны билеушілер, ұғыңдар, –
Кері айналмас тарихтың зор діңгегі.
Сендер ұры – қарақшысы дүниенің,
Өздеріңе үкім құрдың, біл тегі.
Өліміміз, қанымыз кекке шақырар,
Сендерді сот қатал тергер қақы бар!
Қылмысыңа біздің барлық кек қайнап,
Қызыл тулар құлпырады көк бойлап:
«Кек ал!» – десе, кере алмассыз жарық күн,
Құтылмассыз сотынан сіз тарихтың!
Көк теңіз бен ұшан байтақ жеріміз,
Теңдік алып отарлы құл еліміз,
Сендерді тез тарих теуіп ұшырар,
Сендерден ел кегін алар өші бар!»
Құлап бара жатып, осы жердегі
Азизбеков соңғы сөзін сөйледі:
«Сүйген Баку, қош бол! Біздер сен үшін,
Жиырма алтымыз, өлдік туған ел үшін:
Жан тапсырып жалпақ құмда қалармыз,
Қанды айқастың ескерткіші болармыз!»
Қалшылдаған аяз күні қыстағы,
Суық жерді ердің есте құшқаны.
Қардай аппақ бола қалды реңі,
Соқпай мәңгі тына қалды жүрегі.
Қандай көздер шыдар мұны керуге,
Ақты қаны суық құмның өрінде...
Ұлы жүрек!.. Сөніп көзі жанарлы –
Қара бұлтқа батқан күндей жоғалды...
Ертеңіне шықты көктен сарғылт күн,
Сап-сары ала қанаты да әр бұлттың.
Қартайғандай бүкіл әлем бір түнде,
Тыныштық та тұр өзгермей бір түрде.
Тұруға жоқ мәңгі ұйқыда жолдастар,
Жақсы адамдар, біздің қимас ер достар!
Анасындай ұлдарынан айрылған,
Азербайжан жасын төгер қайғырған.
Ал, Ақшақұм, жауап қатшы сен өзің:
Не деп ұқтық бұл қызыл қан өзенін?
Күн сөнді ме? Жарылды ма көктегі ай?
Ел мақтаны ерлер өліп, бұл қалай, –
Сүйектері жанды ма отқа лаулаған?
Өңі мұңды жұмысшының қаулаған.
Есітті жұрт бұл хабарды қаралы,
Көк қаруды қолға қайта алады!
Сіз – ерлері Коммунаның, халықтың,
Жасаушысы дәуірдің де, тарихтың, –
Ақ жалаулы жылдар сізді өлтірген.
Заңсыз, сусыз жау қылығы тімтінген...
Дөңгелегі кері тартты ма тарихтың?
Шаршап, талып сөнді ме әлде жарық күн?
Жоқ, ел босқа тумаған ғой ерлерді,
Тарих көкке көтереді сендерді!
Күш сөнбейді, күшейтеміз ерлікті, –
Біз сендерден кеп үйрендік ерлікті!
Жүректерің соғып әлі тұр күшті,
Пионер мен жас комсомол, жұмысшы,
Жауынгерлер – еткен ерлік жылдардың
Мадақтауда, ұстап ерлік жолдарын.
Сізге орнатқан ескерткішті көргенде:
Ақын ойға шомып, қабақ түйгенде, –
Деп ойлайды, – қартайса да күллі әлем,
Сіздің жастық солмас мәңгі гүлдеген.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі