Чжан Цзо-Лин
(поэма)
ҚАШҚЫН
Чжан Цзо-лин қазір Қытайда дүрілдетіп тұрған жандардың ең бір зоры. Мұның әңгімесі — болған әңгіме. Чжан Цзо-линнің өмірі, тарихы әр жерде басылып жүр. 1925-1926 жылғы «Прожектор» журналының бір номерінде айқынырақ жазылды. Биыл, жандарал — Чан Кай-ши қытай еңбекшілерін дүние обырларына сатып кеткенінің әсерімен Чжан Цзолиннің осы сұмдығын жаздым. Мұны дүниеге, жауыздық сыпатына аңыз боларлық іс деп білдім.
Қытайдың иттен де көп жандаралы,
Артпаса кеміген жоқ сандары әлі,
Айтайын әңгіме қып өлеңменен
Біреуін іштерінен таңдамалы.
Үпей, Фу, Сун Шуан-пан, Чжан Цзо-лині,
Цао Кун, Пин Фуй-сан мен Ху Хан-мині.
Уан Тин-бей, Чан Кай-шиі, Шан Па-гуйі,
Тағы көп Шу Пей-делер, Ли Ти-сині.
Бәрінің шен мен билік таласы бар,
Меншіктеп таласатын қаласы бар.
Қытайды тірі сойып қанын сорған
Әр иттің шет елдерден панасы бар.
Чжан Цзо-лин ішіндегі таңдаулысы,
Сауатсыз — көңілі зор паңдау кісі.
Жасынан атқа мініп елді үркіткен,
Ертерек басы, қолы қандаулысы.
Чжан Цзо-лин жас кезінде емес ірі,
Қашқын боп елден шыққан онның бірі.
Еңбекші момындарды бауыздасқан,
Талайы жолдасының әлі тірі.
Жасынан айлалы сұм қайсар, мықты...
Бекініп елсіз жыныс тауға бұқты.
Не талап, не өлтіріп кездескенді
Шулатып төңірегін аты шықты.
Қалың ну, қиын таудың алабында,
Топ жыртқыш жолдастары жанабында.
Кешегі тентіреген қашқын қудың
Ел талап мал жинамақ талабында.
Мекен қып Манжурия елсіз тауын,
Өзіндей ылғи қашақ қуды тауып,
Жан-жаққа шабуылды тынбай салды,
Әр жолға қарауылмен құрып ауын.
Жиналды Чжан Цзо-линге ылғи сұмдар,
Құралған ойдан-қырдан өңкей жындар,
Қулардың басшысы боп аласұрды
Кешегі тентіреген қашқын мұңдар.
Қасқырша қанды тұмсық жолды барлап,
Құзғын жүр кісі өлтіріп жерді шарлап.
Момын ел шаруа баққан лағынет айтып,
Отырды «қашқын ит» деп сырттан қарғап.
Тыныш жатқан еңбекші елге салды бүлік
Жан-жақтан мал жинады әрбір түлік.
Қарарсыз қарақшыға місе болмай,
Жинаған елді талап мал мен мүлік.
Асынып қылыш, мылтық жарқыратып,
Жай жатқан момын елді қалтыратып.
Қол қылды қашақтарды жинай-жинай,
Бекініп орманды ну тауда жатып.
Ешкімнен болмаған соң жасқанатын,
Ұмытты сұм өзінің қашқын атын,
Тартпады мың қылмыстың бір жазасын,
Мезгілі жетсе-дағы асқынатын
Мақсұты енді жұртты билемекте,
Бұқтырып көнбегенді илемекте,
Кешегі қан ішер қу елге әкім боп,
Ұялмай «басты маған и!» демекте.
Мекені Манжұр таудың саласы еді.
Қалың тау, жыныс орман панасы еді,
Бекініс салығы сол Манжұр тауы,—
Жапон мен Россияның арасы еді.
Солайша тау ішінде біраз жүрді.
Тың тыңдап әр хабарға құлақ түрді.
Бір кезде орыс, жапон соғысып қап,
Қарақшы шортынан бір ойға кірді.
ЧЖАН ЦЗО-ЛИН ЖАПОНҒА ЖАҒЫНДЫ
Орыс пен Жапония ұрысқаны,
Бір-бірін қойша қуып қырысқаны.
Кез келді сұмның арам ырысына
Екі елдің жыртқыш аңша жұлысқаны.
Жапонның әкіміне жағынуға,
Шен алып дәреже қып тағынуға,
Қызмет қып жан аямай бағынуға.
Сұрады молырақ қып қару-жарақ,
Ақша мен біраз ғана киім, тамақ.
Орыстың арт жағынан мазасын ап,
Туғызып күнде қауып шабыс салмақ
Жандарал бұл хабарға қуанады.
Қуанып екі қолын уалады.
«Тез әкел батырды — деп сөйлесуге
«Елшіні» — қайта шап!» — деп қуалады...
Алғызды Чжан Цзо-линді көрісуге,
Шарттасып бір-біріне сенісуге.
«Жапонға қызмет қыл да — міндет қыл деп»
Уәде бір-біріне берісуге.
Жандарал Чжан Цзо-линді алғызады:
Алдына план жайып салғызады.
Оңаша істің шартын бітірісіп:
— Жә, — десіп, бірін-бірі нанғызады.
Жаурыннан Чжан Цзо-линді қағып қойды,
«Ерсін!» деп төсіне шен тағып қойды.
«Жазықсыз» көрген талай кемшілігін,
Жапонға залым ептеп шағып қойды.
Жапонның кірді «батыр» панасына,
Мұраты кірген енді санасына —
Жапонның арқасында әмір билік
Жүргізбек қалың қытай баласына.
Екі елдің соғысқаны болып «несіп»,
Жеріне құзғын қайтты желдей есіп.
Сөйлесіп жолдасымен күліседі:
«Зор бақыт ойда жоқта болды-ау» десіп.
Қайтып кеп «батыр» енді ту көтерді,
Жаңа іске «қырандарын» ду көтерді.
Әскерге ап келе жатқан жүгін талап,
Орыстың арт жағынан шу көтерді,
Тағы да көп қып шапшаң жігіт жиып,
Аты орыс деген елге жынша тиіп,
Бүйірін, қамсыз деген бөріктірді,
Телеграмм, почта, отарба жолын қиып.
Қу қашқын кеше ғана жүрген бұғып,
Қан қатқан қонышына пышақ тығып.
Жапонның патшасына жағынды әбден
Талғамай исі орысқа пышақ, сұғып.
Көбірек момын елдің қанын шашты...
— Неғұрлым көп шаш! — дейді қан мен жасты.
Жапонның патшасынан шен алуға
Санайды мақтан етіп кескен басты.
Дабысы Чжан Цзо-линнің дүңкілдеді,
Күншілдер қарақшыны тым күндеді,
Отбасы қатын-қалаш ертегіше,
«Батырды» әңгіме қып күңкілдеді.
Дүңкілдеп даңқы шыққан дабысына,
Аймақты дулықтырған шабысына.
Іздеп кеп талай батыр дос болысты
Атақпен оңай олжа табысына.
ХУН
Біреуі өзгесінен үздік ірі...
Ол дағы көп қыранның басшы пірі.
Хун деген аты-шулы бұл да бір дәу,
Кем емес Чжан Цзо-линнен ешбір сыны.
Батыр Хун асқан ер деп саналатын,
Сүліктей бір қадалса қан алатын,
Жайдары достарының арасында
Жауына «Әзірейлі — жан алатын».
Төстектеу, ұзын бойлы, өте қайсар,
Өлімге есептейтін — сөзден тайса.
Келбетті қара жігіт сүйір мұртты,
Аңқылдақ, ашық мінез тым-ақ жайсаң.
Чжан Цзо-лин батыр Хунмен дос болысты,
Өмірлік тілегі бір — қос болысты.
Серттесіп бір-біріне жан қиюға
«Қолдары мал-мүлікке бос» болысты.
Аямай бір-біріне күш, көмегін,
Достықтың екеуі де білмей шегін.
Біріне бірі сүйеу қорған болып,
Жоқтасты бір-бірінің сырттан кегін.
Қытайдың елі де кең, жері де кең.
Көптікке қандай ел бар онымен тең?
Мұхиттай қалың нудан не шықпайды,
Парықсыз кең болған соң етек пен жең.
Сұм да бар, залым да бар, арам да бар,
Қарарсыз жауыз да бар, адал да бар,
Иманы бес тиындық құзғындар мен,
Ер де бар, қасиетті адам да бар.
ЖАПОН МЕН ОРЫС СОҒЫСЫ БІТІП, ЧЖАН ЦЗО-ЛИН ДӘУІРЛЕДІ
Аймағын біріктіріп бағындырды,
Өзіне талай сұмды жағындырды.
Қорғансыз қалың елдің үрейін ап
Өзіне сұм қарақшы табындырды.
Қысқасы: құзғын қылды бір талай кеп,
Жапоннан «қызметіне» көп ақша жеп.
Орысты арт жағына алаңдатып,
Жапонға бұл да болды едәуір сеп.
Туғандай оң жағынан құзғын тағы, —
Қойсын ба өршіп өрге ұшқан бағы?
Кешікпей орыс қолын жапон жеңіп,
Келісті бітім қылып екі жағы.
Жапондар шуылдасты жауын жеңіп,
Той қылды «сүйінші!» деп жері кеңіп.
Жеңген жақ қашаннан да қоқиланбақ,
Жүн болып жеңілген жақ сесі кеміп.
Батырға көз қарасын суытпасқа,
«Қызметін» жанын салған ұмытпасқа
Жапонның үкіметі қылды уәде
Қорған боп ешбір пәле жуытпасқа.
Қосынын жиып алып алдын, артын,
Шұбалтып құралдарын тиеп артып,
Елге кеп мошап жатты Манжұрдағы
Батырдың «қырандары» шеру тартып.
Ат қалып «қанды балақ қашақ» деген,
Даңқ бітті «жасанған қол, жасақ» деген.
«Батыр» деп қайпаңдайтын болып алды,
Кездессе дұспаны да, «қас-ақ» деген.
Сайраны «батырлардың» елдің шеті,
Қытайға анталаған жаудың беті.
Елемей, бұлардың «аз шайпаулығын»
Көптен соң тие алмады үкіметі...
ЧЖАН ЦЗО-ЛИННІҢ СЫПАТТАРЫ
Азырақ осы кезге аялдалық,
Шоқытпай, бүлкілдетіп аяңдалық.
Чжан Цзо-лин қандай екен?.. дегендерге
Бажайлап сипаттарын баяндалық.
Қаймақ жүз, сұрша кісі — кірсіз жандай,
Ілмиген қара көзді, тайқы маңдай,
Көселеу, орта бойлы, мүп-мүләйім,
Қимылы еп-елеусіз сұр жыландай.
Жұқа ерін, тымырсық бет, жұқа қабақ,
Бір ішсе қанға тоймас табақ-табақ.
Күлмейтін, арам ойлы бедірейген —
Дер едің «апжыланнан алған сабақ».
Жарқылдап сөйлемейді бекер лағып,
Күн бұрын ұрынбайды тілмен шағып.
Жасырған тырнақтарын көр мысықша
Жүреді төмен қарап ізін бағып.
Бір істі істер болса керілмейді,
Мұратқа жету үшін ерінбейді.
Жетуге бір басының пайдасына
Қандай да арамдықтан жерінбейді.
Ақылды көрінбекке болады ызбар,
Көкиіп әңгіленсе беті мұздар.
Шын құлқын көрсетеді сынды жерде-ақ,
Ішінде — сасық пәле, бетінде — ызғар.
Иман жоқ тұрмысқа көз қарасында,
Ар да жоқ, қарар да жоқ санасында.
Ұят та, азаматтық намыс та жоқ,
Сатады бір өзі үшін анасын да.
Мінекей, Чжан Цзо-линнің сырлары осы!
Өтірік демес жөнді жақын досы.
Ақиқат сыпаттарды ұнатпас тек,
«Батырдың» дәл өзіндей көңіл қосы.
ЧЖАН ЦЗО-ЛИН ҚЬІТАЙ ҮКІМЕТІНЕ ЖАҒЫНДЫ
Үкімет «батырларға» тие алмады...
Чжан Цзо-лин тек жүріске сия алмады.
Сөз салды үкіметке: «Қызметке» ал деп,
Шіміркеп қашқын мұңдар ұялмады.
Құзғындар қолын жиып тойласын деп,
«Аттырсын жауыздықты қоймасын» деп.
Жауызды қызметке алды үкіметі,
Қасақы мылқау тағдыр ойнасын деп.
Шаттансын құзғын тағы мереке қып,
Шаш жетпес күнәсынан «береке» қып, —
Бастық қып әскерімен қызметке алды,
Қасақы тағдыр шіркін келеке қып.
Орыс пен жапон, қытай арасына,
Орманды, таулы Манжур саласына.
Біленіп жасағын сап келді «батыр»
Қытайдың Мукден деген қаласына.
ЧЖАН ЦЗО-ЛИННІҢ ПӘТЕРІ
«Батырын» енді ірі бай-мырза, шулен,
Байлығын есептеуге қатар сілең, —
Кең сарай, неше бөлме бір үй алып,
Сәндетті төсеп, құрып, түрлі кілем.
Ерлігі, сыпайлығы бірдей жанша,
Маңызды, ақылы адал, бекзат паңша,
Сол үйге орнап жатты күшін жиып,
Жау тосқан, күшін білеп жыртқыш аңша.
Жинатып неше түрлі таза бұйым,
Жасатып әшекейлеп безеп үйін,
Жайнатып ханның сырлы ордасындай
Әскерге күзеттірді кезеп үйін.
Қымбатты әр бөлмеге жасау жиған,
Әр түрлі жібек кілем, жұмсақ диван.
Масаты жібек көрпе, кесте шырма,
Өрнекті сан асылдың бәрі сиған.
Түрлі асыл — алған жинап қырдан, ойдан,
Жолбарыс, аю терісі бітеу сойған.
Бәт құндыз, қара түлкі, түрлі жарақ,
Ілдіріп айқыш-ұйқыш сәнге қойған.
ҚЫТАЙ ҮКІМЕТІ ЕКІ БАТЫРҒА ҚАҚПАН ҚҰРДЫ
«Батырдың» досы-дағы ірі дедік,
Ол-дағы «қырандардың пірі» дедік
Оның да аты шулы әскері бар,
Кем емес Чжан Цзо-линнен сыры дедік.
Ол-дағы жігіттерін жиындырып,
Күн санап түзеп, оңдап киіндіріп.
Жау-жарақ құралдарын толықтырып,
Біленіп жатты тастай түйіндіріп.
Оған да емес місе мал мен мүлік...
Қан ішер бір жабысса қара сүлік.
Қауіп қып екеуінен қорықты үкімет
«Екі дос салмасын деп бір күн бүлік».
«Сор болар екі батыр пәле құрса,
Уақа емес бірі жоқ боп, бірі тұрса.
Түбінде қауіп болмақ үкіметке
Екеуі тізе қосып тірі тұрса».
Үкімет шара құрды аз ғана ойлап:
Еппенен қос батырдың бірін жоймақ,
Біреуін біреуіне жоқ қылғызып,
Тіл алып, іс қылғаның Доудзу қоймақ.
Үкімет сұмдық сырын ішке сақтап,
Сөз салды екеуіне екі жақтап:
Тіл алса үлкен шенге қызықтырды,
Көтеріп көпшік қойып, ептеп мақтап.
ХУН ШЕНГЕ САТЫЛМАДЫ
Әрине, біреулер бар шенге құмар.
Біреулер тойған тамақ жемге құмар,
Біреулер шен мен жемнен жолдастықты
Жүз есе қасиеттеп қылар тұмар.
Шен құмар арын сатпай жата алмайды,
Өйтуге біреу ардан бата алмайды.
Біреудің төбесінен ділда құйсаң,
Ар, намыс, жолдастықты сата алмайды.
Шен құмар әкіміне қайқаңдайды,
Аңшының аш итіндей қайпаңдайды,
Өзінен төмендерге қоқиланып,
Өзінен жоғарғыға майпаңдайды.
Шен құмар әр жұрттың бар арасында,
Кімде күш болса соның панасында.
Туғызған, ақ сүтімен асыраған
Сатады жанын қияр анасын да.
Жолдасын сатпады Хун шен мен «баққа!»
Шен түгіл сатпан деді «алтын таққа!»
Қанына жолдасының бәйге қылған
Ұялмай қызықсың ба би болмаққа?
EKI ДОС
Досынан Хун батырдың құлқы мықты,
Асығып атқа мініп үйден шықты...
Кеп түсті Чжан Цзо-линнің сарайына
«Сақ бол» деп айтпақ болып бұл сұмдықты.
Чжан Цзо-лин отыр екен ордасында,
Диванда жібек жастық ортасында.
Алдынан ұшып тұрып құшақ жайып,
Қуанды арсалақтап жолдасына.
- Сағынып еді, досың, ағаң, — деді, —
Өзім де бармақ едім саған, — деді.
Жайлансын қосшыларың қонақ үйге,
Жігіттер сыйлар жайып тағам, — деді.
- Бек жақсы көлдің, досым, серім, — деді.
Іш пысып толып еді шерім, — деді.
Оңаша біраз кепті шертейік бір, —
Кәніки отыр енді, ерім, — деді...
Күлісіп, масайрасып отырысты,
Сөз қылып өткен-кеткен әрбір істі...
Кешікпей ат ұлтан кеп тәжім қылды:
«Дәмді қып даярлаған ас та пісті».
Мақтанып даңқы шыққан аттарына,
Тарихтың көз жеткендей мақтарына.
Масайрап асқа отырды екі сырлас
Мәз болып өрге өршіген «бақтарына».
Тәжім қып қызметкерлер асып-сасып,
Ұшынан аяқтарын ептеп басып,
Иіліп, тік тұрысып қызмет қылды,
Аңшының иттеріндей жапақтасып.
Есікте күзетеді жендеттері,
«Бас алмақ, шаш ал» десе келбеттері.
Бұйрықты екі қылса ант соғардай
Сіңіскен батырына еңбектері...
Ұстазы «қырандардың» екі бастық,
Диванда шынтақтасып мамық жастық,
Отырды, астан кейін ақылдасып,
Дұспаннан аянбасқа, қылса қастық...
ЧЖАН ЦЗО-ЛИННІҢ ДОСЫНА СЫЙЫ КҮМІС ҚЫЛЫШ
Үстелде алдарында шараптары,
«Шарап» деп қастерлейді арақтарын.
Чжан Цзо-лин досына әкеп көрсетеді
Ілулі тұрған түрлі жарақтарын.
Бір қылыш тым қызықты, күміс қапты,
Күміске оюлаған алтын сапты,
Қолқалап бір төреден қалап апты.
— Мінеки, өткір болат, көкше жасыл, —
Майысып, жазылады өткен асыл.
Бұл қылыш саған ғана лайықты,
Сәніңді тағып жүріп жұрттан асыр...
Досыңа қымбат қылыш ұсынады,
Көңілі асыл сыйға тасынады:
Балаша қуанғаннан ұшып тұрып,
Қылышты алып көріп асынады.
ЧЖАН ЦЗО-ЛИН ДОСЫНА ТАҒЫ ДА СЫЙ ҚЫЛМАҚ
Айтылмай сыр қалмады екі доста,
Кенеліп бір-бірінің сөзін қостап,
Арада талай бос сөз күлкі болды,
Жорықтан тыныс алған қолы боста...
Сонымен уақыт өтіп, ақшам батты...
Қайтуға аттарын Хун даярлатты.
Дағды алған жолбарысша түнде жортып
Жүруге батыр сері кешті ұнатты.
Кеш болып, қас қарайып, ақшам батты,
Жап-жарық қала сансыз шамын жақты.
Түрлі жан көшелерде күндегідей
Дүсірлеп өз бетімен жүріп жатты.
Чжан Цзо-лин досын біраз аялдатты.
Ерттетті тысқа шығып қос көк атты,
Оңаша бұйрық қылып атұлтанға,
Екі атты қора ішінде аяңдатты.
Үйге кеп досына айтты «батыр» тұрып:
«Сияпат ұмытпайтын жақсы ғұрып,
Сәйгүлік сарайдағы жүйріктердің,
Таңда да біреуін ал өзің жүріп».
Дүсірлеп өз бетімен қала жатыр...
Кешкі аспан көк торғындай бейне шатыр...
Қораны жап-жарық қып фонарь жаққан
Келеді үйден шығып екі батыр.
Нөкері Чжан Цзо-линнің өңкей мерген,
«Батырмен талай істі бірге көрген»,
Келеді арттарында жаутаңдасып
Аңшының иттеріндей қасына ерген.
Батырлар ат қораны жағалады,
Бір аттың сынын айтып бағалады.
Қояндай ақ бестіні айналдырды,
Өзге атты мақтаса да қаламады.
АҚ БЕСТІ
Ақбесті елеңдеңді мойнын иіп,
Қызығып ұнатты Хун соны сүйіп.
Арғымақ аққу құстай кіршіксіз ақ
Бергендей досқа ғана досы қиып.
Серке сан, белі делдек, шоқтық биік,
Бұлтылдақ бұлшық етті — бейне киік.
Сіңірлі, толарсақты, болат тұяқ,
Құлаштай қаз мойынды қояды иіп
Жаялы үсті орнықты аппақ бөстек,
Кең тыныс, омыраулы алшаң төстек.
Отты көз, қамыс құлақ, шоқпар кекіл,
Азулы, күректісі біткен кестек.
Ақ селеу, ақбөкендей, аппақ саңлақ,
Ақ тұлпар, жел жетпейтін ұшқыр қаңбақ.
Мініп ап «шу!» деп кетсең жоқ болады,
Жалғыз-ақ білдірмесе қалған шаңдақ
СҰМНЫҢ ІСІ
Чжан Цзо-лин мәз болғандай досқа жағып
Хун айтты, ақ тұлпарды төске қағып:
«Мінермін бұл атыңды сақтап, досым,
Жабулап, баптап күтіп, тұмар тағып».
Нөкері Чжан Цзо-линнің болып сымдай,
Қатар тұр арттарында — бәрі жымдай.
Көздерін батырлардан бір алмайды,
Сөйлескен екі достың сөзін тыңдай.
Мәз болып Хун тұр еді, атты сынап,
Тұлпарды еркелетіп сипап, сылап.
Шаңқ етті қақ қасынан атқан мылтық,
Батыр Хун қырыққан шөпше қалды құлап!..
Тіл тартпай жығылды Хун шалқасынан,
Атқан оқ деп тиген соң арқасынан...
Оқ атқан жан жолдастың бір жендеті
Мылтығын тығып тұрып қалтасына.
Құзғындар Хунға келіп төне қалды,
Лезде шіркін өмір сене қалды.
Жалма-жан қылышын aп Чжан Цзо-лин сұм,
Досының басын шауып бөлек алды.
Бұйрық қып жендеттерге қасындағы,
«Оның жүр бомба, мылтық асын дағы!» -
Деп шапшаң қылышының қанын сүртті
Досының бөркін алып басындағы.
Көтерді бір қолымен достың басын,
Қолына шумақтап ап айдар шашын.
Қуанды салақтатып көзі шатынап,
Белдесіп өлтіргендей кекті қасын.
Дүсірлеп өз бетімен қала жатты.
Дүсірі кешкі жүріс тым-ақ қатты
Осқыртып Ли Тзян алып келді дереу
Даярлап жетектеген қос көк атты.
Алғандай оп-оңай ғып қаншыр атын,
Немесе қасаптаған аңшылатып,
Досының басын салды ат дорбаға
Сорғытып жылы қанын тамшылатып.
Іріктеп он жігітті қасына алып,
Жауынгер өңкей мықты жасын алып,
Чжан Цзо-лин тура шапты үкіметке,
Досының дорбаға сап, басын алып.
«Сүйінші!» — деп үкіметке жетіп бармақ,
Алдына қанды басты жайып салмақ —
Қалаулы, бәйге тіккен бас міне! — деп,
Бәйгеге уәделі шенін алмақ.
«Басыңыз міне» — демек, көрмек болған,
«Терең қып жер астына көмбек болған!»
Сол жерде доудзундықты алмақ құзғын,
Серттесіп уәде қып бермек болған.
Аттарын ентелетіп, жалақтатып,
Серпілтіп көше халқын алақтатып
Келеді арам құзғын нөкерімен
Досының басын алып салақтатып.
Шапқылап, жын қуғандай он бір атты,
Жапырып көшелерді тасырлатты.
Сүйсінер «бәлі» дерлік іс қылғандай,
Жер жарған ат екпіні тым-ақ қатты.
МҮКДЕН КӨШЕСІ
Қалада үйреншікті кешкі қалып...
Көшелер күндегідей шаммен жарық.
Тақтайдай тас төсеген көшелерде
Қақтыққан олай-бұлай атты, жаяу,
Жүгірген, желден, аттап жүрген баяу.
Түсірлеп самбырласқан ың-жың жүріс,
Мүкден тек тыныштанады таңға таяу.
Аттары омыраулап, көбік шашып,
Көлденең келгендерді кетпек басып,
Көшеде құжынаған қала халқы,
Жасқанып серпіледі жолын ашып.
Аңқиып көше халқы қарасады,
Аңқау жұрт құзғынды ерге баласады.
Тізіліп, жалт-жұлт етіп, дүрсілдетіп,
Көшеге он бір атты жарасады.
Айтар ма ешкім сұмды:
«Сұм-ау» десіп,
«Барады қайда асығып мынау?» — десіп,
Ап келе жатқандығын қайдан білсін
Сатуға жолдасының басын кесіп!..
Шапқылап жау қырғандай ентелетіп,
Чжан Цзо-лин үкіметке келді жетіп,
Бас салған дорбаны алып кіріп барды,
Алдына бас әкімнің тәжім етіп.
Әкімнен монтаны сұм қорғанады,
Қайқаңдап қара жылан жорғалады,
Әкімнің алдына әкеп қоя салды
Шығарып Хунның басын дорбадағы.
«Серт қылған, міне, тақсыр, басты ап келдім,
Жастығын жауыңыздың жастап келдім.
Қылуға жан-тәніммен сізге қызмет,
Ескі құлық ниетімді тастап келдім.
Күдікті пәлеңізді, қылған қауіп,
Жоқ қылып, міне, тақсыр, келдім шауып.
Бар еді уәдеңіз доудзу қоймақ
Егер де Хунды өлтірсем ебін тауып.
Мінеки Хунның басы алдыңызда! —
Айтқандай, өз қолымнан алдыңыз ба?
Сіз үшін жолдасымды құрбан қылдым,
Я, тақсыр, ықыласыма нандыңыз ба?
Сіз үшін орға итердім қосымды да,
Бауыздап келдім, міне, досымды да,
Бір сізге, үкіметке қызмет қылған
Ұмытар ма екенсіз бір осымды да?!
Сенемін енді сізге жағармын деп,
Әрқашан сізге жағу маған міндет.
Серт қылдым доудзу болсам, дұспандардың
Бастарын дәуем өстіп қағармын деп.
Дұспан көп үкіметке толып жатқан,
Астыртын әрекет қып торып жатқан.
Қызметкер керек сізге шын сенімді
Мен білем талай сөзді болып жатқан.
Қызметкер үкіметке керек кезі,
Болғандай шын сенімді мықты көзі,
Аямай үкіметтің дұспандарын
Езетін жөнге салып болсын тезі.
Әнеки, елді аздырып Суй Ши-шан жүр
Тзан Пи-гуй, Цао Гауа, Шон Ши-ман,
Бәрі де үкіметтің дұспандары, —
Қазірде-ақ жарамсыздау біздің Манжұр-
Бітіріп тәжім қылды, залым сөзін,
Қадады көк ұшқынды жылан көзін.
Жамандап жұрттың көбін бас әкімге
Көрсетті жарамды қып оңдап өзін.
Бұл жұмыс бас әкімге тым-ақ жақты,
Түрегеп Чжан Цзо-линді иыққа қақты —
Батырым, енді саған шын сендім,
Төсіне өз қолымен тана тақты.
«Ырзамын, міне, осыны сезгеніне,
Заң үшін досыңнан да безгеніне,
Қимастық бал жаласқан жолдасыңды
Өлтіріп өз қолыңмен езгеніне.
Батырым, көңілім толды ақылына,
Тіл алдың, қарамадың жақынына.
Сөздерің құлағыма аса жақты,
Кім құлақ салмас сөздің мақұлына?..
Ұнатты әкім сөйтіп қанды қолды...
«Ақылды сөздеріне» көңілі толды.
Қысқасы: сол арада Чжан Цзо-лин
Сенімді, зор ақылды доудзу болды...
Сұм қайтты нөкерімен судай тасып,
Аттары лепіреді алшаң басып.
Шапқылап жау қырғандай ентелетіп,
Чжан Цзо-лин үкіметке келді жетіп,
Бас салған дорбаны алып кіріп барды,
Алдына бас әкімнің тәжім етіп.
Әкімнен монтаны сұм қорғанады,
Қайқаңдап қара жылан жорғалады,
Әкімнің алдына әкеп қоя салды
Шығарып Хунның басын дорбадағы.
«Серт қылған, міне, тақсыр, басты ап келдім,
Жастығын жауыңыздың жастап келдім.
Қылуға жан-тәніммен сізге қызмет,
Ескі құлық ниетімді тастап келдім.
Күдікті пәлеңізді, қылған қауіп,
Жоқ қылып, міне, тақсыр, келдім шауып.
Бар еді уәдеңіз доудзу қоймақ
Егер де Хунды өлтірсем ебін тауып.
Мінеки Хунның басы алдыңызда! —
Айтқандай, өз қолымнан алдыңыз ба?
Сіз үшін жолдасымды құрбан қылдым,
Я, тақсыр, ықыласыма нандыңыз ба?
Сіз үшін орға итердім қосымды да,
Бауыздап келдім, міне, досымды да,
Бір сізге, үкіметке қызмет қылған
Ұмытар ма екенсіз бір осымды да?!
Сенемін енді сізге жағармын деп,
Әрқашан сізге жағу маған міндет.
Серт қылдым доудзу болсам, дұспандардың
Бастарын дәуем өстіп қағармын деп.
Дұспан көп үкіметке толып жатқан,
Астыртын әрекет қып торып жатқан.
Қызметкер керек сізге шын сенімді
Мен білем талай сөзді болып жатқан.
Қызметкер үкіметке керек кезі,
Болғандай шын сенімді мықты көзі,
Аямай үкіметтің дұспандарын
Езетін жөнге салып болсын тезі.
Әнеки, елді аздырып Суй Ши-шан жүр
Тзан Пи-гуй, Цао Гауа, Шон Ши-ман, Жи
Бәрі де үкіметтің дұспандары, —
Қазірде-ақ жарамсыздау біздің Манжұр»,
Бітіріп тәжім қылды, залым сөзін,
Қадады көк ұшқынды жылан көзін.
Жамандап жұрттың көбін бас әкімге
Көрсетті жарамды қып оңдап өзін.
Бұл жұмыс бас әкімге тым-ақ жақты,
Түрегеп Чжан Цзо-линді иыққа қақты. —
Батырым, енді саған шын сендім, — деп
Төсіне өз қолымен тана тақты.
«Ырзамын, міне, осыны сезгеніңе,
Заң үшін досыңнан да безгеніңе,
Қимастық бал жаласқан жолдасыңды
Өлтіріп өз қолыңмен езгеніңе.
Батырым, көңілім толды ақылыңа,
Тіл алдың, қарамадың жақыныңа.
Сөздерін құлағыма аса жақты,
Кім құлақ салмас сөздің мақұлына?.. »
Ұнатты әкім сөйтіп қанды қолды...
«Ақылды сөздеріне» көңілі толды.
Қысқасы: сол арада Чжан Цзо-лин қу
Сенімді, зор ақылды доудзу болды...
Сум қайтты нөкерімен судай тасып,
Аттары лепіреді алшаң басып.
«Батырға» досын сатып доудзу болған
Қарайды нөкерлері жалтаңдасып.
Бетіне ар-ұяттың жағып батпақ,
Тынды сум жолдастықты солай «ақтап»
«Қасқыр да қас қылмайды жолдасына»
Дегенге итше сарып, жерге таптап.
Өзіне сұм сүйсініп көңілі толды,
Тапқан соң шен алуға, «оңай жолды».
Досының бал жаласқан басын сатып,
Шімірікпей арам құзғын доудзу болды.
Бұл күнде Чжан Цзо-лин қу тым-ақ мықты,
Біртіндеп, егескеннің бәрін жықты.
Қытайға күрілдеген әкім болып,
Құзғынның жер-дүниеге даңқы шықты.
Қытайдың иттен де көп жандаралы,
Артпаса кеміген жоқ сандары әлі.
Жыр қылып еңбекші елге тарту қылдым
Ішінен Чжан Цзо-линді таңдап алып...
ЖАУЫЗ ТУРАЛЫ
Бұл күнде сұмды қорғап ақтаушылар
Сансыз көп жағынушы, жақтаушылар.
— Ақылмен жетіп елді биледі, — деп
Жауызды толып жатыр мақтаушылар.
Борсықша еңбекші елдің қанын сорған,
Дүниенің обырлары сырттан шолған,
Қолдарын шапақтайды: «бәлі! » десіп,
Жауызды қошеметтеп, қорған болған.
Сұмға сұм қорған болып сақтамай ма?
Көмегін бір-бірінің ақтамай ма?
Лойд — Жорж, Пуанкаре, Чемберлендер
Сұмға сұм қорған болып сақтамай ма?
Дүниеде аз ба иманын, арын сатқан?
Жағынған, өтірікке жанын сатқан?
Кішкене қу басының пайдасына
Шімірікпей жолдасының қанын сатқан?..
Залымды еңбекші тап білсін дедім,
Аулақтау ондайлардан жүрсін дедім,
Күйелеп жауыздықтың бетіне ұрып,
Кәрі билік, әділ тарих қылсын дедім.
Мұндайға айтшы, досым, барарсың ба?
Өлсең де сұмнан үлгі аларсың ба?
Досының бал жаласқан басын кесу —
Тиындай болмады ғой қарарсызға!..
1921 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі