Өлең, жыр, ақындар

Боранда

  • 01.08.2022
  • 0
  • 0
  • 2148
Ызғарлы түтек боран соқты қатты,
Жүз қадам жер көрінбей... кеш те батты...
Екпіндеп дүлей боран гулей соғып,
Еңіретіп төңіректі ызыңдатты.
Бекітіп қораларын, малын қамап,
Масайрап үйлерінде ішіп тамақ,
Малдылар отырғанда күліп-ойнап,
Боранда келе жатты сорлы шал-ақ.
Сорлы шал бұл адасып келе жатқан,
Қу бейнет жарлылықтың дәмін татқан.
Қойын, қоныш, мойнына ызғар өтіп
Үлбіреп қарлар толып, еріп қатқан.
Иінінде дорбасы бар нәрсе салған,
Жинаған ескі-құсқы жұрттан алған.
Жаны ашып асыраған адам болмай,
Қаңғырып қайыр сұрап арып-талған.
Омбылап жүре-жүре әлі кетті.
«Уһ... ажал, тыншықтыр» деп бұрды бетті.
Қу кедей қыста қатқан, жазда кеуіп,
Өмірде серік қылған қу бейнетті.
Ысқырды дүлей боран екпіндеткен,
Сорлыны қалтыратты ызғар өткен.
Уу; У, у!... Алла... өлгенім-ау, ә-әй, адастым,
Сорлыны жықты қарға әлі кеткен.
Сорлы шал жанталасып біраз жатты,
Денесі әлі кетіп мұз боп қатты.
Уу... гу-гу... дүлей боран, ей!.. Ей... жан жоқ.
Сорлыны қармен көміп бетін жапты.
Рақымсыз дүлей боран! Гуле, соқ-соқ!
Барлық бай үйлерінде тамағы тоқ.
Қаңғырған сорлыларға әлің келсін,
Аяйтын арттарында ешкімі жоқ.

1919 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұрмыс толқынында

  • 0
  • 0

Тасып аққан Жайықты
Кейде ұқсатам тұрмысқа,—
Әркім есіп қайықты
Ағып, қалқып тырмысқан.

Толық

Аян мен Айлақ хикаясынан

  • 0
  • 0

Құшақ жайған қиялды жан
Көктегі алтын сәулеге.
Аққу сынды сұлу іздеп
Түскен қасірет, әуреге...

Толық

Қоштасқан жер

  • 0
  • 0

Жан жолдac! Ұмытылмас қоштасқан жер.
Сөздерің емес тіпті естен кетер.
Көзіңе жас кеп толған сұрың қашып,
Мен келіп, хош дегенде қолыңды бер

Толық

Қарап көріңіз