Өлең, жыр, ақындар

Қажымұқан

  • 26.07.2022
  • 0
  • 0
  • 4154
Көсілген Көкшетаудың даласынан,
Көк майса сансыз өлке саласынан.
Шолақпен тете шыққан Қажымұқан
Оралған көк Есілдің жағасынан.
Дүңкілдеп жұртқа даңқы Мұқан шыққан,
Жасынан тең құрбысы түгел ыққан.
Нан піскен кеудесіне балуандар
Түксиіп Мұқан келсе жым боп бұққан.
Аралап талай жерді, сан қаланы,
Күресіп талай алып дәуді жыққан.
Ел кезіп елден асқан балуанның
Талайын қол ұшымен ойнап сыққан.
Сан балуан көрген байқап оның күшін,
Қалтырап, ол тигізсе қолдың ұшын.
Мұқанды ойда, қырда білмеген жоқ,
Күшіне сүйсінгендей үлкен, кіші.
Күресте СССР-да жеке қара,
Талай дәу қыла алмаған ешбір шара.
Европа, Азиядан асқандар да:
Поддубный, Ганс — Гауан, Қазбек Гара.
Ожар бет, қара мойын — бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дәу, тартқан — құжға.
Қалың бет, бура төсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай,
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбынды, жолбарысқа болар пардай.
Топшысы кере құлаш, бітіс шалқақ,
Шалқиып балпаң басад, талтақ-талтақ.
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.
Жасында Қажымұқан байда жүрген,
Жалшы боп, бірталай жыл өмір сүрген.
Халыққа алыптығы әшкере боп,
Циркке балуан боп сонсоң кірген.
Атқарып жүргенде де малайлықты,
Күресте тең құрбысын талай жықты.
Бір байдың ат тартпаған жүгін тартқан,
Көрген жұрт деген шулап: «Қалай мықты!»
Бурадай шонжар, жампоз, жараған дом,
Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом.
Алпамса, алқа-салқа, бұлшық етті,
Қобы жон, алды-артына біткендей қом.
Құлжадай топтан оғаш көз тартады —
Мысалы, даладағы бейне бір дөң.
Алыбы бұл заманның Қажымұқан —
Адамның осы күнгі шонжары шоң.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазір Көкшетауда

  • 0
  • 0

Талай су бүгінгіше өткен ағып,
Бір жөнмен тынбай зырлап кеткен «лағып».
Өткеннен кеп шерткен соң жаңаның да
Шертейік күміс сағын біраз қағып.

Толық

Бабаларыма

  • 0
  • 0

Қу заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.
Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел бол,
Деуші еді бабам Тоқа аруақты.

Толық

Лезде-ақ артта қалады

  • 0
  • 0

Жасыл көрпе жердегі,
Майда жібек желдегі,
Ән менен күй көлдегі
Жойылып бітіп барады.

Толық

Қарап көріңіз