Өлең, жыр, ақындар

​ Ақ босаға аттағанда

​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
​ ​ ​
Ақ босаға аттағаным есімде...
Ақ орамал бүркеп аппақ жүзімді,
Ақшыл жүзді анам келіп бақ тілеп,
Ақ ниетпен берген аппақ тілекті.

Әріректе ұялтпайын дегендей,
Әке отырды,​ басын изеп сәл ғана.
Әуелгі рет келін болып,​ иіліп,
Әнтек.. басымды ие бердім жасқана.

Бақыт тілеп жаңа құрған отауға,
Барлық туыс беріп жатты батасын.
"Бұдан былай басқа адамсың, болды!" - деп,
Басымдағы ой, сендіре алмай сасатын.

Отызға кеп,​ отау құру оңай ма?
Отағасын жүргем біраз жатырқап.
"Отан болу — отбасынан басталады,
Ойнамайын ақ некемен"- дедім рас.

Үкілеген үмітімді​ үй қылып,
Үлбіреген сезімдерді нығайттым.
"Үйдің ішін берекеге толтырар,
Үлкен бақыт келсе екен"- деп, мұңайдым.

Ұлым келіп,​ қызым келіп өмірге,
Ұлы сезім жүрегімді баурады.
Ұлық Аллаһ жауап беріп дұғама,
Ұнамайтын сынақтар да болған-ды.

Өмір сірә сонысымен қызықты,
Өйткені еш қиындықсыз тағдыр жоқ!
Өзгелерге ақыл айтып бұл күні,
Өзімізше апай болып жүрміз, тек...

Жүрек құрғыр қартаймайды екен ғой,
Жаутаңдаймыз артта қалған жылдарға.
Жастық шақты еске алып бір мезет,
Жыр жазамыз жұрттар ұйықтап жатқанда!

Гүлмекен Қасенбай
21.07.2022



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар