Өлең, жыр, ақындар

Ақын досты жұбату

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 638
Тірліктің дәмін татпас кім бұйырған,
Сен келдің Алматыға бір қиырдан.
Мен келдім алып таудың ар жағынан,
Бөктеріп торсығымды мұң құйылған.
Сұрамай кімнің жайын кім білгендей,
Кім танып қас-қағымда үлгіргендей?
Тізіліп қатар-қатар тұра қалдық,
Үзілген сабағынан бүлдіргендей.
Өскіндей үсік шалған дәнін ызғар,
Бұл күнде жабырқаңқы жанымыз бар.
Шілде деп ақ көйлекпен шауып жетсек,
Екен ғой айналаның бәрі мұз, қар.
Құлындай аңқау едік еркелеген,
Емес ек сен тістеуік, мен тебеген.
Сай­-сайға қуғаннан соң сауғаладық,
Ін қазған көп суырдай әр төбеден.
Елеске ердің басы алданбас құр,
Көрсетпес өлімтігін арлан қасқыр.
Маңдайға жазғанына ризамыз,
Болған соң атамыздан қалған дәстүр.
Еске алсам Мұқағали, өр Қасымды,
Ұмытам сырқыраған жамбасымды.
Не таптық сөздің оғын сайлағаннан,
Балқытып қызыл тілден қорғасынды.
Суындай сырғып ағып Ертісімнің,
Тұғырдың тобығына жем түсірдім.
Өзеннің ар жағынан үн қатсаң да,
Кеудеңді күмбірлеген мен түсіндім.
Қайғырмас тас төбеңнен түнерсе күн,
Қай қазақ қадіріңді білер сенің.
Келесің арпалысып, аласұрып,
Көкжалдай оқ жалаған тілерсегін.
Ақынды ұйытпаса имандай шын,
Тіріліп әкең келсін иланбайсың.
Жылқы емес, жел қайырған замандастың,
Құдай­ау, қайсыбірін жиғандайсың.
Қоңызды құтқарам деп батқан қидан,
Қайтесің көмек сұрап қатқан мидан?!
Біздердің тағдырымыз молақ тағдыр,
Аюдың аяғындай қақпан қиған.
Кей кезде қарап тұрып қорқасың да,
Қоясың олай­-бұлай жортасың да.
Жүргендей жанұшырып қазақ сорлы,
Ордалы жыландардың ортасында.
Сұмдық бар мынау заман ұсқынында,
Айдаһар жер астынан ысқыруда.
Міне алмай арқандағы атын шешіп,
Талайдың қолы кетті ышқырында.
Пәниде түзеп алса пенде көшін,
Сескенбес десе­-дағы енді өлесің.
Күндерге момақандау қос артыппыз,
Құрыққа асау жылдар көнбегесін.
Әзірше ажал бізді ала қоймас,
Тепсеңге аяқ бастық табан оймас.
Қайғының қара қылын көп боздатпа,
Онсыз да шақшадай ғой шарадай бас.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Байтақ өлкем, сен жаса

  • 0
  • 0

Сырып тастап қараңғылық көрпесін,
Таң сәулесі аймалайды жер төсін.
Таң нұрындай тұтас сүйіп­-құшсам­ау,
Туған елдің таңғажайып өлкесін!

Толық

Елегізу

  • 0
  • 0

Мезгіл бәрін, бәрін де ойлатады,
Толғантады, тереңге бойлатады.
Ренішін көлденең тартып бірде,
Қуанышын біресе тойлатады.

Толық

Аузыңа ит тебеді

  • 0
  • 0

Отты сөз өзек жарған тіл қарымас,
Ақыным, әр қиырға ұрма құлаш.
Қайтесің қу жаныңды қажай беріп,
Көк дөнен – көңіл, шіркін, күнде арымас.

Толық

Қарап көріңіз