Өлең, жыр, ақындар

Тарақтыда тарлан көп

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 196
Сөз тәңірі, медет бер,
Қызыл тілім демеп көр!
Домбырамды қолға алсам,
Он саусағым дедектер.
Тарақтыны толғауға
Аруақ өзі себепкер.
Ағыл-­тегіл шабытым,
Аққан судай жөнеп бер!
Қалсын тасқын астында
Жол-­жөнекей бөгеттер.
Қозғағанда тереңнен,
Жөнім жоқ қой өбектер!
Бабаларды мадақтап,
Жыр төгейін шанақтап.
Ақын ақын болған ба,
Сөзін сатқан қадақтап?
Қысқа өмірім жетер ме,
Үш жүзді шықсам адақтап?!
Ата-­тегін білген құл
Жұртты аузына қаратпақ.
Жетелі ұлдың парызы –
Жеті атасын таратпақ.
Мақау болса, жүргені
Бұралқы иттей салақтап...
Өмір беріп санатты,
Адамды Алла жаратты.
Қанша заман белгісіз,
Күн айналып, таң атты.
Арғы түбі қазақтың
Бір бұтақтан тарапты.
Соның бірі – Орта жүз,
Жауға алдырмас жарақты.
Талай тарлан ер туып,
Жұртты аузына қаратты.
Орта жүздің ішінде
Ноқта ағасы – Тарақты.
Тарақтыға келейін,
Тұлпардайын желейін.
Орта жүзден бөлектеп,
Оны бөтен демейін.
Іліп алар жақсысын
Інжудейін терейін.
Шама-­шарқым келгенше,
Жіпке тізіп көрейін.
Тарақтыдан төрт буын,
Төрт терекке теңейін.
Әлім, Алда, Айт, Қармыс,
Атын атап берейін.
Он екі ұл бар Қармыстан,
Көре алмаған көп дұшпан.
Арыстандай жігіттер
Ай мен күндей жар құшқан.
Көсегесі көгерген
Барлығының алғыстан.
Текті тұяқ тумағы –
Асыл затты болмыстан.
Алдырмаған іргесін
Ата-­жауға аңдысқан –
Ерлер қанша, дүние­ай,
Қазақ үшін қан құсқан!
Ерлерді айтсам біртуар,
Қаным тасып бұрқырар.
Ойға түсіп қайдағым,
Сай­-сүйегім сырқырар.
Тарақтыда Наймантай,
Асып одан кім туар?!
Қарақұрым жау көрсе,
Қамшымен­ақ ұмтылар,
Қайтып тумас қаһарман,
Қара дауыл бұлты бар.
Соны да алған бұл заман,
Атқан оқтай зырқырар.
Наймантайдан Байғозы,
Батыр да өзі, бай да өзі,
Тарақтының атағын
Алты Алашқа жайды өзі.
Жауға атылған жебенің
Сауыт бұзар сәйгезі.
Абылайдың тұсында
Ту ұстаған айбозы.
Серкесі жоқ халықтың
Оңған, сірә, қай кезі?
Өтті-­ау, шіркін, қазақтың
Төрт құбыласы сай кезі!..
Ел жақсысын сөз қылсам,
Ойдан ойды оздырсам,
Ерлер түсер есіме,
Аруағымды қоздырсам.
Тұяқ шешен табылмас,
Тау мен тасты тоздырсам.
Аға сұлтан – Тышқанбай,
Тарих түбін қаздырсам.
Тәшкентте Мәделбек,
Жыр қолтығын жаздырсам,
Түркістанда Шілмәмбет,
Түгендеуге аз мұршам.
Сүңги берсем әріге,
Саңлақтар көп әлі де.
Бері таман құласам –
Қашаубаев Әміре.
Бүкіл әлем таң қалған
Шырқап салған әніне.
Уа, жамиғат, өмірдің
Үңіліңдер мәніне.
Топырағы келіссе,
Асыл болмақ дәні де.
Ажар қосқан солар ғой
Тіршіліктің сәніне...
Жатырынан жарымай,
Нәсілінен дарымай,
Тұлпар тумас ешқашан,
Жортатұғын арымай.
Тарақтының жиені –
Бәрі бағылан, бәрі бай:
Қаз дауысты Қазыбек,
Шұбыртпалы Ағыбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Дуан басы Ыбырай,
Ықылас пен Дайрабай,
Қаракесек Жидебай...
Белең, белең, кер белең,
Белең сайын көлденең.
Солар да өтті, дариға-ай,
Топқа тізгін бермеген.
Арысынан айырылған
Алаш нені көрмеген?..
Ат тұяғын тай басар,
Жүйрік кетпес кермеден.
Тарақтының ұрпағы
Тас қияға өрлеген.
Бүгініне келейін,
Көкке құлаш сермеген!..
Түрлендірген даланы,
Ер еңбегі жанады:
Жақайұлы Ыбырай –
Дән өсірген дананы,
Алтайбайдың жұлдызы –
Ұлбаладай ананы,
Жауды жеңген кешегі
Сыпатайдай баланы
Түгел білер қазақтың
Ұлан­-байтақ алабы.
Тарақтыда тарлан көп,
Жерге тимес табаны.
Соның бірі – Ақселеу,
Желден жүйрік қаламы...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ән­-домбыра

  • 0
  • 0

Саған ғана жан сырымды ашайын,
Саған ғана маржанымды шашайын.
Қосыл кәне әуеніме, домбыра,
Қоңыр кеште қоңыр әнге басайын.

Толық

Ән-шашу

  • 0
  • 0

Домбырамды алайын,
Қанат қағайын!
Шырқап әнге салайын,
Тыңда, ағайын!

Толық

Балқаштың соңғы жолбарысы

  • 0
  • 0

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,
Қандай қиын соңғының долданғаны.
Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей
Қалың қопа кешегі болған бағы.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар