Өлең, жыр, ақындар

Алатау

  • admin
  • 14.02.2024
  • 0
  • 1
  • 3145
Оранып өмір бойы көк мұнарға,
Аспанды алып Ала 1 емген арда.
Айбынды Аспан-ана алып туған
Бөбегін бөлеп қойған меруерт қарға.
Шыңдары Арсыменен араласқан,
Тәңірі тақ қылғандай тарғыл тастан.
Күңіреніп қоңыраулы қара нардай,
Қап-қара қорғасындай бұлты басқан.
Иірілген айдаһардай ашулы асқар,
Томсарған туғаннан-ақ тарғыл тастар.
Құздарды мәңгі меңіреу мәңгі басқан
Жауһардай жарқыраған аппақ шаштар.
Түк басып, тұла бойы толған кесте,
Қарағай, арша біткен өрлей төске,
Қарағаш, тал-тобылғы, жасыл шырша,
Қарақат, жиде, шие маржан түсті.
Сан шөптің түгесерсің атап қайсын:
Шымшуыр, көкемарал, уқорғасын.
Аһ ұрған Алатауда аруларың
Уһімен тыяды екен ыстық жасын.
Жануар бұғы, марал көз адасқан,
Ойнаған ешкі, теке орғып тастан.
Даланың еркелері – арқар, құлжа,
Құлдырап оқтай күлік елік қашқан.
Сары аю ойнайды екен таспен атып,
Бөрісі бөкен жортқан түнде қатып.
Топ шие бір құлжаға жабылмақшы –
Қозыны жібергендей жамыратып.
Құздарда найза қия құстар шулар,
Төменде тасты сабап толқын тулар.
Аланың ақ төсінен орғып түсіп,
Сайларда салар ойнақ асау сулар.
Беттерін солтүстікке түзеп алып,
Шуласып, «Алатаулап» ұран салып,
Еліріп екпіндеген асаулардың
Құм жапқан көбі бірақ шөлде қалып.
Бір шетте жынды Қошқар Шуға шапқан,
Сусамыр арқасында сылдыр қаққан.
Арасан әулиенің ыстық жасын
Жиып ап, Ыстық Ата дауырыққан.
Алатау – алып ана көкпен талас,
Арда емген сол ананы тентек Талас.
Қырғызға қасиетті Талас суын
Ертеде қоныс қылған батыр Манас.
Шыңдарын Алатаудың жел жайлаған,
Жел емес, қалың қырғыз ел жайлаған.
Желменен, желден жүйрік аңдарменен
Құздардан бірдей орғып, бірге ойнаған.
Сайларда сарқыраған селі ме екен?
Күңіреніп көшкен қырғыз елі ме екен?
Алаштың қайсар ұлы – қайратты елдің
Манасы ел қорғаған ері ме екен?
Көп жылдар желдей заулап есті ме екен,
Алатау өсті ме екен, өшті ме екен?!
Қияның қыранындай қайсар елдің
Басынан күңгірт күндер көшті ме екен?!
Қарлы асқар, мәңгі мұнар барлы ма екен?!
Қайратты ел қайғы жұтып, зарлы ма екен?
Шер басып, алып азып, ерлер жасып,
Манас та ұмыт болып қалды ма екен?!
Жоқ әлі! Қарлы Алатау қалыбында,
Толқындар тулайды әлі шапшып шыңға.
Көзінен – от, сөзінен уыт жоймай,
Қайсар ел ұмытқан жоқ алыбын да.
Алатау өспейді екен, өшпейді екен,
Ауыздан алып аты түспейді екен.
Кәрілер: «Киелі ер-ай!» – деп күрсініп,
Жастары: «Ер ұрпағы – біз»,– дейді екен.
Ақындар мұңды қияқ шалады екен,
От болып көптің көзі жанады екен!..
Жұмбақшы «Манасты» айтып жорғаласа,
Кәрі-жас көзіне жас алады екен.
Алашқа қайсар қырғыз бала ма екен,
Қайғымен қайсар жаны жара ма екен?!
Жаралы ел көшкен күнін жоқтай, жылай,
Құл болып, жасық жаспен қала ма екен?!
Тау өшпес аспан төніп, еміренген,
Сел солмас қарлы құз бен көк мұзды емген.
Ерлерін ел қорғаған есте тұтып,
Ел бітпес кеңес қылып күңіренген!..
Алаштың қайсар қырғыз баласына
Қосылса жара жанның жарасына,
Жас төкпей, өрлеп, өрлей Талас бойын,
Тәуеп қыл Манасыңның моласына...

1 Алатау дегені.



Пікірлер (1)

Дарын

Өте әсерлі, ұлы табиғаттың сұлулығын жүрекке жеткізетін поэма екен! Мағжан Жұмабаевтың "Алатау" шығармасы – қазақ поэзиясының інжу-маржаны, Алатаудың қарлы шыңдарын, көк мұнарлы асқарларын, асау суларын, бай табиғатын соншалық көркем суреттейді.
«Оранып өмір бойы көк мұнарға, Аспанды алып Ала емген арда» дегеннен бастап, «Алатау өспейді екен, өшпейді екен, Ауыздан алып аты түспейді екен» деген мәңгілік жолдарға дейін – бәрі табиғаттың ұлылығы мен ұлттық рухтың мәңгілігін дәріптейді. Қырғыз елінің тарихы, Манас батыр, Талас өзенімен байланысты бөлімдер де терең ой салатын, қайсарлық пен бірлікті еске түсіреді. Мағжан ағамыздың тілі керемет таза, әр сөзі суреттейтін, әр шумағы шабыт береді – оқып отырып, Алатаудың шыңына шыққандай сезінесің!
Bilim-all.kz сайтында Мағжан Жұмабаевтың осындай ұлы шығармаларын, табиғатты, туған жерді мадақтайтын поэзияны жинап, жас ұрпаққа тегін жеткізіп жатқандарыңызға зор алғыс! Мұндай өлеңдерді оқып, туған жердің сұлулығына, ұлттық мұраның қадіріне қайта риза боласың, патриоттық сезім оянады. Сайт өте құнды, жалғастырыңыздар – қазақ әдебиеті мен руханиятына үлкен қызмет! ✨

Пікір қалдырыңыз

Тұтқын (М.Д.-ға хат)

  • 1
  • 6

Кеудеде – от, iште – жалын, көзде – жас,
Күнi-түнi қайғы жұтқан сорлы бас.
Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,
Наны қара, шайы қара, қарны аш.

Толық

Бостандық

  • 1
  • 4

Жер жүзін қан басқанда,
Көбігі шығып аспанға,
Жын жолдас боп адамға,
Туралық, теңдік ұмытылып,

Толық

От

  • 0
  • 5

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім - күнмін, өзім - от,

Толық

Қарап көріңіз