Тоқсанның тобы
- admin
- 16.02.2024
- 0
- 0
- 1061
Құмдыкөл басы қара құрт,
Қара құрт емес, қалың жұрт,
Қалың жұрт құба дөңесте.
Арам, кірлі күбір жоқ,
Самбыр сөз бар, сыбыр жоқ,
Жұрт ақжарқын кеңесте.
Ауылдан аулақ, оңаша,
Жиын түрі жаңаша,
Ескі – адыра, алыста.
Сапырылған қымыз жоқ,
Сойылған бағлан, семіз жоқ,
Жұрт ынтасы жұмыста.
Түрлі сөзді қолға алып,
Талқылайды толғанып,
Кезекпен сөйлеп кеңесте.
Бажыл болса баяғы,
Керіспен тынар аяғы,
Кеңесті кеңес демес те.
Осылайша көп түрі,
Сөз күрделі, саз ірі,
Кеңесіп жата тұрсын топ.
Мен айтарлық сөз мұнда:
Осы кеңес тобында
Кімдер бар да, кімдер жоқ?
Кімдер жоқтан бастайын,
Қысқа қайырып, саспайын.
Танаудан тізіп санайын:
Жалпы айтқанда, жоқ жауыз –
Жатып сорар жалмауыз
Еңбекші момын маңайын.
Балдырлайтын ардалап,
Пара алатын арбалап –
Атымен обыр ұлық жоқ.
Сары обырдың серігі,
Жеті басты жебірі –
Қарғылы құтпан болыс жоқ.
Буаз бие қарынды,
Пара алмаса, арынды
Баяғының биі жоқ.
Топтан төбет айдалып,
Тілі-қолы байланып,
Бидің енді күйі жоқ.
Ұлыққа тамақ табатын,
Арсалаңдап шабатын
Ауылнай атты күшік жоқ.
Аш қаншықтай кезеген,
Жалғайтын жұлып өзегін –
Сұм, сұрқия, пысық жоқ.
Үйірлеп малай жалдайтын,
Жалдамайтын, жалмайтын –
Еңбексіз, обыр сасық жоқ.
Көлемі күйек сәлделі,
Көк мұздай жылтыр келделі
Ишан атты пасық жоқ.
Түкірік жағып көзіне,
Жұртты улайтын сөзімен
Өгіз көзді молда жоқ.
Екі беті торсықтай,
Борсаңдаған борсықтай
Бай баласы – бұл да жоқ.
Созылған сөздің қысқасы,
Қысқа сөздің нұсқасы –
Обыр, жебір, сұмдар жоқ.
Еңбексіз жейтін ит те жоқ,
Бейнетсіз жейтін бит те жоқ,
Жалпы айтқанда, жындар жоқ.
Жоқтарды осылай көгендеп,
Танаудан тізіп түгендеп,
Кімдер барға келейін.
Санасам бәрін, сөз ұзар,
Ұзын сөзге орын тар,
Біразын атап берейін.
Бұл жиында кімдер бар?
Ал айтайын, жаттап ал:
Жалпы еңбекші, жарлы бар.
Тап-талтүсте таланып,
Тірі күйі тоналып,
Соғым болған сорлы бар.
Туғалы таңы атпаған,
Тұрмыста тұщы татпаған,
Өмірде өңшең өгей бар.
Өмірдің ішкен у сыйын,
Кер шолақты, кең киім,
Кеуреген көп кедей бар.
Жасықтан өзге жемеген,
Тең еңбегім демеген
Аш-жалаңаш, арық бар.
Аталмаған адам деп,
Аталған жәутік-жаман деп,
Кем-кетік, қасер-ғаріп бар.
Құс табанын тас тілген,
Екі бетін жас тілген,
Бейнет баққан жалшы бар.
Өгізден өзге мінбеген,
Мінсе, мырза міндеген
Қабағы қатқан малшы бар.
Сусынын сумен қандырған,
Білегін тегін талдырған,
Құлдай болған қоңсы бар.
Шай-шайлап еңіреп зыр қаққан,
Сар далада зар қаққан,
Қатқан тонды қойшы бар.
Өмірде топқа кірмеген,
Тепкіден өзге көрмеген,
«Бағасы – байтал» әйел бар.
Дейтіндер десін, «Ой, Алла!»
Әйел енді оянды,
Болмаса былтыр, биыл бар.
Кеңестің бұл бергені:
Ердің екі ермегі –
Бәйбіше мен тоқал бар.
Ер апшысы қуырылып,
Биыл топқа суырылып,
Сөз сөйледі тоқалдар.
«Үш-ш-ш-шүкір» дейтін асықпай,
Қорғасын құйған асықтай
Бүйрек бетті бала бар.
Жұғыннан өзге жемейтін,
Арыдым, аштым демейтін
Желекті келін және бар.
Көйлексіз етке күн киген,
Бейнеттен көзі кіртиген,
Шеккені шер мен ыза, зар,
Итаяқтан ас ішкен,
Ас ішпеген, жас ішкен
Сауыншы сорлы қатын бар.
Ұзын сөздің түйіні –
Бұл тоқсанның жиыны,
Жүзден тоқсан түгел бар.
Жүзден тоқсан – еңбекші,
Он тоқсанға көнбекші,
Көнбесе, жаныштар жігер бар.
Ес біліп ойлап, толғанып,
Қолыма қалам алғалы
Сөйлеген емен жасыра:
Мен мұңдымын мұңдастым,
Адассам, ел деп адастым.
Он деген емен, асылы.
Он демедім, демеспін,
Ой кезінде көмескі
Жырладым елді жалпылап,
Жасырмай, жүзді жоқтадым.
Тоқсанға енді тоқтадым,
Толғанып, ойлап, талқылап.
Сөздің тоқтар түйіні:
Бұл – тоқсанның жиыны,
Осы – армансыз білгенім.
Тоқсаннан сонау он аулақ,
Сонау оннан мен аулақ,
Мен тоқсанмен біргемін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі