Осылай болғым келді – Қалижан Бекхожин

Бұл бетте «Осылай болғым келді» атты Қалижан Бекхожин жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ойға, ойға батқым келеді.
Ойды оймен толқытып,
Шалқытып, шалқып аққым келеді.
Сезімге, сезімге батқым келеді,
Сезімді сезіммен жандырып,
Рахатын,
Рахатын тапқым келеді.
Мен, өзім сүйген әлемді
Мерекелі еткім келеді.
Бей-берекет дүниені
Берекелі еткім келеді.
Мен, өмірге,
Өмірге енгім келеді.
Өмірсізге
Өмірімді бергім келеді.
Ауруға
Ауырып барғым келеді.
Оның ауруын жұлып алғым келеді.
Ажалға
Ажалмен төнгім келеді,
Өмірді,
Өмірді жұртқа бергім келеді,
Шіркін, поэзия!
Саған жанымды қиғым келеді.
Өлеңді өлең боп ұшырып,
Қанатынан сүйгім келеді...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері