Өлең, жыр, ақындар

Шал мен дегдар қыз

  • admin
  • 09.08.2024
  • 0
  • 0
  • 181
Шал ақын жолаушылап жүріп, бір байдың үйіне қонады. Байдікі қонақасыға арық тоқты сояды. Алдына табақ келгенде Шалдың айтқаны:

Қысымын он екі айдың көргенбісің,
Не жауыр, не қотырдан өлгенбісің.
Етіңіз ата малға ұқсамайды,
Не аза, не киіттен келгенбісің?!

Байдың бой жеткен қызы бар екен, сонда былай деп жауап қайтарады:

Малдың арық болғанын көдеден гөр,
Өкпелесең етімді өзіме бер.
Құлекенің баласы Шал да болсаң,
Ақы, пұлың шыққан жоқ, қаужаңдай бер.

Қыздың тапқырлығына риза болған Шал ақын: «Айта түс өлеңіңді, таспа бойлы торы екенсің», – деді.
Таңертең қыз бір семіз тоқты сойғызып, қайта қонақасы береді. Сол уақытта Шал ақын қызды мақтап былай дейді:

Дегдар қыз екенсің бір алма мойын,
Ұжмақтан жаратылған жұпар қойын,
Жарқырап зуһрадай екі көзің,
Таранған əр тарапқа созып мойын.
Сіздердің мен таң қалдым жамалыңа,
Ақылға толықсыған кəмалыңа,
Елшіге елу теңге бермек мақұл,
Арада хат апарған адамына.
Асыл ғой баға жетпес осындай қыз
Əр елдің аты шыққан тарауына.

Қыз:
Ой, шіркін, Шалдай болсам сөзге жүйрік,
Сіздер аршын болғанда, біз бір ширек,
Тұлпарға топтан асқан жету қайда,
Бəйгеге қосқанменен байтал сүйреп.
Сөзімнің айыптама бұрыстығын,
Тағы да мақтамаңыз дұрыстығын,
Бір-екі ауыз сіздерге назым айтсам,
Сүйткенмен бар ма менен шығар шығын.

Шал:
Өлеңге сен ешкімнен қалыспассың,
Менімен топқа түсіп жарыспассың,
Ширектен құралған соң кез болатын,
Теңеліп кез болдым деп алыспассың.
Шырағым, сөз сөйледің əуел баста,
Бала жоқ өлең айтқан сендей жаста,
Қолға алып, жалғыз мені сау көтерме,
Өнерлі жігіт жоқ па менен басқа.
Білерсің сен де өлеңді ойлай берсең,
Əр үлгі көрсетер ем қасыма ерсең,
Аузыңа түкірмей-ақ ауысар ем,
Жол қылып өз шамаңша берім берсең.
Дүние тілемеймін сенен тіпті,
Алар деп мені дүние болма күпті,
Ақыл ауыс дегендей, ырыс жұғыс,
Сен-дағы көрінесің өлеңге епті.
Пайдамды тигізермін келсе шамам,
Қолыңа ал, ой ойланып қағаз, қалам,
Ақынның аса зирек əңгімесін
Жиып ал, үлгі қылып тегіс томам.
Ақын бол, бөгелмейтін тіл мен жағың,
Жазудан тоқталмасын он саусағың,
Артылып алапатың абыройлы,
Күн сайын өсе берсін, өнер бағың.
Ақынның алды, артына бақпасын ба,
Тасыған судай болып ақпасын ба,
Үйіңе мен келгенде айтпағанда,
Атаңның айтамысың қақ басында.

Қыз:
Əлім жоқ сіздей ермен алысуға,
Сізбенен шамам келмес жарысуға,
Жаңбырдың іріткісіндей біз бір шалшық,
Шалшық қашан теңелген аққан суға.
Өлеңді тапсам жақсы ойлай беріп,
Біраз күн өнеге алсам қасыңа еріп,
Көрсеттің бір нəрсені ишаратпен,
Аламын мен дұғаңды нені беріп?
Атыңыз сіздің жұртқа болған дастан,
Өнер мен біліміңіз жұрттан асқан,
Дегенің «Атаң басы» ауыр тиді,
Тұлпардың баласымын, сірə, саспан.
Өзімде болмаса да затымда бар,
Жақсымен ата тегім араласқан.
Бақытын өзі берген өзі алады,
Қолыңда тастап жібер болса аспан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арғымақ ат кімде жоқ

  • 0
  • 1

Арғымақ ат кімде жоқ,
Міне алмасаң, атша жоқ,
Ағайын туған кімде жоқ,
Сыйласпасаң жатша жоқ.

Толық

Белбеу орнына жіп берген тоқалына

  • 0
  • 0

Беліме жіп буындым, белбеусізден,
Жігіттер, қатын алма көргенсізден.
Жігіттер, қатын алсан көргенсізден,
Шал Құлекеұлы

Толық

Жігіттер, жаман сөзді кəсіп етпе

  • 0
  • 0

Жігіттер, жаман сөзді кəсіп етпе,
Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.
Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,
Шал Құлекеұлы

Толық

Қарап көріңіз