Егер шүршіт қаптаса...
Қытай боғдыхандарының шығыстағы қанішерлік қылығы айқындала бастаған кезі болатын. Боғдыхан қазақ жеріне қарай жылжығанын сезген Бұхар жырау жаны түршіге жырымен халықты күреске шақырып саясатқа бағыт берген:
Шүршіт келеді деген сөз бар-ды,
Көктен түскен төрт кітап.
«Енжіл» атты кәламда.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір кетер ақтарып
Көмулі көрден денеңді!
Абылай хан халқы әулие көрген ғұлама жырауды сөйлетіп, халықтың тынысына құлақ асып, ақылына ден қойып отырған.
Жырдың өзге бір нұсқасы Г.Н.Потанин жинағында төмендегіше:
Он екі қазық әр түндік,
Шауып шықтым белеңге.
Тау суындай сарқырап,
(Найман) жатыр өренде.
Он сан қазақ тізгіні
Ер Абылай төремде.
Шүршіт деген ел бар-ды
Келер деген келмеді.
Шүршіт келсе сыртқары
Жылқың жатсын белеңде.
Қойың жатсын шөлеңде.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір
Жаһан қоймай қуалап,
Алып кетер ғалемді.
Шүршіт жатыр арқада,
Барын көлдің басында,
Егін салып қасында.
Ақылы жоқ сол қазақ
Атын сатты кәпірге.
Ылау атын мінген соң,
Күнін, түнін бір етіп,
Бір күн жетер сол кәпір.
Жаушылыққа шығар ол,
Елшілікке барар ол,
Түрі момын болар ол.
Құлан қайда семірсе,
Жүнін сонда төгер ол.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір
Қабырғаңды күйретіп,
Жон арқаңды сөгер ол.
Атам қазақ болғалы*
Атам қазақ болғалы,
Үдере көшіп қонғалы,
Қоныстанып, тұрақтап,
Іргелі орда болмады.
Үш-жүз болып құралмай
Бір орда боп тұралмай,
Сарыарқаны шарлады,
Шөлде жортқан құландай.
Шығыстан Манғұл жабысты,
Аяққа басты намысты,
Қызыл қарын жас бала,
Еңкейген қарт ата-ана.
Қысымы күшті қорлықтан,
Озбыр-өкім зорлықтан,
Қан жылады, зәр ішті.
Сырдан ауып келгенде,
Ел тыйыштық көргенде
Орта жүз бас қосып,
Іргені белден көмгенде,
Шүршіт қалмақ жау болды.
Таласы Аула тау болды,
Ерді өлтіріп, малды алып,
Елді жаулап, жерді алып,
Арада бітпес дау болды.
Елдің ері жиналды,
Ел үшін жаны қаналды,
Қанды кекті қайтарып,
Қанмен жауы силанды.
Ел үшін еңбек қылғаны –
Елден адал туғаны.
Ел үшін қанын төккені –
Адамдық серіне жеткені.
Ел үшін құрбан болғаны –
Ер туысы ақталып,
Ел аузында сақталып,
Таңға жарық шолпан бон,
Елден туған Солтан боп,
Мәңгі-бақи тұрғаны.
Кешегі батыр Жасыбай,
Көкше шақпақ тасындай
Суы қатты сомболат
Өмірі өтті жасымай.
Жылағаннан не пайда?
Өлімге жоқ түк айла.
Дәм таусылып, дем бітсе.
Аялына қарай ма?
Әзелде жазу осылай.
Тоқтат мені Абылай!
Қайғыменен қарымай,
Жортуылда ер өліп
Елің отыр жарымай.
Қайратты бол, қажымай
Тақта отырын азымай
Болар істің қамын қыл!
Жадырап шілде жазындай.
Тоқта менің ерлерім!
Жау аса алмас белдерім
Ердің қанын қанмен жу,
Сендер едің сенгенім.
Жолдарың болар жорықта.
Тыю болар зорлыққа
Өзі тиген өкінбес
Күш жұмсасақ қорлыққа.
Қойдан қоңыр ел едік
Силасқан елге кең едік
Елмен жерім аманда
Таусылмас қазына кен едік.
Қазақ-қалмақ туыстас
Кірме емес, тең едік.
Көрші ел болып қоныстас
«Жауласпаспыз» деп едік.
Ол сөзде қалмақ тұрмады,
Үнемі зорлық қылғаны,
Талай батыр ерлерім
Елдің болды құрбаны.
Кінә жоқ, бізде жазық жоқ,
Зорлықта тұрақ, қызық жоқ,
Өкпелемес Ежен хан
Өзі көрер көзімен
Айныған байлау сөзінен.
Момын елді күйдірме,
Ханы тартсын жазасын.
Ел шаруасын бүлдірме,
Қайтар бір азасын.
«Ер екен» - деп қарасын,
Хан мен байды шауып ал.
«Ел екен» - деп санасын!
Бас-басыңа батырлар,
Арнап міндет артамын.
Ата-аналық ақым бар,
Алдарыңа тартамын.
Ел туғызып өсірді,
Сендердей батыр арланын.
Қорға, жаудан еліңді,
Панасы сендер арқаның.
Қара қабан Бөгенбай,
Қайтпас жаудан кек алмай.
Ерім өлді арманда
Сапарынан келе алмай.
Сен туған соң кегімді,
Жат жауынан алғамын.
Байырлатып елімді,
Төріне орда салғамын.
Қалмақ қолын қиратқан,
Жасыбайдан қалғанын.
Аула тауды босатсаң,
Ердің құнын алғаның.
Хан ордасын құлатсаң,
Тұтанар өшіп жанғаның.
Елге сауға сұратсаң,
Өлімге өктей бармағын.
Келісетін сөз болса,
Бітер сәті кез болса,
Жеңемін деп желігіп,
Ашулы күшке елігіп,
Қарысып, қатып қалмағын.
Хан әскерін жеңсең де,
Ел шетіне енгенде
Іште қан боп қататын,
Көрге бірге жататын,
Елге бүлік салмағын.
Елші жүрсе араға,
Жеңілді деп санама.
Өзіңді тым-ақ зор тұтып,
Өзгені малға балама.
Бағындырар күш болса,
Алдыңа салар іс болса,
Тынымын тіле екі елдің,
Әдеті сол шын ердің.
Өлген қайтып келмейді,
Төгілген тұтас толмайды,
Өткен іске қарама!
Төлебай, Жаман батырлар
Бұл соғысты мақұлдар,
Ерді өлтіріп, ел шапқан,
Жауға аяздай сақылдар.
Ер Шотана, Аңсары,
Құралып тұр бастары.
Сан майданда қиналған,
Сайдың көкше тастары.
Құрбы-құрдас жастары,
Елдің болат астары.
Шотана айғай салғанда
Бұзылған жаудың жапсары.
Табылпадай ерім бар,
Ордалы байтақ елім бар,
Бал өзені тулаған,
Мал кіндігі жерім бар.
Соны қорғап бағыңдар,
Жауға қарсы барыңдар.
Кеткен жерді қайтарып,
Ежен ханнан алыңдар.
Жабыла дабыл ұрыңдар,
Қомданыңдар, тұрыңдар.
Бет күйдірген айбатпен,
Тас үгетін қайратпен,
Жау әскерін қырындар!
Төс айылдың басқанын,
Иесі білмес, ат білер.
Ер жігіттің қадірін,
Ағайын білмес, жат білер.
Жорық жолы болуын,
Қария білмес, сәт білер.
Ердің күші асуын,
Қайрат білмес, бақ білер.
Өлімнің ерте-кештігін,
Бір жаратқан хақ білер.
Тәуекелге бел байла,
Хабар тарат маңайға,
Құрбандық шал, Абылай!
Қанды соғыс оңай ма?
Елдің болат ерлері,
Қару қайрат даярла,
Ердің алын күштері
Жыр боп жетер талайға
Ердің қанын алуға,
Елдің кегін алуға.
Ел аузынан жазып алған Шаймерден Торайғыров
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі