Көгілдір көркем өңірім

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

І
Көрінді таулар көгілдір,
Көк мұнар сәлде жамылған.
Көк шырша сылқым өмір бұл,
Жаралған көк ніл ағыннан.
Тұмардай көкшіл жайнаған
Оқжетпес қандай еңселі?!
Көк жібек көлдер айналам,
Сексені бірдей сал-сері.
Көгілдір маржан өрнекке,
Ақырғы сәлем бермекке,
Ақ бура шөккен жер осы
Оранған көкшіл жөргекке.
Көгілдір екен жер-көкте
Сұлулық патша төресі.
Көк тоғай қолмен еккендей,
Желкілдеп өзен бойлаған.
Балқадиша өткендей,
Құба тал желмен ойнаған.
Балауса нәзік жауқазын,
Көкаршын көзді гүл сұлу.
Балқытпай қоймас жан назын
Балқурай көкшіл үн сұлу.
Қарашы кербез айбынға,
Көгілдір аққу айдында,
Салады «Қайран, Гәккуге».
Құлшынып құшақ жайдым ба,
Азайған шығар қайғым да,
Бой сергіп ғажап тәтті үнге.

ІІ
Көгілдір өзен мөлдіреп,
Жүректің кетті тынымы.
Өткендей болды желбіреп
Қыз қалқа толқын бұрымы.
Көкжарма шатқал, көк жота,
Көк мақпал шоқы, қыраттар.
Көгілдір тартты ақ бота,
Құлыншақ, қозы-лақтар.
Кекілін сипап жел өтсе,
Бұрқырап иісі ерекше,
Көк барқыт арша боянды.
Бір кездесу керекше,
Дем беріп көркем елеске,
Сағыныш қайта оянды.
Әудемде жер-көк табысып,
Көгертті алқап өңірді.
Сәулемен жаңбыр жарысып,
Көгілдір маржан төгілді.
Тазарды бұта мәуелі,
Жарқ етті көкшіл қарақат.
Тотықұс ғашық әуені
Көкірекке шекті саяхат.
Кенелтіп адам санасын,
Кемітіп көңіл жарасын,
Бурабай бәрін құрапты.
Көгілдір, мөлдір, жаны асыл,
Іздесең қайдан табасың
Осыдан артық жұмақты?!
Көгілдір аспан сарайы,
Көгілдір күннің арайы.
Хандық пен салдық жарысқан
Ел төрі – Көкше маңайы.
Көгілдір жайма кекілді,
Қарағай бұлтқа жармасқан.
Көгілдір жалау секілді,
Аспанмен түсі алмасқан.

ІІІ
Өзен, көл, орман аралас,
Көгілдір таулар шала мас.
Көркіңе, Көкше, құмармын.
Бір күні тағдыр қызығып,
Өмірім кетсе үзіліп,
Көгеріп қайта шығармын.
2002


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көгілдір көркем өңірім өлеңінің авторы кім?

Кәкімбек Салықов — осы өлеңнің авторы.

Көгілдір көркем өңірім өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Көгілдір көркем өңірім өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Кәкімбек Салықов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көгілдір көркем өңірім өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері