Кім мені тастап кеткен білесіз бе?
Сіз менің ата-анамды білесіз бе?
Көрсеңіз "Ұлың сізді іздеуде!" - де.
Жетім қозы секілді жаутаңдаймын,
Анашым кеп қалардай әне-міне!
Сіз менің әкешімді білмейсіз бе?
Сонда ол...
бас тартқан ба менен мүлде?
"Ер мойнында қыл арқан шірімеуші-ед (і)",
Өз баласын тастайды ол неге жерге?
Кім мені тастап кеткен білмейсіз бе?
Қалдырардай не жаздым күресінге?
Ана болар адамдар қайдасыңдар?
Махаббатқа мұқтажбын, жылы сөзге!
Мен неге тумай жатып жазықтымын..?!
Неге менің бұлыңғыр жарық күнім?
Асау нәпсі басқарған зинақордан,
"Тексіз" болып туғанға налып тұрмын..
Уа, әкелер! Болашақ текті аналар!
Ақ некесіз абыройдан аттамаңдар!
Ұлт ертеңі болатын ұрпағыңның,
Таза қанын зинамен былғамаңдар!
Айтыңдаршы.. жеті атам кімдер менің?
Бәлкім ханның ұрпағы, мұрагермін.
Арғы атамыз би, шешен, молда шығар,
Бірақ олар тани ма немересін?
Мен жайында білмейді ешкім мүлде,
Өйткені мен күәмін арсыз түнге.
Сол себепті ата-анам тастап кеткен,
Тумай жатып орай сап ақ кебінге!
Тайғақ табан әкелер қайдасыңдар?
Уәдең қайда жігіттік, қызға ұсынған?
Жүкті екенін білген соң тайып тұрдың,
Еркек емес езсіңдер, қорқақсыңдар!
Бүгін мейлі алаңсыз күл де ойна,
Естелікті мен жайлы жауып қой да.
Қияметте жағаңа жармасамын,
Тазартатын "жалын" бар әр күнәңа!
Кездесерміз ез әке арғы өмірде,
Анашыма жасаған қасіретіңе.
Жылап тұрып сұрарсың мың кешірім,
Бірақ ол күн кеш болар.. өкінуге...!
Гүлмекен Қасенбай
30.05.2025
- Асқарұлы Санжар
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі