Өлең, жыр, ақындар

Осы күздің келбетіне құмармын!

Сұрша бұлттар желкілдетсе жалауын,
Күн тығылып көрсетпейді танауын.
Сары күзге қарап қойып әйнектен,
Қаймақ қосқан ыстық кофе қалауым.

Осы күзде бар тартылыс, бар сағым,
Қарашаның елемеймін сарсаңын.
Алтын түсті жапыраққа малшынып,
Алтын бақта қыдыру да аңсарым.

Төбемізден ұшып өтсе құстар мың,
Мен сабырлы күз кейібін ұстармын.
Жылы үйде, жылы көрпе үстінде,
Кітап оқып, жатуға да құштармын.

Күрең күзде сібірлейді құла таң,
Құла таңға арманымды сынатам.
Қолшатырдың тығылатын астына,
Күздің салқын жауынын да ұнатам.

Қоңырауын іліп келер тұмар күн,
Бәлкім мен де бұл мезгілге ұнармын.
Кетсе дағы соңы қарға ұласып,
Осы күздің келбетіне құмармын.
Айгүл Қадыр



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз