Өлең, жыр, ақындар

Есті жырға өзімше мұң айтамын

Иланам да өмірдің шын сөзіне,
Күнді өзгеге қиямын, түн өзіме.
Кір шалғанда көңілді жуып алып,
Таң атқанда кептірем күн көзіне.

Есті жырға өзімше мұң айтамын,
Мұң айтам да жанымды тыңайтамын.
Теңізімнен маржан сөз іздеймін кеп,
Соныменен атады құлай таңым.

Кейде көкті шарлаймын жаным жүдеп,
Біз білмейтін өмірдің заңын түзеп.
Құрсауына түсемін шідер ойдың,
Жатқандай-ақ сол ойда бағым түнеп.

Мынау түн де, анау таң сырға берік,
Мен айтқанда күрсінер тыңдап, еріп.
Айғыз-айғыз көңілді жайып салам,
Бәлкім түн де мендегі мұңға жерік.
Айгүл Қадыр



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз