Өлең, жыр, ақындар

Тәтті ұйқым жетім қалсын

Сен күлесің ол әлі жылайды әлі,
Жылайды әлі, мені іздеп, сұрайды әлі.
Көз жас төксе, мен бұрын сүртуші едім,
Жыламаса ақсын көз одан әрі.

Шаттанасың, қуанасың керемет деп,
Қара да тұр, қаласың сен де еңбектеп.
Бір күндері күйерсің мендей болып,
Жерді ұрып, жаныңды жер тепкілеп.

Мен көрдім қасіретті, күйюді де,
Мен көрдім өліп, өшіп, сүйюді де.
Сен де сүй, мен секілді жан тәнің мен,
Күймей, сүймей, өкінбей, көрге кірме.

Ойлама, “мұнша қарғыс неге?” бұл деп,
Сен білесің, себебін сұрама, тек.
Айта бар, сүйінші сұрап махаббаттан:
“Тағдырыма енді қайта келмесін” деп.

Мәңгі емес бұл жалғанның төрі бізге,
Келеміз, кетеміз бәріміз де.
Өкінем, сүйгенім үшін ғана мен,
Кел де өкін, бірге жат көр ішінде.

Сенбесең кеудемді тіл, ішін қара,
Көріп тұрсың бұл азаптың ұшы ғана.
Сен де күй мен секілді шын ғашық боп,
Тәтті ұйқым жетім қалсын, түсімді ал,
Кет жоғал, жолдан қалма.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар