Өлең, жыр, ақындар

Сырлы кеш

Жүзген мен жан-тәнім өз ағысында,
Бақытсыздық көп толқыған толқынында.
Тас жүрек боп көрінсем, етпе айып,
Тау құлап түскенше аз ғұмыр да.

Мүмкін, шын махаббаттан үлесім кем,
Алдым бәлкім сүрініп, сыйымды мен.
Сүймеген боп та көрінем кейде жұртқа,
Бір сүйіп, сүймейтін халге енген ем.

Уақыттың жұтып ап күйген демін,
Мүмкін, әлі бәріне үлгерермін.
Бірақ мені жалғыз деп ойламасын,
Мен қазір жалғыздыққа үйленгенмін.

Бөлісіп алар жоқ менің бақытымда,
Нем бар дейсің кеуде толы ащы мұңға.
Білгің келсе мен жайлы кел, отырғын,
Сыр айтам, сырадан құй, құй тағы да.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз