Өлең, жыр, ақындар

Жүр, досым, кеттік ауылға

Жүр, досым, кеттік ауылға, жүр ауылға,
Сағынған бізді ағайын, туыс, бауырға.
Жусан иісін иіскеп, шаңына аунап қайтайық,
Мауқымыз басып, шомылып, зәм-зәм жауынға.

Көңілдер жаз боп шаттанып, бір шалқысын,
Төрінен үйдің жылылық сіңіп аңқысын.
Көктегі күннен сәуле емес, нұры төгілген,
Мен үшін қымбат, ауылдағы әрбір әр кісің.

Ескі жылдардың самалы сипап еседі,
Сағындым бәрін, доп тепкен ауыл көшені.
Тай мен жарасып, ән салып үйге қайтатын,
Қайран балалық өтіп, бір кетті-ау кешегі.

Бұлағы мөлдір, өзеннің шалқар айдыны,
Ауылдың демі білінбес дүние байлығы.
Сыңғыры құстың жарасын жанның емдейтін,
Табиғаты ауылдың ғажайыптың барлығы.

Береке келген әр қадам, әр бір демменен,
Ауылдың жері жәннат, ең көркем.
Әңгіме қызық, әзіл-қалжыңға ұласқан,
Ауыл да бақыт, ауыл деген құт мекен.

Автор: Оразбай Сарыбаев



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар