Өлең, жыр, ақындар

365 күнім

Ақылсызбын бәлкім, әлде естімін,
Тағдырына кінә артқан кешқұрым.
Көлеңкеде қалып, жарық іздеп,
Армандаумен өтті менің 365 күнім.

Ертеңім деп еріксіз елеңдедім,
Бірақ сезем, әлсіреген көне демім.
Жан-тәнім басты рөлге ұмтылса да,
Өмірімде өзім ғана көрерменмін.

Ақ бұлттай биіктегі желге ұшқан,
Арылған сын, даңқ пен жарыстан.
Сол бір кез табылсам, тілерім жоқ,
Пейіштегі пенделер арасынан.

Жан емеспін, әлемге сыйынбаған,
Жұлдызым сөнердей бұрын айдан.
Мейлі, ғайып болайын дүниеден,
Ендеше, сыйыңды бер бұйырмаған.

Қиялдың жармасып ақ қанатына,
Таусылды төзімім де, тағатым да.
Кейде өмір, сені де аяп кетем,
Құдіретің жетпеді соңына апаруға.

Автор: Оразбай Сарыбаев



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз