Өлең, жыр, ақындар

Түннің қанаты

Жел шайқап аппақ қанатың,
Күмістей көлге тарадың.
Жүректің сырын ұққандай
Қиыла неге қарадың.

Жарқырап жазық маңдайың,
Жаулады көздің жанарын.
Емес бұл түстің елесі,
Қозғаған түннің сыңарын.

Аққуым менің, Аққуым,
Сенімен ғана шат күнім.
Ессіз қып естен тандырған,
Әдемі ай, сенің тәтті үнің,
Әдемі ай, сенің тәтті үнің...

Қайыңдай нәзік беліңмен,
Тербеттің тұнық көл бетін.
Үкілі кештің сыбырын,
Күй қылып төкші, сен керім.

Жанымды жырға бөлеп ап,
Қарадым үнсіз, ұрланып.
Өзгермей мәңгі қалсайшы,
Шын сүйген жанға шын бақыт.

Автор: Оразбай Сарыбаев



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз