Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор – Шәкәрім Құдайбердіұлы

Бұл бетте «Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор» атты Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.04.2015
  • 2
  • 1
  • 17373
Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор,
Қайратсызға өмірдің бейнеті зор.
Өлмейтін, жазылмайтын сол аурумен
Жалғанда жан болмайды кәріден қор.

Жас баласын әлпештер ата-анасы,
Бәйек болып келгенше бар шамасы.
Сүйткен ұлы ержетіп жігіт болса,
Бұзылар ата-анаға көзқарасы.

Қартайған соң балаға ата жақпас,
Атанады «алжыған бір қу қақпас».
Сүйген жары тілінен сүймек түгіл,
Оның етін менсініп жылан шақпас.

Жар сүймесе, баласы жай білмесе,
Қанды жасы көзінен қайтып ақпас.
Ием деп еркелеген ит болмаса,
Ол сорлы жылы жүзді бір дос таппас.

Әрине, балаң білсе қадіріңді,
Орындап екі айтқызбай әміріңді.
Жасыңнан жаны сырлас жарың болса,
Қылп еткізбей білетін тамырыңды.

Олай болса тілегің табылынды,
Назаланба, бойға жи сабырыңды.
Ол болмаса, өмірден өлім артық,
Өзің қазып дайында қабырыңды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Осы автордың басқа өлеңдері