Партия адамдары
Біздің қазақ әркімді қылар мазақ,
Деп жүр ме екен «өзімнің бойым таза-ақ».
Осы жұрттың, байқаңыз, беті қалай,
Қайда қаңғып барады осы қазақ?
Ауыз дәмін кіргізер дәмі бар ма,
Маған десе, бұл елдің бәрі бар ма?
Қалай кетіп барамыз деп ойлаған
Есті жас пен ескерген кәрі бар ма?
Қай қазақ ойдан орып, қырдан қырды,
Білмейді деп жүр ме екен ішкі сырды.
Қазақтың қайратының түбі мәлім,
Алты бақан ала ауыз иттей үрді.
Бұл қазақ уәдеде қашан тұрды,
Алдауменен күн өтіп құдай ұрды.
Бірін-бірі құтырған итше қауып,
Өңкей төбет шуылдап ұлып жүрді.
Бетін байқап қарасаң бұл қазақтың,
Соқпағына түсті ғой дәл дозақтың.
Ақыл айтсаң, алады бір жеріңнен,
Белгісіз есі шыққан сандалақтың.
Күн сайын қағынады тыныш жүрмей,
Бір мезгіл тыныштықпен ғұмыр сүрмей.
Арамды арам демейді, құдайды бір,
Кім кіреді дозаққа бұлар кірмей?
Бар жұмысы – алдау мен ұрлық, пара,
Бірін арам демейді бұл бейшара.
Залымдарды кәпірмен қосып айтқан,
Нанбасаңыз, Құраннан оқып қара.
Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы – Құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың
Малы түгіл арының бәрін жейді.
Мықты байлар, бек жақсы осыны қыл,
Арды тастап, қу менен сұмға тығыл,
Ел зарлатып зорлықпен мал жиып ең,
«Арам жемтік – азығы иттің» деп біл.
Маған көнбе, қуға көн, солар жесін,
Тапқаныңды соған бер, тойдым десін.
Толтыра алмай түпсізге күнде құйып,
Таусылғанда береді неменесін?
Бермей қойсаң, ана бай және дайын,
Араны ашық ол иттің жұтқан сайын.
Арды білмей, арсызға құлдық ұрып,
Есін алып қойған ба бір құдайым.
Соңғы байдың төбеті бұлай болар,
Үйір қылып алған соң көңлі тынар.
Ырылдатып төбетті қайта жауып,
Өз қылғанын өзіне бұ да қылар.
Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда,
Өңкей итке жалындың, табыс қайда?
Ана байға ит кетсе – күнің қараң,
Онда қашып тығылар қамыс қайда?
Тек отырмай, атыңды алысқа айда,
Партия жағаласқан жарысқа айда.
Жердің жүзін жеңіп ал жанды салып,
Дос қайда, құда қайда, таныс қайда?
Бәрін жи, бәрін шақыр, бәріне бер,
Қалмасын бірі өкпелеп, жалпылдай көр.
Итше еркелеп қу менен сұмға жалын,
Сол отырсын, өзіңе тимейді төр.
Ант ішіп, алдамасқа жаныңды бер,
Жалаңаш, жалмауызға малыңды бер.
Жауды жеңіп аласың, жанды аяма,
Жүзің түгіл, іркілмей саныңды бер.
Бермей елден айрылсаң құр қаласың,
Итті көп жи, ел саған жорғаласын.
Қу мен сұмды құдай қыл күнің үшін,
Әзір «құдай» дегенді не қыласың?
Япырым-ау, бұл не деген наданшылық,
Осынша жайылар ма жаманшылық.
Есі шығып елірген бәрі де мас,
Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық?
Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба,
Іс қылмақ артын ойлап мұтылған ба?
Алланың кәрі тиіп адасты ма,
Кеткені мұнша кіріп шытырманға?
Адал десе тік тұрар төбе шашы,
Жиған малы – бәрі арам, ішкен асы.
Қылып жүрген ісі – анау, күші – мынау,
Мұсылманға ұқсайды қай арасы?
«Қайтелік, заман солай» деген болып,
Алдаумен бірін-бірі жеген болып,
«Менен емес, анадан» деп суылдап,
Тап-таза, бәрі бірдей неген болып.
Онымен мені алдай ма, кімді алдайды,
Жалған сөзін Құдайым тіпті алмайды.
Тәңрінің таразысы тартады әділ,
Азап көрмей айламен сау қалмайды.
Өтірікке найзадан өткір қазақ,
Өз қылығың басыңа жеткір қазақ.
Қоқиланар «Құдайдың құлымыз» деп,
Пайғамбардан садаға кеткір қазақ.
Сен мұны айтқаныңмен не табасың,
Алса алады өз арын, өз бағасын.
«Елің қайда барады, көш жөнде» – деп,
Оятқаным дейсің ғой жұрт ағасын.
Өзің кімсің, біреуге сын тағасың,
Айтқаныңмен оларға қай жағасың.
Қайраттан да, қамдан да босатып ал,
Сонда тура шындыққа жол табасың.
Бұл елдің күн көргені – өтірік ант,
Қазаққа алдау деген болды ғой салт
Не түзеліп, не бұзыл, ылажым жоқ,
Қақсап, зарлап, айтты да өтті ғой қарт.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі