Өлең, жыр, ақындар

Әр әулеттің өзіне тән әні бар

  • 02.08.2016
  • 0
  • 0
  • 7024
Қасиетті соқпағы бар, жолы бар
Дәстүр салтын сезінген жан сағынар.
Тыңдай алсаң, ұға білсең егер де,
Әр әулеттің өзіне тән әні бар.

Айта алсын деп ұрпағына арнаған,
Бұл - кешегі бабалардан қалған ән.
Бесігінен құлағына сіңді де,
Мұрагер боп сосын ұрпақ жалғаған.

Әуен емес ол шырқалар тосыннан,
Тек сол әнмен бақыт жолы ашылған.
Салған соны бабалар мен Әкелер,
Айтқан соны - Аналар да қосылған.

Сынығындай асылдардың өлең-дүр,
Айт та соны әулетіңде елен бір.
Жалқы болып шырқалмайды бұл әуен,
Қос дауыста шырқалатын әуен бұл.

Бар бойынан қасиет тек табылар,
Сол әуеннен Дала заңы танылар.
Тыңдай білсең, ұға білсең егер де,
Әр әулеттің өзіне тән әні бар.

Ол үзілмес атқан арай таң білем,
Бұл әуеннен көрем асқақ арды мен.
Шаңыраққа түскен келін сол әнді
Сіңіруге тиіс бойға алдымен.

Содан ғана бір тазалық төгілер,
Соныменен артады оған сенім ел.
Әулет сазын ұқса келін жүрекпен,
Сол арқылы ұрпағына берілер.

Білінсінші Дала-дәстүр сазыңнан,
Ол ғасырдан ғасырларға созылған.
Өзге әулеттің әнін шырқау әуелден
Арулардың тағдырына жазылған.

Санасына сіңсе егер ұлдың ән,
Шаңырақта болмас дәстүр сырғыған.
Жалқы болып шырқамайды мұны ешкім,
Қос дауыста айтылады бұл бір ән.

Дархан мінез дәстүріме ел таң қалған,
Бастау көзін алған асқақ арманнан.
Мәңгілік саз ақылымен Арудың
Бабалардан немере боп жалғанған.

Отбасы ма - ол өзгеше бір әлем,
Әр әулеттен өзінше саз ұғар ең.
Жалғау керек, бұзбау керек нотасын,
Үзілмеуге тиіс мәңгі бұл әуен.

Өмір-өзен арнасында сыналар
Бұл бір әнді тек есті ұрпақ ұға алар.
Біле білсең ұлттың симфониясы
Әулеттердің әуенінен құралар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әкеге тілек

  • 0
  • 0

Ұл-қызының сезінумен арманын,
Ойлайтұғын әке асқар тау жан-жағын.
Қуанышпен құттықтаймыз бүгін біз
Әкеміздің 63-ке толғанын.

Толық

Әкені қызының құттықтауы

  • 0
  • 1

Таниды әр кез жан-жүрекпен кісіні ел,
Әке, сізді бүгін бәрі түсінер.
Құрдас десе сізді тұстастарыңыз,
Аға дейді сізді барлық кішілер.

Толық

Анаға тілек

  • 0
  • 3

Жеткізіп арманға жол күні бүгін,
Бақ құшты қызың менен бүгін ұлың.
Болғанмен бар болмысың қарапайым,
Байқалып тұрады, ана, ұлылығың!

Толық

Қарап көріңіз