Өлең, жыр, ақындар

Қодардың өлімі

  • 15.04.2015
  • 1
  • 1
  • 18521
Ой қозғайды оңаша таудың басы,
Өткеннің ойға түсіп тамашасы.
Қолтығына қабағын түйіп қарап,
Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы.

Тастан тайып өлген жоқ, таудан құлап,
Оны өлтірген – ағайын, қарындасы.
Ел бұзатын ерсі істі өршітпеске
Дарға асып, таспен атқан өз ағасы.

Ол – Қодар, барымташы, елдің басы,
Жыртылмасын деп жүрген ел жағасы.
Ар сүймейтін бір істі қылғаннан соң,
Аямаған Олжайдың кәрі-жасы.

Ойласаң бұл істің көп мағынасы,
Не қылған ескі жақсы, соны ойлашы.
«Алтынды ер атқа тисе – отқа жақ» деп,
Өз бауырыңды өлтірген ел данасы.

Не күндестік, немесе кек қуған жоқ,
Ел бұзбауға ойлаған бұл айласы.
Осы күнгі жақсының бірталайы –
Ұры, қары, қу, сұмның жан жолдасы.

Қазақ қайтіп ел болар, қарағым-ау?
Бұл ұзамай құриды, сөздің расы.
Николайдың иісі осы елде тұр,
Оңдыра ма сәулесіз өңкей масы.

Арғы атамыз Олжайдан үш ұл болар,
Айдос, Қайдос, Жігітек – міне, осылар.
Қайдостың бір баласы Борсақ деген,
Соның бір тұқымы еді батыр Қодар.
Бар еді сол кісінің бір жақсы ұлы,
Қаза жетіп өліпті сол бір жылы.
Жесір қалған келінін Қодар алып,
Қылмайтын істі қылған Құдай құлы.
Жасырмай айта берсем, сөздің шыны –
Құдайға ерегісіп қылды мұны.
«Баламды алсаң, мен де алдым келінімді,
Қане, ата ғой» деп қылдым» – дейді осыны.

Осы сөз жайылыпты елге тарап,
Кемітіп мін қыларлық іске жарап.
Тобықтыны билейтін Құнекеңнің
Бетіне басты осыны төре Барақ.

Әділ деп ел мақтаған Құнанбайды,
Көзінше жан әдепсіз іс қылмайды.
Ұрлық, зорлық, зұлымдық... бәрін тыйып,
Арам деп атқызбаған насыбайды.

Ол кезде орыс онша кіріскен жоқ,
Қазақтың еркі өзінің қолында боп.
Тамам жақсы жиылып Құндыздыда,
Арғын, Найман бас қосып жасапты топ.

Құнекең Барақпенен жасы құрбы,
Қатты тату, қалжыңдап ойнап жүрді.
Насыбайын атамын деп төре Барақ
Шақшасын тықылдатып үстелге ұрды.

Мұнысын Құнекемнің көзі шалды:
– Ей, төре, неге атасың? – деп-ақ салды,–
Әрі арам, әрі ысырап, бір былғаныш,
Бұл құрғырда қалайша сертің қалды?

Мінекей сондағы айтқан Барақ сөзі,
Ойнайтын оңаша емес, көптің көзі:
– Мұны көрсең, қойдым,– деп отқа салды,–
Көрмейсің өз келінін алса да өзі.

Құнекең білмеуші еді Қодар жайын,
Ойланып аң-таң қалды қылмай пайым.
Аулақта сұрап еді, Барақ айтты:
– Мұны қылған жат емес, өз Олжайың.

Еліне келе сала сұрастырды,
Әркім-ақ айтып берді анық сырды.
Олжайдың бас адамын жиып алып,
Осы Хан өзенінде кеңес құрды.

Қайдос, сірә, көп жүрмей жасында өткен,
Үлкен ұлы Бөкенші ерте ержеткен.
Сондықтан Қайдос аты аталмайды,
Ол тапты Бөкенші деп атап кеткен.

Сүйіндік – басшы адамы Бөкеншінің,
Қажы айтты: – Мына жұмыс бізге бір сын,
Ел бұзарлық іс қылды естілмеген,
Мұнысына не айтасыз ініңіздің?

Сүйекең айтты сонда: «Ей, көп халық,
Мынау іс бола берер бетке салық.
Кейінгіге жұқтырмай кеселдерін,
Екеуінің көзін де жоғалталық».

Жөн көріп осы сөзге бәрі ұнасты, ::
Ешкімге білдірмеске баталасты.
Қодарды алдап ұстап әкелуге
Жұмсады Олжайдағы құрбыласты.

Ол жүрген өз келінін алып қашып.
Жастар барып қосылды араласып.
«Молдадан пәтуа сұрап ел жіберді» –
Дегенге нанды Қодар қара басып.

– Семейге кеткеніне бес күн болды,–
Деді олар,– келетұғын мезгіл толды.
Соны айтып алдандырып отырғанда,
Асығып ат терлетіп біреу келді.

Қараса, керей жорға Жұмабай ол,
Құнекеңнің атшысы, айласы мол.
– Бес-ақ күнде әкелдім пәтуа,– дейді,–
Сүйіншімді аламын, жұмысым сол.

Мен барған соң молдалар көп кеңесті,
Аяғында мәнісін әбден шешті:
«Құрым үйіп, би үйін жеті айналса,
Оған неке қиюға мүмкін» десті.

Бізге қисық болса да істің басы,
Дұрыс көрді Семейдің ғүламасы.
«Бетімізге енді ешкім баспайды» деп,
Қуанып жүр Олжайдың кәрі-жасы.

«Тез әкел» деп қуанды Құнанбай да,
Деп отыр «шариғатшыл Барақ қайда?»
Үйретінді сөзді айтып тамылжытты,
Айлакештің керегі осындайда.

Өтірік шариғатты айтты жайлап,
Қуанып Қодар ер де оттай жайнап.
«Сүйіншім» деп қанжарын алдап алып,
Келген соң Қодакеңді алды байлап.

Сүйекең Құнекеңе айтты сонда:
– Мұндайда не жаза бар тура жолда?
Қылайық шариғаттың бұйырғанын,
Өзгеміз емеспіз ғой сіздей молда?»

Қажы айтты: – Бұлар сөйтіп қаза таппақ
Жиылып осы қауым таспен атпақ.
Зинақордың жолы осы шариғатта,
Жаназасыз солайша шіріп жатпақ.

Екі антқа жаны ашысын кім елжіреп,
Беттеріне түкірді бәрі де кеп.
Борсақтың басшы адамы батыр Қиял
Болмады «таспен атпай, дарға асам» деп.

«Екеуін өлтірмеймін құр қинамай,
Бейнетті көрсетемін бұған талай».
Екі атанға арыспен арқан артып,
Жүрді қиын Жылқыайдар шатқа қарай.

Анау жартасқа апарды елден таса,
Терең құз Хан өзенге құйған аша,
Қатын сонда Қиялға жалыныпты:
«Қодарды бір сүйгіз,– деп,– тым болмаса».

Ауызға «сөйлеме, ит» деп қойып қалды,
Екеуінің мойнына арқан салды.
Арысқа артып атанды тұрғызғанда,
Жиырылып, бір созылып көп қиналды.

Жаны ашып кім қылады бұған жәрдем,
Қиналғаны ұнайды онан да әрмен.
Қу ағаштай сіресіп қалған кезде,
«Өлді ғой» деп босатып алды дардан.

Қатын өлді, ол бір қу сүйекке есеп,
Байқаса, ышқынады, Қодарға кеп.
Бір-екі жас құрбысы жүгіріпті,
«Бір кісіге екі өлім болмайды» деп.

Тайлақбай сол кезінде жастау бала,
Жақсыларға сөз айтты тұра сала:
«Құнекем мен Сүйеке, мынаны өлтір,
Бөбең болсын демесең шын масқара».

Қодардың есі кірді көзі жайнап,
Жалынды тұрған көпке «ағатайлап».
Алып шығып жартастан домалатты,
Қол-аяғын артына мықтап байлап.

Барып ойға түскен соң таспен атты,
Көпке шейін тыпырлап тулап жатты.
Әбден өліп болған соң отын әкеп,
Екеуінің сүйегін отқа жақты.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Әлемді түгел мен көріп...

  • 1
  • 1

Әлемдi түгел мен көрiп,
Ешкiм менi бiлмесе.
Мұқтажым, нәпсiм жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.

Толық

Қулар

  • 1
  • 1

Жігіттер, қор да емеспін, кедей де емен,
Кемдік көрген жерім жоқ ештемеден.
Құдай жолын біле алмай, қу билеген
Елден басқа қайғым жоқ, мұныма сен.

Толық

Жаз келер

  • 1
  • 7

Жаз келер, қыстыгүнгі қысым өтіп,
Қар, суық, аяз, боран – бәрі кетіп.
Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды,
Табиғат барша жанға рахым етіп.

Толық

Қарап көріңіз