Өлең, жыр, ақындар

Жылым – қой, жұлдызым – июль...

  • 14.04.2015
  • 2
  • 1
  • 10994
Жылым – қой, жұлдызым – июль,
Жасым – жетi жүз он жетi ай.
Толық алпыс болады жыл,
Қосылса июнь, апрель, май.

Қазақшылап есеп қылсам,
Бесiншi мүшелiм – бұл сан.
Өлiм қашан‚ өмiр қанша‚
Емес ол бiз бiлерлiк жай.

Тiрлiктiң түрiн көрдiм,
Көңiлдiң сүйгенiн бердiм.
Жемiс деп, бiлмей у тердiм,
Бола алмай шын ғылымға бай.

Талайдан бар бiр ой менде:
Бұл әлемдi жаратқан не?
Жоғала ма жан өлгенде,
Түзу жол, iстер iс қалай?

Не сыр бар дiн деген жолда,
Кiтап, тәпсiр, қожа молда...
Бояулы бiр шатақ ол да,
Сынарлық қаруым жоқ сай.

Ол ойды жүр едiм қағып,
Құмар, пайда, атақ бағып.
Iзденбей қалғамын нағып,
Кезегiн өткiзiп, дүние-ай!

Қаз iлген лашын ем көлден,
Жас өттi төрт пенен нольден.
Азайып от-жалын сөнген,
Дариға, кәрiлiк, қаза-ай.

Алақтап iздедiм қару,
Бекiген артыма бару.
Керек боп көп ғылым табу,
Болып тұр күн қараң, ай‚ һай!

Орысша‚ не арабшадан
Тiлiм жоқ жетiлiп алған.
Кiтап оқып түрiк жазған,
Ұғындым осыны азғантай.

Ғылымның‚ дiннiң кiтаптарын,
Жазыпты түрiкше бәрiн.
Философ, бiлгiш ойларын,
Сезiндiм бiразын байқай.

Кiтап, ғылым, ой алмаққа‚
Маған жол болды сол жақта.
Жұмылдым Меке бармаққа,
Алаң болып‚ iше алмай шай.

Пароходпен ай жүрiп жолда,
Әр елде кез келiп молда,
Он үш күн боп Стамболда,
Керек кiтап табылғаны-ай!

Парижде де оқыған жан,
Түрiк, серкеш әм Үндiстан,
Араб, башқұрт, қызылбастан,
Переводчик – түрiк, ноғай.

Солармен кiрiсiп сөзге,
Жоғарғы ой-мақсатым өзге,
Түсiп сәуле соқыр көзге,
Ауыр тұман ашылуы-ай!

Ол ойға көп керек тармақ,
Әр тiлден словарь алмақ.
Сынап нағызына нанбақ
Наданға болмады-ау оңай!

Сол ойды бес жыл жаздым,
Арыдым, шаршадым, аздым.
Көп инемен құдық қаздым,
Сырым, ойым‚ жайым солай.

«Неден бармын? Не қылған жөн?
Жоғала ма жан өлген соң?» –
Бұл үш ойды елемеген,
Талап-ойсыз, есер, бәңгi-ай!



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Арақ, мастық, жар, жан, шатақ иманның шешуі

  • 1
  • 3

Арақ – ақыл‚ мастық – ой, жар – хақиқат‚
Жан – нәпсi, шатақ иман – дiн қиянат.
Маскүнем‚ әйелсүйгiш‚ дiнсiз ғой деп,
Сырым бiлмей сыртымнан қылма ғайбат.

Толық

Жан менен дене һәм көңіл

  • 1
  • 2

Басында жан мен дене екi басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа.

Толық

Талап пен ақыл

  • 2
  • 10

Талап деген бiр жүйрiк тұлпар сынды‚
Бабын таппай мiнгендi қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал ендi оған кiсi қайтiп мiндi?

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер