Елімнің елдігі
Ту көтерген түстес етіп аспанмен,
Ал, елдігін жалғастырған дастанмен.
Біз өшпейтін қайсар елміз қайратты
Қаншама азап еңсемізді басқанмен.
Бәрін тізіп тарихымды тіркедім
Жазылмайды құдіретті жыр тегін.
Қазақ деген ұлы халық бастауы
Сонау көне батырымыз Күлтегін.
Одан бері өтті, әрине, сан ғасыр
Екі арада қанша зарлы таң жатыр.
Жоңғарлардың тепкісіне дес бермей,
Өткен тарих бетін ашсақ қан сасыр.
Бұдан соң да басты елімді таза мұң,
Торып өтті орыстардың қабағын.
Шындығымды, ел-жерімді айтам деп
Өр кеудесін оққа тосты қазағым.
Жоймақ болып тіліңменен дініңді
Өздеріне қаратпақ боп күніңдң
Өз билігін үстем еткен Ресей
Бас көтертпей қойған жоқ па біріңді?!
Бойымызда қазақ қаны болғасын
Елдігіміз таба берді жалғасын.
Желтоқсанда жастарыңның рухы
Ресейден бөліп алды арнасын.
Жұбан ағам айтқандай мұң тілімен
Біз қазақпыз мың өліп, мың тірілген.
Бүгінгі күн өтсе де айқайменен
Үміт күтер алдағы бір күнінен.
Біз қазақпыз елдігі үшін төстеген,
Халқым үшін басым мынау, кес, деген!
Жоңғарлар да, орыстар да жолыңды
Кескенменен ел тарихын шешпеген.
Ал, бұл күнде егеменді қазақтың
Бағы сонау таласып тұр көкпенен.
Мен қазақпын белін бекем буынған,
Рухтымын лезде ысып, суынған.
Дінім үшін, тілім үшін мәңгілік
Елдігімді қорғау үшін туылғам.
О, қазағым, мынаны есте сақтай жүр,
Жас елімнің еңбегі әлі қатпай жүр.
Босағамыз берік болсын десеңіз,
Бабалардың аманатын сақтай біл!
Бимырзаева Айкерім Маханбетқызы
Астана қаласы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі