Өлең, жыр, ақындар

Тəтті ұйқы

Менің жасым бес пе мүмкін алтыда,
Бара алмаймын көп нәрсенің нарқына.
Әкем марқұм күре жолмен келеді,
Мінгестіріп мені атының артына.

Сипап ғана қамшылайды торы атын,
Соған мінсе көңілі шалқып толатын.
Жастайынан балайтұғын жанына,
Ол өзінің меншік аты болатын.

Алшаң басып жел аяңнан танбайды,
Сүзе тартып ауыздығын шайнайды.
Тостағандай тегеурінді тұяғы,
Қара жерді ойып кете жаздайды.

Жал құйрығы үлпілдеген майда еді,
Қайраты мол бермейтұғын бәйгені.
Мінген адам отыратын тербеліп,
Жануардың жүрісі де жайлы еді.

Таудың жолы барған сайын қиындап,
Бірде өрлеп бірде түстік құлдилап.
Әкем марқұм бір жағымды әуенмен,
Келе жатыр баяу ғана ыңылдап.

Күн батуға таяғанда манаурап,
Алшаңдайды алған тұлпар жараулап.
Ат жүрісі ақ бесікше тербетіп,
Тәтті әуенге қалғып келем мажаурап.

Келмесе де ырғағының қисыны,
Әке әнінің барма мүмкін сиқыры.
Бір ғажайп мол сезімге оранған,
Сондай тәтті көргенім жоқ ұйқыны.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер