Бір тəтті сыр бар Сеңгірде
Бір тәтті сыр бар Сеңгірде
Бір тәтті сыр бар Сеңгірде,
Сейілдеп сонда келдің бе?
Сыңғырлап аққан бұлақтың,
Түбінен сағым көрдің бе?
Жартастан шыққан жаңғырып,
Сұраққа жауап бердің бе?
Жел ырғап қияқ сыңсыса,
Қиялға шомып ендің бе?
Тас қабыр жатыр сол жерде,
Сырына көңіл бөлдің бе?
Шаттықта мұңда осында,
Бүркеніп жатыр сендің бе?
Паналап топ тал қалқасын,
Терекке сүйеп арқасын.
Ширатып сәнмен ару тұр,
Бұрымнан бөліп тал шашын.
Сұлуға білек артқан соң,
Боз бала нені байқасын.
Күлкісін тәтті қызықтап,
Қайталап жатыр жартасың.
Ұсынып торғын орамал,
Тағынса гаухар алқасын.
Ғашықтың адал сертіне,
Куәгер болып қайтасың.
Осындай тәтті сезім бар,
Аңыз ғып талай айтарсың.
Анау бір терек түбінен,
Көз жасқа шіріп құлаған.
Өйткені сонда зарланып,
Бір ана өксіп жылаған.
Мұңына шіріп жұмыртқа,
Су болып ақты ұядан.
Қанатпен сүртіп көз жасын,
Қыранда түсті қиядан.
Осынша сырды сақтаған,
Ананың зарын жаттаған.
Жапырағыңа жаутаңдап,
Шырпыңды бассам ұялам.
Анау бір үлкен түбекте,
Қан ағып жатыр есіліп.
Домалап түскен әр жерге,
Жоңғардың басы кесіліп.
Жеңістік алған осы жер,
Жауының үнін өшіріп.
Таңасып тұрған Қубас ат,
Тарпиды жерді көшіріп.
Қанды суға жуынып,
Алаңсыз бейғам шешініп.
Қабанбай мен Дәулетбай,
Тынығып жатыр көсіліп.
Отанға арнап бар күшін,
Құлаштай сермеп шалғысын.
Шөп шауып бір топ ару жүр,
Соғысқа төгіп қарғысын.
Майданға кеткен жарына,
Ұқсатып биттей қайнысын.
Қарап тұр талға сүйеніп,
Көз жаспен жуып қайғысын.
Сеңгірге келші ағайын,
Іздесең елдің арлысын.
Осынша мүңға шыдайды,
Қазақтан басқа қай кісің.
Анау бір жатқан тас қабыр,
Әр бірі бітпес дастан жыр.
Ұрпаққа айтып есімін,
Ерлігіменен мақтандыр.
Бүл күнде өскен жас талдар,
Ақаусыз өсіп аспандар.
Қарт терек мұңын шаққанда,
Тыңдамай зарын қашпаңдар.
Осындай тәтті дастан бар,
Жазамын десең бастаңдар.
Сеңгірдің бойы киелі,
Дәретсіз барып баспаңдар.
Модератор
Егер авторы өзіңіз болсаңыз, авторы өзім дегенді таңдау керек, автор деген жегре Аты-жөніңізді жазудың қажеті жоқ.