Қашқын
Қайрымсыз уақыт еді ол қауіп төккен,
Жаңбырдай ажал бұлты жауып көктен,
Күн туып ел басына аштық,
Жоқтық,
Жазықсыз талай жандар ауып кеткен.
Қызығын көрмей бала,
Жарының да,
Бөленген талайлардың жаны мұңға.
Аштықтың азабынан аттай алмай,
Адамдар қалған таудың жарығында...
Уақыт ол — қастандығы асып тұрған,
Жандарды жазығы жоқ ашық қырған,
Бас көтерер азамат «жау» атанып,
Жер аударып,
Қамауды кәсіп қылған.
Төніпті ел басына тасқын-апат,
Қалайша қан төгуден ассын атақ?!
Жан сауғалап шет елге кеткендерді,
Заман-ай!
Жәбірлеген «қашқын» атап.
Не береке болады қашқан елде,
Қайсы арманы олардың басқан өрге.
«Қашқын» атын жамылған,
Қайран анам,
Күйінді кім түсінді басқа жерде?!
Бала дейтін бала да шауып келген,
Қамшы үйірді елдерге ауып келген.
Ауған елдің қыраны қияға ұшса,
Ойда жоқта басына қауіп төнген.
Дүние-ай!
Жүрсем де ішіп бұлағыңнан,
Кетпейді осы бір сөз құлағымнан.
Жаңғырып осы бір сөз жеткен сайын,
Жүрегім жосаланып,
Жыр ағылған.
Әкемді әкеткенде ұстап менің
Басыңа қыс қырауы қыстап сенің,
Аштыққа бәрін беріп,
Аяулы, ана,
Қайғының қара бұлтын құшпап па едің.
Қатарға қосылсын деп бөбектерің
Білемін күні-түні өбектедің.
Кеткенде аштық алып барлығын да,
Қаңырап қараң қалған кенет төрің...
Ол кезде мен өмірге келмегенмін,
Көп еді көкіректі кернеген мұң.
Жылуын бір төкпей-ақ бататұғын,
Шыңынан Бүркіттінің өрлеген күн.
Аштықтан қырылғанда балаларың,
Қалды екен қалай шыдап ана жаның.
Жүректі жапырақтай қолыңа алып,
Еріксіз жат өлкені паналадың.
Аман қалар екен деп бұл тұстан кім,
Кезіңнен қасіреттің бұлты ұшқан күн,
Анашым айдалада,
Ақ боранда,
Сен жалғыз қасқырмен де жұлысқансың.
Заманда баспай тұрған сөзің өрге,
Әкемдей біреу көзге көрінер ме.
От жағып айдалада айбат шегіп,
Ерім-ай!
Алғызбаған бөрілерге.
Азабын сол бір күндер тізіп-теріп,
Қасірет дәриясына жүзіп келіп,
Ұзақ таң айтушы едің аңыз сынды,
Тыңдаушы ек қорқып әрі,
Қызық көріп.
Тұрмайтын бір қалпында өмір-ау бұл,
Естіліп тұрады әлі қоңыраулы үн.
Арманда кеткен,
Анам,
Соны ойласам,
Жуады ып-ыстық жас омырауды.
Кетпейтін әлдеқандай сезімге еріп,
Жан едің төзімің де,
Сөзің берік.
Жаныма «соңғы тілек» қанат байлап,
Отырмын жазар енді кезім келіп.
Жаудырып жас жаңбырын гүлге күнде,
Зар болып жүргенінде бір көруге,
Әкем дағы жетіпті сендерді іздеп,
Запыран жұтып,
Зар жылап жүргенінде.
Сәбиге тән іңгәлап,
Ерікті үнмен.
Дүниеге сонан соң келіппін мен.
Әнмен анам тербетіп тал бесікте,
Мойныма алқа таққан теріп гүлден.
Аңсап жүріп Жетісу заңғарларын,
Жалғасыпты үзілмей таңдарға әнің.
Сол әнің ғой жетелеп алып келген,
Тыңдаушым,
Тағдырыма таңданбағын.
Сол әннен өзегімде жанған жалын,
Сол әннің жалғасы боп жалғанғанмын.
Жете алмай арманыңа кетсең дағы,
Мені алып келген,
Анам, армандарың.
Өкініш өзегіңді өртеп отпен,
Жан анам,
Қайран анам,
Ерте кеткен.
Айтушы ең туған елді көресің деп,
Жанында отырғанда еркелеп мен.
Сыңсыған жапырақтар ормандағы,
Сияқты-ау,
Жан анамның толғанғаны.
Жалғыз сәт ұйқысынан оятар ем,
Дариға-ай!
Келер болса қолдан бәрі.
Кеудеден кетерде ұшып жапырақ — жан,
Көрінді жанарынан жадырап тан,
Адамдар,
Арманда аңсап өтеді екен,
Бір уыс дәмелі боп топырақтан.
Әр заман,
Әр дәуірде қасірет көп,
Жайым жоқ қасіретке —
Жасып өтпек.
Ата-ана!
Өсиетің орындалды,
Мені де отыр елім қасиеттеп!
Туатын ақ шолпандай таң атарда,
Аялап алып отыр алақанға.
Еліме жарасады еркелігім,
Өз еркің,
Мені аққуға баласаң да.
Өзіңнің туып-өскен Аякөзің,
Бұл таңда отырамыз аяп өзін.
Болмайтын жарылыстар жер бетінде,
Анашым!
Бақытты екен бала кезің!
Туған топырақ,
Адамның жер-Анасы!
Тұтасқан татулықпен ел арасы.
Араны бөлгенімен шек — сызығы,
Көңілдің болмайды екен шекарасы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі